Аймахан көкеміз туралы естеліктер – 2

1962 жылы Қаратау совхозы құрылғаннан кейін №3 ферманың орталығы Күмістіден Тасбұлыққа, одан соң Саржазға көшіріліп ағайындардың көбі Саржазға орналасты. Көкемнің замандас ағалары Тастыбаев Әшірбек, Тұяқбаев Төлеуіш, Ысқақ, Молжігітов Жұматай аталарымыз, құрдастары Аймахан, Мақаш, Тілеген, Шайық көкелеріміз, інілері  Жорабеков Сұлтан, Ештаев Алпан, Баймаханов Сейсенбек, Ермаханов Нысанбек, Мұхиев Мәулен, Төлегенов Өзбекбай, Төреқұлов Әйнекбай тағы басқа ағаларымыз осы Саржазда тұрды.

Бұл кісілер совхоз орталығында той, жиын болса аты барлары атпен, аты жоқтары ешекпен келіп көліктерін біздің үйде қалдыратын. Ары қарай шақырған жерлерге барып, совхоздағы қажетті шаруаларын бітіреді. Осындай бір күні Жұматай атамыз, Аймахан, Мақаш көкелеріміз, Сұлтан, Алпан, Сейсенбек, Мәулен ағаларымыз бар жетеуі болып өз шаруаларымен совхоз орталығына келеді де, әдеттегідей мініс көліктерін біздің үйде қалдырады.

Содан табан астынан бірдеңе ұйымдастыратын Аймахан көкеміздің есіне бірдеңе түскен болуы керек. Үйге бәрінен бұрын келеді де, есіктің алдында ойнап жүрген кішкентай біздің Жалғас пен Олжасты шақырып алып, Мақаш аталарыңның есегіне күн өтіп кетеді жабық, көлеңке қораға қамап қойыңдар дейді. Ол кісінің айтқанын орындамайтын бала жоқ, балалар ешекті қараңғы, жабық қораға қамап қояды. Әркім өз шаруаларын бітіріп, келісілген уақытта үйге жиналады, шәй ішіледі, қайтуға қамданады. Сыртқа шығып әркім өз көлігін дайындауға кіріседі, бірақ Мақаш көкеміздің ешегі жоқ. Сол жерде Аймахан көкеміз өтірік ашуланып, ешек байлау қолыңнан келмейтін не деген бос белбеу адамсың, енді менің сорым болдың, жүр кеттік екеуміз атқа кезек-кезек мініп барамыз деп жаяу Саржазға қарай алып шығады.

Біраз жүрген соң бұрын көп жаяу жүрмеген, өзі есейген, толықтау Мақаш көкеміз шаршайды да: «Әй Аймахан шаршадым, аяғым ауырды, атты әкел» – дейді. Аймахан көкеміз, ей сенің жаның маған ашымай ма, жоқ әлде менің көзімнің соқыр екенін білмейсің бе, мен құлап өлемін ғой деп Саржазға дейін жаяу апарады.

Аймахан көкеміз совхозға жұмысқа күнде келеді, ертесіне ешегіңді баудың аяғынан тауып алдым деп айдап апарып беріпті.

Жұбандықұлы Әмзе

12.04.2021

Leave a comment