СОЗАҒЫМ

Ассалаумағалейкум асыл халқым,
Бүгінгі күнің сенің нұрлы жарқын,
Ер болып ерттеп мініп ереуіл ат,
Шартарапқа жетіп жатыр асыл даңқың.
Даңқыңнан айналайын асқан ерен,
Танылған төрт күл дүние әлем терең,
Алдыңа алшы түскен асықтай боп,
Баршаңа басымды иіп сәлем берем.
Есенбісің еркін ел, жарқын халқым,
Ұғатын ұлағатты сөздің парқын.
Туған өлкем Созағым, мерейлі өлке,
Ежелден сақтай білген ата-салтын.
Ысқақ бап, Шашты Әзіз, Саңғыл бабам,
Төсінде Қаратаудың дамылдаған.
Хақназар, Шойынбет пен Қарабура,
Тура жолдан пәниде жаңылмаған.
Ақбикеш, Ақсүмбеде мұнарамды,
Көресің биігінен бар ғаламды.
Ақсүмбе, Абақтайын бұл Созақта,
Көріппең өр тұлғалы нар адамды.
Сұлтанбек алты алашта ұлы тұлғаң,
Қазақ үшін бола білген жаны құрбан.
Тарихымда Керей мен Жәнібектер,
Алғаш осы Созақта хандық құрған.
Төл тарихын тереңнен қазатын кім?
Шежіресін бүгінде жазатын күн.
Кешегі кеңес жылдар туылғанмен,
Бүгінде еңселі ұлт, азат ұлмын.
Күмісті, Алтынтау мен Раңым бар.
Алты алашта айбарлы Ұраным бар.
Қарақұр, Шаға, Саржаз, Бақырлыдай,
Берекелі, ырыс қонған тұрағым бар.
Көктөбе, Бабата мен Қайнарымдай,
Көк майса, жағасы құт бұлағым бар.
Шалданбай, Ақынбек пен Бөкенбайдай,
Тарихта аты қалған ұлдарым бар.
Суындық пен Сынаның саздарында,
Сәкеннің әні қалған сырларым бар.
Кешегі Мұхтар менен Сәбит айтқан,
Топырағында өлместің құнары бар.
Исрайыл, Қадыр ақын айтып кеткен,
Жауһар моншақ, үзілмес жырларым бар.
Жартытөбе, Шу, Тасты, Қыземшегім,
Өзіңді аралаумен күй еңсердім.
Жуантөбе, Тайқоңыр, есіл Еспе,
Атыңды биік ұстап жүрем сенің.
Мыңжылқы, Келіншектау, Қозмолдағым,
Шолаққорған, Аққолтық гүлзар бағым.
Жылыбұлақ, Қызылкөл, Қарабұлақ,
Төл тарихым, аманат көз жанарым.
Туған жердің тарихын жырла десең,
Қиыннан қиыстырып сөз табамын.
Өлкемді өле өлгенше жырлап өтем,
Тигенше қара жерге төс табаным.
Қарт Созақ не көрмеген ел едің сен,
Теңдессіз тарихыңды теремін мен.
Әр тасыңнан қуат ап, шабыт жинап,
Өлместің өр жолында келемін мен.
Созағым айбар атың биіктейді,
Ертеңіңе ертегідей сенемін мен.
Бойдағы жиған-терген білгенімді,
Кейінгі ұрпақ өзіңе беремін мен!
Мақсат Қарғабай

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: