ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ шығармаларынан үзінді

ДҮНИЕ ОЛ БІР КӨЛДІҢ ҚАСҚАЛДАҒЫ

Дүние – ол бір көлдің касқалдағы,

Жұлдыздай сәуле берген аспандағы,

Дүниеге сәби болып келгеннен соң

«Өмірдің – дейді халық – басталғаны».

Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,

Аққудай көлден ұшқан аспандағы,

Өткен соң балалықтан орта жасқа

«Егделік – дейді халық – басталғаны».

Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,

Кеменің секілді ол баспалдағы,

Өткен соң егделіктен сексен жасқа

Хабары қара жердің басталғаны.

Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,

Тағдырға айла бар ма қашсаң-дағы?

Өткен соң сексен жастан жүзге таман

Келмеске енді қайтып қойдың қадам.

«Біреуге біреу мейман» дегендейін

Осылай өте берер барлық адам.

Біреуге «берсем» дегін, «алам» деме,

Біреудің адал нанын алып жеме,

Артыңа жақсылығың қалса қалар,

Адамның жамандығы қалсын неге?!

ИМАНДЫЛЫҚ МАҢЫЗЫ

«Бисмилла» деп ауызға ал бір Құдайды,

Азап көрсе шыбын жан шырқырайды.

Имансыз бұл дүниеден өткен жанның

Түтіндеген бетінен бүр қашады.

Иман білмек шын парыз мұсылманға,

Пірлердің жәрдемі көп қысылғанда.

Шапағатты төге көр, жаратқаным,

Ақ ниетті алдыңа ұсынғанда.

Күнің қараң күдік ойдан шықпаған соң,

Бойыңа ізгіліктер жұқпаған соң.

Береке кей пендеден алыстайды,

Мәнісін бес парыздың ұқпаған соң.

Имандылық тірліктің маңызы деп

Үйретсе, молдада елдің қарызы жоқ.

Міндет санап бес парыз өтемеген

Адамның Алла алдында қарызы көп!

ЕЛГЕ СӘЛЕМ

Адамзат келер, келер – жүзге келер,

Пендені үйде өлсе де, түзде көмер.

Құдая, иманымды саламат қыл,

Ағайын қайда бізді іздеп келер?!

Шығып ек біз Меккені бетке тұтып,

Барады мына кесел әлімді ұтып.

Асылым іште қайнап кетіп барам,

Ағайын, кідірмеңдер мені күтіп.

Аралап біраз жердің дәмін таттым,

Құлыншақ ортасында жүрген кезде

Тыңдап ед барша халқым салған әнін.

Халқыма Құлыншақтан дұғай сәлем,

Барады мына кесел әлімді алып.

Үш жүздің халқы болсын тегіс аман,

Төтелеп келген кесел түрі жаман.

Жәмеке, елге менен сәлем жеткіз,

Алланың аманатын тапсырайын,

Қажылық қабыл болар, өлсем, маған.

Қаратау есік алды ерттеулі атым,

Ішіме жазылып ед барлық хатым.

Сәлем де ағайынға Құлыншақтан,

Есіңде болып жүрер менің атым.

Теңіздің мен ішпедім суын татып,

Бұл кесел келді қайдан құдай атып?!

Қу жалғыз ағайынға енді аманат,

Қайтейін бір көре алмай қалдым жатып…

Жамаяқ, елге енді сен аман бар,

Бұл жалған енді болар біздерге тар.

Қаратау, басыңнан бақ арылмап ед,

Көруге енді сені боламын зар.

Ағайын, қош-есен бол барлығыңыз,

Сіздерге соңғы сөзім осы болар!

НЕ ҒАРІП?

Енесі жүдеп, нашарлап,

Ертелеп туған төл ғаріп.

Әуеден жауын кем болса,

От шықпай қалса, жер ғаріп.

Басшысы нашар жолығып,

Ынтымақ кетсе, ел ғаріп.

Көкала жылқы болмаса,

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз-үйрегі болмаса,

Айдыны шалқар көл ғаріп.

Қатарынан кем тартып,

Қуаты кеткен ер ғаріп.

Жастайыңнан кесілген,

Он саусақ ойнап секірген,

Ақ домбыра, сен ғаріп.

Өлеңдетіп, әндеткен,

Айналаны сәндеткен,

Уақытым кетсе, мен ғаріп.

БІР ЗАМАНДАСЫНА АЙТҚАНЫ

Керілген етек жақсы керме қастан,

Шөп шығар, жаңбыр жауса, қара тастан.

Дәулетке ерге біткен едіреңдеп,

Көзіңе көрінбейді жер мен аспан.

БАТҚАНДАЙ БЕЛДЕН КҮНӘҒА

Әңгімесін естісең –

Жаһаннан асқан ғұлама.

Қылған ісін байқасаң –

Батқандай белден күнәға.

Күндіз сопы болса да,

Бұзылар көңілі қонаға.

Арызға келген әйелден

Сұрайды шеттей шола да.

Бұрынғыдан қалған сөз –

«Айтқанын қыл молданың,

Қылғанына жолама!»

АУЫЛЫМ КӨШІП…

Үштөбе, Жартытөбе, Бала Торлан,

Балдысу, Қарабұлақ, Шолаққорған,

Хантағы, Қатын қамал, Иқансу мен

Ауылым шылбыр көшіп, Қытай қонған.

ЖӘНЕ БІР ЗАМАНДАСЫНА АЙТҚАНЫ

Ішпеймін қымызыңды шөлдесем де,

Өзіңді білуші едім көрмесем де.

Қазақтың алыспаған еншісі бар,

Ештеңе алып, ештеңе бермесем де.

БАР ЕКЕН БІР МІНЕЗІҢ

Сен едің, Ырысқұлбек, бұлғақтаған,

Көргенше болдым асық, шырақ саған.

Құсындай ителгінің теуіп өткен,

Бар екен бір мінезің шұнақтаған.

КӨРЕСІҢ БАҚ-ҚЫДЫРДЫҢ ДАРЫҒАНЫН

Дария білмес иттің сарығанын,

Ақымақ білмес аттың арығанын,

Жаз ағын, қыс омыртқасын өзі жесе,

Көріп пе едің сол жанның жарығанын?

Жаз ағын, қыс омыртқасын мейман жесе,

Көресің бақ-қыдырдың дарығанын.

ШЕШЕМ

Тал бесігін таянған шешем,

Түнде тұрып оянған шешем,

Тар құрсағын кеңіткен шешем,

Тас емшегін жібіткен шешем.

Орынбек Жолдыбай (жалғасы бар)

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: