Бүгін, біртуар азамат, ғұлама ғалым, ұлт зиялысы Рахманқұл Бердібайдың туылған күні. Егер арамызда жүргенде ақсақал тоқсан үш жаста болар еді.
Ол кісінің ғалымдық қызметі туралы сол салада жүрген шәкірттері көбірек біледі. Менің айтпағым, көзін көрген баласы ретінде Рахманқұл атамыздың азаматтық келбеті туралы болмақ.
Мен көрген Р.Бердібай ең алдымен ұлт жанашыры еді. Жанашыр болғанда да тек сырттай бақылаушы емес, ұлт мүддесі үшін күрестің бел ортасында жүретін. Жүргенде де ұлт мәселелерін шешудің нақты әрекеттерін жасап, ұлт мүддесін іспен қорғап жүретін. Қылышынан қан тамып тұрған заманда қазақ теледидарында қазақ мәдениетін насихаттап, «Халық университеті» атты бағдарлама ұйымдастырып, жүргізді, еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ мәдениетінің гауһар тастарын жинап, жарыққа шығарды, елге таныстырды, насихаттады.
Кеңес кезеңінде қазақ ғылымы мен мәдениетінің сойылын соғып жүрген кейбір зиялылардың ұрпақтары қазақша сөйлей білмейтін. Әке-шешелерінің шығармаларын қазақша оқи алмайтын дәрежеге жеткенін көрдік. Соларды көргенде, егер өзі зерттеп жатқан, немесе жазып жатқан шығармаларын кім үшін жазып жатыр екен, ұлттың көсемдері деуге болатын азаматтардың өзі қазақ тілі мен мәдениетінен күдерлерін үзіп, балаларын орысша тәрбиелеп жатыр екен ғой деп ойлайтын едім. Ал, Рахманқұл көкеміз, ұл-қыздарының , немерелерінің қазақша сөйлеуіне қатты мән беретін. Барлық перзенттері қазақ мектептерінде оқып, қазақша сөйлеп, қазіргі кезде әр салада қызмет етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр.
Р. Бердібайдың тағы бір азаматтығы, жасы ұлғайған шақта Алматының нақ ортасындағы үйін тастап, Түркістан қаласындағы сол кездегі жаңадан ашылып жатқан Халықаралық қазақ түрік университетіне қызметке кетуі. Суының сапасына орай экологиялық аймаққа жататын шалғайдағы қалаға қоныс аударуы екі адамның бірінің қолынан келе бермейтін ерлікпен пара-пар әрекет еді. Бұл қалада да өскелең ұрпаққа сапалы білім берумен, ғылыми шығармашылық жұмыстарымен қатар қоғамдық жұмыстарын тоқтатпады. Ұлт мәселелеріне көңіл бөліп, ұлт алдындағы парызын тоқтаусыз орындап жатты. Түркістан аймағында, кезінде әр түрлі себептермен өзбек болып жазылып кеткен азаматтарды қазақ қылып, төлқұжаттарын ауыстыруға тікелей атсалысты. Олардың арасында Түркістанның Орталық базарын көп жылдар бойы басқарған, Кеңес Одағының батыры Расул Исетов атты қария да болды.
Рахманқұл Бердібайдың ұлт үшін жасаған еңбектері орасан зор. Шәкірттері, замандастары, көзін көрген азаматтар ұлт перзентінің өнегелі өмірі, ғылыми шығармашылығы туралы ғылыми еңбектер, естеліктер жазып, өз парыздарын орындайтынына сенімдімін. Жомарт Жеңіс.