Құлыншақ:
Қожеке, есенсіз бе сәлем бердік,
Мүбәрәк жүзіңізді жаңа көрдік.
Жүзінде мөріңіз бар Қожа екенсіз,
Жоқ шығар көңіліңізде тәкаппарлық.
Майлықожа:
Құлыншақ сәлем берсең сәлемет бол,
Қарсы алып сәлеміңді беремін қол.
Сіз сәлем берсеңіз біз әлік алдық,
Сүннәті пайғамбардың жазулы жол.
Құлыншақ:
Осындай мәжілісті неше көрдім,
Әмбеден халыққа жақсы есендердің.
Бейтап деп сыртыңыздан есітіп едік,
Қожеке, айықты ма кеселдерің?
Майлықожа:
Құлыншақ, көтеншіде сенің атың,
Біледі сырттағы адам сөздің қалпын.
Құданың дәрігәһіне шүкір қылып,
Айықтым аман-есен азаматым.
Құлыншақ:
Қожеке, мінезіңнің ұяңы бар,
Кісіге айтысқанның зияны бар.
Мұны қалай көресің тақсыр пірім,
Ойлаған мына көптің қиялы бар?
Майлықожа:
Ілесіп қиялына ақылың кем бе,
Менімен кім айтысар сенен өңге?
Бозбала бәрімізді жарға итерер,
Айтқанға ақылың болса тіптен көнбе.
Құлыншақ:
Қожеке, сөзіңе жұрт тоймас ұсайд,
Бозбала бір-біріне ойлас ұсайд.
Бірінен ат, бірінен тон киюші ек,
Шамасы көп борышымыз қоймас ұсайд.
Майлықожа:
Ақын ең бағың қалың, озған атың,
Жеңіпсің кіші жүздің Барақатын,
Өлеңді қой еңдеше біраз тыңда,
Қожаңның айтып өткен насихатын,
Жиналдың үлкен, кіші үйден, түзден,
Тайда құйрық жүйрік ек, атқа сүзген.
Майлықожа, қоңыраттан Құлыншақ боп,
Екеуміз шығып едік орта жүзден.
Өлеңін екі ақын қайым етер,
Ақылдылар сөздерін пайым етер.
Екі жүйрік егесіп шаршаған соң,
Зорығып біреуінің пайы кетер.
Мақтармыз ішінде өскен елімізді,
Әруақты ел ішінде ерімізді.
Арман, бермен ырғасып белімізді,
Көздерміз жығатұғын жерімізді.
Бұл уақта сөз сөйлеуге сайланарсыз,
Бір уақта көңіліңізге қайғы аларсыз.
Бар едік екі жүйрік құдай берген,
Сауырына біреуінің байланарсыз.
Бар едік екі ақын мақтап жүрген,
Жоғары мен төменге сақтап жүрген.
Екі жүйрік егесіп шаршаған соң,
Аты озар бір бөтеннің жақтап жүрген.
Құлыншақ:
Қосылдық екі жүйрік сайымызға,
Бір нұқсан түспегей дайымызға.
Тайсалмай айтыспаққа қамдана бер,
Бозбалалар коймас ұқсайд жайымызға.
Майлықожа:
Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің,
Шамасы екі дүрге бопты бір сын.
Шалсаң да, көтерсең де мылт демеймін,
Көңіліңнің сүйгенін қыл мейлің білсін.
Құлыншақ:
Қожеке, келмей жүрген бұл ел соның,
Ала жүрген қоңыраттан ат пен тонын.
Жоғарыдан тақсыр-ау келе қапсыз,
Келсеңіз, кош келіңіз, болсын жолың.
Майлықожа:
Жұлдызы жортқан ердің оң болсын да,
Айтқандай Құлыншақ жол болсын да.
Аузыңның қыдыры бар кісі едің,
Олжамыз, құдай берсе, мол болсын да.
Құлыншақ:
Тақсыр-ау сіз обадан сескеніпсіз,
Осы күні дүниені ескеріпсіз.
Келмеген жұртыңызға келе қапсыз,
Ағам Мерген асына қош келіпсіз.
Майлықожа:
Дүниеден өте қапты ағаң Мерген,
Келмей жүрген қожа едім, келдім өрден.
Туғаныңа айт жолымды мықтап қылсын,
Саған берген, болады маған берген.
Құлыншақ:
Қожа едің келмей жүрген келдің өрден,
Келгеніңде орынды бердім төрден.
Қошемет қылсаң қоңыратқа жарасады,
Ежелден қоңсым едің ауқат көрген.
Майлықожа:
Осы ма сияпатың кеп ем өрден,
Әр пенде еңбегімен ауқат көрген.
Асыратып мен саған ақсақ шал ма ем,
Қоңсым деп не сөз айттың келген жерден?
Құлыншақ:
Қожа едің келмей жүрген келдің өрден,
Келгеніңде орынды бердім төрден.
Қоңсым десем тақсыр-ау қоңыраясың,
Жалғасқаным бекер ме ед дүние зерден?
Майлықожа:
Мен сенің ел-жұртынды кем демеймін,
Мен сендей өтірік айтып өңдемеймін.
Бай қоңырат, бар қоңыраттан алғам шығар,
Құлыншақ, несін ап ем сен кедейдің?
Құлыншақ:
Қалай-қалай қожа едің аузың залым,
Сыртында кім болсаң да ішің мәлім.
Құдай берген дәулетім менің қалың,
Ықырар болсаң тапқаның менің малым.
Майлықожа:
Айтар ең ондай сөзді жұлдыз көрсең,
Қонысты түнде көмбей күндіз көмсең.
Дәулетің сонша тасып жүрген уақта
Үргенішке Телқозыны жібермес ең.
Құлыншақ:
Қарашы егесуін өліп-өшіп,
Ежелгі коңсылықпен күнін кешіп.
Айраныма жаздым ба түз арамы,
Енді отырмай қасымнан кеткін көшіп.
Майлықожа:
Жеті атам көк ұлының ішінде өсіп,
Осы жерде кір жудым, кіндік кесіп.
Қаңғырған бір саңғылдың кедей иті,
Мақұл енді кетейін Ташкент көшіп.
Құлыншақ:
Мүсәпірсіп келіп ең келгеніңде,
Айтқанынды қылушы ек дегеніңде.
Тындатқын басқа адамға өлеңіңді,
Нең бар қожа, өзімнің көп елімде.
Майлықожа:
Мен күміс сен мыспенен жанаспаймын,
Адамым аз, сенімен санаспаймын.
Жиделі байсын Үргенішке әкім болғын,
Мен сенің бұқараңа таласпаймын.
Құлыншақ:
Қожеке, бауырыңда жел сөзің бар,
Қожалыққа келсең де бел сөзің бар.
Қоңыраттың көптігіне таласпасаң,
Қақыратпай аз қожа не сөзің бар?
Майлықожа:
Осы ма айтқан сөзің кесірленіп,
Сен өлі мақтанасың несін көріп?
Қалың қоңырат болғанда қай жауды алдың,
Қаңғыған бір кетеге жесір беріп.
Құлыншақ:
Бар болса кеңшілігім би боларсың,
Бес-алты жел сөзбенен сый боларсың.
Бұл сөзді қалың қоңырат естімесін,
Телі-тентектің қамшысына и боларсың.
Майлықожа:
Көріп ем бір кетеден сасқаныңды,
Соған қылсаң нетеді тасқаныңды.
Асырап әр пендені құдай сақтар,
Тастай бер тіреп тұрған аспаныңды.
Құлыншақ:
Осы жерден бөтендік қып сыр бергенің,
Қоңыратты мұндай десең бір көргенің.
Тұз арамы екенсің арам қожа,
Ежелден коңырат еді күн көргенің.
Майлықожа:
Бұл сөзді не деп айттың Құлыншақ пақыр,
Қазақы сен бір ақын лақпа ақыл.
Пенде деген пендені асырай ма екен?
Қатының талақ болды ғой, өзің кәпір.
Құлыншақ:
Қожеке, екенсіз ғой ақылсыз жан,
Басында айыбың көп мың менен сан.
Келмегөйдің баласын кәпір дейсің,
Ла илаһи иллалла мен мұсылман.
Майлықожа:
Құлыншақ, сен бір арсыз ақын ба едің,
Сөзіңді өзің айтқан мақұл көрдің.
«Асырадым» дедің де діннен шықтың,
Бұл тіліңе жараса кәпір дедім.
Құлыншақ:
Қожеке, келмей жүрген келді кезім,
Бұл сөзді айтпайтұғын айттың өзің.
Кәпір мен мұсылманды ажыратқандай,
Болды ма Әмір-Темір сенің көзің?
Майлықожа:
Кәпірлік сенен болмай кімнен болар,
Көңілі адамзаттың гүлден болар.
Асырадым дедің де діннен шықтың,
Бір ауыз діннен шықпақ тілден болар.
Құлыншақ:
Қожаның да ішінде бар-ды қожа,
Кей қожаның үйінде арақ, боза.
Арақ ішіп айтасың өтірікті,
Кереметің қожа боп жоқ қой маза.
Майлықожа:
Қожаның не ісің бар қожасында,
Ішіп жүрген арақ пен бозасында?
Сені тәңірі алды ма барымтаға,
Сол арақ пен бозаның жазасына.
Құлыншақ:
Қожаның қараңыздар қожасына,
Ішіп жүрген арақ пен бозасына.
Арақ пенен бозасын мойнына алды,
Қараңдар шайтан пірдің мазасына.
Майлықожа:
Қожаның ішінде де бар-ды қожа,
Арақ пенен бозадан өзім таза.
Арақ пенен боза ішкен қай қожа бар,
Құдайым әр пейілге берер жаза.
Құлыншақ:
Бір сөзді айтпайтұғын айттың маған,
Мен де лайық сөз айттым тақсыр саған.
Арақ пенен бозаны бірдей ішер,
Қасыңдағы жолдасың Мәделі ағаң.
Майлықожа:
Шешесі Мәделінің апаң Қойқан,
Келсе тап Апақайды қылған сойқан.
Нағашысы арамқор сен болған соң,
Жиендерің қылып жүр ойпаң-тойпаң.
Құлыншақ:
Тәсірі домбыраның тиегінде,
Сөйлер сөздің тәсірі иегінде.
Есі шыққан есірік есер қожам,
Жасырдың маған неғып сүйегіңді?
Майлықожа:
Сен едің жеті атамнан сүйенгенім,
Жұғатын сүйенгенге киелерім.
Нағашысы жігіттің бір ел дейді,
Бұзақы-шатас туды жиендерің.
Құлыншақ:
Бұл сөзің мұныменен тұрсын қожам,
Қара дауыл өлеңге дүрсін қожам.
Бұзығынды итеріп құтылмақсың,
Бұралқы ішімдегі қоңсым қожам.
Майлықожа:
Бекер ме әуел бастан қожа екенім,
Әліміз ада ақ сүйек таза екенім?
Қожаны коңсымсың деп не деп айттың,
Ақылыңның білдім енді аз екенін.
Құлыншақ:
Қожеке, шайымды ішіп, етімді жеп,
Қарайсың тікірейіп бетіме кеп.
Ташкенттен әуел бастан шыққаныңда,
Қоңсы болып қонып ең шетіме кеп.
Майлықожа:
Арабта Құрайыш дер, атам Әшім,
Отыз үш ата туған кәрі-жасым.
Тіріде – пір, өлгенде – туың едім,
Құтылар қоңсылықтан қайдан басың?
Құлыншақ:
Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды,
Жалғанда жаннан айыл жия алмайды.
Мыңға бір үй келмейтін аз қожаға,
Көп қоңырат қоңсылыққа сия алмайды.
Майлықожа:
Әуелі палуан өткен Үрістем дастан,
Екінші Әзіретәлі дінді ашқан.
Қылыштан қорыққаннан мұсылман боп,
Сен маған қоңсы едің әуел бастан!
Осы жерде Құлыншақ сөзден тосылып, тоқтап калады.
Майлықожа:
Қазан атты қаңтарғын терін жесін,
Үш күн, үш түн шапса да ерінбесін.
Қазақының жүгенін сыпырып ал,
Онан-мұнан шөгірек теріп жесін.