Рахманқұл БЕРДІБАЙ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының
академигі, филология ғылымдарының докторы,
профессор
Кезінде атағы Қазақстанның көп жеріне жайылған көрнекті ақын Құлыншақ Кемелұлының есімі әдебиет зерттеуші қауымға көптен таныс. Құлыншақ жайында бірсыпыра дерек Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің кезеңдері» деген кітабында, біздің «Гүлістанның бұлбұлдары» атты еңбегімізде, Ә. Оспанұлының Оңтүстік Қазақстан ақындарының творчествосы туралы кандидаттық диссертациясында берілген. Түрлі мақалалар арасында жол-жөнекей аталған тұсы да мол. Дегенмен соңғы жылдарға дейін бұл ақын арнаулы зерттеу нысанасына ілінбей келген еді. Оның негізгі себебі – әдеби мұрасының жиналмауына байланысты болатын. Ғылым академиясы М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорындағы бірен-саран өлеңнен ақынның дарын дәрежесін, шын тұлғасын тану қиын еді.
Ерте кезде ел аралап, талай тойда өлең айтқан, сан айтыста сараман жүйріктікпен жүлде алған ақындардың көбінің-ақ өлеңі хатқа түспей, бірте-бірте ұмытылған ғой. Құлыншақ мұрасы да дәл осындай халге душар болған. Біздің білетініміз – оның ағыл-тегіл төккен жырының жұқанасы ғана болуы мүмкін. Бірақ осының өзінен де ақынның тіл кестесі айқын танылғандай.
Құлыншақтың талантын мадақ еткен мәнді сөздер, жанды куәліктер көп. Солардың ішінде халық поэзиясының алыбы Жамбылдың берген бағасы бір төбе. Өзіне ұстаз тұтқан бұрынғы ақындарды еске түсірген өлеңінде ол:
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан…
Майлықожа, Құлыншақ
Пірім еді бас ұрған, –
дейді.
Бұл қысқа сөзде терең мағына жатыр. Мұнда Құлыншақтың ақындар сапындағы құрметті орны мен даңқы сипатталған. Молда Мұсаның да Құлыншақ талантына ерекше ілтипатпен қарағаны белгілі.
Ақын турасында кейбір тың мағлұматты атақты жыршы, «Алпамыс» эпосының ең көркем, толық нұсқасын айтқан, өзі Құлыншақтың шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаевтың естелік өлеңдерінен де табамыз:
Әкесі Құлыншақтың Кемел еді,
Сүйген екен немере, шөберені.
Алты ұлы алты ауыл боп жүре берді,
Адамға бұдан артық не береді?
Құлыншақ – алтауының ең кенжесі,
Дарыған он бірінде өлең еді.
Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,
Үш тоғыз дүниемен жібереді.
Шөженің ақ батасын алып қайтты –
Адамзат дауаменен көгереді.
Келген соң киіндіріп, ат мінгізіп,
Баланы еркіменен қоя берді.
Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғып,
Күңірентіп жібереді жүрген жерді.
Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,
Жаңғыртқан керегенің көгінде енді.
Ән қандай, өлең мұндай күніндегі
«Шырын – Шекер» сөз бопты тіліндегі.
Еш ақын Құлыншақтай болмайды деп,
Адамдар аңыз ғыпты со күндегі.
Жеткенше жиырмаға тоқтай алмай,
Сейіл ғып аралады төменгі елді,
Ұзын өріс, кең жайлау жүрген жері…
Сұлтанбек тағы бір өлеңінде Құлыншақты былайынша дәріптейді:
Ұстазым – Орта жүздің Құлыншағы,
Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.
Қосылып құлынында ат бәйгеге,
Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы.
Бұл мысалдардан Құлыншақтың он бір жасында ақындық жолына қадам ұрғанын, Арқадағы Шөже ақыннан бата алғанын, қазақ жерін кең шарлағанын көреміз. Өкінішке қарай, оның өз ауылынан жырақ жерлерде жүріп айтқан сөздері сақталмаған.
Зерттеушілер Құлыншақтың домбыра, қобызға қосылып жыр айтқанын, шығыс әдебиетінің бірталай нұсқаларын жатқа білгенін анықтаған. Ол Майлы, Майкөт, Молда Мұса, Берекет секілді белгілі ақындармен айтысқан. Қысқасы, Құлыншақтың ақындығын замандастары да, кейінгілер де биік санаған. Көрнекті сөз ұстасы Асқар Тоқмағамбетов бір өлеңінде Қаратаудың аты әйгілі адамдары қатарында Құлыншақты көрсетеді.
Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы?
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын
Талайды сөзбен орап тұзақтады.
Енді ақынның өмірбаяны, шығармалары және олардың идеялық-көркемдік мәні, бағыты туралы бірер сөз.
Ақын 1840 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының Жартытөбе деген жерінде туып, 1911 жылы Меккеден қайтып келе жатқанда дүние салған. Құлыншақтың өлер адындағы бір ауыз өлеңі бұл мәселені растайды.
Бұл адам көп жасаса, жүзге келер,
Бәрібір үйде өлсең де, түзге көмер.
Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,
Ағайын енді қайда бізге келер.
Кейбір деректерде ол 1831 жылы туған делінеді. Бірақ оның ауылдасы, елінің әңгіме-шежіресіне қанық Әлішер Қосмұханбетовтің және Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының «Шәуілдір» совхозында өмір кешкен, Құлыншақтың біраз өлеңін жатқа білетін ақын Омар Байымбетовтің дәлелдеуіне қарағанда, ақынның 1840 жылы туғаны сенімдірек деп есептеуге болады.
Құлыншақтың жастайынан ақындыққа талаптануы, түсінде қыдыр аян беріп, «көген аласың ба, өлең аласың ба» деп сұрағаны туралы аңыз әңгіме де мәлім. Нағыз ақындар салтына түсіп, оның Арқаны, Сыр бойын, Жетісуды аралағаны, заманында Майлы, Мәделі, Бұдабай, Молда Мұса, Шәді, Майкөттермен әріптес болғаны баршаға белгілі.
Бүкіл Орта Азия халықтарына мәшһүр дастан, қисса, хикая, жырлардың бірталайын Құлыншақ жатқа айтқан, кейбіреулерін нәзира үлгісімен халық ұғымына лайықтап қайта жаратқан. Соның ішінде «Шырын – Шекер» деген жырды ерекше сүйіп толғаған. Турашыл, өжет ақын өз кезіндегі би, болыс, датқалардың жағымсыз қылықтарын өткір тілмен әшкерелеп отырған, өмірдегі көлеңкелі құбылыстарды, адамшылыққа жат істерді сын отымен қарыған.
Құлыншақтың тәлім алған мектебі – халық ауыз әдебиетіне аты, сөзі белгілі ақындар. Сондықтан да ол өзінің ғибрат өлеңдерін сол үлгіде жасайды; өмірдің күнгейі мен теріскейін, жақсылық пен жамандықты, барлық пен жоқтықты, бақи мен пәниді салыстырып, кең пайымдап насихат сөйлейді.
Менің атым Құлыншақ,
Ал сөйлей гөр, тіл мен жақ.
Дауысым, байғұс, шығып бақ,
Саулы інгендей ыңқылдап.
Қызыл тілім, сөйлеп бақ,
Асыл біздей жылтылдап.
Домбырам, байғұс, сен сөйле,
Екі ішегің тыңқылдап.
Он саусағым, қимылда,
Жорға тайдай бұлтылдап,
Ақыры бір күн сынарсың
Буыныңнан сыртылдап.
Сынарсың да тынарсың,
Сөйлемек түгіл, далада
Қу кесек боп тұрарсың.
Терме дәстүріндегі өлеңдердің Құлыншақта мол болғаны аңғарылады. Бізге там-тұмдап жеткен шумақтарына қарағанда, оның өмір ағысын терең барлап, ойлы өсиет пен тағылымды толғау айтуға шебер екені сезіледі.
Енесі жүдеп, нашарлап,
Ертелеп туған төл ғаріп.
Әуеден жауын кем болып,
От шықпай қалса, жер ғаріп.
Басшысы нашар жолығып,
Ынтымақ кетсе, ел ғаріп.
Көкала жылқы болмаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдынды шалқар көл ғаріп.
Қатарынан хал кетіп,
Қуат қашқан ер ғаріп.
Өлеңдетіп әндеткен,
Айналаны сәндеткен,
Уақытым жетсе, мен ғаріп.
Қазақ даласындағы ақын атаулының дарын қуаты сыналатын тұс айтыс немесе адамдардың жақсылығын яки мінін табанда әрі өткір, әрі көркем бейнелеп айту дәстүрі болған ғой. Бұл ретте Құлыншақтың айтулы дүлдүлдердің бірі екені танылады. Оның түрлі оқиғаларға байланысты табанда тауып айтқан сөздері мен үлкенді-кішілі сөз сайыстарының мөлшерін болжап айту қиын. Шешесі өлгенде ол:
Тал бесігін таянған шешем,
Түнде тұрып оянған шешем.
Тар құрсағын кеңіткен шешем,
Тас емшегін жібіткен шешем, –
деп жоқтау айтқан екен дейді. Бұл сөздердің түбірі халықтікі болғанмен, ақынның ол қазынаны еркін игергеніне мысал.
Ақын Майлымен Құлыншақ көп кездескен, екеуі де Қаратау мен Сырдың орта ағысын жайлаған елдің теңдесі жоқ сөз зергерлері саналған. Бұлардың арасында айтыс та болған. Ал олар әншейінде жолыққан сайын сөзбен жарысып, әзілдесіп, өлеңмен қақтығысып отырған. Солардан елдің көбірек білетіні Құлыншақтың:
Майлы, Майлы дегенге май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен, бай болмадың, –
дей бергенде, өлеңнің соңын Майлының іліп ала жөнеліп:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды,
Не жабағы, не құнан, тай болмадың, –
деп бітіргені. Бұл арада біз нағыз төкпе ақындықтың да, тапқырлықтың да озық үлгісін көреміз. Шапшаң жауап табу өз алдына, «Құлыншақ», «Майлы» деген сөздерді ойнатып, одан астар, мағына іздеу неткен шеберлік! Екі ақын да қаншама ел аралап, атағы асып, ауылына қоралап қой айдап келіп жүрсе де, бай бола алмаған. Өлеңнің бір ұштығы осы мәселеге меңзеп тұр.
Бұрын ақындар бас қосып, дидарласқанда, өлеңнің бірі басын, бірі ортасын, бірі аяғын айтып жіберу дәстүрі де күшті дамыған. Құлыншақтың Мәделі, Майлы, Бұдабайлармен ел қыдырып жүріп, әлгіндей «бірлесіп» шығарған жолдары да аз емес. Қандай мағынадағы өлеңің де басын бастаса, жалғасын іркілмей табу оларға қиындық келтірмеген. Бір күні қасындағы жолдасының:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Қайғылының көзінен жас келеді, –
деп бастаған өлеңін Құлыншақ:
Дәулет пенен перзенттің кештігі жоқ,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді, –
деген жолдармен толықтырыпты дейді. Осы секілді мысал мол.
Құлыншақтың әлеуметтік мәні күшті өлеңдерінің бір тобы – жеке адамдарға арналған сөздер. Бұлардың көбінде сын, мысқыл аралас жүреді. Ақын қиянатшылды, дүниеқор, бәлеқорды өлеңмен масқаралап отырған. Уақыт өтіп, нәсілден нәсіл жаңаланса да, ондай сөздер ұмытылмай, ауыздан-ауызға көшіп келген. Патшалар салдырған салтанатты сарайлар қираса да, ақынның сөзі өлмейді деген нақылдың шындығын осы тұстан да көргендей боламыз.
Сондай өлеңдердің бірнешеуін мысалға келтірейік. Ақынның «Ондыбайға» деп аталған өлеңін ел ұмытпапты. Ондыбай – қырды жайлаған болыс екен. Оның ауылына бірде Құлыншақтар жолаушылап барса, болыстың әйелі қонақтарды қораш көріп, дұрыстап күтпейді. Қазақ даласының ежелгі салты бойынша, мейманды сыйламау – үлкен айып. Болыс әйелінің өнегесіздігіне намыстанған Құлыншақ, кетерінде «Ондыбайға» деп үш-төрт ауыз өлең жазып қалдырады. Ол мынау еді:
Сәлем де Ондыбайға Құлыншақтан,
Есектен не туады айғыр шапқан?
Жылтыраған бетіне әуес болмай,
Адамның баласын ал, кісі баққан.
Қызарған не қыласың беттің нұрын,
Салады көрген жігіт көздің қырын.
«Ондыбайдың ауылына барамыз» деп,
Қайдан таныс боламыз үш жыл бұрын?
Болысеке, бұл өлең қайдан шықты?
Үйіңде бесінде ішкен шайдан шықты.
Сабада сапырулы қымыз тұрып,
Күбіден айнып кеткен айран шықты.
Қайыр-қош, болысеке, көргенімше,
Бұл қорлық естен кетпес өлгенімше.
Қос-қабалды арқалап құрыған жақсы,
Итке артып аттың қосын жүргеніңше.
Бұл өлеңді оқыған Ондыбай қатты намыстанып, әйелін төркініне көшіріп жіберген екен деседі. Міне, ақын сөзінің уыттылығы деген осы.
Құлыншақтың «Қуды мініп, құланды құрықтап жүр» деген шығармасында қоғамның әлеуметтік қайшылығы күшті көрсетілгенін бір еңбегінде проф. Е. Ысмайылов атап өткен болатын.
Ақын енді бір шығармасында байдың қызы мен қыз жеңгесінің тойымсыз дүниеқұмарлығын мысқыл еткен:
Бір түлкі тұра қашты, қудым тыңнан,
Ұсынса қол жетпейтін биік шыңнан,
Төбесін бірақ көрдім орғыл құмнан,
Бір жылан, бір айдаһар жолдас бопты,
Түк қалмас, бере берсең, жиған малдан.
Өкінерлігі сол – Құлыншақтың көп жыры, айтысы жазылып қалмаған. Аз сөзі сақталған Майлықожамен айтысында әлеуметтік дертті ашудан гөрі ру мен руды салыстыру, байлық, көптік, бектік санасу сарыны басым. Бұрыннан дос екі ақынды елдің «игі жақсылары» қымыздың қызуына желігіп, еріксіз қолқалап айтыстырғаны, бір-бірімен себепсіз жамандасуға бұлардың зауқы болмағаны Құлыншақтың мына сөздерінен аңғарылады:
Жиылдық үлкен-кіші үйден, түзден,
Жүйрік ат топтан озып, бәйге сүзген.
Қоңыратта Майлықожа, Құлыншақ боп,
Екеуміз шығып едік Орта жүзден.
Қосылдық екі жүйрік сайымызға,
Бір нұқсан түспегей де пайымызға.
Тақсыр-ау, өлеңіңді енді қамда,
Бозбала қоймас болды жайымызға…
Атап өтерлік бір мәселе – дер кезінде хатқа түспей, кейінірек ел аузынан жиналғандықтан, ақындардың бірінің өлеңі кейде екіншісінікі телініп кете береді. Құлыншақтың кейбір өлеңі осылайша басқалардың қорына «қосылып» жүруі де мүмкін. Әсіресе мұндай ауыс-күйіс жері, елі, өлкесі жақын, замандас ақындар мұрасында кездесуі ғажап емес. Мәселен, «Көлбайға» деген бір ауыз өлең бірде Молда Мұсаға, бірде Майлықожаға телініп келеді.
Сонымен, Құлыншақ ақынның әдеби мұрасының көлемі мен құрамын анықтай түсу жөнінде алдағы кезде де жаңа ізденістер жүргізіле беруі қажет. Біз Сұлтанбек жыршы айтып келген «Күн жауады әуеден, қара бұлт торласа» деп басталатын толғауды да Құлыншаққа тән деп шамалаймыз. Мұндай мысалдар баршылық.
Бір тәуір жері – Құлыншақ өлеңдерін аз да болса, білетін адамдардың кездесіп отыратындығы. Бізге ақынның жетпіс жол өлеңін ілгеріде аты аталған Омар Байымбетов ақсақалдың айтуынан шымкенттік зейнеткер, өз жанынан өлең, дастан шығара алатын Исақұл Ақылов жазып жіберді. Тағы бірер өлеңді Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген аудандық бұрынғы тұтынушылар қоғамының төрағасы Жәңгірбай Әлиев, Түркістан ауданы бұрынғы «ІІІ Интернационал» колхозының бригадирі Әлімбай Қасымбеков айтып берді.
* * *
Соңғы жылдарда Құлыншақтың мұрасын жинауға атсалысып келе жатқан ақынның жерлесі оқу-ағарту ісінің озаты, бүгінде зейнеткер Рысқұл Рысжанов. Осы кісінің ыждағаттылығы арқасында Құлыншақтың бірсыпыра өлеңдері табылып, баспасөз бетінде жарияланды, ақын шығармаларының кішігірім жинағы Шымкентте басылып шықты. Рысжановтың жинаушылық қызметінің елеулі екенін бізге жіберген хатынан нақтылы біліп отырмыз. Ең алдымен, Рекең Құлыншақтың өмірбаянын кейбір жаңа материалдармен толықтырғанын атап көрсету керек. Ол ел арасынан ақынның төмендегідей шығармаларын жазып алған.
Олар: 1. Құлыншақтың термесі; 2. Өсиет өлеңі; 3. Шөже мен Құлыншақтың қақтығысы; 4. Көлбай болыстың үйіне қонғаны; 5. Бір байдың үйінде; 6. Бір байға мысалдап айтқаны; 7. Ондыбай болысқа хаты; 8. Мазақ қылма Көлбайым; 9. Ел арасындағы жанжалды өлеңмен тоқтатуы; 10. Ар-ұяты бар кісі; 11. Алпыс бір жанның атауы; 12. Өмір туралы толғау; 13. Біреуге берсем дегін, алсам деме; 14. Әркім әуес қылады қолда жоқты; 15. Арқада бар балқурай; 16. Бірінші байлық – денсаулық; 17. Қызыл тілім сөйлеп қал; 18. Дүйсенбі, сенде арман жоқ; 19. Атадан артық туған Жаманқара; 20. Тар құрсағын кеңіткен; 21. Түйе жисаң, нардан жи; 22. Түйенің түйе болмағы; 23. Қыс қыстауға құм жақсы; 24. Адамды құдай ойлады; 24. Атаның аруағына түней келдік; 25. Жаратқан, медет бере гөр; 26. Ар-ұятты ойлаған; 27. Құлыншақ пен Шәдінің хат өлеңі; 28. Молда Мұсаға хат өлеңі… Бұл тізімнен ақын мұрасының шеңбері кеңейіп, шеберлік деңгейі айқындала түскенін көреміз. Осы қатарға Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын Әсіпхан Қосаровтан жазып алынған «Құлыншақ пен Қисық батыр» деген аса тапқыр да тартымды өлеңді қосу парыз. Құлыншақтың мұншама шығармасының табылуы арнайы зерттеуді қажет етеді.
Құлыншақ ақынның жаңадан табылған өлеңдері тақырып жағынан алуан қырлы. Мұнда жеке адамдарға арналған мадақ немесе мысқыл, өмір туралы толғау, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, мысқыл, өмір туралы толғау, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, ғибрат, насихат – бәрі де ұшырайды. Солардың әрқайсысынан шабытты ақынның сенімді серпіні, алғыр ойы, қырғи тілі танылады. Қазақтың Ресей патшалығына бодан болып, еріктен, биліктен, құнарлы жерден айырылып қалған мүшкіл халін ақын қысқа да дәл мінездейді:
Падишамыз орыс-ты
Күннен күнге қылып тұр
Көңілдегі жоқ істі.
Қадаулы ағаш, тартқан сым
Қазақтан алды қонысты.
Қазынаға қарыздар
Халық көбейді борышты…
Отаршылдар халықтың қас-қабағына қарайтын игі жақсыларды шеттетіп, парасатсыз жандайшаптарды көтермелеу саясатын жүргізгені, мұсылман дәстүрінің қыспаққа түсірілгені де ақынның қырағы көзінен қалыс қалмайды.
Маубас өгіз секілді,
Не көрімдер би болды.
Мұсылманның баласы
Табанға түсіп, и болды…
Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салты, наным-сенімі есепке алынбай, жат мінездер, өктем іс-әрекеттер, зорлық-зомбылықтар көбейгені тұтас бір елдің ең қымбат, қадірлі ұғымдарын аздырып, тоздыратынын да Құлыншақ қапысыз көре білген.
Бір жұмыс түссе басыңа,
Айдаушысын ертіп кеп,
Баса-көктеп үстіңнен
Шығарады үкімді.
Олар білмей барады
Алыс пенен жақынды,
Тентек пенен мақұлды.
Ойлап тұрсаң, пенделер,
Қиямет-қайым жақын-ды.
Бұл жолдар Ресей басқыншылығының зардабын, халықтың келешегі үшін орны толмас өкініштерге душар ететінін жырлаған Шортанбай, Дулат, Мұрат ақындар шығармаларымен сарындас екені таңғаларлық емес, өйткені отаршылдықтың зіл салмағы Қазақстанның барлық өңіріне де бірдей түскен. Құлыншақ заманының ең күрделі, салдарлы мәселелеріне көзқарас білдіре алған құлашы кең, дәуір жыршысы бола білгендігін бұл секілді шығармалар айқын елестетеді…
Әлеуметтік өмірдің мәнді тұстарын, өмір қайшылықтары мен тартыстарын ақын көсіле жырлайды.
Көп көрдім: жақсы қандай, жаман қандай,
Көп көрдім: жомарт қандай, сараң қандай.
Өзінше ішіп-жеуге қалмайтұғын,
Сараңдар көп жияды арам малды-ай.
Ер жігіт он бесінде елім дейді,
Ел үшін еңбек етсе, ерінбейді.
Жамандар қыр аспайды қырқында да,
Пайдасы елге тиер көрінбейді…
Енді бірде шығыстың ұлы шайырлары салған ізбен адамшылық шарттарын ғибрат етіп айтады.
Біреуге берсем дегін, алсам деме,
Біреудің адал нанын алып жеме.
Артында жақсылығың қалса қалар,
Адамның жамандығы қалсын неге?
Өз заманының атақты адамдарының үлгілі істері, ұмытылмас өнегесін де ақын ағынан жарылып мадақ етеді. Құлыншақтың туып-өскен еліне жақсы істерімен аты қалған Дүйсенбіні:
Дүйсенбі, сенде арман жоқ,
Алаштың ұлы ат қосса,
Жарыстан атың қалған жоқ.
Өле-өлгенше ел-жұртың
Қызметіңнен қалған жоқ, –
десе, әрі батырлығымен, әрі әділдігімен атырабына мәлім болған, намыс үшін қандай мықтыға да қарсы шабатын, Қаратаудың теріскейіндегі Үштөбе, Жартытөбе деген құнарлы жерлерді өз жұртына мәңгілік қоныс етіп қалдырған, жаудан беті қайтпаған Жаманқараны:
Жарқырап шығып еді дыбыстарың,
Өзіңе пар келмейді алысқаның.
Тор темір түрмесінде жатсаң-дағы,
Терісі тесілмеген арыстаным, –
деп сипаттайды.
Ақын өмірдегі жан сүйсінер жақсылықтарды көтере дәріптесе, жамандық атаулыны сын отымен қариды. Оның семсердей өткір тілі зұлымдық пен пасықтықты, қатыгездік пен қараулықты аяусыз әшкере етеді. Мәселен, тәкаппар, содыр мінезді Қисық батыр «мені сынашы» дегенде, Құлыншақ:
Болар ең жылқы болсаң, кәті ғана,
Мінетін бір сорлының аты ғана.
Қаңғырып, кебек іздеп жүргеніңде
Көсеумен сабар еді қатын, бала.
Қой болсаң, болар едің тоқты ғана,
Сары ала бөксе жағың боқты ғана.
Үйіне жалғыз мейман келе қалса,
Соятын сол мейманға епті ғана.
Болар ең, ешкі болсаң, қотыр ешкі,
Шалбардай жұртта қалған бетің ескі.
Мақтанба, көрмегендей, Қисық батыр,
Әкең де құлшылықпен күнін кешті.
Тәрізің бақсы ұстаған қобыздай боп,
Пішінің жаман екен доңыздай боп.
Қатының таңдап алған сұлу екен,
Қойнына жатамысың қоңыздай боп, –
деп айтудан тайсалмаған.
Құлыншақтың ауылына жапсарлас жатқан Көлбай болысқа айтқан делінген екі өлең ел аузында сақталған. Соның бірінде ақын болыс үйіне қонақ болып келгенде лайықты күтім көрмегеніне намыстанып, Көлбайға хат түрінде жазып қалдырған. Ол өлең мынау еді:
Ауылдан шыққан күні Көлбай қондық,
Десе дағы «Көлбай жоқ», болмай қойдық.
Ішкеніміз қатықсыз қара көже,
Тақыр жерге иірген қойдай болдық.
Ал «Мазақ қылма, Көлбайым» деген өлең Құлыншақтың тағы бір келгенінде Көлбайдың ақынға лайықты ілтипат көрсетпей, сайқымазақ сөздер айтқанына орай туған делінеді.
Ауылға келген жыршыны
Мазақ қылма, Көлбайым.
Мазақ қылсаң, Көлбайым,
Сенің әкең Жұмабай
Шылбырдан өлген кісі еді,
Кетерсің болып сондайын…
Бұл арада Көлбайдың әкесі Жұмабайдың елге жасаған жағымсыз істері үшін киіз үйдің шаңырағына шылбырмен асып өлтірілген деген аңыз-әңгімені болыстың бетіне салық еткен. «Тіл тас жармаса да, бас жарады» деген осы. Нағыз ақындар кезеңі келгенде қандай шындықты да батыл айтып тастаған ғой.
Құлыншақ ақын шығармашылығының аумағы әлі де толық анықталып болған жоқ. Зерттеушілердің жаңадан тапқан деректері ақынның дарын қырларын ашуға көмектеседі. Белгілі фольклоршы Нысанбек Төреқұлов өзінің «Алатау асқарынан жыр асырған» (1966 ж.) деген кітабында Жамбылдың ақындық пырағына қол артқан жас шағында Қаратауға келіп, бұл елдің атақты жүйріктері Майлымен, Құлыншақпен кездесіп, бата алғанын сөз етеді. Осы еңбегінде Нысекең Жамбыл Құлыншақтан «Ер Шора», «Қыз Жібек» жырларын тыңдағанын жазады (Көрсетілген кітап, 60-62-бб.). «Кешкілік ас-судан кейін сөзді Құлыншақ алды. Ол бұл кеште «Қыз Жібек» хикаясын шертті. Қособаның басында Бекежан қолынан мерт болған Төлегеннің аспандағы алты қазбен қоштасқан зарын егілте әуендеткенде отырған қария, кейуаналар көзіне жас алды. Бұл қиссаны Жамбыл ынта қоя тыңдаған. Құлыншақтың «Қыз Жібекті» домбыра, сырнаймен кезек-кезек сүйемелдеп, әр түрлі әнге салып орындағанына қызықты. Мұндай жыршыны бұрын-соңды көрмепті». (Аталған кітап, 62-б.). Бұл мағлұматтар ақын Құлыншақтың әрі жыршы болғанын әйгілейді. Алдағы кезде Құлыншақтың жыршылық репертуары да, ең қажеттісі, сол жырлардың әртүрлі нұсқасы да анықталса, құба-құп болар еді…
Сөз соңын Қаратау елінің ауызекі тараған көне сөздерін зердесіне құя білген, сол өңірдің шежірешісіндей әрі ақын, әрі тілмар Есіркеп Өмірбековтің Құлыншаққа арналған «Еске алу» деген толғауындағы:
Осы жұрт ұмытқан ба Құлыншақты,
Өлеңге бәйге атындай ұрыншақты.
Келгенде сексен ақын айтысуға
Мәреге бәрінен де бұрын шапты…
Өлең десе, биіктен өрлеуші еді,
Егесте ешкімге дес бермеуші еді,
Толтыра кең даланы кермеуші еді, –
деген жолдармен тұйықтағымыз келеді.
Біз Құлыншақ ақынның құм қиыршағының арасында қалған алтынның сынығындай асыл сөздерін ұмытылмай сақталғанына қуаныштымыз. Келтірілген мысалдар Құлыншақтың даңқы оның шеберлік даралығына сай болғанын дәлелдейді.
Тау болмайды бұлақсыз,
Көл болмайды құрақсыз.
Малсыз адам тұяқсыз,
Ұлсыз адам шырақсыз…
Арғымақ мініп не керек,
Артынан жабы жеткен соң,
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң… –
деген секілді сөз меруертін қалдырған кемел ақынның мұрасы ұзақ жасай бермек.