Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты
Бүгінде ел атынан ұлттың сөзін сөйлейтін дуалы ауыз үркердей абыздарымыздың бірі әрі бірегейі болып отырған, саналы ғұмырын халқының өзіндік болмыс-бітімін сақтап, болашаққа апару жолындағы ағартушылық қызметіне арнаған және осы жолды таңдаған алдыңғы толқын ағалардың туған елінің жоғын жоқтағаны үшін қуғындалып, талай зобалаңды басынан кешіргенін біле тұра алған бағытынан қайтпаған қайсар ғалым Рахманқұл Бердібайдың ғылыми еңбектерін, публицистикалық туындыларын, газеттерге жазған мақалаларын, радиодан, теледидардан сөйлеген сөздерін, сұхбаттарын шамамның келгенінше қадағалап, қалт жібермеуге тырысатын көп оқырманның бірімін.
Сондағы байқағаным – автордың қандай тақырыпты әңгімелесе де, айтар ойының түп төркіні елдік мәселесіне, ұлттың көкейкесті проблемаларын қозғауға барып тірелетіні. Өткенге үңілсе тарихымыздың тереңнен сыр тартатын тұмса байлығын, қадым заманнан бастау алатын әдебиетіміз бен өнеріміздің кемелдігін толғай келіп, өзгеге тәуелді болған жүздеген жылдарда осынау асыл қазыналарымыздың аяқ асты болғанын, сол жауһарлар табанға тапталғаннан кейін халықтың да қағажу көріп, пұшайман күйге түскенін, кешегісін бұлдыр етіп, тарихын белінен сызып, өзін тобыр дәрежесіне дейін құлдыратқан бодандық кезеңін, сол кезеңде қазақ деген ұлттың өкілі екенін айтудан бетін басатын бүгежек ұрпақтың өсіп жетілгенін оқырманға жүрегі сыздай отырып жеткізеді.
Енді қайтпек керек дегенде, Құдайдан күндіз-түні тілеген тәуелсіздігіміздің тұсында бітірер шаруаларды мұрнынан тізіп береді. Олардың бір парасы – қазақ тілін дамытудың, қазақ мектептерін көбейтудің, халық музыкасын өркендетудің, халық ауыз әдебиетін тәрбие құралына айналдырудың, түркі халықтарының қарым-қатынасын жандандырудың, егемендігіміздің іргесін бекітуге септігін тигізер тағы басқа толып жатқан мәселелердің төңірегінде өрбиді. Осының бәрі, түптеп келгенде, ғасырлар бойы езіліп-жаншылған халқымыздың бағзы замандағы қуаттылығын қалпына келтіруге, сөйтіп, бүгінгі ұрпақтың бірталайы көз жазып қалған, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізбен, тілімізбен, дінімізбен қайта қауышуға қолғабыс жасары сөзсіз.
Жалпы, әдебиет майданына өткен ғасырдың елуінші жылдары араласып, әдеби сын саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан, әсіресе қазақ романының қалыптасу, даму жолдарын зерттеуде соны серпін танытқан, қазақ фольклорына жаңаша көзқараспен қараудың тың үлгісін көрсеткен іргелі ғалым әдебиетшілік өнерді қоғам ісіне белсене араласумен, көп адам тілінің ұшында тұрса да айта алмайтын ұлтқа, оның өсіп-өркендеуіне қатысты зәру мәселелерді қалам ұшына алумен тығыз ұштастыра білді. Қайраткердің бұл бағытта табандылықпен жүргізіп келе жатқан еңбегін “Р. Бердібай феномені” десек жарасады. Өйткені, күреске толы саналы ғұмырында мыңнан астам мақала, қырықтан астам кітап жазған ғалым шығармаларының басым көпшілігі халқым деп тебіренген іңкәр жүректің елім еңселі болса екен деген арманынан туған ізгі тілектерден, қынжылыстардан, құнды ұсыныстардан тұрады.
Ғалымның шығармашылық өмірде ел мүддесі жолындағы осындай табанды күрескерлікті таңдауына не себеп болды? Бәлкім бұл ана сүтімен, әке тәрбиесімен, өскен ортаның тәлімімен бойға сіңген қасиетін оң-солын тани келе іздегенде, ата салтынан, қазақтық қалпынан біртіндеп қашықтап бара жатқан халқының мүшкіл хәлін көріп, отқа күйген яки суға батып бара жатқан баласын құтқаруға ұмтылған адамның жанайқайындай жанашырлық па екен?! Әлде ұлттың өзіндік болмыспен дамуына титтей де болса үлес қоссам деген ниеттің бара-бара дес бермеген үлкен мұратқа айналуы ма екен? Жоқ әлде, таңдаған мамандығына байланысты қалам тербеу барысында қоғам тіршілігіне қатысты сан алуан проблемаларды көтере жүріп қайраткерлікке бой ұрғанын өзі де байқамай қалды ма? Қалай болғанда да елінің ертеңіне елеңдеген, беймаза да бейнетқор, халқына адал осы бір азаматтың ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойып, сол жолды өз өмірінің айнымас шамшырағы етіп алғаны ақиқат.
Әрине, жоғарыда өзіміз әңгімелегендей, қазақ ұлтының, қала берді барша түрік жұртының сөзін сөйлейтін һәм оны басқаларға да тыңдата білетін “сәруарлыққа” (М. Әлімбаев) жетуге дейін ғалым өмірдің ұзақ та күрделі соқпақтарынан өтті. Мәселе түсінікті болу үшін Рақаңның өмірі мен шығармашылығына үңілген орынды болмақ.
Әңгімені Р. Бердібайдың “Қазақ әдебиеті” газетінің 1956 жылғы 22 сәуірдегі нөмірінде жарық көрген “Ең үлкен мәдени байлық” деген мақаласынан бастасам деймін. Жарық көргеннен кейін халық арасында кеңінен талқыланып, үлкен қолдау тапқан, бұған керісінше авторы үкімет тарапынан қудалауға ұшыраған бұл еңбектің жазылу тарихы да қызық. Тілші бір үлкен конференциядан орыс тілінің халықтардың өсіп-өркендеуіне тигізіп отырған орасан зор әсері туралы газетке материал дайындауға тапсырма алады. Бастапқыда орыс тілінің құдыретін көрсетуге арналып жоспарланған мақала ақырында қазақ тілінің бүгінгі бейшара халін жұртшылық алдына жайып салады.
Бұл ешкім күтпеген тосын оқиға еді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана партияның бағытын “дұрыс түсінбеген”, саясаттағы “теріс көзқарастары” үшін М. Әуезов бастаған қазақтың бір топ ақын-жазушылары қуғындалып, кейбіреулері итжеккенге айдалып та кеткен болатын. Мұны көзі ашық азамат білмей отырған жоқ. Өзінің басына да сондай зобалаңның тууы мүмкін екенін түйсінді. Бірақ қайсарлық, халқына жанашырлық сезімі жеңді. Өйткені, орыс тілінде оқыту кеңінен қолға алынып, жер-жерлерде қазақ мектептерінің жаппай жабылып жатқан кезі еді. Қазақ тіліндегі газеттер тек орыс тілінен аударылып шығатын сүреңсіз дүниелерге айналды. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту сапасы нашарлап, ол жүрдім-бардым істелетін тірліктің бірі болды. Орта мектепті қазақ тілінде бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талаптанған шәкірттердің тауы шағылды, бағы байланды.
Осының бәрі жинақтала келгенде, жоғарыдағыдай батыл мақаланың жарық көруі заңды әрі халық үшін пайдалы еді. Бірақ ол авторға таяқ болып тиді. Партияның республикалық орталық басылымдарында мақаланың “зияндылығын”, оның авторы Р.Бердібайдың “ұлтшылдығын” әшкерелеген материалдар жарық көрді. Мұның соңы авторды жиналыстан жиналысқа сүйреуге ұласты. Сонда да айтқанынан қайтқан жоқ. Өзін жиналысқа салып “Қателігіңді мойында” деп сілкілеп жатқанда, көлгірси алмады.
Бір қызығы “саяси қателігі” үшін “сыбағасын” алғаннан кейін де автор кейбіреулер сияқты тайғанақтық танытып, мұндай даулы тақырыптарды айналып өтуге тырыспады. Республикалық, облыстық газеттерде “Шығыс қазынасы”, “Қазақша энциклопедия қажет”, “Бодандықтан бостандыққа”, “Әдебиет тарихын зерттеудің кейбір мәселелері”, тағы басқа мақалалар жариялап, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жоғын түгендеуді жалғастыра береді. Әсіресе соңғы мақаласы жұртшылық арасында қоғамдық ой-пікір туғызды, сонымен бірге Кеңес үкіметінің кезінде мейлінше сығымдалған әдебиетіміздің тарихын әріден, ғасырлар қойнауынан бастауға құлшыныс білдірген көптеген қазақ ғалымдарының толғамдарымен ұштасып жатты.
“Қазақ әдебиеті” газетінде жұмыс істеген жылдарында сыншы-публицист ретінде танылған ғалымды өмір толқындары Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына алып келеді. Осының алдындағы екі-үш жыл бойы қудалаудан көз ашпай, небір қысылтаяң күндерді басынан өткерген ғалым, мұнда таза ғылыми жұмысқа ден қойып, әдебиеттің тарихы мен теориясы мәселелерімен тереңірек айналысады. Сыншы ғалымның осы тұстағы ізденістерінің нәтижесі “Әдебиет және өмір”, “Қазақ әдебиетіндегі замандас бейнесі”, “Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы”, “Дәстүр тағылымы” атты кітаптардан көрініс тапты.
Жоғарыда аталған еңбектерінде қазақ әдебиетінің әр дәуірдегі туындыларын білгір талдаған Р. Бердібай қомақты да көпқырлы жанр – романның беделді зерттеушілерінің де бірі болды. Осы жанрды терең талдап, танымдық, теориялық деңгейі биік монографиялар жазды. Оның қазақ романының туу, қалыптасу тарихына, қазақтың тарихи романына арнаған еңбектерін ғалымдар мен жұртшылық жылы қабылдады. Автордың кандидаттық және докторлық диссертациялары да роман тақырыбына арналды. 1961 жылы “Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы” деген тақырыпта кандидаттық, ал 1970 жылы “Қазіргі қазақ романдарының теориялық мәселелері” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Бұларда автор қазақ әдебиетіндегі жетекші жанр – романның дамуын, жетілу үрдістерін, қалыптасу жолдарын, оның жанрлық ерекшеліктерін, өмір шындығы мен көркемдік бейнелеу арасындағы жымдасуларды байыпты талдап көрсетеді.
Роман тақырыбын зерттеуде автор монографиялар жазумен ғана шектелмей, “Роман және заман”, “Қазақ романы”, “От легенды к роману”, “Қазақ тарихи романы”, “Тарихи роман”, “Мұхтар шыңы” тәрізді бірнеше мазмұнды кітаптар жариялады. Әдебиеттану ғылымына қосылған үлес деп бағаланған бұл еңбектерінде Р. Бердібай романның дүниетанудағы, оқиға таңдаудағы, идея мен композицияны үйлестірудегі, сюжетті көркем қиюластыру мен характер сомдаудағы, тартыс табиғатын ашудағы, кейіпкердің шыншыл бейнесін жасаудағы, тағы да басқа толып жатқан мәселелердегі көтерер жүгін теориялық тұрғыдан тұңғыш рет арнайы қарастырып, жан-жақты зерттеді.
Әсіресе автор қазақ жазушыларының тарихи романдарын зерттеуге көп көңіл бөлді. Осы арқылы сол кезеңнің жазылмаған заңы бойынша күнделікті тіршілікте қазбалай беруге болмайтын ұлтқа, оның тарихына қатысты мәселелерді халқына тарихи көркем шығармаларды талдай отырып жеткізуді мақсат тұтқаны аңғарылады.
Р. Бердібайдың өмір белестерінің келесі бір кезеңі Қазақ совет энциклопедиясын шығарушылар тобының құрылып, жұмыс істей бастауымен байланысты. Қазақша энциклопедия шығарудың қажеттігін айтып, сонау елуінші жылдары баспасөзде мәселе көтерген де өзі еді. Енді соның сәті түсіп, редакцияның жауапты хатшысы болып еңбек еткен жылдарында да елінің өткеніне үңіліп, одан кеңестік дәуірде айтуға тыйым салынған халқының бойындағы жақсы қасиеттерді іздеп-тауып, ебін келтіріп энциклопедия кәдесіне жаратып жіберуді білек сыбана қолға алады. Ұмыт бола бастаған есімдер мен еңбектерді іздеу жұмыстарын ұйымдастырады. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, түп негізі таптық жіктелуден тұратын, басты мақсаттарының бірі халықтың жадын өшіруге бағытталған әміршіл-әкімшіл қоғамда жүзеге асырылуы өте қиын міндет еді. Сондықтан да оны жігін білдірмей, тігісін жатқыза жүргізу қажет болды. Осылай жасалды да. Бұл орайда Мәскеуде әлденеше басылымы дүркін-дүркін жарық көріп отырған Үлкен кеңес энциклопедиясының тәжірибесін көлденең тарту қолға алынған іске айтарлықтай қолғабысын тигізді. Сөйтіп, бұрын-соңды арагідік айтылып жүрген қазақтың талай хан-сұлтандары мен бай-болыстарының, ақын-жыраулары мен әнші-күйшілерінің, сал-серілерінің өмірбаяндары энциклопедия беттерінен орын алды. Міне осындай игілікті істердің басы-қасында, бел ортасында Рақаң жүрді.
Р. Бердібай өмірінің жиырма жылдан астам уақытын фольклортану ғылымына арнады. Ғылымның бұл күрделі саласындағы қызметін ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушілігінен бастады. Мұнда да өзіне тән алғырлығымен, әдебиеттің қай саласын қолға алса да, өзіндік қолтаңбасын қалдыра білетін дағдысымен аса көрнекті ғалымдар: М.Әуезов, Е. Ысмайылов, М. Ғабдуллин кезегімен басқарған бөлім жұмысын әп-сәтте дөңгелетіп әкетті.
Арада бірер жыл өткеннен кейін Р. Бердібайдың басшылығымен халықтың арғы-бергі өткен өмірінің қайнар көзі – фольклорды жан-жақты зерттеуге бағытталған, фольклор туралы бұған дейін айтылып келген пікірлерді тың ойлармен байыта түскен сындарлы еңбектер жарық көре бастады. Атап айтқанда “Қазақ фольклорының типологиясы”, “Қазақ фольклорының тарихилығы”, “Қазақ фольклорының поэтикасы”, “Қазақтың архаикалық фольклоры”, “Фольклор және оның этнографиялық негіздері” және басқа ғылыми жұмыстар жазылып, олар Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда жоғары бағаланды, баспасөзде фольклор тақырыбына арналған мұндай еңбектердің осы аймақтарда тұңғыш рет жарық көріп отырғаны атап көрсетілді. Ал “Қазақ фольклористикасының тарихы” деген ғылыми еңбек үшін Р. Бердібайға және бірнеше ғалымдарға Қазақстан Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлығы берілді.
Ғалымның көне, қаһармандық, ғашықтық, нақтылы тарихи жырларды жанрлық-стадиялық сипаты жағынан зерттеу жөніндегі тұжырымдамасы эпостануда жаңа бағыттың негізін салды. Бұл жылдарда ғалымның қаламынан “Қазақ эпосы”, “Сарқылмас қазына”, “Кәусәр бұлақ”, “Эпос – ел қазынасы”, “Жыршылық дәстүр”, “Айтыс әлемі” тәрізді іргелі еңбектер туды. Оның ғылыми жетекшілігімен отыздан артық докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл және басқа еңбектері оны қазақ фольклоршыларының көшбасшысы деңгейіне көтерді. Р. Бердібайдың қатысуымен қазақ фольклорын филология факультеттерінде оқытудың бағдарламасы жасалды.
Рақаңның зерттеушілік қызметінің тағы бір саласы – түбі бірге туысқан халықтар әдебиетінің өзара байланысы. Бұл мәселе оның “Гүлстанның бұлбұлдары”, “Достық кемесінде”, “Сарқылмас қазына” деген кітаптарынан бастау алып, соңғы жылдары жарық көрген “Байқалдан Балқанға дейін”, “Жұлдыздар жарығы”, “Ел боламыз десек” тәрізді ойы тұщымды, тілі тартымды, аса қызғылықты публицистикалық жинақтарда жалғасын тапты. Осы көрсетілген еңбектермен қатар Р. Бердібай өзінің “Түрік халықтары эпосының тарихи-генетикалық типологиясы” және басқа да шығармаларында түрік халықтары фольклорының әлі де шешімін тауып болмаған күрделі проблемаларын әдістемелік тұрғыдан көтерді.
Ғалымның бұлардан тыс атқарған игілікті ісі – М. Әуезов музей-үйінде 35 жыл бойында Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетін басқарып, қазақ халқының соңғы 1500-2000 жыл бойындағы тарихы мен мәдениеті тақырыбына 500 дәріс өткізуі. Бұл дәрістердің кезінде елінің ежелгі тарихынан, мәдениетінен кеңірек мағлұмат алсам деген әрбір адамның жүрегін баурағаны анық. Өйткені халық университеті көне мәдени мұраны ғылыми дәлдікпен жұртшылыққа қайта таныстыруды алдына мақсат етіп қойған еді.
Ағартушылық жұмысына әрдайым бейім тұратын әдетімен Рақаң бұл іске де белсене кірісіп кетті. Ол кездегі оқу бағдарламаларының қазақ халқының тарихын, әдебиетін, фольклорын, мәдениетін, өнерін тым жұпыны етіп көрсетіп келгені мәлім. Осы олқылықтың орнын толтыруда Рақаң басшылық еткен халық университетінің атқарған істері қомақты.
Дүниежүзілік мәдениетте өзіндік орны бар, тылсым құпиясы жұрттың құлағын елеңдеткен Орхон-Енисей, Күлтегін, Білге қаған жазулары туралы дәрістер, Ақжан Машановтың Әл-Фараби турасындағы сұхбат-сабақтары, Әлкей Марғұланның оғыз-қыпшақ заманының өшпес ескерткіші “Қорқыт ата кітабы” хақындағы, қазақ ғалымы Қадырғали Жалаиридің мұрасы туралы, Шоқан Уәлиханов жөніндегі сабақтары, Түрік қағанаты тұсындағы, Қарахандар билеушілігі кезіндегі, Алтын Орда, қазақ хандықтары заманындағы жазба және фольклорлық ескерткіштер, жыршылық, жыраулық, домбырашылық дәстүрлері – бәрі-бәрі, тізе берсе ұшан-теңіз рухани байлық көзінен халық университеті тыңдаушылары мейірлерін қандыра сусындады. Бұл еңбегі үшін ол Бүкілодақтық “Білім” қоғамының ең үлкен сыйлығы – Вавилов медалімен марапатталды.
Әдебиет сыны, тарихы, фольклортану саласындағы көрнекті еңбектерін жоғары бағалап, Қазақстан Үкіметі ғалымға “Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер” (1983), “Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” (1992) атағын берді. Сондай-ақ олШ. Уәлиханов атындағы, “Түрік дүниесіне қызмет еткені үшін” сыйлықтарының, “Парасат” орденінің иегері.
Р. Бердібай Мәскеу, Қазан, Уфа, Ташкент, Баку, Вильнюс, Таллин, Минск, Киев, Кишинев, Тбилиси, Ашхабад, Душанбе, Бішкек, Элиста қалаларында өткен халықаралық, аймақтық, республикалық конференцияларда фольклор мен әдебиеттің маңызды мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Кейінгі жылдарда ғалым Түркияның Анкара, Измир, Анталия, Конья, Қараман, Қырыққала шаһарларында болып өткен түркологиялық конгрестерге қатысты.
Ғалым 1995 жылдан бері Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.
Жалпы қоғамның зәру мәселелерін көтеріп отыру, сол арқылы жұртшылыққа ой салу Рақаңның қанына сіңген қасиет пе деп қаласың. Мысалы, мектептерде ана тілін оқытуды жақсарту, терминологияны реттеу, қазақ фольклорының бай мұрасын пайдалану және олардың көптомдығын бастырып шығару, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізуді жолға қою, қазақша басатын машинка шығару, Әл-Фарабиге Алматыда ескерткіш орнату, мәдени мұраны игеруге байланысты республикалық комиссия құру, Ғылым академиясы құрамында қолжазба, шығыстану институттарын ашу, республикада Абай, М. Әуезов, С.Сейфуллин күндерін өткізу, Наурыз мерекесін тойлау, тіл мерекесін өткізу, Астана қаласында қазақ мектептерінің санын көбейту, Түркістан қаласының құрылғанына 1500 жыл емес, 2000 жыл толды деп тойлау, Түркістан қаласын рухани астана деп ресми түрде жариялау, Отырар шайқасының 850 жылдығын атап өту, Алпамыс жырының 1000 жылдығын атап өту, Түркістан халықтарының арғы-бергі мәдениеті мен тарихын таныстыратын журнал шығару, ғылымның түрлі саласындағы ізденістерді бірлестіріп, жоспарлы, жүйелі түрде зерттеулер жасайтын Орталық Азия академиясын ұйымдастыру, түркістан халықтарының энциклопедиясын шығару, Қазақстанда ноғай мәдениетінің күндерін өткізу, орхон жазуларының, дәлірек айтқанда, ежелгі түрік алфавитінің мерекесін ресми атап өту… Осылай тізіліп кете береді. Бұл ұсыныстардың ішінде назарға ілігіп, ел игілігіне айналғандары біршама. Айтылған жерінде қалып, ескерілмей жатқандары да баршылық. Бірақ Рақаң мойымайды. “Көзге ілмей қойды ғой демей, айта беру керек. Біреу болмаса біреудің құлағына шалынып, түбінде кәдеге жарайды”, – дейді.
Ғалымның журналистиканың жауынгер жанры публицистиканы өзінің негізгі ғылыми жұмыстарымен қатар алып жүруі – тегеурінді талант иесінің ғылыми зерттеулер жүргізудегі байыптылығын, тереңдігін, жазудағы ой-қиялының ұшқырлығын ғана емес, сонымен бірге оның педагогикалық-ағартушылық дарындылығын да көрсетеді.
Бұған оның соңғы жылдары жарық көрген “Байқалдан Балқанға дейін”, “Ел боламыз десек…”, Жұлдыздар жарығы” деген туындыларын оқу арқылы тағы бір көз жеткізуге болады. Бұларда автор егемендік алған елінің ертеңі еңселі болу үшін атқарылар істерді көлденең тартады. “Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады” деген нақылға сәйкес халқымыздың басына төніп тұрған, келешекте асқынып кетуі айдан анық қасіреттердің атын атап, түсін түстеп көрсетеді. Өмір сүріп отырған табиғи ортаны ядролық, ракеталық жарылыстар зардабынан тазарту, тілімізге толық “теңдік” әперу, елдік дәстүрді жас қауымның бойына сіңіру, діни, имандылық тәрбиесін жүйелі түрде жүргізу секілді көкейкесті мәселелерді қозғайды. Автор аталған проблемаларды шешуге мемлекет тарапынан шын жанашырлық тұрғыдан көмек көрсетілмесе, мұның ұлтымыздың келешегіне тигізер залалының зор екенін де жасырмайды.
Ғалымның публицистикалық туындыларымен танысқан адам оның бойындағы халқына деген шексіз махаббатты, отанына деген ерекше патриоттық сезімді, арысы жалпы адамзатқа, берісі бауырлас халықтарға деген асқан мейірбандықты қапысыз аңғарады. Осы қасиеттердің әрқайсысы жеке адамнан табылғанның өзінде қоғам үшін зор байлық екенін ескерсек, осындай баға жеткісіз игіліктердің бір адамның жүрегінде орнығуын ерекше бір құбылыс ретінде қарастырғанымыз орынды. Себебі, әлгіндей сипатты қасиеттер бір арнаға тоғыспаған жерден адам жанын тебірентіп, өзіне еріксіз бас идірер сөздің, тәрбиелік мәні зор пікірдің шығуы екіталай. Тек үлкен жүректі, ізгі тілекті, тал бойына халқының көксеген арманын жинақтаған адам ғана осылай сөйлей алса керек.
Автор мәңгілік қарлы өлке Саха елінде болса да, Алтай жұртын араласа да, ұйғыр мәдениетіне зер салса да, хақастардың эпосын зерттесе де, тува (тоба) халқының өткеніне үңілсе де, қырғыз халқының әлемге аты әйгілі жыры – “Манаста” айтылатын көзқамандар туралы ой толғаса да, өзбек халқымен туыстық байланыс тамырларын әңгімелесе де, қарақалпақ фольклорының негізінде қарақалпақ пен қазақ халықтары тарихының ұқсастығын дәлелдесе де, түркмен әдебиетіне шолу жасаса да, қазақ пен башқұрт елдерінің көркемдік мәдениетіндегі тамырластықтан сыр тартса да, татар халқының азаттық жолындағы күресін сөз етсе де, ноғайлы елінің трагедиялық тағдырын баяндаса да, құмықтардың өткенінен сыр шертсе де, қарашай, малқар халықтарының аянышты халін жазса да, әзірбайжан халқының басына соңғы жылдары түсіп отырған ауыртпалықтарға байланысты ортаға ой тастаса да, жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған қарайымдар туралы пікір білдірсе де, қырымның қилы тағдырын көлденең тартса да, месхет түріктері жөнінде айтса да бір-ақ нәрсені көздейді. Ол – тағдыр тәлкегімен ыдырып кеткен түркі халықтарының өткеніне ой жіберу, оқырманға ұлыстар тарихының ұқсастығын жеткізу, бір діңгектен тараған халықтарды жақындастыру жолдарын іздестіру және тағы басқалар.
Біз де бір сәт ғалыммен бірге түркілер әлеміне сапар шегелік.
Саха еліне саяхат жасағанда ғалым соңғы жылдарға дейін жер бетінде осындай халықтың бар екенін ешкімнің білмегенін, ұланғайыр алқапты алып жатқан елдің Якутия аталып келгенін, Ресей құжаттарында қазақтың – қырғыз, қырғыздың – қарақырғыз, ноғайдың – татар, алтайлықтардың – қалмақ деп аталғаны тәрізді якут деген лақап атқа ие болған, өзіндік салт-дәстүрі бар бұл байырғы халықтың тілінен, музыкалық аспабынан өзімізге тән ұқсастықтарды байқағанын баяндайды. Сахалардың сөйлеген сөзін, әнін, жырын естіп, жазуын оқи келе анық үйренемін деген кісі бұл тілді бірнеше айда меңгере алатынын айтады. Саха олонхошысының, яғни өлеңшісінің қырғыздың манасшысына жақындығын дәлелдейді. Қазақстаннан соншама алыс жатқан ел салт-дәстүрінің бізге жақындығына сүйсінеді. Ерте кезде сахаларда жаздың орта тұсында қымыз мейрамы – ысаақ өткізілгенін, бұл дәстүрдің кейінгі кезде қайта жаңғырып келе жатқанын, оның қазақтың қымыз мұрындық мерекесіне ұқсастығын, сахалар елінде әрбір мерекені өлеңмен ашу дәстүрі бүгінге дейін бар екендігін, қазақ ұғымындағы тойбастарды еске салатын бұл жанрдың “тойук” деп аталатынын еске салады.
Ғалым түрік әлемінің терең тамырларына, сан мыңдаған жылдардың көркем естелігіне – эпикалық аңыздауларға сүйеніп ой өрбітеді, солардағы ұқсастық сарындарына баса назар аударады. Тарихтың белестерін, ескі ұғымдар мен салттардың тізбегін, адамдардың өзін, оның қоршаған орта, табиғат, қоғам туралы түсінігін ерекше тәсілмен баяндайтын аса бағалы мұра – эпос-жырларды зерттеу объектісіне айналдыра отырып ғылыми пайымдаулар жасайды. Мысалы, “Алтайды аралап қайтқанда” деген еңбегінде автор Қазақ пен Алтайдың көне туыстығын әйгілейтін фактілерді көптеп келтіреді. Әсіресе ауыз әдебиеті нұсқаларындағы жеке жолдардың, шумақтардың, тіркестердің бейнелеу жүйесіндегі бірыңғайлықты айтпағанда, үлкен-үлкен жырлар мен ертегілердегі, аңыздардағы ұқсастықтардың молынан ұшырасатынын айта келіп ғалым “Алпамыс” жырына сарындас сюжет алтайлықтарда “Алып Манаш” деп аталатынын, ал қазақтардың “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырын еске салатын әңгімелердің алтайлықтарда бір емес, әлденешеу екені анықталып отырғанын, ең ғажап нәрсенің бірі – жырымыздың өлшемі, ырғағы, ұйқасы, бейнелеуі көп ретте бірдей болып келетіндігін нақты деректермен дәлелдейді..
Түркі тілдес халықтар арасындағы осындай сабақтастықтарды ол ұйғыр, хакас, тоба, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен әдебиеті мен мәдениетін зерделеген кезде де ортаға салады. Айталық, “Өркениетке үлес қосқан ел” деген туындысында ұйғырлардың бір кездері жазу-сызуы, ежелгі мәдениеті бар іргелі ел болғанын, түрік халықтарына ортақ ескерткіш болып табылатын Баласағұн мен Қашғарлының “Құтты білігі”, “Түрік тілдерінің сөздігі” өзгелерден гөрі ұйғыр диалектісіне жақын екендігін, ұйғыр халқы тарихының фольклор мен жазба әдебиетке байлығын нақты мысалдар келтіре отырып әңгімелесе, “Жырда сақталған сыр” деген келесі еңбегінде хақастың “Алтын-Арығ” (“Алтын ару”) деген қаһармандық эпосына талдау жасай отырып, хақас эпосы құрылысының өзге түрік халықтарының, соның ішінде қазақ қаһармандық жырларымен типологиялық үндестігін көрсетеді.
Ал “Құрылықтың кіндігінде” деген мақаласында оқырманды тоба халқының тарихы мен мәдениетінен хабардар етеді. Тобалардың өзге де түрік халықтарымен астасып жатқан рухани, мәдени ұқсастықтарын айта келіп автор: “Қазақтар мен тобалардың бір алуан рухани туыстығы музыкалық фольклор тарапынан табылғандай екен… Сан ғасырлар бойында тартылып келген қобыз, шаңқобыз, жетігендердің бір емес, бірнеше халықта сақталуы кездейсоқ емес. Мұны бұл халықтардың арасындағы үзілген байланыстардың жанды куәлігі деп қарауға да болады. Чатыған-жетігенді әуел баста қай халық шығарды деп сарсылып іздеу шарт емес, ең бастысы – бір-біріне тілі, кәсібі, салты жақын халықтардың ортақ музыкалық аспаптарды пайдаланғандығы”, – деп жазады.
Түрік тілдес халықтар өмірінен жазылған бұл еңбегінде автор тарих, әдебиет, мәдениет мәселелерін құрғақ баяндап қана қоймай, реті келген жерде өткен заманалар шежіресінің бүгінгі күнмен тығыз байланысты тұстарын да назардан тыс қалдырмайды. Еңбектің құндылығы да осында деген ойдамыз. “Көзқамандар туралы аңыз” деген туынды осы сөзіміздің айқын куәсі бола алады. Мұнда қырғыз фольклорының інжу-маржаны – “Манас” жырындағы оқиғаның қазіргі өмірде орын алып отырған жағдайлармен дәлме-дәл ұштасуы айтылады.
Көзқамандар қайдан пайда болады дегенде, олардың өз халқының тілін білмейтін, сондықтан оны жат санайтын, іңгәлап дүниеге келгеннен ержеткенге дейін басқа түсінік, пиғылда тәрбиеленген жандардан шығатыны, оларға өз елінің асыл қасиеттерінің бірде-бірі дарымағаны, өзін асыраған, адам қатарына қосқан халқының тағдырына дұшпанның көзімен қарап дағдыланғаны, тіпті жаратылысынан ақыл-есі бүтін болып туғанмен, мұндайлар өз елінің перзенті болып жарытпайтыны, ана тілін білмегендіктен, көзқамандардың халқының көңіліндегі мұңды, көкейкесті арманды сезбейтіні, халық даналығы жаратқан небір әсем ән, құдыретті күй, аталар сөзі, ғибрат, нақыл бұларға әсер етпейтіні, эпостағы көзқамандар жырақ жерлерде өскендер болса, олардың қазіргі замандағы “ізбасарлары” өз елінде жүріп-ақ жатбауыр болып қалыптасқаны жеріне жеткізе айтылады. Автор мұндайлардан сақ болу қажеттігін де ескертеді. “Отандастарымыз өз арамызда жүрген, ұлт мұратын қиып жіберетін, елге опасыздығына ұялмай, қайта өздерін озық өркениет жаршылары деп қарайтындардың осы заманның көзқамандары екенін таныса, олардан сақтанудың жолын да іздеп табар еді.”, – деген тілегін де білдіреді.
Өзінің “Ноғайлы деген ел еді”, “Құмықтар”, “Екіге бөлінген ұлыс”, “Әзерилер азаттығы үшін”, “Түрік жұртының бір сынығы”, “Қырымның қилы тағдыры”, “Алыс та болса жақын” деген мақалаларында автор ауыз бірлігінің жоқтығынан, зорлық-зомбылықтан күні бүгінге дейін зардап шегіп отырған туысқан халықтар жөнінде, сонымен бірге ғасырлар бойы елдігін жоғалтпаған, іргесі шайқалмаған, біртұтас Түркия туралы көрген-білгендерін, түйген пікірлерін, ой толғамдарын ортаға салады. Бұлардан Кавказды мекендеген ноғай халқының қазақтарға етене жақындығын, Алтын Орда дәуірлеген тұста және одан бертінгі ел билеген Едіге кезеңінде, ХҮІ ғасырдың орта тұсына дейін Ноғай Ордасының бір мезетте үш жүз мың әскер шығара алатын іргелі ел болғанын, бірі Мәскеудің сойылын соғамын деп, бірі оған қарсы шығып өзді-өзі қырқысудың нәтижесінде тоз-тозы шыққанын, қазір олардың саны жүз мыңның ол жақ бұл жағында екенін білуге болады.
Айта берсек, ғалымның қазақ елінің арғы-бергі мұң-мұқтажынан бастап, түрік әлемінің ғажайыптары туралы сыр толғаған тартымды да танымдық әңгімелерінің ұшы-қиыры жоқ деуге болады. Әдебиет пен мәдениеттің сан алуан жанрларын, ондаған ғасырлардың тарихын қамтитын бұл еңбектерді болашақта жинақтап, жүйелеп мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулық ретінде ұсынса, келешек ұрпақтың бойына отаншылдық ұрығын себетін, оларды патриоттық рухта тәрбиелейтін, жеткіншектер санасына ұлтжандылықты жас кезінен дарытуға септігін тигізетін, тағылым алар тамаша бір игілікті іс болар еді деген ойдамыз.
Мысалы, ғалымның 2000 жылы жарық көрген, есімі әлемге мәшһүр Ж.Баласағұн, А.Ясауи, А.Йүгінеки, Низами, Науаи, Мақтымқұлы, Бердақ, Біләл Назым тәрізді түркі тілдес халықтардың даналарынан бастап, қазақтың Абай, Мағжан сияқты данышпандарына дейінгі исі түркі поэзиясының жарық жұлдыздары жайындағы зерттеу еңбектері енген “Жұлдыздар жарығы” деген еңбегін танымдық тұрғыдан алғанда дайын оқулық деуге болады.
Мұнда автордың ХІ-ХХ ғасыр аралығындағы түрік әдебиетіне қатысты ой-пікірлері жинақталған. Дәлірек айтқанда, ғалым бұл еңбегінде осы уақыт аралығында өмір сүрген, Кеңес үкіметі кезінде әңгіме ауанына қарай оқта-текте ғана ауызға алынатын, Шығыстың кемел ойлы ақындарын оқырманға кеңірек таныстыруды мақсат тұтқан. Және оларды бір еңбектің аясына жинақтап, сабақтастықпен, топтастырып беруінің де мәні бар. Осы арқылы ол жалпы алғанда Шығыс халқының, соның ішінде түрік жұртының қаншалықты білімдар, қаншалықты кемел болғанын, халық даналығының тақыр жерден басталмайтынын, арши, көре білген адамға оның тамыры тереңде жатқанын оқырманға және бір сездіріп қойғысы келгендей.
Сөз реті келгенде ғалымның арғы-бергі өткен, қазіргі көзі тірі көрнекті ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, ақындардың, жазушылардың шығармашылық портреттерін сомдаудағы шеберлігін, кейіпкерінің бойындағы суреткерге тән қасиеттерін туындыларды талдаумен шебер ұштастыра отырып, оқырманға дөп басып, қапысыз жеткізе білетін ұтқырлығын айта кеткеніміз жөн. Бұған оның қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев, көрнекті әдебиетші Бейсембай Кенжебаев, белгілі ақын-жазушылар Сафуан Шәймерденов пен Мұзафар Әлімбаев туралы жазған “Нәзірдің жұлдызы”, “Кемелдіктің бір қыры”, “Ғалым тағылымы”, “Азамат сөзін айта білген”, “Сөзден інжу іздеген” деген очерктері және “Жұлдыздар жарығы” деген еңбегінде сөз болатын Шығыс ғұламаларының, ақындарының шығармашылықтарын талдап көрсетуге арналған туындыларымен танысу арқылы анық көз жеткізуге болады.
Осымен көрнекті ғалым Р.Бердібайдың шығармашылығына жасаған азды-көпті шолуымызды тәмәмдауға да жақындадық. Алайда ақиқаттығына ешкім шүбә келтірмейтін бір шындықты айтпай кетуге және болмайды. Ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың сөзімен айтқанда, не істемесін, мейлі мақала жазсын, кітап шығарсын, халық университеті жұмысына аралассын, аудиторияда, ғылыми мәжілісте, теледидарда, радиода сөйлесін, мәртебелі мекемелерге ұсыныс түсірсін, ең ақыры дастархан үстінде кеңес құрсын, – бәрібір түптеп келгенде, Рахманқұл Бердібайдың барлық қаламгерлік, әлеуметтік әрекетінің алтын өзегі, құлақкүйі біреу: ол – ұлт қамы, азаттық идеясы, еркіндік сарыны.
Мұны бүкіл болмыс-бітімімен, шығармашылық өмірімен Рақаңның өзі де қуаттай түседі. “Қызығым да, рахатым да, қасіретім де – қазақ, қазақтың тарихы, бай мұрасы. Таяқ жейін, мейлі үлесімнен құр қалайын, қазақ үшін істелген әрекетімнің бәрі қуаныш”, – деп тебренеді көрнекті ғалым. Бұған біздің қосып аларымыз жоқ.