АҚЫНБЕК ҚАЖЫ КЕСЕНЕСІНІҢ ТАРИХЫ

Әмзе ОСПАНОВ

Ардагер ұстаз

Кеңес одағы ыдырап, еліміз егемендік алғаннан кейін Ақынбек бабамыз туралы материалды Ермаханов Әмірбек Нысанбекұлы ағамыз жинақтады. Ол кісі Алматы малдәрігерлік институтын үздік бітіріп, сол оқу орнында оқытушы болып жұмыс істеді. Кандидаттық диссертация қорғады, доктор, профессор ғылыми атақтарын алды. Әбекең елге келген сайын кездескенде Ақынбек бабамыздың қажылыққа барған сапары туралы мәлімет тапқанын, бабамызды ұлықтау жөнінде сауапты бір іс-шара ұйымдастырып, басына белгі тұрғызсақ деп айтып армандап жүрді.

Әмірбек ағаның қолындағы мәлімет бойынша Ақынбек бабамыз, Құлыншақ ақын екеуі 1895 жылы қажылыққа аттанып 1901 жылы (6 жыл) мұсылмандық парызын өтеп келген. Содан Әбекең Шымқалаға келген кезінде жолыққанымда қажы бабамыздың басына ескерткіш кесене тұрғызуға ұрпақтарының дәулеті жетпей қалған жоқ, ол кезде қызыл империяның кезінде ұлықсат жоқ болғанын өзің білесің, енді егеменді ел болып ұлыларымызды ұлықтап жатқанда бабамызға арнап бір сауапты іс жасауды алла бізге нәсіп еткен шығар деді, бірақ бел шешіп кірісіп кете алмадық. Көп ұзамай 2009 жылы аяулы аға, ғалым, ұстаз Әбекең өмірден озды. Иманды болсын. Ағамыз өмірден озған соң, не істеу керектігін ойлану маған түскендей болды.

Рахым қажы Балабидің «Саңғылдар» шежіресінде «Ақынбек әжі бейіті Теріскейде, Тасбұлақ деген жерде, Сарыжазға жақын. Мешіт, мектеп ашқан» деген сөздерін оқығаннан кейін, бір шара ұйымдастыру керек деп шешіп інілеріммен, балаларыммен ақылдастым. Бірінші ойымды үлкен ұлым Жалғасқа айттым, ондағы ойым кесене тұрғызу үшін қаражат, демеуші керек еді, ол бірден мақұлдап келісімін берді. Содан соң қуанып бабадан тараған барлық інілеріме түгел телефон соғып шықтым. Осы орайда бір ауыз сөзімді жерге қалдырмай мақұлдаған барлық іні-қарындастарыма, келіндеріме үлкен алғысымды білдіремін.

Сол жылы інім Төлегенов Бақыт немерелеріне сүндет той жасап, соған Жалғас, Айдос үшеуміз бардық, мақсатымыз тойдың алдында ағайындармен ақылдасу еді. Жиынға Тұрдәлі, Сейітмұрат ағамыз, інілерім Бақыт, Жәнібек, Оразхан, Нұржан т.б. қатысты. Қорытындылай келе бабаның мешіт, мектеп ашқан жеріне ескерткіш кесене тұрғызуға шешім қабылдадық.

Ақынбек әжіден тараған баба ұрпақтары хабардар етіліп қаржы уақтылы жиналды. Жиналған қаржыға сай кесененің сызбасын сызып, қажетті материалдарды толық алып үйге жинадым. 1 гектар жерге бау егеміз деген келісіміз бойынша оның сеткаларына да ақша бөліп, алып қойдық. 2012 жылы күзде үлкен машина жалдап барлық материалды артып Мақсат інімнің үйіне апарып түсірдім. Себебі Мақсаттың Газ-53 машинасы бар еді, сонымен материалдарды кесененің басына тасыдық.

Қорғанбай бұлақтың жанындағы ең биік, көрнекті жеріне баба кесенесін абыроймен тұрғызып, басына арнайы жазылған көк тасты орнаттық. Ескерткіш тасты Шымкенттен арнайы жаздырып алып бардым. Елдегі Жәнібек бастаған інілерім «Шолаққорған-Қаратау» бағытындағы күре жолдың бойына баба кесенесіне баратын жол көрсеткіш белгі орнатты.

Осы ұйымдастыру жұмыстары кезінде «емен ағаш биіктігімен емес, тамырының тереңдігімен әсем» демекші, қасымда жүріп, ақыл қосқан інілерім Бақыт, Әділбек, Темірбек, Жәнібек, Оразхан, Болат, Мырзабек, Жаңабек, Балабек, Қуанышбек, Ерлан, Мақсат, Мейрамбектерге рахмет айтамын.

Ал кесенені тұрғызу кезінде, күздің қара суығында ерен еңбек жасаған, ел ағасы, ауыл биі Сейітмұрат ағама, Тұрғанбай құдаға, Саржаз елді мекенінің ұйымдастырушысы Нұржан ініме, өзіммен бірге жаурап, киізге бірге оранып отырған Бақыт ініме, кесене ұстасына, ауыл жастарын ұйымдастырған Саматқа, барлық ауыл жастарына зор денсаулық тілеймін. Кесене құрылысына, бауды егу мен қоршауына қатысып, аты аталмай қалған жастар болса кешірім өтінемін, себебі келешек ұрпақ үшін кесенеге атсалысқан барлық азаматтарды тақтаға жазып қоюда ойымызда бар.

Келесі 2013 жылы көктемде Сарыағаш ауданы «Таболен» деген жерден 100 түп жеміс ағашының көшеттерін апарып, 1 гектар жерді арнай қоршап бау ектік. Қоршаудың барлық қадаларын Оразхан інім қамтамасыз етті, ризамын.

Сол күні көктемнің жаймашуақ әдемі күні еді, бір мал сойып кесененің басында әруақтарға, баба рухына арнап құран оқыттық. Құранға ауыл қариялары соғыс, еңбек ардагері Төлепбергенов Әбдімәлік, еңбек ардагерлері Төлегенов Өзбекбай, Асқарбаев Өзбек, Сәрсенбеков Ақын, Арыстанбаев Бектан, Тұрсынбеков Жанболат, Дінисламов Тұрсынбай, ардагер ұстаздар Естанов Елтай, Бектасова Гүлдәрі т.б. қатысты. Асқа қатысқан үлкен кісілерге баба ұрпақтары атынан келіндері Бейсенова Гүлзина, Қуанышбаева Жансұлу естелік шапандарын сыйлады.

Асты ауыл әкімі, інім Оразхан Ермаханов жүргізіп, қорытынды сөзді маған берді. Мен барлық баба кесенесін тұрғызуға атсалысқан іні-қарындастарыма, аға буын өкілдеріне, қызмет жасаған келіндеріме алғысымды айттым. Енді келешекте кесенені дамытуға, тал егу, басына үй салу, құран оқыту, ас беру деген сияқты сауапты істер жасауға шақырамын дегендей ұсынысымды білдірген болатынмын.

Осыны құп алған інім Жәнібек пен келінім Жансұлу Ақынбек қажы бабамызға, одан кейін өмірден озған ата-аналарымызға арнап аудан көлемінде үлкен ас берді. Өркендерің өссін, баба рухы қолдап жүрсін сендерді. Асқа менің қызметтес достарым, Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Есманбетов, ақын Төлеген Кәрібеков, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, классикалық күрестен КСРО спорт шебері, халық ағарту ісінің үздігі Жетілген Сармантаев мырзалар келіп қатысты, тілек айтты. Асқа елдің атынан аудандық мәслихаттың депутаты Іргебай Омар, ауыл әкімі Оразхан Ермахан басшылық жасады.

Оспан немересі,

Жұбандық ұлы Әмзе

17.12.2020

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: