Қоңырат шежіресі

Қазақтың төл шежіресі

Шежіре деректерінде Қоңыраттың шыққан тегі туралы

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып қалдырған шежіресінде Жан Арыстың бəйбішесінен — Дарақожа, одан Қоңырат туған дейді [1].Шəкəрім Құдайбердіұлы «Түрік, Қырғыз, Қазақ һəм Хандар шежіресі» атты еңбегінде Қоңыраттар туралы өз пікірін былай білдіреді: «Қытай жазушы Юан-Шу-ми-ши сөзінше, бұрынғы заманда Ункурлар, яғни Қоңыраттар, Халхе өзенінің Бабиор көліне құйған арада жүрді. Бұлардың да көбі өзбекке қосылып, өзбек атанған»

[2].Əбілғазы баһадүр хан өзінің «Түрік шежіресі» кітабында: «Қиян нəсілінен бір кісі бар еді, оның үш ұлы болды. Үлкені — Жорлық мерген… Жорлық мергеннің Қоңырат атты ұлы бар еді, барша Қоңырат елі соның нəсілінен шықты» [3], — дейді. Бірқатар зерттеушілер Қоңыраттарды ертедегі Огус-Динлин ұрпағынан таратады. Шығыс мұсылман жазбаларында Қоңыраттар Оғыз ханның алтыншы ұрпағы Теңіз ханнан тарайды. Рашид- ад-Дин, орыс ғалымдары Н.Аристов, Т.Жданко Қоңыраттарды ежелгі Қият тайпасының ұрпағы немесе қияттармен тектес олхонут, хонхират руынан шыққан жəне ежелден монғол халқының құрамында болған деп есептейді. Қоңыраттардың ертедегі қоныстары Қытай мен Монғолия арасындағы Утаджие аймағында болған. Қоңыраттар туралы алғашқы деректер Лиау жəне Жин патшалықтары кезіндегі жылнамаларда кездеседі. Лиау жəне Жин патшалықтары кезінде (XII ғасырда) Қоңыраттар Моңғолия үстіртіндегі ірі тайпалардың бірі болған. Олардың өріс-қоныстары Кереулин өзенінің төменгі ағысы мен Ергуна өзенінің алқабында еді. Қоңыраттардың батысында монғол тайпалары, батыс оңтүстігінде татар тайпалары, шығыс оңтүстігінде Жин патшалығының шекара шегі тұрған [4; 341, 342].

Шежіреші-ғалым Ж.Бейсенбайұлының пайымдауынша, «Қоңырат — Шыңғыс хан заманына дейін-ақ маңайындағы қоңсылас қонған түркі нəсілдес найман, керей, меркіт, монғол (моғол, мыңқол) елдері секілді белгілі тайпалардың бірі болған. Сол дəуірге қатысты деректерде, ол көнеден жеткен аңыздарға сəйкес «алтын аяқтан туылыпты» делінетін ағайынды Жорлық мерген, Қабай шере, Тасбұдай сынды текті тұқымнан тараған ру ретінде сипатталады. Қоңырат — ағайынды үшеудің үлкені Жорлық мергеннің ұлы. Қабай шереден — Еңкірес, Елқонұт; Тасбұдайдан Қаранұт, Қоңқұлұт деген ұлдар туған. Бұлардың бəрі де XII ғасырға дейін жеке-жеке ру дəрежесіндегі белгілі елдер. Бірақ та бəрі қосылған кезде жолы үлкен Қоңырат атауының төңірегіне ұйысып, түгел «қоңыратпыз» деседі»

[5].Қоңыраттардың ертедегі қоныстары Қытай мен Монғолия арасындағы Утаджие аймағы болған. Ежелден көрші тұрып, монғолдармен жан-жақты тығыз байланыста болған. Олар келе-келе Шыңғыс ханға бағынып, XIII ғасырда моңғолдардың батысқа жасаған жойқын жорығына қатысқан. Осы тарихи оқиғаға байланысты Қоңыраттардың едəуір тобы Қазақстан мен Орта Азияға тұрақтап, қоныс тепті. Олар бұдан былай Дешті Қыпшақтың сол қанаты есебінде Темір əулетіне қарсы күресте Əбілхайыр ханды қолдады. Осындай саяси тартыстар салдарынан Шайбани ханмен бірге ауған Қоңыраттар Хиуа хандығының негізін салып, кейінірек қарақалпақ халқының құрамына енді. Жəнібек пен Керей бастаған топ Дешті Қыпшақтан ауа көшкен кезде Қоңыраттардың бір бөлігі олармен бірге Батыс Моғолстанға келіп орнықты. Қоңыраттар XIX ғасырдың басында Қаратау, Талас, Ташкент, Бұхар, Қоқан маңына ауысты. Сөйтіп, Қоңыраттар Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі түркі тілдес жергілікті тайпалармен араласып, қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз халықтарының құрамына еніп, сіңісіп кетті

[6]. Қоңыраттың азан шақырып қойған есімі Нағанай дейді. Нағанай жəне оның балалары үнемі өңкей қоңыр аттарға мініп жүретін болғандықтан, ел оларды «қоңыр аттылар» деп айтады екен. Осыған орай Нағанай «Қоңырат» атанып кетіпті дейді. Қоңыраттардың ұраны — Алатау, Мүкамал. Қоңырат тайпасының екі бірлестікке бөлінуі Қазақ шежіресі Қоңыратты оның Сеңке биінен таратады. Шыңғыс хан ұлы хандыққа көтерген он екі бидің бірі Сеңке биге қарап: «Əй, Сеңке, сенің ұраның — «Қоңырат», құсың — сұңқар, ағашың — алма, таңбаң — босаға «┌┐» болсын» [7; 37], — деген екен. Сеңке биден — Нағанай батыр. Оның жеті əйелі болған. Олардан отыз ұл жəне Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді. Шежірелерде ескі жыл санағы бойынша 616 жылы Отырардағы Ноғайлының елі жаугершілік заманға тап болып, Нағанай балаларымен алыс-алыс жерлерге көшіп жүріп, тарыдай шашылып кетеді. Нағанайдың бір баласы (есімі Орын би) жоғалған малдарын іздеп кеткен екен, қайтып келсе ел орнында жоқ. Орын би Əзіреті Түркістанға барып, үйлі-жайлы болып, одан Мелде би туады. Мелде би ер жетіп, Түркістанда елшілік, билік қызметін атқарған [8; 11]. Орын бидің екінші баласы Жығалы Жиделі-Байсында тұрғанда ерте қайтыс болады. Одан Құлшығаш, Қаракөсе деген екі ұл жас қалып, анасы Жезбикені əмеңгерлікпен Мелде би алып, соның қолында өседі. Сондықтан шежіреде оны Мелде бидің баласы етіп көрсетеді де, Көктің ұлы (Тəңірберді) тармағына жатқызады. Мелде бидің бірінші əйелі Орынбибіден — Құдайберді, лақап аты — «Көтенші», екінші əйелі Жезбикеден — Тəңірберді, лақап аты — «Көктің ұлы». Барлық Қоңырат елі негізінен осы екі атадан өрбиді [7; 37]. Сонымен, шежіре деректері бойынша, Қоңыраттар екі үлкен бірлестікке бөлінеді. Бұл екі бірлестікті əйгілі ғалым В.Радлов «жеті ата Көктің ұлы, алты ата Көктің құсы» деп атаған. Қазақ шежірелері Қоңырат тайпасын «алты ата Көтенші» (аузы дуалы Мелде би бұл «Көтіне сенген бəйбішенің баласы, аты «Көтенші» болсын» депті); «жеті көше Көктің ұлы» (жұртта қалған Жезбике аман босанып, баласын орайтын жөргек мата таба алмай, көк шөпке орап алып, көштен бұрын ауылы қонатын жеріне келіп жетіпті; осыған орай Тəңірберді көк шөпке оранған «Көктің ұлы» деп атаныпты [9; 162]), — деп екіге жіктеп, олардан 13 руды таратады. Мелде би қартайып, тоқсанның үшінде дүние салады. Ұрпақтары Түркістанға апарып қойған. Мелде бидің асында балалары, немерелері Хантағы деген жерде бəйге береді. Өлген кісінің асында бəйге беру үлгісі содан қалған деген сөздер бар.

Көтеншілер ұрпақтары: Қоңыраттың Көтеншісінен ру дəрежесіне жеткен мыналар:

  1. Божбан. Шежіре деректері бойынша, Көтеншінің төрт баласы болған. Оның үшеуі — Ханым бəйбішеден, бір бала — тоқалы Сұқсұрханымнан [8; 14].

Ханым бəйбішенің үлкен ұлы Сүйініштен (Сүйеніштен) — Жолдыбай — одан Игілік (лақап аты Божбан). Игілік жуас, момын кісі екен. Сөйлемей бозарып отыра бергендіктен, «Божбан» аталыпты.Божбаннан (Игіліктен) — Қозыбай, одан — Көшек. Көшектен Жанəділ туған. Жанəділден екі бала болған. Есімдері Жəдігер жəне Нұрым. Жəдігерден екі бала — Қожақұл, Жəукім. Нұрымнан екі бала — біреуінің есімі Құтым, екіншісінің есімі — Сырым. Құтымнан — Құлым, Сырымнан Итемген туған деседі.Божбанның кіші əйелінен төрт бала болған: Бекарыстан (Бекарыс), Мұрат, Ұржық жəне Жұмық.Мұраттың тоғыз баласы болып, олар бір-бірімен тоқпақтаса берген соң, Тоқпақ аталып кеткен.Тағы бір шежіреде, Көтеншінің екі əйелі де тумаған соң өз аяғымен келген бір əйелді алып, ол əйелден жалғыз ұл туғаны тілге тиек болған. Аты — Тəңірберген. Тəңірбергеннің екі əйелі болып, сол екеуінен сегіз бала болған, яғни Божбанның сегіз атасы тарқайды делінген.Сонымен, Божбандар сегіз ата болған екен: Қожақұл, Жəукім, Итемген, Құлым, Бекарыс, Тоқпақ, Ұржық жəне Жұмық.Аңыз бойынша, Божбан — Жиделі-Байсындағы Алпамыс батырдың ұрпағы, бала кезінде Көтеншіге келіп сіңген. Көтеншіден тараған Сары, Сапар, Маңғытай, Саңғыл елдерімен бірігіп, «Бес Божбан» атанған. Ертеде Божбандар Шымкент уезінің оңтүстік-батысын, Сырдың екі жағын мекендеген. Таңбасы Қоңыратқа ортақ — босаға таңба [10].

2. Жаманбай — Көтеншіден тараған бес рудың (Божбан, Жаманбала, Саңғыл, Маңғытай, Жетімдер) бірі.

Көтеншінің екінші баласының есімі Мақы (Бақы), одан — Қарақұдайберді, одан — Жаманбай, Аманбай, Сүттібай, Сүйінбай, Аққошқар, Байқошқар [11; 102].Жаманбайдан — Жауқашты, Ноғайлы, Шоқпарлы, Құрбан, Қира. Ноғайлыдан — Сатыбалды, Тоқас, Шоқан.Құрбаннан — Киікші, Жары, Сасық, Тіней, Жартыбас, Көтен. Аманбайдан — Құйысқансыз.Сүттібайдан — Алти, Қырғызəлі.Аққошқардан — Ақмырза, одан — Ақболат, Қайрақ. Байқошқардан — Борай, Жиімбет, Қоңыршұнақ.Мақыдан тараған аталардың барлығы «Жаманбай» аталады [7; 39]. Ертеде Жаманбай əулеттері қазіргі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарын мекендеген. Ұраны — Алатау (Қоңыраттың ұранымен бірдей) [12].

3. САҢҒЫЛ. КӨТЕНШІНІҢ ҮШІНШІ БАЛАСЫ — СОПЫ. ОДАН — МҮЛКІМАН, МҮЛКІМАННАН — САҢҒЫЛ, МАҢҒЫТАЙ.

Саңғылдан — Ағысай, Нұрсай, Самай, Қошқар, Қаратілес, Тиес. Ертеде Саңғылдар Сырдария губерниясының Түркістан уезінде, Қаратаудың теріскейі мен күңгейінде, Қозмалдақ, Сызған, Күмісті, Бақырлы, Үштөбе, Жартытөбе, Мыңшұқыр, Шылбыр, Көкіш деген жерлерді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Түркістан, Қызылқұм аудандары) мекендеген. Ноғайқора, Көкшеқұм болыстарын құраған. Рулық ұраны — Мүлкіман, таңбасы жалпы Қоңыратқа ортақ — босаға [13].

4. Маңғытай. Одан — Елімбет, Тұма, Қошпанбет, Шүйіш. Бір деректе Маңғытай Саңғылдың інісі делінеді. Екінші деректе Саңғылды монғолдың «Қытай» деген тайпасының көсемі еді, маңғыт (татардан) елін өзіне қосып алып, «Маңғытай» деген жаңа ат берді дейді [11; 102–103].

Қалай болғанда да Маңғытай мен Саңғыл туысқан кісілер болса керек. Алғашқыда туысқан есептелініп, қыз алыспаған. Бертін келе аралары алыстап, өзара қыз алысып кеткен.

5. Жетімдер. Көтеншінің төртінші ұлы (тоқалы Сұқсұрханымнан туған баласы) — Досымқұл. Досымқұлдан — Досқара (кейде Есқара деп атайды).

Досқарадан — Шүйіш батыр (кейде Сүйініш делінеді).Шүйіш батырдың əйелі Жұпардан — Құдияр, кейінгі Бұхардан алған əйелінен — Маматеке (Мəметек) туады.Шүйіш батырды Бұхар əмірі шақырып алып, қасынан қызмет берген деседі. Шүйіш батыр Бұхардан бір əйел алады да, өзі бір-екі жылдан соң қайтыс болып кетеді. Ол баланың есімін шешесі Маматеке деп қойған екен. Маматеке əкесі өлгенде іште қалған. Кейін жетім болып өскендіктен болуы керек, одан өрбігендер «Жетімдер» деп аталады.Маматекеде екі бала болған, есімдері — Сары жəне Сапар. Сарыдан төрт бала: Жанжігіт, Мырзахмет, Жетібай жəне Жантеке.Сапардан төрт бала болған. Олар: Қатаған, Жайма, Соқыр жəне Қосым.Маматеке Бұхарда шешесінің қолында жүріп, ер жеткен соң, «əкем қайда» деп сұрағанда, оған шешесі «əкең қайтыс болған, туыстары Сырдария бойындағы Қоңыраттар, малға салатын таңбасы — босаға таңба» дегенді естіген соң, Маматеке елге оралып, үйлі-жайлы болған деседі [8; 19].Сан жағынан басым болғандықтан, өзге аталар Сары, Сапар аталарының есімімен аталып кетеді.Сондықтан да Жетімдер негізінен екі тармаққа — Сары, Сапар деп бөлінеді.Сапар тармағындағы Қатаған, Жайма аталары Есімхан Тұрсынханды өлтіріп, оның елін қырғанда, қашып барып, Қоңырат ішіне паналаған. Олар негізінен Ұлы жүз ішіндегі Шанышқылы елімен туыстас [7; 39].Орта жүз Қоңырат тайпасының Көтеншісінен тараған рулар бірлестігі — Жетімдер ұрпақтары ертеде Шымкент уезінің оңтүстігін мекендеген.Көктің ұлы аталарыОрта жүз Қоңырат тайпасына кіретін бір топ рудың аты — Көктің ұлы (Көктіңұлы). Шежіре деректері бойынша, Көктің ұлына келесідей рулар (аталар) кіреді:

6. Оразкелді. Көктің ұлының (Тəңірбердінің) үш баласы болған. Олар: Абатқұл, Жабатқұл, Қара [9; 182].

Жабатқұлдың бəйбішесінен — Мұхамметəліби (Мəмбетəліби), тоқалынан — Қарашабейімбет(Қараменді), үшінші əйелінен — Бойыс, Боқыс, Көккөз, Тайыс.Мұхамметəлібидің (Мəмбетəлібидің) бəйбішесінен — Құрманəлі, тоқалынан — Бұғышы, Қаржау.Құрманəліден — Мұзды, тоқалынан — Сырлы, үшінші əйелінен — Жапалақ, Шегір, төртінші əйелінен — Айғұлы.Бұғышының бəйбішесінен (қырғыз қызынан) — Жолдыбай, тоқалынан — Майлыбай, Барлыбай, Қондыбай, Қарабатыр, үшінші əйелінен (қырғыз қызынан) — Бəткей.Қоңыраттың бəйбішесінен — Орын би мен Жығалы мырза. Жығалыдан — Қаракөсе (Қожахмет), Құлшығаш. Жығалы мырза жастай қайтыс болғандықтан, Қаракөсе (Қожахмет) мен Құлшығаш Мелде бидің (Орын бидің баласы) қолында өсіп, тəрбиеленіп, Көктің ұлына қосылып таратылады.Жығалы мырзаның баласы Қожахметтен (Қаракөседен) — Əлібек деген ұл, Қарашаш деген қыз туған. Қожахмет бойжеткен соң Қарашашты Жəнібек ханға ұзатыпты. Жəнібек хан Қарашаштың некепұлы үшін Қожахметке «Байқарағай» деген жерді мөрлеп тегін беріпті жəне Əлібекке аттың алтын тиекті шідерін сыйлапты. Осыған орай Əлібек — «алтын тиекті Əлібек» атанып, кейін ел онан өрбіген ұрпақтарды «Тиекті» атап кетіпті.Мұхамметəліби (Мəмбетəліби) балалары ержетіп, малы да, жаны да көбейіп, бай болған. Сонда ол: «Құдайға шүкір, оразды болдым!» — деп айтып отырады екен. Осыны есіткен ел оны «Оразкелді» атап кетіпті дейді. Сонымен, Оразкелдінің алты баласы — Құрманəлі, Бұғышы, Қаржау, Бəткей, Айғұлы, Тиекті — «Алты ата Оразкелді» атанып қалған. Олар қазір бір-бірімен қыз алыспайтын туысқан болып есептеледі [9; 182].

7. Байлар-Жандар. Жабатқұлдың үшінші əйелінен туған төрт баласының үшеуінен — Бойыс, Боқас, Тайыс əулетінен таралған ұрпақтар «Байлар — Жандар» деп аталып қалған.

Бойыстан — Құланшы деген ата тараған. Оның үш баласы болған: Шеген, Меңлібай, Тоқал. Боқастың да үш баласы болған: Байдербіс, Жандербіс, Жолдербіс. Байдербістен — Көшік, Көбек. Жандербістен — Мамыт, Шорапал, Қалжабек, Молдабек. Жолдербістен — Құлшық, Бөлік.Жабатқұлдың үшінші əйелінен туған Тайыс деген баласынан Елбақ, Қойбақ деген аталар тарайды.Сонымен, Жабатқұлдың үшінші əйелінен туған Бойыс, Боқас, Тайыстан тараған əулет — Құланшы, Көшік, Көбек, Мамыт, Шорапал, Қалжабек, Молдабек, Құлшық, Бөлік, Елбақ, Қойбақтың аталары «Байлар-Жандар» деген елді құрайды. Бұл аталар да қыз алыспаған туысқандар болып есептеледі. Байлар-Жандар аталуы — Жандербістің, Байдербістің есімдеріне орай қойылған болуы керек [8; 24].Байлар-Жандар ұрпақтары ертеде Шымкент уезінің оңтүстігін мекендеген.

8. Тоқболаттар. Олар Жабатқұлдың үшінші əйелінен туған Көккөзден тарайды. Көккөзден — Тоқболат, одан — Барақ, Сақа, Қарасақал, Тойтұман.

Кезінде Тоқболаттың ұрпақтары қазіргі Ташкенттің маңында көшіп-қонып жүрген. Ұрандары —Алатау, таңбасы — босаға [14].

9. Қаракөселер. Жабатқұлдың екінші əйелінен туған Қарамендінің Қаракөсе атану себебі Сырдария бойында, тоғай арасында жолбарыс пайда болып, малға, бірлі-жарым адамдарға тыныштық бермеген соң, «оны өлтіруге кім барады» дегенде, «мен барамын, мысықтан да кісі қорқа ма екен» дегенді айтып жолбарысты өлтірген екен деседі. Өзі қара торы, əрі көсе болғандықтан, Қаракөсе атаныпты.

Қаракөсенің бес баласы болған, олар: Қарулы, Мұқан, Тоғай, Жолық жəне Тілте [8; 25].Қарамендінің (Қаракөсенің) бес баласы үш əйелден өрбіген. Бұларды «Қаракөселер əулеті» деп атаған.

10. Құлшығаштар. Жығалы мырзаның екінші перзенті Құлшығаштың үш баласы болған. Олар: Өтеулі, Жорытпас, Сары. Осы үш ұлдан тараған ұрпақтар ауқымды елге айналып «Құлшығаш» атанған.

Құлшығаштар Ташкент жəне Шымкент уездерін мекендеген. Ұрандары — Алатау, таңбасы —босаға [15].

11. Алғилар. Бір деректерде Абатқұлдың əулеті «Алғилар» атанған делінген. Басқа бір деректерде Алғилар Қарадан тарайды делінген. Əсілінде, Абатқұлдан тараған болса керек. Себебі Алғиларды аға баласы деген сөз бар.

Алғилар екіге бөлінеді: Аққой, Қарасирақ. Аққойдан екі бала болған: Мамаш, Жұмаш. Қарасирақтың бес баласы болыпты. Олар — Ахмет, Қаратеке, Мəмбетқұл, Қарағұс, Шығар. Осы айтылған аталар «Алғилар əулеті» деп аталады [8; 20].Алғилардың ежелгі мекені — қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан, Шəуілдір, Созақ аудандары [16].Сонымен, Көктің ұлының балалары — Оразкелді, Байлар-Жандар, Құлшығаш, Тоқболат, Қаракөсе, Алғи.Алты ата Көктің ұлын тоқалдың балалары деп те атайды. Себебі Жезбике Мелде бидің тоқалы болған. Көтеншілер бəйбішенің балаларының санатында.

Қоңырат тайпасынан шыққан ұлы тұлғалар Қазақ халқының қалыптасуында тарихи тұлғалардың, ірі көсемдер мен шешендердің, ақындар мен батырлардың алар орны айырықша. Бүкіл халықтың намысын жыртқан олар бір рудың немесе бір тайпаның уысына сыймақ емес. Жалпы ұлттарымыздың мақтанышы болған соң бабалардың арқасы — бүгін мынау ұлан-байтақ жерді жайлап жатқанымыз.Қасиеттеп айтар ірі тұлғаларымыздың бірі де бірегейі — Алпамыс батыр жəне де XVI–XVII ғасырлардың тоғысында өмір сүрген Алатау батыр.

  1. Қазақтың халық эпосы «Алпамыс батыр» жырының бас қаһарманы Алпамыс Қоңырат тайпасынан шыққан [17].

«Алпамыс батыр» — мазмұны терең, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан «Одиссея», «Манас», «Қобыланды батыр», т.б. жырлар секілді əлемге танымал эпостық жыр [18].Шығармада қарттардың жаратқаннан перзент тілеп əулиелерге түнеп, мінəжат етуі, болашақ батырды зарығып көруі; жас қаһарманның жедел ер жетіп, айрықша қайрат танытып өзі таңдап жүйрік ат мінуі; жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелтуі; өзіне өмірсерік болатын сұлу жар таңдап бақытты өмір кешуі секілді ежелгі батырлық ертегілерге тəн тұрақты сарындар жырда мейлінше анық, толық көрсетілген.Əлбетте, жырдың ең қызықты тармағы — қазақ халқының бертіндегі тарихи өмірінің сипатын беретіндігі. Қазақ халқының XVII–XVIII ғасырлардағы қалмақ жаулаушыларына қарсы күресі жырда фабулалық шынайы көрініс береді. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кəсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дəлелдейді. Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі — Жиделібайсын (Жиделі-Байсын), нақтылы тайпасының аты — Қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде В.М.Жирмунскийдің дастанды Қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген [4; 74].«Алпамыс батыр» жырының оқиғалық, құрылымдық жəне көркемдік ерекшеліктері қаламгерлерді жаңа туындылар жасауға ұмтылдырған. Мысалы, Өзбекстан мен Қарақалпақстан драматургтері осы жыр негізінде пьеса жазды. Ал қазақ композиторы Е.Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы (либреттосын жазған К.Кенжетаев) құнды мұра қатарына қосылды.

  1. Алатау батыр. Есімі қалың Қоңырат тайпасына ұран болған бұл кісінің шын аты — Жиенəлі. Алатау батыр (Жиенəлі) — Қоңырат ішіндегі Құлшығаштан (Көктің ұлына жатады).

Құлшығаштан — Жортпас, одан — Досай, Өтей, Аллаберді, Түйеші, Əжікей.Досайдан — Есайдар, Өтемі, Жиенəлі (Алатау батыр). Жиенəліден (Алатаудан) Құлтайлар тарайды. Сонымен, Алатау батырдың Құлшығаш руының Жортпас атасынан тарайтын Құлтай ұрпақтарының бабасы екені ақиқат шындық.Жазушылар одағының мүшесі М.Ерімбетов «Ұлы тұлғалар» деген мақаласында Алатау батырдың ерлігін былай суреттейді: «Бірде Хазар теңізі жақтағы Кіші жүз елінен «Жау тиді» деген хабар келеді. Алатау Қоңыраттың батырларын жинап, жорыққа əзірленеді. Өздері қарамағында отырған Ташкенттегі Тұрсын ханға жағдайларын, «Елімізге, жерімізге, малымызға бас-көз болыңыз. Қараулық жасамаңыз» дегенді айтады. Хан уəдесін береді. Кіші жүз еліндегі соғыстан жеңіспен оралса, елі аңырап отыр. Хан Тұрсын антын бұзып, жарамды жігіттердің жоғын пайдаланып, елін шауыпты.Алатау батыр сарбаздарын аттан түсірмей, Ташкентке тартады. Хан ордасын «Хан Тұрсынды — ант ұрсын!» — деп шабады. Хан Тұрсын қашып кетіп, оның айдай сұлу қызын олжалайды. Қызды жайдақ нарға мінгізіп алып келеді. Ол сүйекке таңба екен. Асқан сұлу қызға Қоңыраттың батырлары көз тігіп, таласып қалардай халге жетеді. Сол кезде Алатау батыр: «Кешегі Хазар теңізі маңындағы соғыста асқан ерлік көрсеткен найзагер жігіт болды. Жекпе-жекте де, қалың қол соғысында да жан шыдатпады. Осы қызды Шанышқылы атанған батырға берелік» дейді. Қалың Шанышқылы елі осылайша пайда болған деседі» [19]. Өкінішке орай, Алатау батыр туралы деректер тым аз.Əдебиеттер тізімі

  1. Көпейұлы М.Ж. Қазақ шежіресі. — Алматы: Жалын, 1993. — 14-б.
  2. Қазақ шежіресі: Үш тараудан құрылған жинақ. — Целиноград: «Қаламгер» шығармашылық алқасы, 1991. — 55-б.
  3. Əбілғазы. Түрік шежіресі. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 40-б.
  4. Оңтүстік Қазақстан облысы: Энциклопедия / Бас ред. Б.Аяған. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС, 2005. — 560 б.
  5. Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі — Алматы: «Ана тілі» апталығы – Атамұра, 1994. — 43-б.
  6. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 6-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас ред., 1975. — 601-б.
  7. Жалмұханбетов К. Ғасырлар белесі. — Астана: «Ақарман-медиа» ЖШС, 2010. — 278-б.
  8. Қоңырат шежіресі жəне оған қатысты əңгімелер / Құраст. М.М.Ерімбетов. — Алматы: Жалын, 1993. — 136-б.
  9. Үсенбаев Т. Қазақ шежіресі. — 2-т. Орта жүз — Жан Арыс. — Алматы: «Полиграфкомбинат» ЖШС, 2007. — 376 б.
  10. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 2-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас ред., 1973. — 371-б.
  11. Сəдібеков З. Қазақ шежіресі. — Ташкент: Өзбекстан, 1994. — 144 б.
  12. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 4-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас редакциясы, 1974. — 247-б.
  13. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 10-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас ред., 1977. — 23-б.
  14. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 11-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас ред., 1977. — 84-б.
  15. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 7-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас ред., 1975. — 31-б.
  16. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 1-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: «Қазақ Совет энциклопедиясының» Бас ред., 1972. — 260-б.
  17. Қазақтың көне тарихы / Дайынд. М.Қани. — Алматы: Жалын, 1993. — 177-б.
  18. Алпамыс батыр / Ақсауыт. Батырлар жыры: Екі томдық. — 1-т. — Алматы: Жазушы, 1977. — 165–268-б.
  19. Ерімбетов М. Ұлы тұлғалар // Қазақ батырлары. — 2001. — № 5 (34). — 12-б.

Автордың аты-жөні, тегі: Р.С.КареновЖурнал: Қарағанды университетiнiң хабаршысыЖыл: 2014Қала: ҚарағандыКатегория: Тарих

Нағанайдың арғы тегі кім?

Ол қоңыраттың қай тұқымының ұрпағы деген сауалдарға жауап іздер болсақ, біз оны Алтын Орданың Тоқтай хан заманындағы (1291-1312) әйгілі қоңырат бектерінің ең мәртебелісі болған Салжұдайдың төңірегінен табар едік. Бұл әмір туралы парсының атақты тарихшысы Рәшид әд-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының «Қоңырат тайпасы» атты тарауы ғана емес, басқа да тұстарында біраз мағлұмат бар. Салжұдай Шыңғыс ханның бәйбішесі Бөртеге жақын туыс боп келетін дүмді бектердің бірі. Әкесінің аты Бұлаған ноян. Бөрте бәйбішенің жақын туысы болған соң да сөзі өтімді Бұлаған бек – өз уақытында Шыңғыс ханның Еке Моғүл ұлысының төрт тірегі болған ұлдарының кенжесі, қара шаңырақ иесі Төленің туған немересі (оның Құтықты деген баласының қызы) – Келміш бикеге құда түсіп, баласы Салжұдайға алып берген. Салжұдай мен Келміш бикеден туған Олжай бегім Ұлұғ ұлыстың ханы Мөңкетемірге (1266-1282) шығып, екеуінің некесінен Алтын Орданың 1291-1313 жылдардағы билеушісі Тоқтай хан туған (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. Том 2. М.-Л. АН СССР. 1960. 84-85-с).Рәшид әд-Диннің аса құнды шығармасында осы Тоқтайдың Жошы ханға шөбере боп келетін туысы, атақты қолбасшы, Дон өзенінен Дунайға дейінгі аралықты жеке өзі билеп-төстеген Ноғай беклербекпен қақтығысып қалуының бір себебі де осы Салжұдайға қатысты туындағаны жазылады.Тоқтай ханға туған қайнаға боп келетін Салжұдай өзінің баласы Байлаққа (Яйлақ) әйгілі хан тұқымы Ноғайдың қызы Қияқты (Қабақ) әперген екен. Алайда жас жұбайлар көп ұзамай біріне-бірі салқын тартыпты. Келін түртпектеуге ұшырапты. Қияқ бұл жайдан төркіндерін хабардар етіпті. Ноғай беклербек бұған кәдімгідей тулап, кезінде Тоқтайдың таққа отыруына өзінің ақылын да, айласын да аямай жұмсап, тақты жауларынан тартып әперуге үлкен күш жұмсағанын алға тартып, енді сол еңбегімді еш қылып, билікті Салжұдайға беріп қойғаның қалай, деген ренішін білдіреді. Егер менімен дұрыс қатынаста болғың келсе, Салжұдайды Хорезмдегі өзінің ұлысына жібер, деген қатаң талапқа барады. Бұған Тоқтай хан: «Ол әкемдей болған адам, жасы кеп отырған бек, өзіме тәрбие берген, қалай шеттетемін» деген уәж айтып, көнбейтінін байқатады. Ақыры сол егес үлкен кикілжіңге ұласып, Ноғай мен Тоқтайдың арасындағы соғысқа ұрындырады. 1300 жылы Ноғай қолы жеңіліске ұшырап, қасында қалған он жеті адаммен қашып бара жатқанда Тоқтай ханның жасағындағы орыс сарбазының қолынан қаза тауып, бұ дүниеден өтеді (Сонда).«Жамиғ ат-тауарих» жылнамасында Салжұдайдың Байлақтан (Яйлақ) басқа баласының есімі аталмайды. Дегенмен, осы орайда американдық ғалым Ю. Брегельдің ортаазиялық қоңыраттардың әулеттік тарихын зерттеген еңбегіндегі Ағадай баһадүрдің есімі аталатын дереккөзге назар аударған мақұл дер едік. Онда Ағадайдың 30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлі басқа да түрк жұрттарын басқарып, Бұлғар, Шеркес, Қазан ұлыстарын билегені, оның баласы Нағдайды Өзбек ханның Еділ дариясының төменгі ағысындағы елге би еткені, ол бектің Хорезмде жерленгені жазылыпты (Исхаков Д. Юго-восток Татарстана: проблема изучения этнической истории региона ХІҮ-ХҮІІ вв. // Альметьевский регион: проблемы историко-культурного наследия. Альметьевск, 1999. 15-20-с.).Хиуа тарихшылары Ширмұхаммед Мунис (1778-1829) пен Мұхаммед Риза Агахидің (1809-1874) түрк тілінде жазылған «Фирдаус ал-Икбал» (Берекенің бейіш бағы) атты шығармасында да Бұлғарды біраз жыл билеген Ағадай баһадүр туралы айтылады. Ол орыстар мен шеркестерге қарсы жорықтарға шығып, ол жерлердегі Жошы хан заманынан бері қирап жатқан қалалардың қорғандарын қалпына келтіріпті. Мунистың жазуынша, ол 1312-13 жылы өткен бір соғыста қаза тапқан. Ағадай туралы бұл мәлімет Ю. Брегель еңбегіндегі Өзбек ханның кезінде ұлысбек лауазымында болған Нағдайдың әкесінің аты Ағадай деген қисынды одан әрі дәйектей түседі (Зайцев И.В. Астраханское ханство. С. 14. Москва: Восточная литература, 2006. – 304 с.).Нағанайдың есімі әр әдебиетте әртүрлі аталатыны жоғарыда көрсетілді. Соңғы сөз болып отырған Брегель дереккөзінде де ол Нағдай деп түрленген. Осы орайдан алғанда Салжұдайдың баласының есімінің бірде Байлақ, бірде Яйлақ түрінде жазылуына қарап, оны Ағадай, Яғадай деп те, (тіпті Байлақтың ағасы не інісі ретінде де) топшылауға болатындай көрінеді. Егер кейінгі дереккөздің мерзімі мен кейбір қисындарына ой жіберсек те Ағадайдың әкесі Салжұдайға тиесілі болған жоғарғы дәрежелі ұлысбек міндетін атқарғанын байқаймыз (30 мың үйлі қоңырат пен 100 мың үйлібасқа руларды билейді). Рәшид әд-Дин шежіресінің мәліметі бойынша Ағадай 1302 жылы дүниеден озған. Алтын Орда жылнамашылары Нағанайды 1360 жыл шамасында дүниеден өтті деп есептейді. Байлақтың 1300 жылы қайынатасы Ноғай қаза табардан үш-төрт жыл бұрын үйленгенін еске алсақ, оны (яки Байлақты немесе Ағадайды) 1280 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келді деп жорамалдар едік. Демек Салжұдай 1302 жылы көз жұмғанға дейін де, оның жасы жиырмалардан асқан баласы Байлақтың (немесе Ағадайдың) әкесі атқарған жоғары лауазым мен оның қарауында болған ұлысты басқаруы өз қолына алғаны кәдімгідей илантады. Онда Нағанайдың осы Ағадай (Байлақ) бектің баласы болуы әбден қисынды. Яғни, Бұлағаннан – Салжұдай, Салжұдайдан – Ағадай (Байлақ), Ағадайдан – Нағанай. Бұлай деуге Нағанайдың жасы да үйлеседі. Оның 1313 жылы 15-16-сында таққа мінді делінетін Өзбек ханмен жасы шамалас екендігін еске алсақ, 1334 жылы Баттута Жошы ұлысын аралаған кезде Нағанайдың қызы, ханның екінші қатуны боп отырған Кебек бегімнің жасын да сол шақта жиырмалар қарсаңында, деп қисындату да шындықтан алыс кетпейді.Бұл жерде Нағанайдың Өзбек ханға қайынаталығы мен Өзбектің қызын баласына алып беруінің аржағында, сонау Салжұдайдың Тоқтайға туған нағашылығынан басталған екі шаңырақ арасындағы жақын құдандалық үрдістің әрі қарай сабақтасып жалғасуы жатқаны айдан анық. Нағанайдың Салжұдай ұрпағы екендігі туралы бұл болжамды – Салжұдай бектің ордадағы әйгілі қоңырат ұлысбегі ретінде ылғи алдыңғы орыннан байқалар биік мәртебесінің, со қалпында кейіннен Ағадайға ауысқаны, одан Нағанайға өткені, одан соң Нағанайдың баласы Аққұсайынға дейін жалғасқаны туралы мағлұматтар да жоққа шығармайды. Біз төменде назар аударғалы отырған құнды дереккөздер тізбегінде де сол дәйекті одан әрі тиянақтай түсетін тұстар баршылық.Бұл дереккөздер «Алтын Орда хандарының жарлықтары» деп аталатын құжаттар шоғырынан тұрады. Ол жарлықтарда әдетте хан тарапынан қабылданатын заңдар, нормалар мен келісімдер, жеке аймақтарда сауда жасауға қатысты жон-жосық ережелері мен салық мөлшерлері, кей тұлғаларға берілетін жеңілдіктер сияқты әртүрлі мәселелер құқықтық негізде бекітіліп, мемлекеттік мәртебемен міндеттеліп жатады. Әуелде олар тек ханның өз атынан ғана жарияланатын дара билік пәрмені болып келсе, ХІҮ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап, жарлықтар мәтініне Ұлұғ ұлыстың саяси өмірінде жетекші орындарға шыға бастаған беклербектер мен қарашы, ұлысбектердің де аты-жөндері қосыла бастайды.

Нағанай бек және оның ұрпақтары (Алтын Орданың түрк бектері)Ел аузында тараған дәстүрлі Қоңырат шежіресінің қай-қайсысы да әлқисса сөзін Нағанай биден бастайды. Қоңыраттың түп атасы Нағанай бабамыз екен, оның отыз баласы болыпты, қазіргі қазақ қоңыраттары оның Жығалы, Мелдеби, Орынби деген үш баласынан өріпті, қалғандары Жиделі-Байсын жақта екен делінеді (Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. 42-48-б.). Қазақ шежіресіндегі «Нағанай бидің отыз баласы бопты» деген бұл әпсана халқының жартысы қоңыраттардан тұратын қарақалпақтарда да бар. Олардағы ерекше­лік Нағанайдың Нағадай деп аталуында ғана. Мәселен, қарақалпақтың ұлы ақыны Бердақ Қарғабайұлының (руы қоңырат) «Шежіре» атты шығармасында:«Нағадай бий йурт ағасыЖумлә Қоңыраттың бабасы,Отыз уғылның атасы,Уғлы отыз болған екен» 2, – дейтін жолдар бар (Бердақ. Таңдамалы шығармалары. Нөкис: Қарақалпақстан, 1987. 273-б.).Осы шығарманың тағы бір шумағындағы: «Нағадайдың отыз уғлы, Ебен-Себен еки қулы» деген жолдар да қазақ қоңыраттары ше­жі­ресіндегі: «Нағанайдың отыз ұлы және Емен, Семен деген екі құлы болған. Нағанай ол екеуін де өз балалары санағандықтан, отыз екі баласы бар делінеді»; «Нағанай Үрге­ніш­ке барғанда оған Емен, Семен деген екі құл беріпті. Нағанай ол екеуін де құлдықтан азат етіп, өзіне бала қылып алыпты. Соларды қосқанда, Нағанайдың отыз екі баласы болған» дейтін қосымша тәптіштеулермен қабысып жатады.Ауызекі шежірелерде қоңыраттың түп атасы ретінде аталып, бірсыпыра аңыздық сарындармен көмкерілген Нағанай есімі бір қарағанда, қазақтың басқа да тайпаларына қатысты кей шежірелерде ұшырасатын, көбіне әуелгі түпбаба ретінде халық қиялынан ғана туындаған, тарихи дерегі мәлімсіз тұлғалар секілді болып та қабылданар еді. Алайда, Нағанайдың жөні басқа. Ол – өмірде шын жасаған, сонау Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханның замандасы болған, одан кейінгі Жәнібек ханның әйгілі ұлысбегі ретінде танылған айбынды әмірлердің бірі.Жошы ұлысы (Ұлұғ ұлыс, Алтын Орда) заманына қатысты жазба дереккөздерде Нағанай бектің есімі қарақалпақ шежіре­сін­дегідей, Нағадай, Нағатай немесе Нуғдай, Нангудай, Янгудай түрінде әртүрлі боп түскен. Қазақ тілінің өз үндестік ерекшелігіне сай ол бізде Нағанай болып қалыптасқан. Егер мерзім жағынан дәйектер болсақ, Нағанай есімінің тарихта алғаш рет қағазға түсіп таңбалануы әйгілі араб саяхатшысы Әбу Абдаллах Ибн Баттутаның (1304-1377) ар­қа­сында жүзеге асқанын көреміз. 1334 жылы Жошы ұлысын аралап жүрген ол, Өзбек ханның Бестау маңына жайлауға шыққан жазғы ордасына барғанда өзінің осы бекпен тікелей жолыққанын жазады.

Өзбек пен Жәнібек хандар басқарған жылдарда мейлінше өркендеген Алтын Орда Бердібектің екі жылдай ғана уақытқа созыл­ған билігі (1357-1359) кезінде кері кете бастайды. Ақыры, өзінің бар бауырларын қырып тастап таққа мінген Бердібектің өмірі де шолақ болды. Бір дереккөздерде ол сырқаттан қайтты делінсе, екіншісінде кісі қолынан қаза тапты (Почекаев Р.Ю. Ханы Золотой Орды. СПб.: Евразия. 2010. 199-200-б.) делінеді. Ол қайтыс болғаннан кейін, дағдарысқа киліккен Ұлұғ ұлыс ыдырап, жиыр­ма жылдай уақытқа созылған аласапыран кезеңді бастан кешті. Ұсақ иеліктерге бөлініп алып, бірінің түбіне бірі жеткен, бір билеушіні екінші билеуші сақаша алмастырған келте хандар заманы басталды.Бердібектен кейінгі бір тақ таласы кезінде «Нағанай да басқа белгілі бектермен бірге қазаға ұшырады» делінеді. Дегенмен, дағдарыс басталған кезде оның балалары Аққұсайынсопы мен Жүсіпсопы ана жылдары Құтлықтемір ұлысбек боп басқарған, кейін Нағанайға ауысқан, әу бастан қоңырат бектерінің еншісіне тиген Хорезм ұлысын Алтын Ордадан бөліп алып, дербес мемлекет етіп құрып та қойған еді. Қоңырат әулеті құрған бұл ұлысқа оның алғашқы әмірі болған Аққұсайынсопы 1359-1372 жылдар аралығында билік жүргізді. Қоңырат ұлысы күшейіп алған соң іргедегі Шағатай ұлысына айбат шегіп, 1365 жылы оның құрамындағы Қият пен Хиуаны өзіне қосып алып, баяғы Хорезмшахтар мемлекетіне етене аймақтарды түгендей бастапты. Бірақ, содан кейінгі жыл­дары Шағатай иеліктерін біртіндеп өзіне қарата бастаған жаужүрек Әмір Темір (Ақсақ Темір) қолбасшы ол қалаларды қайтарып беруді талап етіпті. Құсайынсопы оған көнбегесін, Темір оған қарсы соғыс жариялап, 1872 жылы Үргенішті қоршайды. Сол қорғаныс шайқасы кезінде Құсайынсопы қаза табады. Оның орнына билікке келген Жүсіпсопы амал жоқ Әмір Темірмен келіссөзге шығып, Қият пен Хиуадан бас тартуға мәжбүр болады. Темір онымен қоса, Құсайынсопы­ның қызы Сүйінбике сұлуды (Өзбек ханның жие­ні) баласы Жаһангерге ұзатуды талап етеді. Келе­сі жылы Самарқан төңірегіндегі Темірдің жаз­ғы ордасында әмірзада Мұхаммед Жаһан­гер мен Сүйінбике арудың үйленуіне арнал­ған теңдессіз той өтеді. Әмір Темірдің төңірегін­дегі жылнамашылар Нағанайдың осы немере қызының есімін көбіне Ханзада деп жазады (Фасих Ахмад ал-Хавафи. Фасихов свод. Ташкент. Фан. 1980. 97-98-б.).Әмір Темір туған құдасы болса да Жүсіпсопының Хорезмді билеуіне одан әрі көп ерік бере қоймайды. Қоңырат әмірлері тағы біраз жыл билік құрғандай болғанымен, Ақсақ Темір мен Жошы ұлысын қайта қалпына келтіргісі келген Тоқтамыс хан арасындағы кикілжің таластардың өтінде қалған аймақтың мазасы жылдан-жылға кете бастайды. Ақыры, Нағанай ұрпағы Сүлейменсопының Тоқтамыстың айдап салуына еріп, Темірге қарсы кәдімгідей көтерілуінің соңы Әмір Темірдің 1388 жылы Үргенішке жойқын шабуыл жасап, Қоңырат әулеті мемлекетін жо­йып жіберуімен тәмәмдалады. Темір Үргеніш жұртын Самарқанға көшіріп, шаһардың орнын тып-типыл тегістеп, орнына арпа егуге бұй­рық береді. Әмірдің сарбаздары он күн­дей аса бай да гүлденген қаланы тонап, қира­тып, ой­ранын шығарады. Ұлыс түгелімен Темір им­периясының құрамына қарайды (Якубовский А.Ю. Тимур // Тамерлан: эпоха, личность, деяния. М.: Гураш.1992. 31-32-б.).Елі ауа көшкен Үргеніш шаһары осыдан кейін-ақ қайта оңалмайды. Әрі оған ХV ғасырдың басынан бастап, табиғаттың ауысуынан туындаған экологиялық жағдай да әсерін тигізбей қоймайды. Әмудария арнасының өзгеріп, қаладан қырық шақырымдай қашық­тыққа аунап кетуі салдарынан, байырғы астана аймағы қуаңшылыққа ұрынып, ақыры ол бір көшеден ғана тұратын шағын мекенге айналады. Шаһардың Үргеніш атауы 1645 жылдары одан оңтүстік-батысқа қарай 190 шақырымдай жерде ірге көтерген жаңа орталыққа ауысып, ол Жаңаүргеніш аталады. Сонау ғасырларда айбынды хорезмшахтар мемлекетінің, одан кейіндері Нағанай балалары құрған Қоңырат әулеті ұлысының елордасы болған бағзы Үргеніш шаһары Көнеүргеніш деген атқа иеленеді. Аймақ орталығы Хиуа шаһарына көшірілуіне байланысты енді ұлыс та Хиуа хандығы деп атала бастайды.Кейінгі орта ғасырлық мұсылман дереккөздерінде Нағанай есімі әрдайым еңбегі елеулі тұлғалар қатарында аталатыны назар аудартады. ХІV ғасырдың басында өмір сүрген Муин ад-Дин Натанзи жазған, Бартольд «Ескендір анонимі» деп шартты ат қойған парсыша шығармада «Өзбек тарапында Әмір Нағадайдай елеулі тұлға болған емес, білетін көзіқарақты жандар оған тек Шәдібек тең еді деседі» деген жолдар бар (Аноним Искандара // История Казахстана в персидских источниках. ІҮ том. А.: Дайк-Пресс. 2006. 263-б.).ХVІ ғасырдағы хиуалық тарихшы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» шығармасында «Хәрәзм уәлаятының һәкімі қоңырат Нағадайоғлы Аққұсайын» туралы да сөз болады. Онда Аққұсайын да әкесі Нағанай сияқты ел билеген беделді тұлға, шамына тисе Хорезм әскерін жиып, сол кезде дағдарысқа малтыққан Сарай уәлаятының (Алтын Орданың) өзіне де жорыққа аттанып, Тайдулы бегім таққа отырғызған Базаршы ханды орнынан алып, Маңғытайұлы Хызырға тақты алып беретін құдіретке ие адам ретінде бейнеленеді (Өтеміс қажы. Шыңғыс-наме // Қазақстан туралы түркі деректемелері. І том. А.: Дайк-Пресс. 2005. 230-231-б.)1760 жылдардан бастап Хиуа хандығы­ның билігіне қайтадан Нағанай ұрпақ­тарының келу үрдісі байқалады. Соған дейін де тақ төңірегіндегі жоғарғы орын­дарға тағайындалып жүрген қоңырат шонжар­ларының арасынан Ішмұхаммед би жаңа қоңырат әулетінің негізін қалайды. Бұл әулет өздері хан тұқымы болмағаннан кейін, таққа кейде қазақ сұлтандарын да шақырып, мәртебелеген сияқты болғанымен, өздері инақ деген лауазымды иеленіп, негізгі билікті қолдарында ұстап отырды. Содан олар 1920 жылға дейін Хиуа хандығының тізгінін қолдан шығарған жоқ. 1800 жылдардан бастап өздеріне де хандық лауазымды заңдастырып, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекет басшыларына айналады. Хиуа тарихшыларының жазбаларында сол қоңырат билеушілерінің бәрінің Өзбек ханның замандасы болған, асыл сүйегі көне Қият қаласында жерленген Нағадай бидің (Нағанайдың) ұрпақтары екендігі әрдайым назарға алынады (Бартольд В.В. Новый источник по истории Хорезма // Работы по источниковедению.VІІІ т. М.: Изд. Вост. Лит-ры. 1973. 575-578-б.).Олар өздерінің хандық билігі әбден дәуірлеген жылдары, бабалары Нағанай мен оның ұрпақтарына астана болған Көнеүргенішті қайтадан орталық етудің де жолдарын қарастырыпты. Шаһарға су жеткізетін арнайы арық (оман) қазылып, ханның кезінде (1845-1855) астананы Хиуадан ежелгі орнына көшірмек болыпты. Нағанай заманындағы сәулетті орданың орнына «Хорезм бақ» деп аталатын мығым бекініс те салдырыпты. Алайда, Мұхаммед-әминнің өзі түрікмендермен өткен бір шайқаста қаза тауып, жоспарланған бұл іс аяқсыз қалыпты. Артынша, Хиуаны Ресей империясы жаулап алады да, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заман басталады. Көнеүргеніш сол шағын кент күйінен өспей қалады. Бүгінде ол Түрікменстанның Ташауз уәлаятына қарайтын Көнеүргеніш аты­ра­бының әкімшілік орталығы ғана. Баяғы Хо­резм мемлекеті замандарынан ежелгі өр­кениеттер астанасы ретінде таныл­ған қала­да бағзы дүние жәдігерлеріндей боп бірқатар сәулет ескерткіштері әупіріммен сақталып қалған. Солардың арасында қоңырат Құтлықтемірдің ұлысбектік би­лігі кезінде салынған биіктігі алпыс жеті метрлік Құтлықтемір мұнарасы, әйгілі сопы ғұламасы Нәжмәддин Кубраның зәулім кесенесі, Нағанай балаларының билігі кезінде тұрғызылған Төребике бегімге (Құтлықтемірдің зайыбы) арналған сәнді кесене, хорезмбах, тасқала сарайларын, Моңғол жорығына дейін салынған хорезмшах Текешке арналған кесене секілді тамаша ғимараттар әлі де көздің жауын алады. (Куня-Ургенч // «Википедия» энциклопедиясы)…

«Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар»
Мұхамеджан Тынышбайұлы
Орта жүз

1220 жыл шамасында бұрынғы қырғыз жерінің, Яғни Сарыарқаның күншығысы мен оңтүстігі арасында арғын, найман, керей деген елдер араласып көшіп жүрді. Одан кейінгі кезде Әз-Тәуке ханның тұсында ол жақты қалмақ жеңіп алып, қазақ ауғанда және араласып кетті. 1723 жылы қалмақтан жеңіліп, «Ақтабан шұбырындыда» тіпті былығып араласты. Содан соң, керей мен найман қайта келіп, Қытай жеріне кіргенде және араласты. Осы күнде орта жүз қазақтары Лепсі, Қапал ояздарында, Жетісу облысында, Семей, Ақмола облыстарында түгел бар. Сырдария, Торғай облыстарында бір бөлігі бар. Қытайға қараған Қызғай, Байжігіттер бар. Орысқа қарағанның ең күншығыс бетінде керейдің көбі бар. Мұнан соң орта жүздің әртүрлі руларын өз алдына бөліп жазамын.

Қоңырат
Қоңырат басында орта жүзде болған. Рәшиддин мен Әбілғазы хан сөзінше: Қоңырат Оразған нәсілінен Дүрілген деген тайпаның Жұрлық мергеннің баласы қоңырат деген кісінің нәсілінен. Радловтың сөзінше Қоңырат екі атаның баласы – Көк,Көтенші деген. Левшиннің сөзінше: Байлар, Жандар. Оразкенті, Құлшығаш, Боштан, Тоқболат, Жаманбай, Қаракесе, Жетім, Сансыз, Құят. Менің ойымша, осы жетім дегендер біздің тоқал арғын. Сұмдықтан -Саржетім деген баласының нәсілі болар. Оның себебі: Саржетім Шақшақтың шақшағы кіші жүзде бар. Жетім дегені жоқ. Қытай жазушысы Юан-Шу-Ми-Ши сөзінше бұрынғы заманда ункурлар яғни, Қоңырат Халке өзінің Бабиор көліне құйған арада жүрді. Бұлардың да көбі өзбекке қосылып, өзбекатанған. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»
Қоңырат
Монғол тарихшысы Сана-Сесеннің айтуынша қоңыраттар «Ұлы моңғолдар» тобының «Көк моңғол» тармағына кірген көрінеді. Шамасы бұл жердегі «көк» сөзі Шыңғыс ханның Керей Он-ханға жазған хатында Қоңырат, Қатағандарды “көк табанды тырналар” деп атағаны тұрғысында түсінілсе керек. Бірақ, «көктің» тағы бір «аспан» деген мағынасы да бар. Бұған қоңыраттардың ішінде «Көктің ұлы» деген тармақ кездесетіні де дәлел. Бұл қоңыраттар да өзататегін Шыңғысхан көктен түскен нұрдан жаралыпты-мыс деген аңызға ұқсас жайдан тарқататынын байқатса керек. Қоңыраттардың текті жұрт қатарында саналатындығында Шыңғыс ханның тек анасы на емес, атақты ұлдары Жошы, Шағатай, Үгедей, Төлелердің шешесі Бөрте бәйбішенің де Қоңырат қызы екендігі дәлел бола алады. Қоңыраттардың әміршісі Меңлеке 13-тегі жетім бала Темучинді әкесіз қалдырмай, оның шешесіне үйленеді. Кейіннен Шыңғыс ханның шаңырағында Меңлекенің жұрттың бәрінен жоғары отыруы осыған қатысты болса керек. Шыңғыс ханның алғашқы қимыл көрсете бастауынан-ақ қоңыраттар, оның жағына шығып, барлық жорықтарына қатысты. 1220 жылы Нишапурға шабуыл кезінде Шыңғыс ханның қызына үйленген Тоқұшар қоңырат қаза тапты, оның әйелі күйеуі өлген соң қаланы қамауды одан әрі жалғастырып, басып алғаннан кейін бүкіл тұрғындарын қыруға бұйрық берді. Біздің қоңыраттардың бабалары Жошының балаларының үлесіне тиген 4000 жасақтың қатарына кірген еді. Шамасы қоңыраттар Шайбақ ханның қол астына (Көк орда) кіріп, Сырдарияның төменгі ағысына қоныстанған сияқты. 1360 жылы Қоңырат Хұсайын сопы Хорезмді биледі. Алтын Орданың бағыныштысы бола тұра, өзін елдің жеке әміршісіндей сезінеді. 1371 жылы Хиуаны Темір басып алды да, сол қорғаныс кезінде Хусайын сопы қаза тапты. Оны інісі Жүсіп сопы алмастырып, Темірмен бітімге келді. Темір кеткенннен кейін, ол әмірге қарсы екенін білдірді. 1379 жылы Темір Хорезмді тағы талады да, Жүсіп бірінші шайқаста қаза тапты. 1420 жылы қоңыраттар Еділдің төменгі ағысында пайда болды. Мұнда қоңыраттың жетекшісі Хайдар мырза әуелі Ұлы Мұхамедті қолдап жүріп, кейіннен Кіші Мұхамедтің қол астына ауысты және Ұлы Мұхамед орыс қаласы Белевке қашқан соңғы шайқасқа қатысты. Хайдар мырзадан 3 түмен (80000 адам) қоңырат әскері болды. Оның көмегі арқасында Тоқтамыстың немересі Сеид Ахмед Қырымда таққа отырды. Хайдар мырза өлгеннен кейін қоңыраттардың көп бөлігі Еділге қайтып, сол жерден Әбілхайырға (Жошы ұрпағы, Дешті Қыпшақ ханы) келіп қосылған сияқты. Қазіргі қырымдық қоңыраттар – сонда 1449 жылдан кейін қалған қоңыраттардың тұқымы. «Шейбани наманың» авторы Мұхамед Салық Түркістанды басып алған кезде Мұхамед Шейбаниде көп қоңырат болғанын айтады. Бұған қарағанда, қоңыраттар Бұқараның солтүстік-батыс жағындағы жерлерді жайлағанға ұқсайды. 1533 жылы Қоңырат батырлары Хафиз бен Күнтуар Әбілғазының айтуынша Хорезмге жорыққа аттанып, қолға түсті. Хорезм ханы Дінмұхамедтен ажал табады. 1690жылы Қоңырат Мұхамед Би Балхты биледі. 1702 жылы Сұбанқұл хан қайтыс болғаннан кейін Бұқарада: бірі – Мұхамед би бастаған Қоңырат, екінші Мұхамед Рақым би (Марайым) бастаған Маңғыт партиясы құрылды. Ол екеуінің жауласуы маңғыттардың жеңісімен аяқталды. Марайымнан жеңілгеннен кейін қоңыраттар Шығыс Бұқараға, Үргенішке және Сыр бойындағы қазақтарға қарай ығысты. 1800жылдардың басында Үргеніште қоңырат Елтүзер Инак өзін хан деп жариялап, оның әулетінің билігі 1919 жылы ғана құлады. Қазақ қоңыраттарының мекені 1723 жылы Сырдариядан батысқа қарай болды да, жоңғарлардың шабуылынан көп зардап шеге қойған жоқ. Олар 1725-1726 және кейінгі 1750-1758 жылдарына соғыс қимылдарына қатыса қоймаған сықылды. Өйткені, Қоңыраттар Сырдарияның оң жағына 1760 жылдар шамасындағана өткен еді. ҚСЭ қосымша: ғалымдар «Қоңыратты ежелгі Қият тайпасының ұрпағы немесе қияттармен тектес Олхонут, Хонхират руынан шыққан және ежелден моңғол бірлестігінің құрамында болды деп есептейді. Келе-келе Шыңғыс ханға бағынып, ХІІІ ғасырда монғолдардың батысқа жасаған жойқын жорығына қатысты. Осы тарихи оқиғаға байланысты Қоңыраттардың едәуір тобы Қазақстан мен Орта Азияға тұрақтап, қоныс тепті… Хиуа хандығының негізін салып, кейінірек қарақалпақ халқының құрамына енді… Ш. Уәлихановтың жазуынша қоңырат елі, 19 ғасырдың басында Қаратау, Талас, Ташкент, Бұқара, Қоқан маңына ауысты. Сөйтіп Қазақстан мен Орта Азия жеріндегі түркі тілдес жергілікті тайпалармен араласып қазақ, өзбек, қарақалпақ, қырғыз халықтарының құрамынаеніп, сіңісіп кетті.
..Қоңырат – Көтенші, Көктің ұлы деген екі бірлестікке бөлінеді. Көтеншіден – Саңғыл, Сүйімбай, Сүттібай, Аққошқар, Аманбай, Жаманбай; Көктіңұлынан- Байлар, Жандар, Оразкелді, Қарасирақ, Тоқболат, Құлшығаш, Алғи рулары тарайды. (6-том, 601-б.). Қазақстандағы қоңыраттар Ташкентке іргелес аудандарда Өзбекстан шекарасынан Жаңақорғанға дейінгі Сырдың екі бетінде, сондай-ақ, Созақ, Түркістан, Бөген, Арыс аудандарында қоныстанған. Көтенші – Құдайбердінің (Қарақұдайберді деп те аталады) лақап аты. Шежіре деректі бойынша Көтеншіден – Саңғыл (одан Маңғытай, Ағысай, Нұрсай, Самай, Бақай, Қошқар, Қаракемпір, Тиес), Сүйімбай (Борай, Жиембет), Сүттібай (Қырғызәлі, Алтый), Аққошқар (Қараша, Көкірек), Байқошқар (Ақболат, Қайрақ), Аманбай (Құйысқансыз) және Жаманбай (Қоңырсопы, Құрман, Жауқашты, Шоқпарлы, Ноғай, Қира) деген аталар тараған. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда Құдайберді өзінің озбырлығы үшін Көтенші»атанған. Саңғылдан тарайтын Маңғытай өз алдына ру дәрежесіне дейін жетіп, басқа туыстары түгел соған қосылады да, Маңғытай- “Саңғыл” атанады. Көтеншіге бұлардан басқа Бекберді, Малай, Есалы, Досалы, Мәмік (Сапар, Қатаған, Соқыр, Қосым, Жайма) және Сүркиік – Киікші (Сары, Саббас, Құба, Жәдік) ұрпағы «Жетімдер» деген ортақ атпен кірген. Сегіз ата Божбан ұрпағы да Көтенші құрамына кіреді». (6-том, 50-б.). «Саңғыл – Маңғытай, Ағысай, Самай, Нұрсай, Қошқар, Қаракемпір, Тиес деген аталарға бөлінеді…» (10-том, 23-б.). Маңғытайдан – Ерімбет, (Қабырға, Сауыт), Шүпіш (Андас, Орынбет, Әйімбет, Отырас), Көшімбет, Тума. 4 «Жаманбай- Көтеншіден тараған бес рудың (Жетімдер, Жаманбай, Божбан, Саңғыл, Маңғытай) бірі. Жаманбай – Қоңыршұнақ, Жиембет, Борай, Құйысқансыз, Ақболат, Қайрақ, Қараша, Жанай, Алтый, Киікші, Қырғызәлі, Кекеш, Жары, Сасық, Тіней, Көтен, Ноғай, Жауғашты, Шоқпарлы, Қира деген аталарға бөлінеді» (4-том, 247-6.). «Тіней – Көтенші тармағынан тараған ата. Құрамынан өрбіген 6 ағайынның (Киікші, Жартыбас, Жары, Сасық, Көтен) бірі. Тінейден – Майлыбай, Меңлібай, Өте, Ажаң аталары өрбиді» (2-том, 263-б.). «Ноғай – Жаманбайдан тараған ру. Одан – Сатыбалды, Тоқас, Шахан аталары тарайды» (8-том, 392- б.). «Жетімдер құрамына Есалы, Досалы, Мәмітек, Сапар, Соқыр, Қосым, Жайме, Сары, Саббас, Құба, Жәдік ұрпақтары кіреді». Бұлардың ішінде өскені Сары мен Сапар рулары болғандықтан Жетімдер ұрпағын Сары, Сапар деп екіге бөле де береді. Шежіре аңызы бойынша алғашқыда Сүркиік дейтін жетім баланың ұрпақтары – Сары, Саббас, Құба, Жәдік – қана жетімдер атанған, кейіннен оған жоғарыда көрсетілген басқа туыстары қосылып кеткен» (4-том, 430-б.). Сарыдан – Құба, Тебей, Қосай, Барақ, Ерсімбет, Сұлу, Құл, Бөгенбай, Кенжеқара, Қора, Беген, Қара аталары өсіп-өнген (10- том, 35-6). «Божбаннан – Ұржық, Жұмық, Қожағұл, Жәукім, Итемген, Құлым, Бекарыстан, Тоқпақ дейтін сегіз ата тарайды. Көтеншіден тараған Сары, Сапар, Маңғытай, Саңғылмен бірігіп «Бес Божбан» атанған» (2-том, 371-б.).

М. Тынышбайұлы өзінің шежіре-кестесінде Қоңыратты – Көтенші, Көктің ұлы деп бөліп, Көтеншіден – Жаманбай, Жетімдер, Божбанды таратқан. Жаманбайдан- Саңғыл, Жиембай, Майлыбай, Ноғай, Киікші, Құйысқансыз, Сүттібай, Жары, Сасық аталарын бөліп, Саңғылды – Маңғытай және басқалары. Майлыбайды – Құрман, Қылбелбеу, Қоңыршұнақ, Көтен, Сүттібайды – Борай, Жиенбай, Ақболат, Қайрақ деп бөледі. Жетімдердің Сары, Сапар руларына және Божбанды Жаманбай ұрпағы қысым жасаған екен. Содан кейін оларға Саңғыл мен оның ұлы Маңғытай ара түсіп, бәрі бірігіп, «Бес ата» деп аталған көрінеді дейді. Әдетте, Байлар -Жандар қосарланып айтылады (2-том,91-б). М. Мұқанов өз зерттеуінде Қоңыраттың Жаманбай (Қараша, Жанай, Ақболат, Қайрақ, Алтый, Қырғызәлі), Аманбай (Арыстан, Дүрет, Қазтуған, Бердалы), Жетімдер (Сапар, Сары), Божбан (Көзағұл, Жәукім, Итемген, Құлым, Бекарыстан, Тоқпақ), Саңғыл (Маңғытай, Ақпай, Нұрбай, Самай, Боқай, Қаратілес, Қошқар, Қаракемпір, Тиес), Байлар, Жандар, Құлшығаш руларына бөлетінін көрсетеді (1 974,64-б.).

Шыңғыс хан: Шежірелік деректерде

«…Относительно тех тюркских племен, которых в настоящее время называют монголами, но в древние времена каждое из этих племен в отдельности носило [свое]особое прозвище и имя…» (Рашид ад-Дин. ХІІІ-ХІV век) …Ол кезде маңғол, қазақ деген жоқ, ұру-ұрумен аталса керек-ті (Қазыбек бек Тауасарұлы. ХVІІІ ғасыр) Бұл жерде әңгіме әлемге әйгілі Шыңғыс қаған туралы болып отыр. Шынында да, тарихи деректер ұлы ханның Орталық Азияда әлі халықтар қалыптаспай, олардың этникалық құрамы да этнотерриториясы да климаттық және әлеуметтік-саяси үдерістерге байланысты өзгерістерге ұшырап отырған дәуірде ғұмыр кешкенін айқын аңғартады. Мұндайда ақиқатты айқындауға зерттеушілердің өзіндік субъективті көзқарастарынан гөрі тарихи тамыры сол дәуірдің өзімен тығыз байланысты ғасырлар тезінен өткен мәліметтер зор көмек көрсетеді. Сондықтан да «Шыңғыс хан кім?» деген сауалға жауап берерден бұрын оның шығу тегіне қатысты шежірелік деректерге талдаулар жасаған жөн болады. Ал енді ұлы қағанның шығу тегі әңгіме болғанда соңғы кездегі дәстүрлі деректер оны байырғы Жалайыр тайпасымен байланыстырады. Шежіре бастаулары не дейді?Иә, ең алдымен осы мәселенің басын ашып алған жөн тәрізді. Шыңғыс ханның Жалайыр тайпасының өкілі екендігі туралы мәлімет соңғы жылдарда жарық көрген дәстүрлі деректерде көрініс беріп қалады. Нақтырақ айтар болсақ, кейінгі кезде тарихымызға мол деректер қосқан Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты деректі шығармасында Шыңғыс ханның түбі Жалайыр, ал Жошының кезінде Абақ Керей аймағын мекендеген Меркіт руынан екендігі анық айтылған. Онда жазылғандарға келсек, өзіне түсі жылымайтын әкесіне Жошы былай дейді: «Сенің түбің – Жалайыр, Менің тегім –Абақ-ты, екеуі де бір туған. Берсей жылы қабақты». Ұрпақтан-ұрпаққа айтылған бұл ауызша деректі қазақтың бас батырларының бірі Бөгенбай қарт (бұл қанжығалы Бөгенбай емес) кейінге жеткізген екен (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». Шежіре,естелік.,Алматы: «Жалын баспасы». – 2008. – 815 б.). Ал енді Шыңғыс Жошының осы айтқандарын қалай қабылдады деген сауалға да осы кітапта жауап дайын: «…Шыңғыс сап-сары сақалын сыйпап күліп жіберіп, жауап бермей, орнынан тұрып кетіпті…». Көріп отырмыз, Шыңғыс хан өзінің арғы ататегін Жалайырмен байланыстырғанға қарсылықта білдірмеген, қолдауда көрсете қоймаған. Мұндайға өзінің шынайы шығу тегін жасырын ұстағысы келген адам ғана баратыны тағы белгілі. Ал енді Шыңғыс хан міне, дәл осындай тұлға. Тағы бір назар аудартатыны, аталмыш еңбекте тіптен, Жошының әкесі Шыңғыс хан емес, меркіттің Берен деген жігіті (моңғолдық жазба деректерде – меркіттің Чилгер палуаны) екендігі де атап айтылады. Ал енді Жошыны жайына қалдыра тұрып, Шыңғыстың ататек шежіресімен байланыстырылатын Жалайыр тайпасының тарихына жүгінсек, ол біртіндеп Монғол деген кісіге, онан соң Түрік деген тұлғаға апарады. Нақтылар болсақ, Рашид ад-дин келтіретін ежелгі шежіреде Нүкізден тарайтын Жалайырдың оныншы атасы Монғол деген кісі, ал ол Түрік деген адамнан бес атадан соң тараған ұрпақ. Сонымен қатар атақты Оғыз ханның өзі де осы Моңғолдың немересі. Шежіреде Нұхтан Яфес, одан Түрік туады. Бұл жерде пайғамбарлар адамзаттың арғы тегі туралы деректер жоқ болғандықтан аңыздық негізде шежіреге тіркелген десек те, шежіреде көрсетілген Түріктен кейін таратылатын 15 ұрпақ (ішінде Монғол да бар) тарихта болған тұлғалар. Олай дейтініміз, өмірде болмаған адамдарды халық өзінің төл шежіресіне жолатпайды. Әдетте, шежіреде аталар орындары шатастырылса да, олардың есімдері дұрыс көрсетіледі. Осы шежірені тарихи шындық ретінде қабылдаған Махмұт Қашғари мынадай түсініктеме беруді де ұмытпайды: «…Түрік сөзі Нұқ ұлының есімі болып келгенде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде…жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да мағынада қолданылады» (М.Қашғари.Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік). Алматы: Хант. – 1997. – 407 б.). Дәл осы Түрік деген тұлғаға қарата айтылған пікір осы шежіредегі оның ұрпағы ретінде көрсетілген Монғол деген кісіге де сәйкес келеді. Яғни кейіннен өзін Монғол әулетіне жатқызатындар «жалпылық мәнмен» «моңғолмыз» дейтін болды. Бұл кісінің есімі түрікше де, тұңғыс-маншжұрша да «Мәңгі ел» деген мағынаны білдіреді. Ал енді Шыңғысты моңғолға немесе түрікке жатқызып еңбек жазып жүргендердің Рашид ад-диннен, Әбілғазыдан, Қашқаридан бас­тап және күні кешегі Құрбанғали Халидқа дейін қайталанып отыратын осы тарихи шежіреге назар аудармайтындары және мән бермейтіндері таңғалдырады. Тарихты жазғанда халықтың жадында сандаған ғасырлар бойы сақталған және жаңғырып отырған осындай құнды шежірелік деректен бас тартуға бола ма!? Бұл шежіре әрине, Шыңғыстан әлдеқайда бұрын шығып, түркі және тұңғыс-маншжұртілдестер арасына кеңінен таралған. Ал Шыңғыс хан өмір сүрген, халық байырғы түркі жазуынан қол үзіп қалған, сондықтан да ауызша тарих айту мен шежіреге сену үстемдік алып тұрған заманда аталған шежіре адамдар үшін аса маңызды болды. Монғол – халықтың емес, жеке тұлғаның атыАл енді Шыңғыс хан тұсында «моңғол» атанғандардың бәрін тұңғыс-маншжұр тайпаларынан шыққандар деп қабылдау үлкен қателік. Алғаш «моңғол» атанғандар Х ғасырдан бастап көріне бастады. Бұлар осыдан соң да біразға дейін аз ғана түтінді құрады. Тіптен 1175 жылы, яғни ХІІ ғасырдың соңғы ширегіне қарай қайтыс болған Шыңғыстың әкесі Есугейдің өзіне бар болғаны 40 000 шаңырақтан тұратын өздерін моңғол әулетіне жатқызатындар бағынышты болды. Бұлар, тегінде, кезінде Мұсылман әулеттері тарихын жан-жақты зерттеген Лэн-Пуль Стенли айтқандай, тайпалық одақта жоғары мәртебеге ие Монғол деген кісіні құрметтеп, өздерін соның әулетіне жатқызып, соңының есімін малданғандар еді (қараңыз: Абуль-Гази-Багадур-хан. Родословное древо тюрков. Иоакинф. История первых четырех ханов дома Чингисова. Лэнь-Пуль Стенли Мусульманские династии. М.-Т.-Б., 1996. 435 б.).Монғол деген кісі Түрік немесе қазақтың Алыншасы (Алашасы) және т.б. тәрізді есімі шежіреден берік орын алған тарихи тұлға. Рашид ад-дин келтірген жоғарыда айтылған әйгілі шежіре бойынша Алынша (Құрбанғали Халидта – Алаша хан осылай аталады) Түрік деген кісінің төртінші ұрпағы. Алыншыдан екі ұл – Монғол және Татар туған. Бұлардан тарағандар кейін өздерін Монғолдың және Татардың әулеттеріне жатқызатын болған. Құрбанғали Халид мұны төмендегіше нақтылап түсіндіреді: «…Алынша хан кезінде «мен пәленнің нәсілімін» деп айтуға тыйым салынып, кім хан болса, оның қауымы «мен пәленше ханның әулетімін» деуге бұйрық шығарылған, себебі бір ханға ерген халық «мен пәлен нәсілденмін» деп бөлектеніп, араларынан түрліше келіспеушілік туады деген. Бұл оларға біраз заман өтіп бабаларын, нәсілін ұмыттырып, тек хан аты есте қалатын. «Алынша хан әулетіміз», «Татар хан әулетіміз» деп Оғұз ханға дейін аталып келіп, енді өзгертіліп сахаралық халықты «моңғол», шаһар халқын «ұйғыр» деп атауға келісілген, басқаша атауға тыйым салынған. Ұйғыр аты қалай шықса шықсын, бір белгілі руға айтылмай, бір жерде жиналып, ұйымдасып тұрғандарға «ұйғыр» атауын берген…». Құрбанғали Халид сонымен қатар Монғолдың 18-інші ұрпағы Қараханнан туған Оғұз ханның кезінде халықтардың үш топқа бөлініп, «моңғол», «ұйғыр», «татар» атанғандарын, және Оғыз ханның 8 ұрпағы Желханның (Елханның) тұсында моңғол мен татар екі хандыққа бөлініп, Желхан тек моңғолға ғана хан болып қалғанын жазған(қараңыз: Халид Құрбанғали Тауарих хамса: (Бес тарих). Алматы, 2006.-222-223 бб.).). Желханды (Елханды) ұрпақтан-ұрпаққа құрметтеген моңғолдар кейініректе Персия аймағындағы Жалайырлармен бірігіп құрған өздерінің мемлекетін Елхандар мемлекеті деп атады. Сонымен Монғол дегеніміз – ең алдымен жеке адам есімі.Ол тұрақты мемлекетке қол жеткізе алмаған көшпелілер арманы – «Мәңгі ел» деген мағынаны аңғартады. Жоғарыда айтқанымыздай, о баста Монғол – халықтық шежіреде тарихи тұлға ретінде танылғандықтан және ол Түрік деген кісінің ұрпағы болғандықтан, оның ұлдарымыз дейтіндер түркітілдестер арасында да көп болды. И.Н.Березин аударған Рашид ад-диннің еңбегінде мынадай жолдар бар: «Племена, которыхъ ныне называютъ монгольскими, но которыхъ имя въ сущности не было Монголъ, такъ какъ это названіе они предъявили после эпохи ихъ (Монголовъ). Каждая ветвъ изъ этихъ ветвей произвела много ветвей, и у всякой явилось определенное имя» (Сборник летописей. История монголов, сочинение Рашид ад-Дина. Пер. с перс. Н.И.Березина //Труды вост. отд. императорск. Археологич. общ. – Ч. Ү. – СПб., – 1858, – 7 б..). Алайда аз ғана моңғол рулары Нирун (ақсүйек) атанып, билікті қолдарында ұстаса да, ауызбірліктері жоқ және «Түрік» атауын ХІ ғасырдан соң мүлде ұмытып, бұл этнонимді Ұйғыр, Қырғыз, Жалайыр, Найман, Керей, Меркіт, Ақ татар, Қоңырат, Қиян тәрізді жеке тайпалар мен ұлыстар атына ауыстырып, өзара бөлшектенген түркітілдестер Монғол үстіртінде көпшілік болды, сондықтан да Шыңғыс хан әскерінің негізгі бөлігін де, әскербасыларын да негізінен осылар құрады. Шыңғыс батысқа, қазіргі қазақ жеріне аяқ басқанда оның соғыс қолы жергілікті Арғындардың, Наймандардың, Керейіттердің, Үйсіндердің есебінен мүлде түріктене түсті. «…Рас, Шыңғыс қолында моңғолдар да болды, олар бар-жоғы төрт жарым мың ғана адам еді. Одан басқа отыз екі мың татарлар бар-ды. Татарлар да түрікше сөйлейтін жұрт болатын. Шыңғыстың жарты миллион соғыс қолы тегіс түрікше сөйлейтін…» (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». Шежіре,естелік. – 2008. – 824 б.). Алайда түркітілдестердің Шыңғыс жорықтары салдарынан батысқа ығысулары Тынық мұхиттан соғатын муссондардың бағыты өзгеруінен қолайсыз климаттық ахуалға тап болған шығыстағы тұңғыс-маншжұртілдестердің Монғол үстіртіне көптеп қоныстануларына еркін жол ашты.Ал енді әскерлерінің негізін түркітілдестер құрай тұрса да, өзі де түрік тілінде сөйлейтін Шыңғыс «моңғол» атауын неге көтермеледі, өзін неге осы әулетке жатқызды және бұрынғы түркітілдестер неліктен моңғол атанды дегенге жауап іздер болсақ, мұндайда мынаны ескерген жөн:Шыңғыстан әлдеқайда бұрын, маншжұртілдес Қидандар империясы тұсында өздерін моңғол әулетіне жатқызатын Нирундар (ақсүйектер) аталған тұңғыс-маншжұрлар тобы біртіндеп Гоби шөлінен терістіктегі және терістік-шығыстағы ел билігінде үстем күшке айналды. Енді олардың ықпалына түскен түркітілдес тайпалар да өздерінің «моңғол» әулетіне жатқызып, онысын мақтаныш ететін болып алды. Түркітілдес тайпалардың атауларының өзгеріске түсуінің айқын көрінісі ежелгі Жалайырларды құраған 10 рулар аттарының басым көпшілігінің моңғолша көптік жалғаумен көрсетілуі дер едік (Сборник летописей. История монголов, сочинение Рашид ад-Дина. Пер. с перс. Н.И.Березина //Труды вост. отд. императорск. Археологич. общ. – Ч. Ү. – СПб., – 1858, – 227 б.). Алайда бұл айтылғандардан Шыңғыс ханның арғы тегіне қатысты асығыс қорытынды тумауы керек. Өйткені оның шығу тегі туралы мәселе сол заманның күрделі этно-әлеуметтік және дәстүрлі діни таным мәселелерімен тығыз байланысты. Қанша ұлы болса да Шыңғыс та өз дәуірінің адамы. Бұрын түріктер үстемдік жасаған аймақта – Орталық Азияда Х-ХІ ғасырларға қарай тұңғыс-маншжұр тілдестердің билікке келулеріне байланысты түркітілдестер енді керісінше, «моңғол» атана бастағандықтан да Шыңғыс құрған мемлекет Түріктің емес, оның ұрпағы болып саналатын Монғолдың атын таңдады. Қиян мен Қиятты шатастыру – Шыңғыс ханның шығу тегін бұрмалауға алып келдіКүні бүгінге дейін Шыңғыс ханның ататегін зерттеушілер Қиян тайпаларын Қияттардың рулық бірлестігімен бірге қарастырып келеді. Тарихи деректер шын мәнінде бұлардың екі түрлі тайпалық одақтарды құрайтындарын көрсетіп отыр. Ежелгі Ғұндардың ұрпақтары болып саналатын Қияндарды алғаш көне маншжұртілдес Сәнбелер, онан соң түркітілдес Телектер мен Түріктер жаулап алды. Қияндар VІ ғасырда Сәнбе тайпалық бірлестігінің мұрагерлері Тұйғындарға ата жау болды. Бұл кезде Қиян руының көсемі Қиянсон деген кісі болған және ол Тұйғын әулеті көсемін қанжармен жарып өлтірді. Осы Қияндар алғаш Телектерге, кейіннен Түріктерге, ал онан соң Татарларға бағынуға мәжбүр болды. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Қияннан Шыңғыстың руы емес, оның әйелі Бөртенің руы Қоңырат таратылады. Одан осы айтылғандарды дәлелдей түсетін мынадай жолдарды оқимыз: «у одного человека из поколения Кыян (бөліп көрсеткен біз-Т.О.) было три сына. Старший сын назывался Чурлык-Меркан. У Чурлык-Меркана был сын по имени Конкират: от его рода произошло все поколение конкиратов». Ал Қоңырат ежелден түркітілдес тайпа. Қияннан тарайтын Қоңыраттың моңғолдарға қатысы жоғын қазақ шежіресінен де байқай аламыз. Мұнда Қоңыраттың шежіресі Сеңке биден бас­талады. ХІV ғасырдың шағатай тіліндегі дерегінде бұл кісі Конграт би углы Сенгелай деп көрсетілген. Бұған қарағанда Сеңке немесе Сеңгелай Қоңырат деген кісінің ұлы болып шығады. Яғни деректер бойынша: Ел хан одан Қиян. Қиянның үш ұлы болды. Олар Жорлық мерген, Құбай шыра, Тұсбұдай. Осы шежіреден көріп отырғанымыз: Қияннан моңғолдардың бабалары тарамайды,түркітілдестер тарайды. Ал енді Қоңыраттардың бұрынғы атау­лары жоғарыда аталып кеткен Қиянға тағы да қайта оралар болсақ, қытай жылнамаларына қарағанда Қиян мен Қият екі басқа рулар екеніне көзіміз жете түседі. Қияндар біздің заманымыздың басында-ақ ежелгі этнос ретінде мәлім болды, олар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, көп тайпаларға бөлінді. Кейініректе Қияндардың бір бөлігі түркітілдес Телек тайпалар одағына жатса, ал Қият монғолтілдес Шибей (Шығай) татарлары одағына жатты. Шындығында, байырғы Ғұндар заманынан бастау алатын, беріде түркітілдес Телек тайпалар одағына жатқан, және айтарлықтай өсіп-өнген Қияндардан VІІІ ғасырдың өзінде-ақ көптеген тайпалар бөлініп, тіптен олар дербес елдерге айналып кеткен болатын. Оларды қытай жылнамаларында Қиян, Қиянқа, Нақиян, Қызылсу қияндары, Салар қиян, Батыс қиян елдері деп жеке-жеке атайды. Жоғарыда аталғандар арасындағы Нақиян ежелгі Ғұндар заманындағы Қияндардың бір бұтағы болып есептеледі. Олар кезінде ғұндармен көрші болған. Алғаш Келентау маңын мекендеп, ал кейінірек Лобнор көлінің маңында, Алтыншоқы деген жерде Нақиян деген мемлекет құрған. (қараңыз: «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары. І кітап, А.,2006.- 233-234, 274 бб.).) Осы деректерден Қиян атанғандарға негізінен түркітілдестер жатқанын аңғару қиын емес, кезінде Қытайдан батыстағы түркілер «Батыс қиян елдері» деп жалпылама аталған. Осыны аңғармаған кейбір зерттеушілер қателесіп, осы екі руды (Қият пен Қиянды) бір деп білген. Жоғарыда айтқанымыздай, «т» жалғауының моңғолша көптік жалғауды аңғартатынын ескеріп және Рашид ад-диннің және оны қайталаған Әбіғазының: «Қият» «Қиянның» көпше айтылғаны» деген қате ескертпесіне тереңірек сын көзбен бойламаған. Бұл жердегі жаңсақтық: егерде «Қиянға» «т» жалғанар болса, ол «Қият» емес, «Қиянут» болып кетер еді. Оның үстіне бұл екі атау тайпалар түсінігінде екі түрлі мағына береді. Мұндайда, «ал онда Қият деп аталатындар кімдер?» деген сауалдың туындауы да заңды. Қияттар да байырғы тайпалар. Қытай жылнамасына берілген түсініктемеге қарасақ, ғұндар арасындағы әртүрлі рулардан құралғандардың Нұм-қияттар деп аталғанын аңғарамыз (қараңыз: «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары. І кітап, А., 2006.- 291 б.). Яғни Қияттар деп өздерінің тайпаларынан бөлініп шығып, тәуелсіз, жаңа рулық бірлестікке біріккен рубасылар емес, жеке батырлар бастаған алуан түрлі тобырларды атады. Қалай десек те, Қияттар кеңінен тарала қоймаған құрама шағын тайпалық бірлестіктерді құрады. Біздің ойымызша, Шыңғыстың үлкен атасы Қабұлхан тұсында оның төңірегіне біріккен алуан тайпалы батыр-нөкерлер жалпылама Қияттар деп аталды. Мәселе байыбына бару үшін Әбілғазының өзін оқиық: «Шыңғыс ханның арғы атасы Қабұл ханның алты ұлы болған: олардың бәрі өжет, батыл, жылдым еді. Халық осы батырларды Қият деп атады…». Бұдан шығатын қорытынды, Қабұлханнан бұрын моңғолдарда «Қият» деген ру болмаған. Бұл шежіре былай таратылады: Қабұлхан – Бөртанхан – Есугай баһадүр – Темучин (Шыңғыс хан). Қабұлханның алты баласынан таралғандар «Қияттар» деп аталса, көздері қой көз (бурджигин) болғандықтан, Есугей баһадүрдің руындағы кісілер Бурджигин-Қият аталған. Бұлардың бәрі Есугейдің туыстары емес, өз руларынан жырынды болып, бөлініп келіп қосылған жеке батырлар бастаған топтар бірлестігі еді. Арғы аталары осындай әртекті болғандықтан, Қият атанғандар ешқашанда үлкен тайпалы елге айнала алған жоқ. Олар тіптен Есугей өлген соң оның қарашаңырағын тастап, аулақ көшіп кетті. Қияттың Бөржығын руының Шыңғыстың руы болып табылатыны деректердің бәрінде ауызға алынады. Шыңғысты қазаққа жақындатқысы келетіндер де Қият руының қазақ құрамында бар екендігіне назар аударады. Бірақ мұндайда, осы шағын рудың қазаққа кірме екендігі, оның ешбір қазақ жүздеріне жатпайтындығы ескерілген емес. Оның үстіне бұл Қият жауынгерлік ұран ретінде Шыңғыс тұқымына жатпайтын «Арухан» атын иемденген. Қияттың «Қолтаңба» аталатын рулық таңбасы да Шыңғыс тұқымы болып табылатын Төрелер таңбасынан мүлде бөлек (қараңыз: Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зертеу. – Астана, 2008. – 672 б.). Бұл енді бөлек әңгіменің арқауы. Қазіргі татар ғалымдары өздерінің журналдарында жариялаған шежірелік деректен де Қият руының Қияннан тараған Қоңыраттан бөлек екендігін аңғаруға болады. Онда Шыңғыс ханның қолынан тайпалық таңбалар алған 15 билер аталған. Бұл деректе Қияттың Боданшар (Бөгдеден) ұрпағы болып табылатыны көрсетілген және билердің бұл тізімін Боданшарұлы Қыят бастайды да, ал Қоңыраттан туған Сенгелай (Сеңке) би Гираят (Керейт) биден соң алтыншы болып аталады. Яғни аталмыш деректе алғашқы болып Қият бидің (Қиянның емес) аталатын себебі, ол, Шыңғыстың руы. Демек, бұл дерек бойынша да Қият пен Қиян екі түрлі адам. Өйткені Сеңке би Қиянның ұрпағы Қоңыраттан тараса, ал Қият би Боданшардан тарайды. Олар Шыңғыс ханды хан көтеру рәсіміне екі түрлі ру-тайпаның атынан қатысқан. Тарихи деректерге қарағанда ,бұл хан көтеру рәсімін Үйсін Майқы би (Қазыбек бек Тауасарұлында – Уран-Майқы би) басқарған. Ол шынында да тізімде бар. Бірақ ол Қоңырат бидің ұлы Сеңгелайдан (Сеңкеден) кейін жетінші болып тұр (қараңыз: Ахмедзянов М.Ногайская Орда и ее роль в этнической истории татар.// «Идел.1991. -33-34 бб.»). Татардың белгілі тарихшысы жариялап отырған осы құнды дерекпен өзіміздің Қазыбек бек Тауасарұлы жазып кеткен деректе ұқсастық бары назар аудартады. Соңғыда алғашқы деректе аталатын Боданшарұлы Қият би, Қыпшақ би, Жұмарты (Джумарты) би, Кереит (Гираят) би, Қоңырат би ұлы Сенгелай, Мұйтан (Мұтан) би,Борқыт би,Темянджарұлы Катай, Салжұт би, яғни барлығы тоғыз бидің аты аталмайды. Ал бірақ Түмен (Тамьян би, ), Ұран-Майқы би (Уйшан Майки би), Орқаш (Урдадж) би, Бөрібек шешен (Берджан би), Қалдар би, Темірқұт (Тимеркотлы) би алтауы екі деректе де кездеседі. Сонымен қатар соңғы деректе Тулақ би, Арғын Қуандық Тоқым би беделді де белгілі тұлғалар ретінде қосымша аталады. Тарихымызға қосылып отырған осы, тың деректер Шыңғыс ханға қатысты бұрынғы көзқарастарды қайта қарауды қажет етеді. Тегінде, аталған билер Шыңғысты хан көтеруге жиналғандар. Бұл Шыңғыстың барлығы үшінші және Ұлы Далада алғаш рет хан көтерілуі. Бұдан бұрынғы оның Орхон-Онон бойындағы екі рет хан көтерілу рәсімдері тарихқа жақсы белгілі. Сондықтан да оларға тоқталып жатпаймыз. Ал енді Шыңғысты үшінші рет хан көтеру рәсімі қай жерде орын алды дегенге келсек, оны Дегелең төңірегінде Наймантауда (Шыңғыстауда) Жалайыр, Арғын, Найман және т.б. рулар жақсыларының «ақ киізге орап хан көтеруі» хижра бойынша 605 жылы (яғни 1227 жылы) болғаны туралы дерек бар (қараңыз: «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Шежіре, естелік. Алматы: «Жалын» бас­пасы, 2008, 823 б.). Бұл Шыңғыстың өзі қайтыс болар қарсаңында, яғни оның таңғұттарға бағытталған соңғы жорығы алдында орын алған оқиға. Мұның өзі батыста Еділге дейін, оңтүстікте Гиндекуш тауларына дейінгі аймақты бағындырған ұлы ханның жеңіс салтанаты еді. Бұдан бұрынғы жылдары ол, Найман мен Керейді қанға бояп, қуып таратқандықтан, Қыпшақтарды күшпен бағындырып, олардың ұлыстарының тоз-тозын шығарғандықтан, Найман ханзадасы Күшлікті Бадақшанға дейін қуалап, ақыры оның да басын алғандықтан Наймантауда (Шыңғыстауда) оны хан көтеру Шыңғыстың өшпес даңққа бөленген сәтіне – өмірінің соңғы айларына сәйкес келді. Шыңғыс хан « Жалайырдың жетімі» ме, жоқ әлде Баяуттар ұрпағы ма??Бұл сөзді айтуға бізді мәжбүрлеп отырған Шыңғыс ханның ататек шежіресі. Оны жоғарыда айтылған мәліметтер негізінде түп-тұқияннан бастасақ, төмендегідей кес­телермен көрсетуге тура келеді (кестеде). Көріп отырмыз, көне шежіре моңғолдарда Бөртешино деген адамнан басталады. Бұл ежелгі түркілер аңызындағы тұлға –Бөрі Ашина болуы да мүмкін. Шежіре дерегі бойынша бұл адам теңіздер мен тау­лардан асып, Монғол үстіртіне сырттан және алыстан келген. Белгілі моңғолтанушы ғалым Зардыхан Қинаятұлының есептеуінше, Шыңғыс бұл кісінің 22-ші ұрпағы. Алайда осы Бөртешинодан Добу мергенге дейінгі Қияттан тарады деп көрсетілетін 12 ұрпақтың Шыңғыс ханға тектік тұрғыдан қатысы шамалы.Өйткені Добу мергеннің ұлы деп айтылатын және Шыңғыс ханның 10-шы атасы болып табылатын Боданшардың тегі белгісіз. Себебі ол – некесіз қатынастан туған адам. Тек дерекке ғана сүйеніп жазатын З.Қинаятұлы оның әкесінің Мәлік Баяут руынан шыққандығын атап кетеді. (Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу. Алматы, 2010. – 66,69,72 бб.). Деректерден белгілісі бұл, кезінде Добу мергеннің үйінде қызметші болып жүрген кісі. Елге белгілі Рашид ад-дин де, әйгілі этнограф Р.Г.Күзеев те Баяут тайпасын моңғолдарға жатқызады (қараңыз: Рашид ад-дин. Сб.летописей.Т.1.Кн.1.-М-Л-,1960-78,150 бб.; Кузеев Р.Г.Происхождение башкирского народа.Этнический состав.История расселения. – М.,1974. – 328 б.). Дорджи Банзаровтың Сайшиялдың мәліметі бойынша көрсеткен түпкі моңғол тайпасына жатқызылатындар тізімінде бұл тайпа «Баягут» деген атпен 13 болып тұр (қараңыз: Дорджи Банзаров. Собрание сочинений. М., 1955. – 179 б.). Мұндайда ескертетініміз, оғыз-түрікмендері құрамындағы М.Қашғари ХІ ғасырда атап көрсететін Баят тайпасын Баяут тайпасымен шатастырмаған жөн. (М.Қашғари.Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік). Алматы: Хант.-1997. -86 б.). Алайда мынаны да ескермеуге болмайды: Баяуттар Оғыз Баяттардың моңғолданған және шығыста бөлініп қалған бір бөлігі болулары да әбден мүмкін. Өйткені Баяттың да аты Баяут тәрізді моңғолдың көптік жалғауымен көрсетілген. Қалай десек те, шығыстағы Л.Гумилев санап шыққан 15 түркітілдес Баегу-Байырқу, Байси тәрізді Бай тайпалары арасында Баяут кездеспейді. Бұл енді Шыңғыстың бабасына қатысты әңгіме ғой. Ал енді Шыңғыстың өзіне оралсақ, жоғарыда айтқанымыздай, оның шығу тегін баяндағанда зерттеушілер ол шыққан Қият Боржығын руын Қиян руымен шатастырады. Осыған қатысты кейінгі қазақтар Шыңғыс ханның тектік шежіресін қалай таратады дегенге келсек, бұл бойынша Шыңғыс Меркенің (яғни Жалайырдың) 26-шы ұрпағы. Бұл шежіре Жалайырдың баласы Манақ, одан – Орақты, одан – Андас болып кете барады (қараңыз: «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін.Шежіре,естелік.Алматы: «Жалын баспасы,2008.»). Бір қызығы бұл есімдер Жалайырдың қазіргі елге таралған шежіресінде де кездеседі. Алайда мұнда олардың орындары ауысып кеткен. Яғни Жалайырдан жалғыз Манақ емес, үш бірдей Манақ (Шуманақ,Сырманақ, Бірманақ) қатар тарайды. Ал Андас жоғарыда айтылғандай, Орақтының емес, Шуманақтың баласы Маңғытайдың үшінші ұрпағы. Ал енді Орақтыға келер болсақ, ол жоғарыда аталған Манақтың емес, Шуманақтан туған Тұрлықожаның шөбересі. Бұл шежірелерден Орақты деген кісінің екеу екенін байқау қиын емес. Екінші Орақты батыр кейінгі Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген Жалайырдың атақты батыры. Ал енді Манақтан туған Шыңғыс ханға 23 ата болып келетін Орақтыға келсек VІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға. Алайда аталған кісілердің ешқайсысы Шыңғыс ханның моңғолдық шежіресінде жоқ. Дегенмен де, моңғолдық шежіредегі Шыңғыс ханның 11-ші атасы болып табылатын, тегі белгісіз Боданшар мен Қазыбек бек Тауасарұлы келтірген шежіредегі Шыңғыс ханның 15-ші атасы Бөгденің аттары «бөтен» деген бір мағынаны білдіреді, өмір сүрген кезеңдері де жақын. З.Қинаятұлы некесіз туған ер баланы моңғолдардың «боданшар» деп айтатынын өзінің монографиялық еңбегінде арнайы сілтеме жасап көрсеткен (қараңыз: аталған еңбек, 66-беті). Мұның өзі Шыңғыс ханның байырғы, үлкен әжесі Алангүаның (Өлеңнің), оның бабасын, яғни Боданшарды немесе Бөгдені некесіз тапқанын растай түседі. Міне, шежіренің моңғолдық және қазақтық үлгілерін біріктіретін де осы жер. Ал енді екі шежіредегі жақындық Шыңғыстың әкесі Есугейдің ататегін қуалап қарастырғанда да байқалып қалады. Мысалы, моңғолдық шежіреде Есугейдің әкесі Бардамбатыр, ал қазақы шежіреде ол Баян немесе Баянбатыр. Моңғолдық шежіреде оның әкесі – Хабулхан, оның әкесі – Домбанай шешен. Қазақы шежіреде бұл басқашалау: Баянның әкесі – Дін,оның әкесі – Тұмағұл, оның әкесі – Тұрымтай шешен. Мұнда назар аударар нәрсе: Дін деген атау моңғол тілінде қолданыста болмағандықтан шежіреден шығып қалған. Ал Хабулымыз – Тұмағұл, Домбанай шешеніміз – Тұрымтай шешеннің өзі. Біздіңше, арғы тегіндегі елге белгілі осындай жұмбақ бөгделік (моңғолша айтқанда – боданшарлық) кейінгі Шыңғысты өзінің шығу тегін сүйегі әлдеқашан қурап кеткен байырғы Монғол атты бабасынан іздестіруге итермеледі. Солай бола тұрса да ол, түркітілдес ел арасында «Жалайырдың жетімі» аталып кетті. Мұндайда әрине, «неге?» деген сауал туындайды. Бұған мына жолдар жауап береді: «…Темірдің (Шыңғыстың) әкесі Есугей ерте өліп, оның шешесі Өлең Қоңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді. Өлеңнің Меңлекеден туған он ұлы Темірді бөлектеп шыдатпаған. Сонан соң ол олардан безіп, қайта Жалайыр ішіне қашып кетті. Міне, Шыңғыстың, жалпы төрелердің тарақ таңбалы болуы да осыдан еді…» («Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Шежіре, естелік. Алматы: Жалын баспасы,2008. – 823 б.). Жалпы, бұрын да ата-бабасына алғаш құл, соңынан туыс болып кеткен Жалайырлар Шыңғысқа жақын еді. Сондықтан да басына іс түскенде Шыңғыстың оларды паналағаны рас. Алайда бұдан Жалайырлар түгелдей Шыңғысты қолдады десек, жалған сөйлер едік. Кезінде Шыңғыстың жан досы хандыққа таласқан тұста Жалайырлардың үлкен бөлігі Шыңғысты емес, Жамуханы хан көтерді. Бұл Шыңғыстың Жалайыр арасында өссе де, толыққанды Жалайыр бола алмағандығының айқын көрінісі. Ал Шыңғыс хан өзін кімге жатқызады?Шыңғыс ханның шығу тегі туралы әртүрлі дау-дамайлар айтылып жүргені белгілі. Негізінен алғанда мұның өзі ұлы тұлғаны әркімнің өз ұлтына тартуынан туын­дап отырғаны да құпия емес. Әрине, сенсация іздеп, жаңалық ашқысы келетіндер де бар. Алайда олар мынаны ескермейді. Шыңғыс хан өзінің кім екенін тарихқа нақты айтып кеткен адам. Енді соған тоқталайық: Самарқанд асып, Ауған жеріндегі Гиндекүш тауының терістік жағына жеткенде, науқастанған ұлы қаған, әйгілі қытайлық емші, сол замандағы даосизм дінінің көрнекті тұлғасы Чанчунь Чженьжэнді өзіне шақыртады. Осы сапардағы әңгімелер тарихи дерек ретінде сақталған. Моңғолдар «қазірет» деп атаған емшінің жазбаларында екі жерде Шыңғыстың моңғол екендігі анық аңғарылады. Енді соларға тоқталалық. Біріншіден, Қазіретпен Шыңғыс моңғол тілінде сөйлеседі. Сондықтан да қазіреттің сөзін Шыңғысқа моңғол және қытай тілдерін білетін Ақай Тайши деген кісі аударып отырады. Ол деректе сөзбе-сөз былай көрсетілген: «…Қазіреттің айтқан уағыздарын Ақай Тайши қағанға (Шыңғыс ханға – Т.О.) моңғол тіліне тәржімалап отырды» (қараңыз: «Чанчунь Чженьжэнь си ю цзи» («Чанчунь Чженьжэннің батысқа саяхат естеліктері») // Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І том. Сая­хатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар. – Алматы: Дайк-Прес, 2005. – 116 б.). Екіншіден, Шыңғыс хан әулие Қазіретке өзінің моңғолдарға жататынын ашық мойындаған. Бұл әңгіме былай басталады: аң аулап жүрген Шыңғыс хан қабанға кездесіп, оны атып алмақ болғанда астындағы аты сүрініп жығылады. Осыған байланысты Қазірет ханға жасы ұлғайып қалғанда аң қуып, саят құрғанды азайтуды ұсынады. Оған қаған төмендегіше жауап береді: – «Иә, бұл істі мен өзім де солай жорыған едім, әулие Қазірет мені жақсылыққа баулап отыр, ол жағы да түсінікті. Бірақ саят құру, аң қуу біздің моңғолдардың ат жалын тартып мінгеннен кейін үйренетін бірінші кәсібі, оны қою біз үшін сәл қиындау ғой…» (көрсетілген әдебиет. – 121 б.). Бұл жерде Шыңғыс өзін мойындаған киіз туырлықты маншжұр тілдес және түркітілдес ру-тайпалардың жаңа бірлестігін моңғолдар деп отырғанын байқау қиын емес. Бұл жаңа атаумен тілдері бөлек болғанмен тұрмыс-салты ұқсас, біртұтас халықты және оның мемлекетін қалыптастыру саясатын ұстанған қайраткердің өзіндік ұстанымы еді. Сондықтан да ол өзін көшпелілерге ортақ шежіредегі «Моңғол» атты бабаға жүгініп, осылайша әлі халық болып қалыптаспаған ру-тайпаларды өздерінің арғы бабаларының бірі ретінде мойындайтын тарихи тұлға төңірегіне топтастырмақ болды. Мұндайда көшпелілерді ғасырлар бойы тарихи санада жатталып қалған ататек шежіресіндегі ұлы тұлғалар ғана ұйыстыра алатынын түсінген Шыңғыс түркітілдестер мен маншжұртілдестерге ортақ шежіредегі Түрік деген кісіден тарайтын Монғол есімін ту етіп көтерді. Осы есімдерді шынында да барлық киізтуырлықты халық құрметтейтін еді. Мұндайда Шыңғыс неге Монғолдың бабасы Түріктің есіміне құлдық ұрмады деген сауал туындары сөзсіз. Оған айтарымыз: Түрік атанғандар (яғни Оғыздар) VІІІ ғасырдың соңында-ақ Ұйғырлардан ығысып, батысқа кетіп, онда олар алғаш Селжұқ-Түрікмен, кейінірек Түрікмен атанған еді. Түркілердің батысқа ойысуларына саяси-әлеуметтік ахуалмен қатар климаттық өзгерістер де шешуші ықпал жасады. ІХ ғасырға қарай Орхон аймағында, Гоби шөлінен солтүстікке қарай Тынық мұхит муссондарының оңтүстікке қарай бағытын өзгертуінен туындаған құрғақшылық пен жұт қазіргі Моңғол үстіртінен түркілерді ығыстырды. Алайда бұл дала ешқашанда бос қалған емес. ІХ ғасыр соңында және Х ғасыр басында Орхон-Селеңгі аймағына шығыстан тұңғыс-маншжұртілдес тайпалар тереңдеп ене бастады. Әсіресе, мұндайда рулық қарсыласуларды талқандап, күшті топтасқан мемлекет құрып үлгерген маншжұртілдес Қидандардың батысты жаулау әрекеттері шешуші рөл атқарды. Нәтижесінде қазіргі Моңғолияның Орталық және шығыс аймақтарын жаңа, болашақта моңғол атанатын тайпалар басып қалды. Батысқа ығысқан Түріктер өздеріне бауырлас жергілікті (автохтонды) түркітілдестер ортасына түсіп, жаңа рулық-тайпалық құрылымдарға қосылып, ыдырай бастады. Мұндайда бұрынғы «Түрік» атауы елді біріктіруші сипаты мен мәнінен айырылып қалды. Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорытындылар болсақ, оқырманға төмендегідей негізгі тұжырымдарды ұсынар едік: Шыңғыс хан өмір сүрген заман ел билеген түркітілдес қағандардың Орталық Азия аймағында біртұтас түрік халқын және оның мемлекеттілігін құру саясатының сәтсіздікке ұшыраған дәуіріне сәйкес келді. Өздерін бұрын Түрік әулетіне жатқызатындар бұл тұста біржолата әртүрлі тайпалық ұлыстар мен тайпалық одақтарға (Ұйғыр, Қырғыз, Татар, Жалайыр, Найман, Керейіт, Қимақ, Қыпшақ, Оғыз, Қарлық, Қоңырат, Меркіт, Татар және т.б.) бөлініп кеткен еді. Сонымен қатар бұл заманда өздерін «байырғы Моңғол» әулетіне жатқызатындар да (Бэлгутундар,Букунуттар, Дурбэндер, Урянхайлар, Осбагуттар, Элжигэндер, Харонуттар, Икирэттер, Угужиндар, Сулдустар, Илдуркендер, Баягуттар, Кункулигуттар және т.б.) және өздерін «жоталы моңғолдарға» жатқызатындар (Борджигиндар, Тайчигуттар, Басуттар, Хонхотандар, Ноэгелер, Барлустар, Адархиндар, Батагатовтар, Орогутовтар, Шижигутовтар, Тохоргутовтар, Багариндар, Зедерендер, Салжигуттар және т.б.) әлі бастары біртұтас халыққа бірікпеген, яғни моңғол деген халықтың негізі әлі қалана қоймаған еді. Осы өздерін Моңғол әулетіне жатқызатындардың өздері де әртекті болғандықтан және моңғол атты жеке тайпа жоқ болғандықтан бұларды Қытай тәрізді көрші жұрттар кезінде жалпылама Менгу-Шибейлер деп атады. Бұл шын мәнінде байырғы қара татарлардың (Шибей татарларының) жаңа атауы еді. Ал енді осындайда, ел халық болып емес, тайпалық ұлыс түрінде өмір сүрген өтпелі кезеңде Шыңғысты және оның беделді бабаларын кімдер қолдады? Бұларды алғаш еркіндік іздеп ен далада жортып жүрген батырлар тобы қолдады. Осы көшпелілерден жырынды болып шығып, тайпа басшысы – нояндардан бөлініп кеткен рулық тармақтардың жекелеген бөліктерін өздерінің соңдарынан ерткен жаужүрек батырлар тобы (нөкерлер) алғаш Қабулханға, онан соң оның ұлы Бардамбатырға (қазақ шежіресінде – Баян батырға), немересі Есугей батырға, шөбересі Темучинге (Темірге) адамдарды ататегіне, руына, тіліне, дініне қарамай, ерлігі мен адалдығы үшін ғана бағалайтын ортақ қасиеттері үшін ілесті. Рулық-тайпалық қақтығыстардан мезі болған жұрт аталған тұлғаларды сондықтан да ерекше қастерледі. Осындай ата салтын ұстанған Шыңғыс хан да өзін белгілі бір халыққа жатқызбай, жартылай түркітілдес, жартылай моңғолтілдес кісі кейпінде екіжақты ғұмыр кешті. Мұндай тұлғаға айналу ататегі Түріктен бастау алатын, бірақ өзін оның ұрпағы Моңғол әу­ле­тіне жатқызған осылайша әртүрлі тілде сөйлейтіндердің бәрін аузына қаратқан, айлакер де сұңғыла Шыңғысқа қиынға түскен жоқ. Шыңғыстың он бірінші атасы Боданшардың(монғолша – Бөтеннің, қазақ шежіресінде – он бесінші атасы Бөгденің) анадан некесіз тууы, атасының белгісіздігі, және Шыңғыстың өзінің руы саналатын Қият-Бөржығындардың осы арғы тегі дүдәмал Боданшардан, яғни Бөгдеден басталуы да Ұлы ханның ататек және ру-тайпалық мәселелерге немкетті қарауын туғызды. Сондықтан да күні бүгінге дейін қазақтың ешбір жүзіне жатпайтын Төрелерден басқалар, тіптен бүгінде оны қасиет тұтатын моңғол рулары да, Шыңғысты тұлға ретінде өздерінің рулық ататек шежірелеріне кіргізе алған жоқ. Шығу тегі күмәнді Шыңғыс есімі, даңқты да кемеңгер қолбасы, тіптен өз дәуірінің аса ұлы тұлғасы бола тұрса да, аталған себепке байланысты жауға шапқан қазақ ру-тайпаларының бірде-біреуіне ұран болуға жарамады. Тіптен Үш жүзден тыс тұрған қазақтың Төре бастаған 5 тайпасы мен еш жүзге жатпайтын 14 руы да Шыңғысты ешқашан да өздеріне жақын тартып немесе пір тұтып, оның есімін жауынгерлік ұранға айналдырған емес. Бұлардың ішінде Шыңғысқа ең жақын Төре «Арқар» деп ұрандаса, Қият руы «Арухан» деп ұрандайды. Бір қызығы өзінің шежірелік ататегі осындай Шыңғыс өзінің әскери-ұйымдастырушылық қызметінде әртүрлі ұлыстар мен тайпалық одақтарды біріктіру­дің рухани және идеялық негізі ретінде осы тайпалардың бәріне ортақ шежірелік дүниетанымды, яғни Моңғол, Татар, Оғыз, Қарахан тәрізді ғасырлар бойы ел мойындаған тарихи тұлғалардың туыстық және мұрагерлік ататек жүйесін басшылыққа алды. Мемлекетті басқару тетігіне айналған бұл шежірелік ұстаным сол заманда өзін-өзі толық ақтап, Шыңғыс төңірегіне әртүрлі тілде сөйлейтіндерді біріктіріп қана қоймай, Ұлы ханның ұрпақтарының да бірнеше ғасыр бойы билік тізгінін басқа әулетке бермей, өздерінің қолдарында ұстауларына жол ашып, оған мүмкіндіктер қалдырды. Ол құрған және осындай шежірелік жүйеге негізделген, бір орталыққа бағынған алғашқы көшпелілер империясының күшеюі Шыңғыстың белгілі бір тайпалық одақтарды емес, билікті қолда ұстайтын әулетті (әсіресе, өздерін Монғол деген кісінің (халықтың емес) әулетіне жатқызатындарды) белсенді көтермелеуінің арқасында мүмкін болды. Өздерін Түрік әулетіне жатқызатындардың билікке Ұйғырлардың Яғлаһар әулетінің келуінен кейін, яғни VІІІ ғасырдан соң Орхон-Алтай аймағынан батысқа ауып кетулері Шыңғысты арада бірнеше ғасыр өткен соң жаңа әулетті – Түрікке туыс Моңғол әулетін қолдауға итермеледі. Халықтық шежіреге сүйенген бұл саясат әртүрлі тілде сөйлейтін әртүрлі тайпаларды біріктірудің таптырмас саяси-рухани және идеялық құралына айналды. Әрине, бұл айтылғандардың бәрі әлемге әйгілі ұлы тұлғаға көлеңке түсіре де, оның асқақ абырой-беделін төмендете де алмайды. Керісінше, оның өміріндегі мұндай жұмбақ тұстарды айқындау сол замандағы тарихи тұлғалардың көшпелілер қоғамында қалыптасу ерекшеліктерін біле түсуге жол ашып, қайраткер атын асқақтата түседі. Өйткені Тәңір құдіретімен пайда болатын тосын тұлғаға сенетін көшпелілер өздерін осындай бейтарап әулеттерден шыққан билеушілердің басқарғанын қалап, әдетте олардың шатасқан ататек шежіресін қолдан толықтырып, олардың кереметтігін дәлелдеу үшін оларды көк тәңірісінен, қасқырдан, еліктен немесе аққудан туғызып алатын. Сол тәрізді Шыңғыстың руын бастайтын арғы бабасы Боданшарды (Бөгдені) қазақ шежіресі, оның шешесі Алангуаның (Өлеңнің) оны «көк тәңірісінің нұрынан жаралған» деп түсіндіруіне сәйкес, Көк деген кісіден туғызып алды. Бұл дегеніңіз, Шыңғыс «Көк тәңірісінің ұрпағы» дегенді білдіреді. Иә, тап солай, ол, Түріктің ғана, Моңғолдың ғана, тіптен шежіреде айтылатын олар туған пайғамбарлардың ғана емес, Көк тәңірісінің өзінің ұрпағы. Көшпелілер арасында Шыңғыс ханның ата-бабаларына байланысты осындай көзқарастың қалыптасуы оның өзін белгілі бір халыққа жатқызуға мүмкіндік бермей келді. Ал бүгінгі моңғолдардың оны мем­лекеттің ұлы қайраткері ретінде иемде­нуіне келер болсақ, Шыңғыстың өзінің осы халық әлі қалыптаспаған дәуірде өмір сүргеніне қарамастан, оның қазіргі Моңғол мемлекетінің негізін қалағаны, ал мұның өзі оның кейінгі ұрпақтары тұсында моңғол деген халықтың қалыптасуына алып келгені рас. Сонымен қатар Шыңғыс ұрпақтары – қазақ хандары Шыңғыстың өзі қайтыс болған соң, үш ғасырдан соң, тарих сахнасына қазақ деген халықтың және оның ұлттық мемлекетінің шығуына тікелей атсалысты. Мұның өзі халықтар әлі қалыптаспаған заманда Орталық Азияның киізтуырлықты әртүрлі тілде сөйлейтін көшпелілер тайпалары туғызған және тәрбиелеген Шыңғыстың Ұлы дала мен Моңғол үстіртіндегі ұлыстарға ортақ тұлға екендігін көрсетеді. Оны арғы бабаларымыз міне, осылай қабылдап (түрікке де, моңғолға да, қазаққа да жатқызбай), бытыраңқы, тіптен өзара жауласқан ру-тайпаларды бірік­тіруші, ұлыстарды бір мемлекетке ұйыстырушы, тайпалық дүниетанымнан жоғары тұрған, бірден-бір озық тұлға ретінде хан көтерген еді. Бүгінде тарихымызға объективті қарауға ұмтылып отырғанда біздің де осы ұстанымнан бас тартпауымыз керек. Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, профессор, ҚР ҰҒА-ның Құрметті мүшесі

%d bloggers like this: