Жаубүйректен жан қалмас

Соқыр десең ҚұнанбайҒа тиеді Бұл тәмсіл мынадай оқиғадан туыпты. 1863 жылы Тана мырза Көкпекті-Самар жерінде мешіт салдырады. Құнанбай жас Абайды ертіп, досының салдырған мешітіне «құтты болсын!» айта келеді. Осы сапарда Абай мен Тана мырзаның інісі Жәнібек батырдың қызы Тұржан сұлу танысып, екі жас бір-бірін ұнатады. Тана мырзаның бауырында өскен Тұржан сұлуды жеңгелері «Қаламқас» деп еркелеткен екен. Сол кезде Абай Ділдамен атастырылған болса, Тұржанға Байжігіт елінің Өзіхан деген жігіті құда түсіп қойған еді. Бұл аса қиын кедергі болмағандықтан, Құнанбай мен Тана мырза да құда болуға қарсы болмайды. Сөз байласу үшін үйге кірген мезгілде, Тананың ордасының сыртында соқыр түйесін балағаттап «көзіңді …, қу соқыр» деген біреудің сөзі байласқалы келе жатқан құдалықтың шырқын бұзады. Тананың жік-жапар болып, әлгі жігітке ат-шапан айып бергізгеніне қарамастан, айтқанынан кайтпайтын, мінезі қатал Құнанбай Танаға «әдейі істетіп отырсың» деп аттанып кетеді. Соңында «Түйені соқыр десең, Құнанбайға тиеді» деген сөз қалады. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» деп басталатьн қазақ даласына тараған атақты әні де осы оқиғадан кейін шықса керек. Тәмсіл біреудің кемшілігі жайлы айтқанда айтылады. Ұзын, ұзын жатқан екенсің Күздің қақаған суық күндерінің бірінде шет жатқан бір шағын ауылда кемпір қайтыс болыпты. Кемпірді жерлейін десе, ауылда жаназа шығара алатын бір де бір адам табылмапты. Сол мезгілде ауылға үш салт атты жолаушылар келіп қалған екен. Не істерін білмей аңтарылып тұрған ауыл адамдары, тұра жүгіріп, жолаушылардың шалғайына жармасып: «айналайын, арала­рыңда жаназа шығаруды білетіндерің бар ма?»деп сұрапты. Сөйтсе, олардың үшеуі де жаназа шығаруды білмейді екен. Бірақ арасында біреуі қу екен. «Мен білемін» деп суырылып шығып, көргенін істеп, елді жаназаға тұрғызып, дауысын түсінікті-түсініксіз етіп, былай деп жаназа оқып жатыр дейді: Ұзын, ұзын жатқан екенсің, Ұзыныңнан қатқан екенсің, Елдің бәрі жаурап жүргенде, Сен бір жылы жер тапқан екенсің… Осылай 5-6 шумақ өлеңді аяқасты құрастырып, кемпірдің жаназасын шығарып, аттанып кетіпті. Бұл тәмсіл бір жағынан халқымыздың аса діншіл бол­ма­ғанын көрсетсе, екінші жағынан тапқырлығын көрсетеді. Өлер кемпір өлді, оны қалай да жерлеу қажет. Ал жаназасы шығарылмаса жақын туыстары сөзге қалады. «Білмегенді Құдай кешіреді» деп, осындай әрекетке барған қазақтың қу жігіттері де болған екен. Жаубүйректен жан қалмас Жаубүйрек – лақтың жалпақ омыртқасынан бүйрегін алмай бірге, тобылғы не аршаның түтінсіз қызыл шоғына қақтап пісірілетін, жорықта не жолаушылап жүргенде дайындалатын тағам. Бұл тәмсілдің шығуына байланысты мынандай әңгіме айтылады. Қазақ-қалмақ соғысында екі араға елшілер де жүргені белгілі. Қазақ билеушілерінің басы бірікпей жатқан кезеңде, қазақ арасындағы жағдайды сыртқа шығармау үшін елшілерден құтылу қажет болғанда қазақтар мынандай амал жасайды. Елшілерге жолбасшы қазақтар тұзын көбірек сеуіп, жаубүйрек пісіріп беріп, шәй бермей шығарып салса керек. Күзде сүмбіле туғанда шөп дәнін жеп семірген ешкі-лақтың еті қой-қозының етінен кем болмайды. Сондықтан бұл кезде қазақтар көбіне ешкі не лақтың етін жейді. Тамаққа тойып, шөл қысқан елшілер жолдағы бұлақтың мұздай суын ішіп, лақтың майы іштерінде қатып қалып, өлген екен. Қалмақтар «елшілерімізді өлтірдіңдер» деп дау шығарып келгенінде қазақтар бұл мезгілде сыйлы қонақтарға семіз серке соя­тын салтын айтып, ақталып кеткен екен. Маңғытай мен Саңғылдан айдың жарығы жақсы. Бұл тәмсілдің шығу тарихы да қызық. Бір адам түнде ауылдың сыртындағы құдыққа абайсызда түсіп кетеді. Айқайлап көмекке шақырған даусын естіп, құрдастары Маңғытай мен Саңғыл руының жігіттері келіп, «қазір арқан әкеліп шығарып аламыз» деп кетіп, былай шыкқаннан соң қалжыңдауға келісіп, көпке дейін келмей қояды. Құдықтың түбінен тек айдың жарығы көрінеді. Құрдастарын күте-күте құдық түбінде отырған кісі шаршап, шалдығып: «Маңғытай мен Саңғылдан айдың жарығы жақсы» деген екен. Біз не көрмедік, Тоқа Сәметті де көрдік. Бұл тәмсіл қазақ руларының арасында кеңінен тараған. Құсмұрын дуанында қазақтың бір жігітін орыс көпестерінің бірі бақанмен ұрып өлтірген екен. Құн дауы басталып, дуанбасы «бір ұрғаннан өлген адам көргенім жоқ, ондай адамың болса әкеліп көрсетіңдер де, құндарыңды ала беріңдер» десе керек. Сонда тоқа руынан Сәмет батыр төрт өре қамшысын қолына ұстап ортаға шығады. Отырған орыс жігітінің жанынан әрі-бері зуылдап өтеді, камшысын сілтемейді. Үшінші рет өткенде қамшысын бір сілтейді, әлгі жігіт табанда жан тапсырады. Дау қазақтар пайдасына шешіледі. Осы оқиғадан кейін орыс әміршілері аяқтарын аңдап басатын болады. Райхан Атаханова, Тараз

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: