Сүлейменов Әбдіразақ ағамызды Созақтың гиппократы дейтін себебіміз Әбекең денсаулық саласында зейнеткерлікке шыққанға дейін 40 жыл еңбек етті.
Еңбек кітапшасында екі-ақ сөйлем жазылған бірден-бір адам осы Әбекең.
- 1965 жылы Созақ селолық ауруханасына бар дәрігер болып бекітілген
- 2004 жылы зейнеткерлікке шығуына байланысты бас дәрігер қызметінен босатылды
Осынша уақыт артынан сөз ергізбей елі үшін, қоғам үшін қаншама тер төкті.
Сүлейменов Әбдіразақ аға 1940 жылы Шымкент облысы, Созақ ауданы, Қаратау ауылында (бұрынғы Күмісті ауыл советінде) дүниеге келген. 1947 жылы Энгельс атындағы жеті жылдық мектепке қабылданып, 1957 жылы Созақ селосындағы Ленин атындағы орта мектепті бітірген.
Жиырмасыншы ғасырдағы адамзат баласының басына төнген ауыр қасірет, екінші дүниежүзілік соғысының зардаптары бұл отбасын да айналып өтпеді. Әкесі 1942 жылы соғысқа аттанып, одан қайтіп оралмаған. Әбекең әжесі мен анасының қолында жалғыз өсті.
Мектеп бітірген соң Созақ совхозында бір жыл жұмыс істеп, 1958 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шығады. Осы жылы Созақ селолық ауруханасына терапевт-дәрігер болып орналасып, бір жылдан соң, яғни 1965 жылы Созақ селолық ауруханасының бас дәрігері болып бекітіледі.
Содан бір орында 39 жыл бас дәрігер болып қызмет атқарып, 2004 жылы құрметті демалысқа шықты. Қазақстан республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі медалінің иегері. Гиппократ атануының себебі де осы болса керек.
Осы тынымсыз еткен еңбегі үкімет, қоғам тарапынан ескерусіз қалған жоқ. 1970 жылы «Лениннің туғанына жүз жыл» юбилейлік медалімен, 1978 жылы «Еңбек қызыл ту» орденімен, 1989 жылы «Еңбек ардагері», 1995 жылы «Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығы», 2017 жылы «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медальдарымен, аудандық, облыстық, республикалық денсаулық сақтау мекемелерінің алғыс хаттарымен марапатталды. «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағының иегері.
Әбекең ағамыз 1966 жылы үйленді. Аманкүл жеңгеміз жоғары білімді шет тілдер маманы, ардагер ұстаз. Үлгілі отбасы, екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді, бәрі жоғары білімді, отбасылы, еліміздің әр түрлі салаларында қызмет етуде.
Әбекең (Әбдіразақ аға) зейнеткерілкке шықса да «Қуаныш» жеке шаруашылық серіктестігін ашып, елдің денсаулығы үшін қызметін жалғастыруда.
Оспан немересі,
Жұбандық ұлы Әмзе
P.S. Әсіресе менің таң қалатыным біздің Қаратаулық ағайындардың үлкендері бірінші Аллаға сенсе, екінші Әбекеңе сенеді. Ауруың жоқ десе жазылады, еш жаққа барып ем іздемейді.