ӘДЕБИЕТПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Жуырда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен және қатысуымен «Қазақ  филологиясы мен  түркітанудың ортақ мәселелері»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік симпозиум болып өтті. Симпозиум көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының 70 жылдық мерейтойына арналды. 

Аталған симпозиумның профессор Д.Ысқақұлының 70 жылдық мерейтойына орайластыра өткізілуінің де мәні бар. Біріншіден, Д.Ысқақұлы қазақ әдеби сынының көрнекті өкілі. Екіншіден, ол 2004 жылдан бастап Сүлеймен Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің алғашқыда проректоры, кейіннен ректор кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарып келеді. Үшіншіден, негізгі зерттеу тақырыбы әдеби сын жанры болғанымен, Дандекеңнің түркі дүниесіне қатысты еңбектері де біршама. Атап айтқанда «Мәңгілік майдан, немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі» және «Түркілік ортақ термин негіздері», «Рухани толғамдар» атты және басқа да іргелі еңбектерінде көрнекті ғалым жаһандану дәуіріндегі әлемнің тілдік бейнесін, түркі әлемін, қазақ тілінің жай-күйін, түркілік ортақ әліпбиді, ортақ тілді, ортақ рухани құндылықтарды, оның ішінде қазақ әдебиеті мен  түркілік әдебиет құндылықтарын игеру мәселелерін ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырады.

Жалпы, профессор Д.Ысқақұлы туралы әңгімелегенде ғалым өмірінің жарты ғасырға жуығы әдебиет мәселесіне арналып келе жатқанын баса айтқанымыз жөн. Осы тұрғыдан Дандекеңнің бүкіл ғұмырын әдебиетпен өрілген өмір деп атауға да болатындай. Өйткені осы жылдар ішінде ғалымның 24 кітабы, 600-ден астам мақаласы баспа бетін көрсе, соның бәрі ардың ісі – әдебиет мәселесін қозғайды. 

Бір кезде пролетариаттың ұлы жазушысы М.Горький айтқан осы сөз, жазушының өзі сойылын соққан қоғаммен бірге жоғалғанымен, маңызын жойған жоқ. Жоймайды да. Себебі, адамгершілік мәселесі қай қоғамда да күн тәртібінен түспек емес. Ал әдебиетші қауым, барлық өнер біткен адамгершілікті жырлаушылар, жақсылықты, адамның рухани кемелденуін насихаттаушылар. Демек, олар қоғамның азғындықтан ада болуына, дұрыс жолмен дамуына үлес қосатындар. Профессор Дандай Ысқақұлы сондай әдебиетші қауым арасындағылардың бірі ғана емес, бірегейі.

Бұлай деуімізге ғалымның әдеби сын жанрын түбегейлі зерттеген қадау-қадау еңбектері дәлел бола алады. Ғалым еңбектерінің біз байқаған және бір ерекшелігі – әдебиет әлеміне құлаш ұрған сонау студенттік кезеңнен бастап әу баста таңдаған әдеби сын мәселелерімен ғана шектеліп қалмай, қоғамның күн тәртібіне өткір қойылып отырған проблемалар төңірегінде де ойларын батыл жеткізіп, тың пікірлер айтуы дер едік.

Ғалым өз еңбектерін негізінен қазақ әдеби сынының теориясы мен тарихына, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің проблемаларына арнайды. Мысал үшін айтсақ, «Әдеби көркем сын» (1987), «Сын шын болсын» (1993), «Сын жанрлары» (1999), «Сын өнері» (2001) сияқты еңбектердің тақырыптарынан көріп отырғанымыздай, бұларда әдеби сынның теориялық мәселелері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттеліп, жеке ғылым саласы ретінде көрінеді. 

Ал «Сынсонар» (1993), «Сын сымбаты» (2000), «Сынталқы» (2005),    екі томдық «Қазақ әдеби сынының тарихы» (2011), «Әдеби сынның тарихы» (2012)  атты іргелі зерттеу еңбектерінде автор қазақ әдеби сынының сан ғасырлық жүріп өткен жолдарын, даму проблемаларын ғылыми тұрғыдан талдайды. Бұл орайда, автордың әсіресе, «Әдеби сынның тарихы» атты 50 баспа табақтан тұратын іргелі ғылыми еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мұнда автор көне дәуірдегі әдеби сыннан бастап, қазақ әдебиетіндегі бүгінгі әдеби сынға дейінгі аралықты тарау-тарауға бөліп, кеңінен қарастырып, арғы-бергі әдеби үрдістерге шолу жасап, тұщымды ойлар, соны пікірлер айтады.  

Әдеби сынды тыңғылықты зерттеп, бұл бағытта өзіндік мектеп қалыптастырған ғалым қазақ әдебиетінің, оның сынының көрнекті өкілдері төңірегінде ой толғап, бірнеше кітап жазды. Бұл еңбектерінде сыншы ХІХ ғасырда өмір сүрген көрнекті қазақ ақыны Шортанбай жырларындағы әлеуметтік сарынды, ұлы Абайдың аудармаларын, қазақ әдебиетінің аспанында жарық жұлдыздай жарқыраған жас Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби ой-толғамдарын, қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев шығармашылығын танудың бүгінгі мәселелерін, қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытовтың жазушылық шеберлігін, ұлы Мұхтар Әуезовтың қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен байланысы туралы ой орамдарын, тіл туралы толғаныстарын, әдебиетіміздің алыбы Ғабит Мүсіреповтің ана тілі жөніндегі пікірлерін ой сарабына салып, талдайды, олардың қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі төңірегінде тиянақты ойлар өрбітеді.         

Профессор Д.Ысқақұлының жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері М.Жұмабаев туралы «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған», (2004), М.Әуезов туралы «М.Әуезов. Талант пен тағдыр», (1997), С.Мұқанов туралы «Парасат пайымдары», (2000), Ғ.Мүсірепов туралы «Сырбаз суреткер», (2002) атты жеке еңбектер жазып, оқырманды аталған әдебиет алыптарының шығармашылық зертханасымен таныстыруда айтарлықтай еңбек сіңіргенінен хабардар ете кеткеніміз жөн.

Дандай Ысқақұлы қазақ әдебиетіне қатысты ұжымдық жинақтарға арнап бірталай туындылар жазған ғалым. Атап айтқанда, он екі томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясы» (II-XII томдар), төрт томдық «Қазақ ССР. Қысқаша Энциклопедия» (IVтом), «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» (I-VI томдар), Мәскеуде шыққан тоғыз томдық «Қысқаша әдеби энциклопедия» (орыс тілінде , IX том), «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы»,  «Сұлтанмахмұт Торайғыров»  энциклопедиялары, академиялық «Стиль сыры» (1977), «Дәстүр және жаңашылдық» (1980), «Көкейкесті әдебиеттану» (2001, 2002, 2004), «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша курсы» (2002), «Әдебиет теориясы» (2003), көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (VII том, 2004; XI том, 2007 ),  екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2008), «Қазақтың жүз романы» сияқты және басқа да іргелі еңбектердің жарық көруіне атсалысты. 

Д.Ысқақұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол С.Демирел атындағы университеттің ғылыми журналы «СДУ хабаршысының» бас редакторы, «Қазақ және әлем әдебиеті», «Тұрмағамбет» журналдарының алқа мүшесі, «DA» халықаралық қоғамдық қозғалысының мүшесі, Отырар ауданының құрметті азаматы. 

Көріп отырғанымыздай, көрнекті әдебиетшінің шығармашылығына жасалған қысқаша шолудың өзінен ғалымның әдеби сын жанрын дамытуда бітірген толағай тірліктерін аңғаруға болады. Мұнан бөлек біз Дандекеңнің халқымыздың рухани өміріне қатысты салаға қалам сілтеуде де тың ойлар мен соны тұжырымдар айтып келе жатқанын атап өтуге тиіспіз. Соның ішінде бұрын да, бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей келе жатқан қазақ тілі мәселесіне қатысты автордың жан дүниесінен қайнап шыққан ойларына құлақ қоймау мүмкін емес.

Тілге байланысты Ресей патшалығы жүргізген озбыр саясатты шеберлікпен жалғастырған Кеңес үкіметінің тұсында қазақ тілі жойылуға шақ қалған болса, Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел атанған ширек ғасырда оның оңалып кеткені шамалы. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен, толыққанды жұмыс істеуінің ауылы алыс екенін, билік тарапынан оған деген талпыныстың да жоқтығын жұртшылықтың аяқ аттаған сайын сезінетіні өтірік емес. Бұл жөнінде айтылып та жүр, жазылып та жүр. Бірақ ұлы Абай айтқандай, баяғы жартас бір жартас, халық күнде жар салғанымен, қаңқ етіп қана тұр.

Осы шетін жағдайға жаны ауырған автор жұрт құсап бірді-екілі мақала жазумен шектелмей, тіл мәселесін, түркі дүниесін тұтастандыру мәселесін түбірімен қопарып, әрқайсысы 28, 20, 8 баспа табақтан тұратын 3 кітап жазып шықты. 2014, 2015 жылдары жарық көрген бұл іргелі еңбектер «Мәңгілік майдан, немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі», «Түркілік ортақ термин негіздері» «Рухани толғамдар» деп аталады. Ғалымның бұл еңбектеріне қойылған тақырыптардың өзі әңгіменің бүгінгі күннің өзекті мәселесі төңірегінде өрбитінін айғақтап тұрғандай әсер қалдырады. Мысал үшін кітаптардағы кейбір тақырыптардың атауларына назар аударайық:  «Тіл – ұлттың болашаққа бастар бағдар туы», «Ұлттың ұлы қазынасы», «Ұлттық идеология қажет», «Руханияттың өркениеттегі орны», «Қазақтың ғылымын қазақтан артық ешкім білмейді», «Ұлттық топырақтан нәр алмаған көркем әдебиеттің болашағы жоқ», «Тіл жағдайы жақсармай, ұлт оңалмайды», «Термин туралы түсінік», «Қазақ терминологиясының даму жолдары», «Қазіргі қазақ терминологиясы», «Қазақ əдебиеттану терминдерінің жай-күйі», «Халықаралық терминдер хақында», «Терминологияны түркілік негізде біріздендіру», «Жаһандану дəуірінің өзіндік ерекшеліктері», «Əлемнің тілдік бейнесі», «Жаһандану дəуіріндегі түркі əлемі», «Мың өліп, мың тірілген» қазақ тілі», «Тəуелсіздік тұсындағы қазақ тілі», «Мақсат – түркілік бірлік», «Ортақ тіл – өмір талабы», «Ортақ əліпби мəселесі». 

Автордың осы туындыларында түркі тектес халықтардың бүгінгі жаһандану заманындағы рухани тіршілігі негізгі әңгіме арқауына айналумен бірге, қазақ тілі мәселесі үнемі алдыңғы кезекке шығып отырады. Бұл заңды да. Өйткені ғалымның өз сөзімен айтқанда: «Тіл дегеніміз – тұтас бір әлем. Тіл – адамдардың арасындағы қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге сол халықтың ғасырлар бойғы даму барысында жинақтаған өмір, қоғам, табиғат жайлы білім-ғылымдарының жиынтығы, адамзат қоғамының бір бөлшегі ретіндегі өздері, басқалар туралы мағлұматтар, т.б. Демек, бір тілдің немесе ұлттың тарихтың санасынан жоғалуы – адамзат қоғамының, кейінгі өз ұрпақтарының жақсы, бақытты ғұмыр сүруі үшін пайдалануы тиіс болған ол жасаған рухани, мәдени қазынасының бір бөлшегінен айырылу, ұлттық, тарихи, жергілікті ерекшеліктері бар адамзаттық мәдениеттің жойылуы деген сөз. Бұл дегеніміз – бір сөзбен айтқанда, тілдік, этникалық, мәдени апат. Мұның өзі – қоғам үшін орны толмас олқылықтар».

Ғалым неге бұлай деп отыр? Осыған ой жүгіртіп қарасақ, қазіргі кезде кеңседе аударма тіл ретінде ғана қолданылатын, ал күнделікті тұрмыста халықтың белгілі бір бөлігі ғана пайдаланатын қазақ тілінің мүшкіл халіне алаңдаушылықты бірден аңғаруға болады. Бұл әрине тегін емес. Ал шын мәнінде қалай болу керек? Мемлекеттік тіл мәртебесін алған алғашқы жылдардан бастап-ақ қазақ тілі біртіндеп күшейіп, бүгінгі күні өмірдің барлық саласында табиғи түрде еркін қолданылатын тілге айналуға тиісті емес пе еді. Өкінішке қарай барлығы мұның керісінше болып отыр. Бұның да себебі түсінікті. Биліктегілер орысша сөйлейді. Тіпті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Үш тұғырлы тілдің» мән-маңызын түсіндірген кезде қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайтынын, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола беретінін, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі екенін қадап айтса да биліктегілердің қазақ тіліне деген ықыласы артқаны еш байқалмайды.

Бұл аздай-ақ соңғы кезде орта мектептердің жоғары сыныптарында жаратылыстану пәндерін (химия, биология, физика, матиматика) ағылшын тілінде оқыту жөнінде әңгіме қозғала бастады. Егер биліктегілердің осы ойы жүзеге асатын болса, онда қазақ тілінің жағдайы қазіргіден де нашарлай түсетініне күмән келтіруге болмайды. Ол кезде қазақ тілі нағыз от басы, ошақ қасы тіліне айналады. Яғни Құдайдан мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылған тоқал ешкінің кебін киеді. Сөйтіп, болашақта тіліміздің аясы бүгінгіден де кеңіп, ғылымның, білімнің тіліне айналар деп жүрген дәмемізге балта шабылады. 

Осы орайда профессор Дандай Ысқақұлының «…белгілі бір ұлт тілінің мемлекеттік мəртебелі толыққанды өмір сүруі үшін оның бірнеше шарттары орындалуы керек. Соның ең негізгілерінің бірі – ғылым тілі болуы. Ғылым тілі бола алмаған тіл – əлсіз тіл, ауру тіл…» деген пікірінің туған тіліміздің бүгінгі диагнозына дөп келіп тұрғанын, ал қазіргі кезде орта мектептерде тәжірибе ретінде жүргізіле бастаған кезекті реформа жүзеге асса, ғылым тілімен мүлдем қош айтысатынымыз айдан анық.                              

Бұдан әрі ғалым өз еңбегінде ана тілінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқтала келіп, болашағын ойлаған ел алдымен мектебін түзейтінін, біздегі осы мəселе сын көтермейтінін, оның басты себебі бізде ұлттық білім беру жүйесінің қалыптаспағанын, ұлт болып өмір сүруді қамтамасыз ететін – ұлттық тəрбие, сол тəрбиенің негізгі ошағы – мектеп екенін, мектебін, ондағы білім, тəрбие беру жұмыстырын ұлттық, халықтық мүдделерге орай жүргізбеген елдің еңсесі көтерілуі қиын екенін айта келіп, былай деп ой түйеді: «Бұл айтқандарымыздың дұрыстығына тағы мынадай фактілер көзді жеткізе түседі. Кеңестік дəуірде бір ғана Баянауыл ауданынан 10 академик шықса, соның 9-ы қазақ, біреуі ғана орыс мектебін бітірген. Қазақтан шыққан математика саласындағы ғылым докторы-профессорлардың барлығы дерлік қазақ мектебінде оқыған да тек біреуі ғана (А. Жеңсікбаев) орысша білім алыпты. Қазіргі əлемдік деңгейдегі М. Өтелбаев, А. Жұмаділдаев, У.Өмірбаев секілді атақты математик академиктеріміздің барлығы да – ауылдағы қазақ мектебін бітіргендер».

Сонан соң автор ұлттық мектепте білім алған баланың деңгейі басқа тілде оқыған баланың деңгейінен жоғары болатындығына бірсыпыра мысалдар келтіреді. Ғалымның айтуынша мектепті 2013 жылы бітіріп, «Алтын белгі» алғандардың 69,7 пайызы қазақ мектептерін бітіргендер. Түрлі халықаралық олимпиадалардан жүлделі орындармен оралғандардың 73 пайызы – қазақ мектебінің оқушылары. 2013 жылғы тестілеу нəтижесі бойынша орташа балл 86,68 болса, солардың ішінде қазақ тілінде оқығандардың орташа балы 87,02-ні, орыс тілінде білім алғандардың орташа балы 85,99-ды құрайды. Бұл фактілер қазақ тіліндегі білім беру жүйесінің сапасы төмен деген теріс пиғылды пікірдің ешқандай негізі жоқтығын анық көрсете алса керек.

Қорыта айтқанда, профессор Дандай Ысқақұлының аталған еңбектеріндегі тілге, ұлтқа, түркілік бірлікке байланысты сан алуан ойлар желісінің түп төркіні тіл түзелмей, адам да, ұлт та, экономика да, қоғам да түзелмейді, мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Өз елінде өз тілінде сөйлемеген, ұлттық дәстүрімен, ұлттық рухани құндылықтарымен өмір сүрмеген, ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, болашағы үшін күреспеген адамның мен қазақпын деп айтуға құқы жоқ. Өйткені тіл – адамзат қоғамындағы әрбір адамның өмір сүруінің рухани өзегі, өмір сүру формасы. Тілі қандай болса, қоғамы да – сондай. Ұлттық тілге, сол тілде жасалынған руханиятқа, рухани құндылықтарға, ұлттық патриотизмге арқа сүйеген ұлттың, мемлекеттің ғана мерейі үстем дегендей келелі ойларға жетелейді.

Сонымен, бүкіл өмірін әдебиет деген киелі ұғымға адал қызмет етуге арнаған Дандай ағамыздың бұл ұғымды халқымыздың ұлттық болмысымен бірлікте қарастыратынын аңғарғандаймыз. Рас-ау. Халық болмаса, әдебиет қайдан болсын. Халық болмаса, әдебиет қана емес, сол халықтың болмыс-бітіміне байланысты барлық нәрсенің, ақырында халықтың өзінің де жоғалатыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ендеше, қазақ әдебиетінің, әдеби сынның мәселесін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп, әдеби сынды байыта түсетін тың ойларын ортаға салумен ғана шектеліп қалмай, адам, қоғам, ұлт жөнінде, қазақ деген киелі жұрттың болашағы жөнінде толымды да, тұщымды пікірлер айтып жүрген Дандекең сияқты үлкен ғалымның, қоғам қайраткерінің мәртебесі биіктей берсін демекпіз!

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының 

және Журналистер одағының мүшесі,

Қазақстан Журналистер одағы

сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның мәдениет қайраткері,

филология ғылымдарының кандидаты

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: