Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан». Төл тарихымыздың тереңiне ой жiберсек, елдiгiмiздiң туын құлатпаған, жерiмiздi жау атының тұяғына таптатпаған, кемеңгерлiгiмен қол бастаған, шешендiгiмен сөз бастаған бабаларымыз көп. Солардың бiрi – Саңғыл би. Абыз ақсақалдың аты көне дәуiрлерден берi кейiнгi ұрпақтың жадында жатталып, үлгi-өнеге ретiнде айтылып келедi.
Алдияр тарихқа, көне шежiре жазбаларына үңiлсек, Саңғыл би Қоңыраттың Көк Тәншесiнен (Көтеншi) тарайды. Қытай тарихшысы Лувсанданзеннiң «Алтын шежiресi» мен кезiнде әлемдi қаһарымен қалтыратқан Шыңғыс ханның өмiрдерегiне негiзделген «Моңғолдың құпия шежiресiнде» бiрқатар билердiң есiмдерiн кездестiруге болады. Солардың iшiнде Саңғыл бидiң есiмi де бар.
Моңғол-түрiк тайпаларының қоныстары қатарлас, малы аралас жатқан елдер болатын. Әйткенмен, олар ғасырлар бойы бiр-бiрiмен жауласып, қырықпышақ болып келдi. Мiне, сондай аласапыран кезеңде тарих сахнасына Шыңғыс хан шықты. Ол меркiт, татар, тайшуыт, керей, жалайыр, қоңырат, найман, тағы басқа да тайпалардың басын бiрiктiрдi. Осылай қуатты хандық дүниеге келдi. Қоңыраттар мен тайшуыттар ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған көршiлес әрi ниеттес тайпалар едi. Темужин төңiрегiндегi iрi рулар бiрiккен соң шешесi Уәлiн мен әйелi Бөртенiң жұртына елшi жiбередi. Қайын атасы Тай шешен алысты болжай бiлетiн жан едi. Ол әрi-берi сарсаңға салмай-ақ қол астындағы елiмен Шыңғыс хан әскерiне келiп қосылды.
1206 жылы Шыңғыс хан Ұлы Құрылтай шақырды. Осы кезде жалындаған Саңғыл би суырылып алға шықты. Ол небәрi 25 жаста едi. Өжет те алғыр Саңғыл би өз билiгiндегi жұртын бастап келдi. Осы Ұлы жиынға Майқы би 19 бидi бастап келген деседi. Тарихта таңбаланып қалған осы Құрылтайда Шыңғысты ақ киiзге отырғызып, ұлы қаған етiп сайлайды.
Тарихқа жүгiнсек, Ұлы Құрылтай бiрнеше күнге созылған. Ұлы қаған осы кеңесте тайпа көсемдерiне, беделдi билерге, өзiне адал қызмет көрсеткен қолбасшыларына, сенiмдi серiктерiне атақ, дәреже, таңба үлестiредi. Сонда Саңғыл биге: «Ұраның – Қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма, таңбаң – ай болсын» деп тiлек бiлдiрген.
Аталмыш алқалы басқосуда Шыңғыс хан «Жосы» деген Жарғы жариялайды. Осы Жарғының негiзгi тарауларын жазуға Майқы би мен Саңғыл би қатысыпты деген де әңгiмелер айтылады.
Құрылтайдан соң Шыңғыс хан Хорезмге жорыққа аттанады. Сонда Саңғыл би үш мың жасақ ертiп Шыңғыс ханға iлеседi. Ұлы қаған мұнан соң Қытайға аттанады. Бұл кезде қаған оны Сырдың бойындағы Жошы ұлысына қоныстандырады. Қаратаудың терiскейiне қоңыраттар осылай келген дейдi көне аңыздардың бiрi.
Ай таңбалы Саңғыл бидiң түп тамырына үңiлсек, ол тегiн адам емес. Әкесi Мүлкаман батыр болған. Шыңғыс хан заманында жауға шапқан қоңыраттардың ұраны «Мүлкаман» екен. Жоғарыдағыдай деректер Рашид-ад-диннiң «Жамиғат-тауарих», Қадырғали Жалайырдың «Жылнамалар жинағы», Шәкәрiмнiң шежiрелерiнде, Қойшығары Салғараұлының, Әбiш Кекiлбайдың, тағы басқа да тарихшы, жазушылардың еңбектерiнде ұшырасады.
Саңғыл баба ұрпақтары 1999 жылы жиналып, батыр аталарының басына кесене тұрғызды. Саңғыл би атындағы қоғамдық қор да жұмыс iстеп келедi. Осы қор жыл сайын көрнекi тұлғаның рухына арнап Құран оқытып, ас берiп келедi. Батыр әрi би, шешен Саңғыл бидiң даңғыл жолы барша қазақ үшiн үлгi-өнеге. Жиынның мәнi ас iшiп, аяқ босатып кетуде емес. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақтың сана-сезiмiн оятып, өткенге тағзым ете отырып, жастардың патриоттық рухын көтеру. Осылайша оларды отансүйгiштiкке тәрбиелеу, бабалардың өнегелi өрiстерi мен кесiп-пiшiп айтқан өсиеттерi, ғибратты әңгiмелерi, шешендiк сөздерi мен тапқырлықтары, батырлық пен ерлiктерi әрбiр жастың бойына жұғысты болса, әрине, бұдан ұтылмаймыз. Сондықтан мұндай жиындардың тәрбиелiк мәнi мен мазмұны терең болмақ.
Биылғы басқосудың басты ерекшелiгi бұл жолы шертпе күйдiң шеберi Төлеген Момбековтiң күйлерiн орындаушылар арасында сайыс болады. Созақта Ықылас, Сүгiр, Төлеген, Жаппас, Генерал, Файзулла, Әлiмхан, Ергентай сияқты дүлдүлдер өткен. Ендеше, күйшiлiк мектебi ауданда қаншалықты деңгейде қалыптасты? Бүгiнде Астанада тұратын Жанғалидан басқа қандай күйшiнi бiлемiз? Мiне, бұл жолғы басқосуда осындай сауалдарға да жауап iзделiнбек.
Қозмолдақ — Саңғыл елдi мекенiнде 2017 жылғы 20-21 мамыр күндерi Саңғыл бидiң әруағына арналып өткiзiлетiн iс-шарада, мiне, осындай кең ауқымды мәселелер қамтылмақ. Иә, даналықты бойына дарытқан Саңғыл би өнегесiнен үйренерiмiз әлi де алда. Ертеңгi алқалы жиын, келелi кеңесте ата-бабалар аманатына адал арыстар осындай ой түйiндеп қайтары сөзсiз. Жаңғыру мен жасампаздық жолындағы жастардың бойына iзгiлiк дәнiн еге бiлсек, мұның өзi үлкен олжа. Есесiн ешкiмге жiбермейтiн, еңсесiн ешқашан түсiрмейтiн рухы мықты халқымыздың терең тарихына бойлаған сайын жан шуағымыз жарқырай түседi.