АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ

Есімін Назар би қойған екен
Шертпе күйдің шебері Төлеген Момбековтің анасы Әсер ана.
-Менің туған жылым 1919 жыл. Әркім менің туған жылымды әртүрлі жазып жүр. Мен күздің бір қарасуығында ел қыстауға «Көкшенің құмына» түскен кезде дүниеге келіппін. Бірақ ауыл кеңестерінің сол кездегі шенеуніктері 1922 жыл деп жазып жіберген. Менің балалық шағым осы Қаратаудың теріскейіндегі Қозмолдақ—Сызғанда, Көкшенің құмы мен Қаратаудың теріскей өңірінде өтті. Менің қалай дүниеге келгенімді 10-11-ге келіп қалған кезімде атам Назар би өз аузынан айтып берген еді,-депті дарынды күйші.
-Күздің бір ызғырық ескен суық күнінде Қаратаудың теріскейіндегі «Қызыл сеңгір» деген жердің тұсынан ұзыннан-ұзақ шұбатылған көш көрінеді. Күн ашық, бірақ жоғарының ызғырық желі бет қаратпайды. Алыста қап-қара болып жайынның жонындай қарауытып «Көкшенің құмы» бұлыңғырланып көрінеді. Көш өте баяу қозғалады. Күздің суығына қарамай, көш алыстан қызылды, жасылды болып өте әдемі де, сәнді көрінеді. Көштің қабаты үйір-үйір жылқы, соңына ұсақ мал айдағандар. Сәукелесін киген қыз-келіншектер бір бөлек. Бір топ салт аттылар көштің алдында оқ бойы алда озып барады. Алдыңғы жағында үлкен қарагер жорғаға мінген етжеңді ақ сақалды қария. Басындағы құндыз бөркі жоғарының ызғырық желімен жалт-жұлт етіп құлпырады. Жағасын көк елтірімен көмкерген мауыты тысты түлкі ішек. Аяғында зерлі әдемі шоңқайма көк етік. Қолындағы алақаны күміспен қапталған тобылғы қамшысымен атын сипай қамшылайды. Бұл атақты Қаратаудың қара тілі атанған Қожамжар шешеннің баласы Назар би еді. Інісі дәулескер күйші Бапышты осыдан екі жеті бұрын Көкшенің құмындағы қыстау құдығына бес-алты жігіт қосып, құдықты тазалауға жіберген. Бапыштан хабар келгенше деп «Қызыл сеңгір» жотасының күн батыс жағын ықтай отырған ауылға бүгін хабар келіп, «қыстау дайын» деген соң көшуіне рұқсат берген еді. Назар бидің қыстауы кемінде бір қонып жетер жер. Жолда жиекке қонып, ертеңіне намаздыгерде күйші Бапыш қыстауына келеді. Көште жолай Момбектің әйелі Әсер жиектен шыққалы толғатқан. Ауық-ауық толғақ қысып келеді. Үстін жайлы қылып жүк артқан түйеде толғақ қысқан кезде дауысының қалай шығып кеткенін де байқамайды. Бапыш күйшінің әйелі Мәшен бәйек қағады. Түйені шөгереді. Шөгергенде толғақ тарқап кетеді. Қайта жүреді. Әбден жаны қиналады, көштің мазасы кетеді. Мал айдағандар жиектен шығысымен таңертеңгі салқынмен біраз жүріп қалайық деп озып кеткен. Жиекке кіргеннен қалың сексеуіл мен жүзгеннен бе, жоқ биік жалдардан асып соғады ма, жоғарының желі бәсеңсіп, күн ыси бастаған. Көш толғатқан әйелдің ыңғайымен баяу қозғалады. Назар би де біліп келеді. Күн намазшамға жеткенде көштің алды Бапыш күйшінің қыстауының үстінен құлады. Түйелер шөгеріліп, жүк түсіріле бастады. Бапыш күйші де хабардар екен. Келіні түскен тұсқа жақын келеді. Түйе шөгеріліп киіз жайып Әсерді түсірген мезетте жас нәрестенің іңгәлаған дауысы естіледі. Жүгіріп келіп келіншегі Мәшеннің қолындағы қып-қызыл жас шақалақ нәрестенің аузына: «Күйші бол, балам!»-деп түкіріпті де, көзі қуаныштан жасаурап, қойнынан шығарып пышағын береді. «Кіндігін өзің кес. Баршабекке іні қылып асыра»-дейді. Мәшен кіндігін кеседі. Қасындағы баланы дереу қыстауына қарай асып кеткен Назар биге шаптырады. «Сүйінші сұра!»-дейді.
Сөйтіп атақты күйші Төлеген дүниеге осылай келеді. Бапыш та шексіз қуанады. «Баршабегім жалғыз еді, енді екеу болды»–деп, дәу қара қасқа қошқарын сойып шілдехана жасайды. Назар биге қуанышты хабарды жеткізген балаға ірі тай мінгізеді. Өзі де артынша келеді. Қуаныштан қауғадай сақалынан жасы сорғалап, кішкене нәрестенің бауырына басып иіскелейді. Көтеріп тұрып Бапышқа қарайды. Күйші Бапыш та түсіне қояды да:-Иә, Жәке! Аузына түкірдім,-дейді. Назар би:-О, онда жолы болсын баламның!-деп атын «Төлеген» қояды. Төлегеннің барлық балалық шағы «Көкшенің құмы» мен Қаратаудың теріскейінде өтті. Әкесі Момбек Бапыш ауылына бірге көшіп-қонып жүреді. Төлегенді Бапыш қария Баршабек баласына серік етіп асырап алады. (Р.Жаппарқұлов. «Төлеген күйші»)

Қос атпен алып қашқан

Журналист, жазушы Төреғали Тәшеновтің анасы- Үрзада Қасым қожа қызы. Тұрсын Ишан немересі. 1936 жылы қазіргі Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар- Бөген ауылында туған. Руы – Бақсайыс қожа. Әкесі Қасым қожа адам оқитын, үшкіріп дем салатын үлкен молда болған. Қол-аяғын байлап әкелген есі ауысқан сырқат кісілерді бір дем салғаннан аяғына тұрғызып жіберетін деседі жұрт. Атасы Тұрсын Ишан Қайнар-Бөген ауылында алғаш патша заманында мешіт ашып, арабша бала оқытқан адам. «Ишан талы» деген тоғай Бөген ауылында әлі күнге дейін өсіп тұр. Ишанның еккен талы. Арғы бабалары шайық (шейх) болған.
-1956 жылы шешем Үрзада Созақ ауданының Қарабұлақ ауылына Тәшен әулетіне келін болып түскен. Әкем Әліп қос атпен алып қашыпты. Әкесі Қасым қожа маңдайына басқан кенже қызының қарамен қашып кеткенін естігенде, байлаулы тұрған ақ боз атын түрегеп тұрған күйінде алмас қанжармен шалып жіберіпті. «Екеуін де тірідей, болмаса өлідей алдыма әкеліңдер» дейді. Ағалары «аттандап» шабады. Шешемді қашырып жіберген өзінің қайнысы мен балдызы екенін (олар безе қашып, тығылып үлгеріпті) біліп, қуғыншылар үйлеріне от қойып, өртеп жіберіпті. Ақыры Созақ ауданындағы тау қуысында орналасқан Қарабұлақ деген шағын ауылды таппай айналып-айналып қайтса керек.
Бір жылдан кейін әкесінің ашуы тарқады-ау дегенде шешем төркіндеп барады. Қожа қызына «босағаңды көрмеймін!» депті. Одан кейін жиырма жыл өмір сүрген Қожа сертінде тұрып, сол бойы қызының босағасын көрмей өмірден өтті. Кемпірін де жібермеген (Тек Қожа алысқа сапарлап кеткенде, кемпірі (нағашы әжеміз Перде) елден тығылып бір рет келіп кетіпті). Неге екенін, наладан ба, шешемді қашырып жіберген қожаның қайнысы мен балдызы қартайғанда жынданып өледі…
Анам Үрзада – аман-есен он бала туып-өсірген Батыр Ана. 46 жасында жесір қалып, өмірінің соңғы үш жылында сал болып төсек тартып жатып, 71 жасында 2007 жылы Қарабұлақ ауылында өмірден озды.
Анам хат танымағанмен (қыз бала деп молда әкесі мектепке бермепті) тоқуы көп адам болды. Өзі оқымаса да, кітап, газет-журналға құрметпен қарап, аялап ұстайтын. Өмірден көрген, естіген, түйген нәрселерін бала кезімізден көкірегімізге құйып өтті. Өмір бойы үй шаруасында болды. Көп сөйлемейтін, балаға өте мейірбан, күндіз-түні тілеуімізді тілеп отыратын. Тазалықты қатты ұстанатын. Жағамызға кір шалдырмайтын. Тамақты өте дәмді етіп пісіретін. Әсіресе қып-қызыл ғып пісірген таба нанын жұрт сүйсініп жейтін. Тігін машинасымен жыртылған, сөгілген киімдерімізді лезде білдірмей жамап-жасқай қоятын ісмер еді. Көйлек-көншегін өзі пішіп-тігетін. Қораның сыртын сылау, ошақ қазу, кесек қалау, лай жатқызу, әктеу сынды сыртқы құрылыс жұмысына да бейім еді. Шашымызды өзі ұстарамен тақырлап алып беретін. Шешем басқан киіздерін кейде Түркістанның базарына апарып саудалап келетін, оқушы кезімде бірге баратынмын.
Шешем өмірінің соңғы жиырма жылында бес уақ намаз оқып, ораза тұтып өтті. Әкесі Қасым қожаның жаздық шапанын өмір бойы көзіндей көріп ұстап, кие тұтып, басына жастап жатып, қайтыс боларының алдында ғана шапанның жағасынан кішкентай етіп қиып алып, барлық балаларына титімдейден тәбәрік қылып таратып берді. Көзім кеткен соң, шапанның жағасы аяқ асты болмасын дегені шығар. Әлі күнге сол шешем берген қиқымдай шүберекті құжаттардың арасына салып, аялап ұстап келемін,-дейді танымал қаламгер Төреғали Әліпұлы.
Әзірлеген Мақсат Қарғабай
«Созақ үні» №8. 30.01.2021 жыл

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: