«…Относительно тех тюркских племен, которых в настоящее время называют монголами, но в древние времена каждое из этих племен в отдельности носило [свое]особое прозвище и имя…» (Рашид ад-Дин. ХІІІ-ХІV век)
…Ол кезде маңғол, қазақ деген жоқ, ұру-ұрумен аталса керек-ті (Қазыбек бек Тауасарұлы. ХVІІІ ғасыр)
Бұл жерде әңгіме әлемге әйгілі Шыңғыс қаған туралы болып отыр. Шынында да, тарихи деректер ұлы ханның Орталық Азияда әлі халықтар қалыптаспай, олардың этникалық құрамы да этнотерриториясы да климаттық және әлеуметтік-саяси үдерістерге байланысты өзгерістерге ұшырап отырған дәуірде ғұмыр кешкенін айқын аңғартады. Мұндайда ақиқатты айқындауға зерттеушілердің өзіндік субъективті көзқарастарынан гөрі тарихи тамыры сол дәуірдің өзімен тығыз байланысты ғасырлар тезінен өткен мәліметтер зор көмек көрсетеді. Сондықтан да «Шыңғыс хан кім?» деген сауалға жауап берерден бұрын оның шығу тегіне қатысты шежірелік деректерге талдаулар жасаған жөн болады. Ал енді ұлы қағанның шығу тегі әңгіме болғанда соңғы кездегі дәстүрлі деректер оны байырғы Жалайыр тайпасымен байланыстырады.
Шежіре бастаулары не дейді?Иә, ең алдымен осы мәселенің басын ашып алған жөн тәрізді. Шыңғыс ханның Жалайыр тайпасының өкілі екендігі туралы мәлімет соңғы жылдарда жарық көрген дәстүрлі деректерде көрініс беріп қалады. Нақтырақ айтар болсақ, кейінгі кезде тарихымызға мол деректер қосқан Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты деректі шығармасында Шыңғыс ханның түбі Жалайыр, ал Жошының кезінде Абақ Керей аймағын мекендеген Меркіт руынан екендігі анық айтылған. Онда жазылғандарға келсек, өзіне түсі жылымайтын әкесіне Жошы былай дейді: «Сенің түбің – Жалайыр, Менің тегім –Абақ-ты, екеуі де бір туған. Берсей жылы қабақты». Ұрпақтан-ұрпаққа айтылған бұл ауызша деректі қазақтың бас батырларының бірі Бөгенбай қарт (бұл қанжығалы Бөгенбай емес) кейінге жеткізген екен (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». Шежіре,естелік.,Алматы: «Жалын баспасы». – 2008. – 815 б.). Ал енді Шыңғыс Жошының осы айтқандарын қалай қабылдады деген сауалға да осы кітапта жауап дайын: «…Шыңғыс сап-сары сақалын сыйпап күліп жіберіп, жауап бермей, орнынан тұрып кетіпті…». Көріп отырмыз, Шыңғыс хан өзінің арғы ататегін Жалайырмен байланыстырғанға қарсылықта білдірмеген, қолдауда көрсете қоймаған. Мұндайға өзінің шынайы шығу тегін жасырын ұстағысы келген адам ғана баратыны тағы белгілі. Ал енді Шыңғыс хан міне, дәл осындай тұлға. Тағы бір назар аудартатыны, аталмыш еңбекте тіптен, Жошының әкесі Шыңғыс хан емес, меркіттің Берен деген жігіті (моңғолдық жазба деректерде – меркіттің Чилгер палуаны) екендігі де атап айтылады. Ал енді Жошыны жайына қалдыра тұрып, Шыңғыстың ататек шежіресімен байланыстырылатын Жалайыр тайпасының тарихына жүгінсек, ол біртіндеп Монғол деген кісіге, онан соң Түрік деген тұлғаға апарады. Нақтылар болсақ, Рашид ад-дин келтіретін ежелгі шежіреде Нүкізден тарайтын Жалайырдың оныншы атасы Монғол деген кісі, ал ол Түрік деген адамнан бес атадан соң тараған ұрпақ. Сонымен қатар атақты Оғыз ханның өзі де осы Моңғолдың немересі. Шежіреде Нұхтан Яфес, одан Түрік туады. Бұл жерде пайғамбарлар адамзаттың арғы тегі туралы деректер жоқ болғандықтан аңыздық негізде шежіреге тіркелген десек те, шежіреде көрсетілген Түріктен кейін таратылатын 15 ұрпақ (ішінде Монғол да бар) тарихта болған тұлғалар. Олай дейтініміз, өмірде болмаған адамдарды халық өзінің төл шежіресіне жолатпайды. Әдетте, шежіреде аталар орындары шатастырылса да, олардың есімдері дұрыс көрсетіледі. Осы шежірені тарихи шындық ретінде қабылдаған Махмұт Қашғари мынадай түсініктеме беруді де ұмытпайды: «…Түрік сөзі Нұқ ұлының есімі болып келгенде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде…жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да мағынада қолданылады» (М.Қашғари.Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік). Алматы: Хант. – 1997. – 407 б.). Дәл осы Түрік деген тұлғаға қарата айтылған пікір осы шежіредегі оның ұрпағы ретінде көрсетілген Монғол деген кісіге де сәйкес келеді. Яғни кейіннен өзін Монғол әулетіне жатқызатындар «жалпылық мәнмен» «моңғолмыз» дейтін болды. Бұл кісінің есімі түрікше де, тұңғыс-маншжұрша да «Мәңгі ел» деген мағынаны білдіреді. Ал енді Шыңғысты моңғолға немесе түрікке жатқызып еңбек жазып жүргендердің Рашид ад-диннен, Әбілғазыдан, Қашқаридан бастап және күні кешегі Құрбанғали Халидқа дейін қайталанып отыратын осы тарихи шежіреге назар аудармайтындары және мән бермейтіндері таңғалдырады. Тарихты жазғанда халықтың жадында сандаған ғасырлар бойы сақталған және жаңғырып отырған осындай құнды шежірелік деректен бас тартуға бола ма!? Бұл шежіре әрине, Шыңғыстан әлдеқайда бұрын шығып, түркі және тұңғыс-маншжұртілдестер арасына кеңінен таралған. Ал Шыңғыс хан өмір сүрген, халық байырғы түркі жазуынан қол үзіп қалған, сондықтан да ауызша тарих айту мен шежіреге сену үстемдік алып тұрған заманда аталған шежіре адамдар үшін аса маңызды болды.
Монғол – халықтың емес, жеке тұлғаның атыАл енді Шыңғыс хан тұсында «моңғол» атанғандардың бәрін тұңғыс-маншжұр тайпаларынан шыққандар деп қабылдау үлкен қателік. Алғаш «моңғол» атанғандар Х ғасырдан бастап көріне бастады. Бұлар осыдан соң да біразға дейін аз ғана түтінді құрады. Тіптен 1175 жылы, яғни ХІІ ғасырдың соңғы ширегіне қарай қайтыс болған Шыңғыстың әкесі Есугейдің өзіне бар болғаны 40 000 шаңырақтан тұратын өздерін моңғол әулетіне жатқызатындар бағынышты болды. Бұлар, тегінде, кезінде Мұсылман әулеттері тарихын жан-жақты зерттеген Лэн-Пуль Стенли айтқандай, тайпалық одақта жоғары мәртебеге ие Монғол деген кісіні құрметтеп, өздерін соның әулетіне жатқызып, соңының есімін малданғандар еді (қараңыз: Абуль-Гази-Багадур-хан. Родословное древо тюрков. Иоакинф. История первых четырех ханов дома Чингисова. Лэнь-Пуль Стенли Мусульманские династии. М.-Т.-Б., 1996. 435 б.).Монғол деген кісі Түрік немесе қазақтың Алыншасы (Алашасы) және т.б. тәрізді есімі шежіреден берік орын алған тарихи тұлға. Рашид ад-дин келтірген жоғарыда айтылған әйгілі шежіре бойынша Алынша (Құрбанғали Халидта – Алаша хан осылай аталады) Түрік деген кісінің төртінші ұрпағы. Алыншыдан екі ұл – Монғол және Татар туған. Бұлардан тарағандар кейін өздерін Монғолдың және Татардың әулеттеріне жатқызатын болған. Құрбанғали Халид мұны төмендегіше нақтылап түсіндіреді: «…Алынша хан кезінде «мен пәленнің нәсілімін» деп айтуға тыйым салынып, кім хан болса, оның қауымы «мен пәленше ханның әулетімін» деуге бұйрық шығарылған, себебі бір ханға ерген халық «мен пәлен нәсілденмін» деп бөлектеніп, араларынан түрліше келіспеушілік туады деген. Бұл оларға біраз заман өтіп бабаларын, нәсілін ұмыттырып, тек хан аты есте қалатын. «Алынша хан әулетіміз», «Татар хан әулетіміз» деп Оғұз ханға дейін аталып келіп, енді өзгертіліп сахаралық халықты «моңғол», шаһар халқын «ұйғыр» деп атауға келісілген, басқаша атауға тыйым салынған. Ұйғыр аты қалай шықса шықсын, бір белгілі руға айтылмай, бір жерде жиналып, ұйымдасып тұрғандарға «ұйғыр» атауын берген…». Құрбанғали Халид сонымен қатар Монғолдың 18-інші ұрпағы Қараханнан туған Оғұз ханның кезінде халықтардың үш топқа бөлініп, «моңғол», «ұйғыр», «татар» атанғандарын, және Оғыз ханның 8 ұрпағы Желханның (Елханның) тұсында моңғол мен татар екі хандыққа бөлініп, Желхан тек моңғолға ғана хан болып қалғанын жазған(қараңыз: Халид Құрбанғали Тауарих хамса: (Бес тарих). Алматы, 2006.-222-223 бб.).). Желханды (Елханды) ұрпақтан-ұрпаққа құрметтеген моңғолдар кейініректе Персия аймағындағы Жалайырлармен бірігіп құрған өздерінің мемлекетін Елхандар мемлекеті деп атады. Сонымен Монғол дегеніміз – ең алдымен жеке адам есімі.Ол тұрақты мемлекетке қол жеткізе алмаған көшпелілер арманы – «Мәңгі ел» деген мағынаны аңғартады. Жоғарыда айтқанымыздай, о баста Монғол – халықтық шежіреде тарихи тұлға ретінде танылғандықтан және ол Түрік деген кісінің ұрпағы болғандықтан, оның ұлдарымыз дейтіндер түркітілдестер арасында да көп болды. И.Н.Березин аударған Рашид ад-диннің еңбегінде мынадай жолдар бар: «Племена, которыхъ ныне называютъ монгольскими, но которыхъ имя въ сущности не было Монголъ, такъ какъ это названіе они предъявили после эпохи ихъ (Монголовъ). Каждая ветвъ изъ этихъ ветвей произвела много ветвей, и у всякой явилось определенное имя» (Сборник летописей. История монголов, сочинение Рашид ад-Дина. Пер. с перс. Н.И.Березина //Труды вост. отд. императорск. Археологич. общ. – Ч. Ү. – СПб., – 1858, – 7 б..). Алайда аз ғана моңғол рулары Нирун (ақсүйек) атанып, билікті қолдарында ұстаса да, ауызбірліктері жоқ және «Түрік» атауын ХІ ғасырдан соң мүлде ұмытып, бұл этнонимді Ұйғыр, Қырғыз, Жалайыр, Найман, Керей, Меркіт, Ақ татар, Қоңырат, Қиян тәрізді жеке тайпалар мен ұлыстар атына ауыстырып, өзара бөлшектенген түркітілдестер Монғол үстіртінде көпшілік болды, сондықтан да Шыңғыс хан әскерінің негізгі бөлігін де, әскербасыларын да негізінен осылар құрады. Шыңғыс батысқа, қазіргі қазақ жеріне аяқ басқанда оның соғыс қолы жергілікті Арғындардың, Наймандардың, Керейіттердің, Үйсіндердің есебінен мүлде түріктене түсті. «…Рас, Шыңғыс қолында моңғолдар да болды, олар бар-жоғы төрт жарым мың ғана адам еді. Одан басқа отыз екі мың татарлар бар-ды. Татарлар да түрікше сөйлейтін жұрт болатын. Шыңғыстың жарты миллион соғыс қолы тегіс түрікше сөйлейтін…» (Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. «Түп-тұқияннан өзіме шейін». Шежіре,естелік. – 2008. – 824 б.). Алайда түркітілдестердің Шыңғыс жорықтары салдарынан батысқа ығысулары Тынық мұхиттан соғатын муссондардың бағыты өзгеруінен қолайсыз климаттық ахуалға тап болған шығыстағы тұңғыс-маншжұртілдестердің Монғол үстіртіне көптеп қоныстануларына еркін жол ашты.Ал енді әскерлерінің негізін түркітілдестер құрай тұрса да, өзі де түрік тілінде сөйлейтін Шыңғыс «моңғол» атауын неге көтермеледі, өзін неге осы әулетке жатқызды және бұрынғы түркітілдестер неліктен моңғол атанды дегенге жауап іздер болсақ, мұндайда мынаны ескерген жөн:Шыңғыстан әлдеқайда бұрын, маншжұртілдес Қидандар империясы тұсында өздерін моңғол әулетіне жатқызатын Нирундар (ақсүйектер) аталған тұңғыс-маншжұрлар тобы біртіндеп Гоби шөлінен терістіктегі және терістік-шығыстағы ел билігінде үстем күшке айналды. Енді олардың ықпалына түскен түркітілдес тайпалар да өздерінің «моңғол» әулетіне жатқызып, онысын мақтаныш ететін болып алды. Түркітілдес тайпалардың атауларының өзгеріске түсуінің айқын көрінісі ежелгі Жалайырларды құраған 10 рулар аттарының басым көпшілігінің моңғолша көптік жалғаумен көрсетілуі дер едік (Сборник летописей. История монголов, сочинение Рашид ад-Дина. Пер. с перс. Н.И.Березина //Труды вост. отд. императорск. Археологич. общ. – Ч. Ү. – СПб., – 1858, – 227 б.). Алайда бұл айтылғандардан Шыңғыс ханның арғы тегіне қатысты асығыс қорытынды тумауы керек. Өйткені оның шығу тегі туралы мәселе сол заманның күрделі этно-әлеуметтік және дәстүрлі діни таным мәселелерімен тығыз байланысты. Қанша ұлы болса да Шыңғыс та өз дәуірінің адамы. Бұрын түріктер үстемдік жасаған аймақта – Орталық Азияда Х-ХІ ғасырларға қарай тұңғыс-маншжұр тілдестердің билікке келулеріне байланысты түркітілдестер енді керісінше, «моңғол» атана бастағандықтан да Шыңғыс құрған мемлекет Түріктің емес, оның ұрпағы болып саналатын Монғолдың атын таңдады.
Қиян мен Қиятты шатастыру – Шыңғыс ханның шығу тегін бұрмалауға алып келдіКүні бүгінге дейін Шыңғыс ханның ататегін зерттеушілер Қиян тайпаларын Қияттардың рулық бірлестігімен бірге қарастырып келеді. Тарихи деректер шын мәнінде бұлардың екі түрлі тайпалық одақтарды құрайтындарын көрсетіп отыр. Ежелгі Ғұндардың ұрпақтары болып саналатын Қияндарды алғаш көне маншжұртілдес Сәнбелер, онан соң түркітілдес Телектер мен Түріктер жаулап алды. Қияндар VІ ғасырда Сәнбе тайпалық бірлестігінің мұрагерлері Тұйғындарға ата жау болды. Бұл кезде Қиян руының көсемі Қиянсон деген кісі болған және ол Тұйғын әулеті көсемін қанжармен жарып өлтірді. Осы Қияндар алғаш Телектерге, кейіннен Түріктерге, ал онан соң Татарларға бағынуға мәжбүр болды. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Қияннан Шыңғыстың руы емес, оның әйелі Бөртенің руы Қоңырат таратылады. Одан осы айтылғандарды дәлелдей түсетін мынадай жолдарды оқимыз: «у одного человека из поколения Кыян (бөліп көрсеткен біз-Т.О.) было три сына. Старший сын назывался Чурлык-Меркан. У Чурлык-Меркана был сын по имени Конкират: от его рода произошло все поколение конкиратов». Ал Қоңырат ежелден түркітілдес тайпа. Қияннан тарайтын Қоңыраттың моңғолдарға қатысы жоғын қазақ шежіресінен де байқай аламыз. Мұнда Қоңыраттың шежіресі Сеңке биден басталады. ХІV ғасырдың шағатай тіліндегі дерегінде бұл кісі Конграт би углы Сенгелай деп көрсетілген. Бұған қарағанда Сеңке немесе Сеңгелай Қоңырат деген кісінің ұлы болып шығады. Яғни деректер бойынша: Ел хан одан Қиян. Қиянның үш ұлы болды. Олар Жорлық мерген, Құбай шыра, Тұсбұдай. Осы шежіреден көріп отырғанымыз: Қияннан моңғолдардың бабалары тарамайды,түркітілдестер тарайды. Ал енді Қоңыраттардың бұрынғы атаулары жоғарыда аталып кеткен Қиянға тағы да қайта оралар болсақ, қытай жылнамаларына қарағанда Қиян мен Қият екі басқа рулар екеніне көзіміз жете түседі. Қияндар біздің заманымыздың басында-ақ ежелгі этнос ретінде мәлім болды, олар негізінен мал шаруашылығымен айналысып, көп тайпаларға бөлінді. Кейініректе Қияндардың бір бөлігі түркітілдес Телек тайпалар одағына жатса, ал Қият монғолтілдес Шибей (Шығай) татарлары одағына жатты. Шындығында, байырғы Ғұндар заманынан бастау алатын, беріде түркітілдес Телек тайпалар одағына жатқан, және айтарлықтай өсіп-өнген Қияндардан VІІІ ғасырдың өзінде-ақ көптеген тайпалар бөлініп, тіптен олар дербес елдерге айналып кеткен болатын. Оларды қытай жылнамаларында Қиян, Қиянқа, Нақиян, Қызылсу қияндары, Салар қиян, Батыс қиян елдері деп жеке-жеке атайды. Жоғарыда аталғандар арасындағы Нақиян ежелгі Ғұндар заманындағы Қияндардың бір бұтағы болып есептеледі. Олар кезінде ғұндармен көрші болған. Алғаш Келентау маңын мекендеп, ал кейінірек Лобнор көлінің маңында, Алтыншоқы деген жерде Нақиян деген мемлекет құрған. (қараңыз: «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары. І кітап, А.,2006.- 233-234, 274 бб.).) Осы деректерден Қиян атанғандарға негізінен түркітілдестер жатқанын аңғару қиын емес, кезінде Қытайдан батыстағы түркілер «Батыс қиян елдері» деп жалпылама аталған. Осыны аңғармаған кейбір зерттеушілер қателесіп, осы екі руды (Қият пен Қиянды) бір деп білген. Жоғарыда айтқанымыздай, «т» жалғауының моңғолша көптік жалғауды аңғартатынын ескеріп және Рашид ад-диннің және оны қайталаған Әбіғазының: «Қият» «Қиянның» көпше айтылғаны» деген қате ескертпесіне тереңірек сын көзбен бойламаған. Бұл жердегі жаңсақтық: егерде «Қиянға» «т» жалғанар болса, ол «Қият» емес, «Қиянут» болып кетер еді. Оның үстіне бұл екі атау тайпалар түсінігінде екі түрлі мағына береді. Мұндайда, «ал онда Қият деп аталатындар кімдер?» деген сауалдың туындауы да заңды. Қияттар да байырғы тайпалар. Қытай жылнамасына берілген түсініктемеге қарасақ, ғұндар арасындағы әртүрлі рулардан құралғандардың Нұм-қияттар деп аталғанын аңғарамыз (қараңыз: «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» (б.з.б. 177-б.з. 222 жылдары. І кітап, А., 2006.- 291 б.). Яғни Қияттар деп өздерінің тайпаларынан бөлініп шығып, тәуелсіз, жаңа рулық бірлестікке біріккен рубасылар емес, жеке батырлар бастаған алуан түрлі тобырларды атады. Қалай десек те, Қияттар кеңінен тарала қоймаған құрама шағын тайпалық бірлестіктерді құрады. Біздің ойымызша, Шыңғыстың үлкен атасы Қабұлхан тұсында оның төңірегіне біріккен алуан тайпалы батыр-нөкерлер жалпылама Қияттар деп аталды. Мәселе байыбына бару үшін Әбілғазының өзін оқиық: «Шыңғыс ханның арғы атасы Қабұл ханның алты ұлы болған: олардың бәрі өжет, батыл, жылдым еді. Халық осы батырларды Қият деп атады…». Бұдан шығатын қорытынды, Қабұлханнан бұрын моңғолдарда «Қият» деген ру болмаған. Бұл шежіре былай таратылады: Қабұлхан – Бөртанхан – Есугай баһадүр – Темучин (Шыңғыс хан). Қабұлханның алты баласынан таралғандар «Қияттар» деп аталса, көздері қой көз (бурджигин) болғандықтан, Есугей баһадүрдің руындағы кісілер Бурджигин-Қият аталған. Бұлардың бәрі Есугейдің туыстары емес, өз руларынан жырынды болып, бөлініп келіп қосылған жеке батырлар бастаған топтар бірлестігі еді. Арғы аталары осындай әртекті болғандықтан, Қият атанғандар ешқашанда үлкен тайпалы елге айнала алған жоқ. Олар тіптен Есугей өлген соң оның қарашаңырағын тастап, аулақ көшіп кетті. Қияттың Бөржығын руының Шыңғыстың руы болып табылатыны деректердің бәрінде ауызға алынады. Шыңғысты қазаққа жақындатқысы келетіндер де Қият руының қазақ құрамында бар екендігіне назар аударады. Бірақ мұндайда, осы шағын рудың қазаққа кірме екендігі, оның ешбір қазақ жүздеріне жатпайтындығы ескерілген емес. Оның үстіне бұл Қият жауынгерлік ұран ретінде Шыңғыс тұқымына жатпайтын «Арухан» атын иемденген. Қияттың «Қолтаңба» аталатын рулық таңбасы да Шыңғыс тұқымы болып табылатын Төрелер таңбасынан мүлде бөлек (қараңыз: Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы: Зертеу. – Астана, 2008. – 672 б.). Бұл енді бөлек әңгіменің арқауы. Қазіргі татар ғалымдары өздерінің журналдарында жариялаған шежірелік деректен де Қият руының Қияннан тараған Қоңыраттан бөлек екендігін аңғаруға болады. Онда Шыңғыс ханның қолынан тайпалық таңбалар алған 15 билер аталған. Бұл деректе Қияттың Боданшар (Бөгдеден) ұрпағы болып табылатыны көрсетілген және билердің бұл тізімін Боданшарұлы Қыят бастайды да, ал Қоңыраттан туған Сенгелай (Сеңке) би Гираят (Керейт) биден соң алтыншы болып аталады. Яғни аталмыш деректе алғашқы болып Қият бидің (Қиянның емес) аталатын себебі, ол, Шыңғыстың руы. Демек, бұл дерек бойынша да Қият пен Қиян екі түрлі адам. Өйткені Сеңке би Қиянның ұрпағы Қоңыраттан тараса, ал Қият би Боданшардан тарайды. Олар Шыңғыс ханды хан көтеру рәсіміне екі түрлі ру-тайпаның атынан қатысқан. Тарихи деректерге қарағанда ,бұл хан көтеру рәсімін Үйсін Майқы би (Қазыбек бек Тауасарұлында – Уран-Майқы би) басқарған. Ол шынында да тізімде бар. Бірақ ол Қоңырат бидің ұлы Сеңгелайдан (Сеңкеден) кейін жетінші болып тұр (қараңыз: Ахмедзянов М.Ногайская Орда и ее роль в этнической истории татар.// «Идел.1991. -33-34 бб.»). Татардың белгілі тарихшысы жариялап отырған осы құнды дерекпен өзіміздің Қазыбек бек Тауасарұлы жазып кеткен деректе ұқсастық бары назар аудартады. Соңғыда алғашқы деректе аталатын Боданшарұлы Қият би, Қыпшақ би, Жұмарты (Джумарты) би, Кереит (Гираят) би, Қоңырат би ұлы Сенгелай, Мұйтан (Мұтан) би,Борқыт би,Темянджарұлы Катай, Салжұт би, яғни барлығы тоғыз бидің аты аталмайды. Ал бірақ Түмен (Тамьян би, ), Ұран-Майқы би (Уйшан Майки би), Орқаш (Урдадж) би, Бөрібек шешен (Берджан би), Қалдар би, Темірқұт (Тимеркотлы) би алтауы екі деректе де кездеседі. Сонымен қатар соңғы деректе Тулақ би, Арғын Қуандық Тоқым би беделді де белгілі тұлғалар ретінде қосымша аталады. Тарихымызға қосылып отырған осы, тың деректер Шыңғыс ханға қатысты бұрынғы көзқарастарды қайта қарауды қажет етеді. Тегінде, аталған билер Шыңғысты хан көтеруге жиналғандар. Бұл Шыңғыстың барлығы үшінші және Ұлы Далада алғаш рет хан көтерілуі. Бұдан бұрынғы оның Орхон-Онон бойындағы екі рет хан көтерілу рәсімдері тарихқа жақсы белгілі. Сондықтан да оларға тоқталып жатпаймыз. Ал енді Шыңғысты үшінші рет хан көтеру рәсімі қай жерде орын алды дегенге келсек, оны Дегелең төңірегінде Наймантауда (Шыңғыстауда) Жалайыр, Арғын, Найман және т.б. рулар жақсыларының «ақ киізге орап хан көтеруі» хижра бойынша 605 жылы (яғни 1227 жылы) болғаны туралы дерек бар (қараңыз: «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Шежіре, естелік. Алматы: «Жалын» баспасы, 2008, 823 б.). Бұл Шыңғыстың өзі қайтыс болар қарсаңында, яғни оның таңғұттарға бағытталған соңғы жорығы алдында орын алған оқиға. Мұның өзі батыста Еділге дейін, оңтүстікте Гиндекуш тауларына дейінгі аймақты бағындырған ұлы ханның жеңіс салтанаты еді. Бұдан бұрынғы жылдары ол, Найман мен Керейді қанға бояп, қуып таратқандықтан, Қыпшақтарды күшпен бағындырып, олардың ұлыстарының тоз-тозын шығарғандықтан, Найман ханзадасы Күшлікті Бадақшанға дейін қуалап, ақыры оның да басын алғандықтан Наймантауда (Шыңғыстауда) оны хан көтеру Шыңғыстың өшпес даңққа бөленген сәтіне – өмірінің соңғы айларына сәйкес келді.
Шыңғыс хан « Жалайырдың жетімі» ме, жоқ әлде Баяуттар ұрпағы ма??Бұл сөзді айтуға бізді мәжбүрлеп отырған Шыңғыс ханның ататек шежіресі. Оны жоғарыда айтылған мәліметтер негізінде түп-тұқияннан бастасақ, төмендегідей кестелермен көрсетуге тура келеді (кестеде). Көріп отырмыз, көне шежіре моңғолдарда Бөртешино деген адамнан басталады. Бұл ежелгі түркілер аңызындағы тұлға –Бөрі Ашина болуы да мүмкін. Шежіре дерегі бойынша бұл адам теңіздер мен таулардан асып, Монғол үстіртіне сырттан және алыстан келген. Белгілі моңғолтанушы ғалым Зардыхан Қинаятұлының есептеуінше, Шыңғыс бұл кісінің 22-ші ұрпағы. Алайда осы Бөртешинодан Добу мергенге дейінгі Қияттан тарады деп көрсетілетін 12 ұрпақтың Шыңғыс ханға тектік тұрғыдан қатысы шамалы.Өйткені Добу мергеннің ұлы деп айтылатын және Шыңғыс ханның 10-шы атасы болып табылатын Боданшардың тегі белгісіз. Себебі ол – некесіз қатынастан туған адам. Тек дерекке ғана сүйеніп жазатын З.Қинаятұлы оның әкесінің Мәлік Баяут руынан шыққандығын атап кетеді. (Қинаятұлы З. Шыңғыс хан және қазақ мемлекеті. Екі томдық ғылыми зерттеу. Алматы, 2010. – 66,69,72 бб.). Деректерден белгілісі бұл, кезінде Добу мергеннің үйінде қызметші болып жүрген кісі. Елге белгілі Рашид ад-дин де, әйгілі этнограф Р.Г.Күзеев те Баяут тайпасын моңғолдарға жатқызады (қараңыз: Рашид ад-дин. Сб.летописей.Т.1.Кн.1.-М-Л-,1960-78,150 бб.; Кузеев Р.Г.Происхождение башкирского народа.Этнический состав.История расселения. – М.,1974. – 328 б.). Дорджи Банзаровтың Сайшиялдың мәліметі бойынша көрсеткен түпкі моңғол тайпасына жатқызылатындар тізімінде бұл тайпа «Баягут» деген атпен 13 болып тұр (қараңыз: Дорджи Банзаров. Собрание сочинений. М., 1955. – 179 б.). Мұндайда ескертетініміз, оғыз-түрікмендері құрамындағы М.Қашғари ХІ ғасырда атап көрсететін Баят тайпасын Баяут тайпасымен шатастырмаған жөн. (М.Қашғари.Түрік тілінің сөздігі: (Диуани лұғат-ит-түрік). Алматы: Хант.-1997. -86 б.). Алайда мынаны да ескермеуге болмайды: Баяуттар Оғыз Баяттардың моңғолданған және шығыста бөлініп қалған бір бөлігі болулары да әбден мүмкін. Өйткені Баяттың да аты Баяут тәрізді моңғолдың көптік жалғауымен көрсетілген. Қалай десек те, шығыстағы Л.Гумилев санап шыққан 15 түркітілдес Баегу-Байырқу, Байси тәрізді Бай тайпалары арасында Баяут кездеспейді. Бұл енді Шыңғыстың бабасына қатысты әңгіме ғой. Ал енді Шыңғыстың өзіне оралсақ, жоғарыда айтқанымыздай, оның шығу тегін баяндағанда зерттеушілер ол шыққан Қият Боржығын руын Қиян руымен шатастырады. Осыған қатысты кейінгі қазақтар Шыңғыс ханның тектік шежіресін қалай таратады дегенге келсек, бұл бойынша Шыңғыс Меркенің (яғни Жалайырдың) 26-шы ұрпағы. Бұл шежіре Жалайырдың баласы Манақ, одан – Орақты, одан – Андас болып кете барады (қараңыз: «Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін.Шежіре,естелік.Алматы: «Жалын баспасы,2008.»). Бір қызығы бұл есімдер Жалайырдың қазіргі елге таралған шежіресінде де кездеседі. Алайда мұнда олардың орындары ауысып кеткен. Яғни Жалайырдан жалғыз Манақ емес, үш бірдей Манақ (Шуманақ,Сырманақ, Бірманақ) қатар тарайды. Ал Андас жоғарыда айтылғандай, Орақтының емес, Шуманақтың баласы Маңғытайдың үшінші ұрпағы. Ал енді Орақтыға келер болсақ, ол жоғарыда аталған Манақтың емес, Шуманақтан туған Тұрлықожаның шөбересі. Бұл шежірелерден Орақты деген кісінің екеу екенін байқау қиын емес. Екінші Орақты батыр кейінгі Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген Жалайырдың атақты батыры. Ал енді Манақтан туған Шыңғыс ханға 23 ата болып келетін Орақтыға келсек VІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға. Алайда аталған кісілердің ешқайсысы Шыңғыс ханның моңғолдық шежіресінде жоқ. Дегенмен де, моңғолдық шежіредегі Шыңғыс ханның 11-ші атасы болып табылатын, тегі белгісіз Боданшар мен Қазыбек бек Тауасарұлы келтірген шежіредегі Шыңғыс ханның 15-ші атасы Бөгденің аттары «бөтен» деген бір мағынаны білдіреді, өмір сүрген кезеңдері де жақын. З.Қинаятұлы некесіз туған ер баланы моңғолдардың «боданшар» деп айтатынын өзінің монографиялық еңбегінде арнайы сілтеме жасап көрсеткен (қараңыз: аталған еңбек, 66-беті). Мұның өзі Шыңғыс ханның байырғы, үлкен әжесі Алангүаның (Өлеңнің), оның бабасын, яғни Боданшарды немесе Бөгдені некесіз тапқанын растай түседі. Міне, шежіренің моңғолдық және қазақтық үлгілерін біріктіретін де осы жер. Ал енді екі шежіредегі жақындық Шыңғыстың әкесі Есугейдің ататегін қуалап қарастырғанда да байқалып қалады. Мысалы, моңғолдық шежіреде Есугейдің әкесі Бардамбатыр, ал қазақы шежіреде ол Баян немесе Баянбатыр. Моңғолдық шежіреде оның әкесі – Хабулхан, оның әкесі – Домбанай шешен. Қазақы шежіреде бұл басқашалау: Баянның әкесі – Дін,оның әкесі – Тұмағұл, оның әкесі – Тұрымтай шешен. Мұнда назар аударар нәрсе: Дін деген атау моңғол тілінде қолданыста болмағандықтан шежіреден шығып қалған. Ал Хабулымыз – Тұмағұл, Домбанай шешеніміз – Тұрымтай шешеннің өзі. Біздіңше, арғы тегіндегі елге белгілі осындай жұмбақ бөгделік (моңғолша айтқанда – боданшарлық) кейінгі Шыңғысты өзінің шығу тегін сүйегі әлдеқашан қурап кеткен байырғы Монғол атты бабасынан іздестіруге итермеледі. Солай бола тұрса да ол, түркітілдес ел арасында «Жалайырдың жетімі» аталып кетті. Мұндайда әрине, «неге?» деген сауал туындайды. Бұған мына жолдар жауап береді: «…Темірдің (Шыңғыстың) әкесі Есугей ерте өліп, оның шешесі Өлең Қоңыраттың белгілі биі Меңлекеге тиген-ді. Өлеңнің Меңлекеден туған он ұлы Темірді бөлектеп шыдатпаған. Сонан соң ол олардан безіп, қайта Жалайыр ішіне қашып кетті. Міне, Шыңғыстың, жалпы төрелердің тарақ таңбалы болуы да осыдан еді…» («Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Шежіре, естелік. Алматы: Жалын баспасы,2008. – 823 б.). Жалпы, бұрын да ата-бабасына алғаш құл, соңынан туыс болып кеткен Жалайырлар Шыңғысқа жақын еді. Сондықтан да басына іс түскенде Шыңғыстың оларды паналағаны рас. Алайда бұдан Жалайырлар түгелдей Шыңғысты қолдады десек, жалған сөйлер едік. Кезінде Шыңғыстың жан досы хандыққа таласқан тұста Жалайырлардың үлкен бөлігі Шыңғысты емес, Жамуханы хан көтерді. Бұл Шыңғыстың Жалайыр арасында өссе де, толыққанды Жалайыр бола алмағандығының айқын көрінісі.
Ал Шыңғыс хан өзін кімге жатқызады?Шыңғыс ханның шығу тегі туралы әртүрлі дау-дамайлар айтылып жүргені белгілі. Негізінен алғанда мұның өзі ұлы тұлғаны әркімнің өз ұлтына тартуынан туындап отырғаны да құпия емес. Әрине, сенсация іздеп, жаңалық ашқысы келетіндер де бар. Алайда олар мынаны ескермейді. Шыңғыс хан өзінің кім екенін тарихқа нақты айтып кеткен адам. Енді соған тоқталайық: Самарқанд асып, Ауған жеріндегі Гиндекүш тауының терістік жағына жеткенде, науқастанған ұлы қаған, әйгілі қытайлық емші, сол замандағы даосизм дінінің көрнекті тұлғасы Чанчунь Чженьжэнді өзіне шақыртады. Осы сапардағы әңгімелер тарихи дерек ретінде сақталған. Моңғолдар «қазірет» деп атаған емшінің жазбаларында екі жерде Шыңғыстың моңғол екендігі анық аңғарылады. Енді соларға тоқталалық. Біріншіден, Қазіретпен Шыңғыс моңғол тілінде сөйлеседі. Сондықтан да қазіреттің сөзін Шыңғысқа моңғол және қытай тілдерін білетін Ақай Тайши деген кісі аударып отырады. Ол деректе сөзбе-сөз былай көрсетілген: «…Қазіреттің айтқан уағыздарын Ақай Тайши қағанға (Шыңғыс ханға – Т.О.) моңғол тіліне тәржімалап отырды» (қараңыз: «Чанчунь Чженьжэнь си ю цзи» («Чанчунь Чженьжэннің батысқа саяхат естеліктері») // Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І том. Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар. – Алматы: Дайк-Прес, 2005. – 116 б.). Екіншіден, Шыңғыс хан әулие Қазіретке өзінің моңғолдарға жататынын ашық мойындаған. Бұл әңгіме былай басталады: аң аулап жүрген Шыңғыс хан қабанға кездесіп, оны атып алмақ болғанда астындағы аты сүрініп жығылады. Осыған байланысты Қазірет ханға жасы ұлғайып қалғанда аң қуып, саят құрғанды азайтуды ұсынады. Оған қаған төмендегіше жауап береді: – «Иә, бұл істі мен өзім де солай жорыған едім, әулие Қазірет мені жақсылыққа баулап отыр, ол жағы да түсінікті. Бірақ саят құру, аң қуу біздің моңғолдардың ат жалын тартып мінгеннен кейін үйренетін бірінші кәсібі, оны қою біз үшін сәл қиындау ғой…» (көрсетілген әдебиет. – 121 б.). Бұл жерде Шыңғыс өзін мойындаған киіз туырлықты маншжұр тілдес және түркітілдес ру-тайпалардың жаңа бірлестігін моңғолдар деп отырғанын байқау қиын емес. Бұл жаңа атаумен тілдері бөлек болғанмен тұрмыс-салты ұқсас, біртұтас халықты және оның мемлекетін қалыптастыру саясатын ұстанған қайраткердің өзіндік ұстанымы еді. Сондықтан да ол өзін көшпелілерге ортақ шежіредегі «Моңғол» атты бабаға жүгініп, осылайша әлі халық болып қалыптаспаған ру-тайпаларды өздерінің арғы бабаларының бірі ретінде мойындайтын тарихи тұлға төңірегіне топтастырмақ болды. Мұндайда көшпелілерді ғасырлар бойы тарихи санада жатталып қалған ататек шежіресіндегі ұлы тұлғалар ғана ұйыстыра алатынын түсінген Шыңғыс түркітілдестер мен маншжұртілдестерге ортақ шежіредегі Түрік деген кісіден тарайтын Монғол есімін ту етіп көтерді. Осы есімдерді шынында да барлық киізтуырлықты халық құрметтейтін еді. Мұндайда Шыңғыс неге Монғолдың бабасы Түріктің есіміне құлдық ұрмады деген сауал туындары сөзсіз. Оған айтарымыз: Түрік атанғандар (яғни Оғыздар) VІІІ ғасырдың соңында-ақ Ұйғырлардан ығысып, батысқа кетіп, онда олар алғаш Селжұқ-Түрікмен, кейінірек Түрікмен атанған еді. Түркілердің батысқа ойысуларына саяси-әлеуметтік ахуалмен қатар климаттық өзгерістер де шешуші ықпал жасады. ІХ ғасырға қарай Орхон аймағында, Гоби шөлінен солтүстікке қарай Тынық мұхит муссондарының оңтүстікке қарай бағытын өзгертуінен туындаған құрғақшылық пен жұт қазіргі Моңғол үстіртінен түркілерді ығыстырды. Алайда бұл дала ешқашанда бос қалған емес. ІХ ғасыр соңында және Х ғасыр басында Орхон-Селеңгі аймағына шығыстан тұңғыс-маншжұртілдес тайпалар тереңдеп ене бастады. Әсіресе, мұндайда рулық қарсыласуларды талқандап, күшті топтасқан мемлекет құрып үлгерген маншжұртілдес Қидандардың батысты жаулау әрекеттері шешуші рөл атқарды. Нәтижесінде қазіргі Моңғолияның Орталық және шығыс аймақтарын жаңа, болашақта моңғол атанатын тайпалар басып қалды. Батысқа ығысқан Түріктер өздеріне бауырлас жергілікті (автохтонды) түркітілдестер ортасына түсіп, жаңа рулық-тайпалық құрылымдарға қосылып, ыдырай бастады. Мұндайда бұрынғы «Түрік» атауы елді біріктіруші сипаты мен мәнінен айырылып қалды. Сонымен, жоғарыда айтылғандарды қорытындылар болсақ, оқырманға төмендегідей негізгі тұжырымдарды ұсынар едік: Шыңғыс хан өмір сүрген заман ел билеген түркітілдес қағандардың Орталық Азия аймағында біртұтас түрік халқын және оның мемлекеттілігін құру саясатының сәтсіздікке ұшыраған дәуіріне сәйкес келді. Өздерін бұрын Түрік әулетіне жатқызатындар бұл тұста біржолата әртүрлі тайпалық ұлыстар мен тайпалық одақтарға (Ұйғыр, Қырғыз, Татар, Жалайыр, Найман, Керейіт, Қимақ, Қыпшақ, Оғыз, Қарлық, Қоңырат, Меркіт, Татар және т.б.) бөлініп кеткен еді. Сонымен қатар бұл заманда өздерін «байырғы Моңғол» әулетіне жатқызатындар да (Бэлгутундар,Букунуттар, Дурбэндер, Урянхайлар, Осбагуттар, Элжигэндер, Харонуттар, Икирэттер, Угужиндар, Сулдустар, Илдуркендер, Баягуттар, Кункулигуттар және т.б.) және өздерін «жоталы моңғолдарға» жатқызатындар (Борджигиндар, Тайчигуттар, Басуттар, Хонхотандар, Ноэгелер, Барлустар, Адархиндар, Батагатовтар, Орогутовтар, Шижигутовтар, Тохоргутовтар, Багариндар, Зедерендер, Салжигуттар және т.б.) әлі бастары біртұтас халыққа бірікпеген, яғни моңғол деген халықтың негізі әлі қалана қоймаған еді. Осы өздерін Моңғол әулетіне жатқызатындардың өздері де әртекті болғандықтан және моңғол атты жеке тайпа жоқ болғандықтан бұларды Қытай тәрізді көрші жұрттар кезінде жалпылама Менгу-Шибейлер деп атады. Бұл шын мәнінде байырғы қара татарлардың (Шибей татарларының) жаңа атауы еді. Ал енді осындайда, ел халық болып емес, тайпалық ұлыс түрінде өмір сүрген өтпелі кезеңде Шыңғысты және оның беделді бабаларын кімдер қолдады? Бұларды алғаш еркіндік іздеп ен далада жортып жүрген батырлар тобы қолдады. Осы көшпелілерден жырынды болып шығып, тайпа басшысы – нояндардан бөлініп кеткен рулық тармақтардың жекелеген бөліктерін өздерінің соңдарынан ерткен жаужүрек батырлар тобы (нөкерлер) алғаш Қабулханға, онан соң оның ұлы Бардамбатырға (қазақ шежіресінде – Баян батырға), немересі Есугей батырға, шөбересі Темучинге (Темірге) адамдарды ататегіне, руына, тіліне, дініне қарамай, ерлігі мен адалдығы үшін ғана бағалайтын ортақ қасиеттері үшін ілесті. Рулық-тайпалық қақтығыстардан мезі болған жұрт аталған тұлғаларды сондықтан да ерекше қастерледі. Осындай ата салтын ұстанған Шыңғыс хан да өзін белгілі бір халыққа жатқызбай, жартылай түркітілдес, жартылай моңғолтілдес кісі кейпінде екіжақты ғұмыр кешті. Мұндай тұлғаға айналу ататегі Түріктен бастау алатын, бірақ өзін оның ұрпағы Моңғол әулетіне жатқызған осылайша әртүрлі тілде сөйлейтіндердің бәрін аузына қаратқан, айлакер де сұңғыла Шыңғысқа қиынға түскен жоқ. Шыңғыстың он бірінші атасы Боданшардың(монғолша – Бөтеннің, қазақ шежіресінде – он бесінші атасы Бөгденің) анадан некесіз тууы, атасының белгісіздігі, және Шыңғыстың өзінің руы саналатын Қият-Бөржығындардың осы арғы тегі дүдәмал Боданшардан, яғни Бөгдеден басталуы да Ұлы ханның ататек және ру-тайпалық мәселелерге немкетті қарауын туғызды. Сондықтан да күні бүгінге дейін қазақтың ешбір жүзіне жатпайтын Төрелерден басқалар, тіптен бүгінде оны қасиет тұтатын моңғол рулары да, Шыңғысты тұлға ретінде өздерінің рулық ататек шежірелеріне кіргізе алған жоқ. Шығу тегі күмәнді Шыңғыс есімі, даңқты да кемеңгер қолбасы, тіптен өз дәуірінің аса ұлы тұлғасы бола тұрса да, аталған себепке байланысты жауға шапқан қазақ ру-тайпаларының бірде-біреуіне ұран болуға жарамады. Тіптен Үш жүзден тыс тұрған қазақтың Төре бастаған 5 тайпасы мен еш жүзге жатпайтын 14 руы да Шыңғысты ешқашан да өздеріне жақын тартып немесе пір тұтып, оның есімін жауынгерлік ұранға айналдырған емес. Бұлардың ішінде Шыңғысқа ең жақын Төре «Арқар» деп ұрандаса, Қият руы «Арухан» деп ұрандайды. Бір қызығы өзінің шежірелік ататегі осындай Шыңғыс өзінің әскери-ұйымдастырушылық қызметінде әртүрлі ұлыстар мен тайпалық одақтарды біріктірудің рухани және идеялық негізі ретінде осы тайпалардың бәріне ортақ шежірелік дүниетанымды, яғни Моңғол, Татар, Оғыз, Қарахан тәрізді ғасырлар бойы ел мойындаған тарихи тұлғалардың туыстық және мұрагерлік ататек жүйесін басшылыққа алды. Мемлекетті басқару тетігіне айналған бұл шежірелік ұстаным сол заманда өзін-өзі толық ақтап, Шыңғыс төңірегіне әртүрлі тілде сөйлейтіндерді біріктіріп қана қоймай, Ұлы ханның ұрпақтарының да бірнеше ғасыр бойы билік тізгінін басқа әулетке бермей, өздерінің қолдарында ұстауларына жол ашып, оған мүмкіндіктер қалдырды. Ол құрған және осындай шежірелік жүйеге негізделген, бір орталыққа бағынған алғашқы көшпелілер империясының күшеюі Шыңғыстың белгілі бір тайпалық одақтарды емес, билікті қолда ұстайтын әулетті (әсіресе, өздерін Монғол деген кісінің (халықтың емес) әулетіне жатқызатындарды) белсенді көтермелеуінің арқасында мүмкін болды. Өздерін Түрік әулетіне жатқызатындардың билікке Ұйғырлардың Яғлаһар әулетінің келуінен кейін, яғни VІІІ ғасырдан соң Орхон-Алтай аймағынан батысқа ауып кетулері Шыңғысты арада бірнеше ғасыр өткен соң жаңа әулетті – Түрікке туыс Моңғол әулетін қолдауға итермеледі. Халықтық шежіреге сүйенген бұл саясат әртүрлі тілде сөйлейтін әртүрлі тайпаларды біріктірудің таптырмас саяси-рухани және идеялық құралына айналды. Әрине, бұл айтылғандардың бәрі әлемге әйгілі ұлы тұлғаға көлеңке түсіре де, оның асқақ абырой-беделін төмендете де алмайды. Керісінше, оның өміріндегі мұндай жұмбақ тұстарды айқындау сол замандағы тарихи тұлғалардың көшпелілер қоғамында қалыптасу ерекшеліктерін біле түсуге жол ашып, қайраткер атын асқақтата түседі. Өйткені Тәңір құдіретімен пайда болатын тосын тұлғаға сенетін көшпелілер өздерін осындай бейтарап әулеттерден шыққан билеушілердің басқарғанын қалап, әдетте олардың шатасқан ататек шежіресін қолдан толықтырып, олардың кереметтігін дәлелдеу үшін оларды көк тәңірісінен, қасқырдан, еліктен немесе аққудан туғызып алатын. Сол тәрізді Шыңғыстың руын бастайтын арғы бабасы Боданшарды (Бөгдені) қазақ шежіресі, оның шешесі Алангуаның (Өлеңнің) оны «көк тәңірісінің нұрынан жаралған» деп түсіндіруіне сәйкес, Көк деген кісіден туғызып алды. Бұл дегеніңіз, Шыңғыс «Көк тәңірісінің ұрпағы» дегенді білдіреді. Иә, тап солай, ол, Түріктің ғана, Моңғолдың ғана, тіптен шежіреде айтылатын олар туған пайғамбарлардың ғана емес, Көк тәңірісінің өзінің ұрпағы. Көшпелілер арасында Шыңғыс ханның ата-бабаларына байланысты осындай көзқарастың қалыптасуы оның өзін белгілі бір халыққа жатқызуға мүмкіндік бермей келді. Ал бүгінгі моңғолдардың оны мемлекеттің ұлы қайраткері ретінде иемденуіне келер болсақ, Шыңғыстың өзінің осы халық әлі қалыптаспаған дәуірде өмір сүргеніне қарамастан, оның қазіргі Моңғол мемлекетінің негізін қалағаны, ал мұның өзі оның кейінгі ұрпақтары тұсында моңғол деген халықтың қалыптасуына алып келгені рас. Сонымен қатар Шыңғыс ұрпақтары – қазақ хандары Шыңғыстың өзі қайтыс болған соң, үш ғасырдан соң, тарих сахнасына қазақ деген халықтың және оның ұлттық мемлекетінің шығуына тікелей атсалысты. Мұның өзі халықтар әлі қалыптаспаған заманда Орталық Азияның киізтуырлықты әртүрлі тілде сөйлейтін көшпелілер тайпалары туғызған және тәрбиелеген Шыңғыстың Ұлы дала мен Моңғол үстіртіндегі ұлыстарға ортақ тұлға екендігін көрсетеді. Оны арғы бабаларымыз міне, осылай қабылдап (түрікке де, моңғолға да, қазаққа да жатқызбай), бытыраңқы, тіптен өзара жауласқан ру-тайпаларды біріктіруші, ұлыстарды бір мемлекетке ұйыстырушы, тайпалық дүниетанымнан жоғары тұрған, бірден-бір озық тұлға ретінде хан көтерген еді. Бүгінде тарихымызға объективті қарауға ұмтылып отырғанда біздің де осы ұстанымнан бас тартпауымыз керек.
Талас ОМАРБЕКОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, профессор, ҚР ҰҒА-ның Құрметті мүшесі