ҚҰЛЫНШАҚ ПЕН ЖАМБЫЛ

Қаздай қалқып ерінбей,Өлең тердім жасымнан.Майлықожа, ҚұлыншақПірім еді бас ұрған –деп ұлы жырау Жамбыл бекерден-бекер жырламаса керек. Демек Майлықожа, Құлыншақ қазақ әдебиеті тарихында аса дарынды әрі құдіретті ірі тұлғалар болғаны ғой. Майлықожа мен Құлыншақ жөнінде қазақ әдебиетінің, оның ішінде халық поэзиясының жанашыр білгірлері Рахманқұл Бердібай мен Әсілхан Оспанұлының зерттеу еңбектері оқушы қауымға таныс. Іздестіріп, зер сала жүрсе, ол ақындардың әлі де жиналмаған өлең-жырлары, ғұмырнамалық деректері ел арасынан кездесіп қалады.Осыдан он шақты жыл бұрын қазақ ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының Жамбыл жөніндегі жоспарлы жұмысы бойынша іздеу салып жүргенімізде Құлыншақ ақынның жиені, өзі ескі Бабата шаһарында туып өскен Әбділда Бағдәулетұлымен кездесіп, сұбхат құрдық. Әбділда ақсақал біз жолыққан кезде Ташкент қаласында тұратын. Өзі 85 жаста, әлі бақуатты екен.– Ол жылдары, – дейді Бағдәулетұлы, – біз Түркістанда тұратынбыз. Ескі Ихан көшесінің кіреберісінде үлкен әуліміз, бастырмалата соққан төрт бөлмелі кесектен қалаған үйіміз, оның арт жағында қора-жайымыз болатын. Әкем Бағдәулет, ағамыз Есжан Түркістан базарының делдалы болып істейтін. Қаратаудың теріскейінен, әсіресе Бабата, Үштөбе, Жартытөбе жағынан базарға мал айдап келетін сүлгетай, маңғытайлар біздің үйге түсетін. Әкем мен ағам олардың малдарын сатысып, дүкеннен қант-шай, киім-кешек, мата әперісіп жүретін.Сүмбіленің аяқ кезі ғой деймін, біздің үйге Құлыншақ ақын келіп түсті. Қасында екі жолдасы бар. Әлі есімде біреуін – Молда Мұса, қара мұртты, ұзын бойлысын Бұдабай десті. Құлыншақ бізге нағашы. Ол – көтенші, біз сүлгетай боламыз. Түркістанға келсе, біздің үйге соқпай кетпейтін. Біраз күн жатып, өлең-жыр айтатын. Түнімен қисса тыңдайтынбыз. Бұл жолы да тап солай болды.Құлыншақ нағашым әуелі домбырасының құлағын келтіріп алды да, «Қыз Жібекті» айтайын ба, «Шырын – Шекерді ме», «Шора батырды ма?» деді де, өзінің:Менің атым Құлыншақ,Ал сөйлей гөр, тіл мен жақ,Даусым, байғұс, шығып бақ,Саулы інгендей ыңқылдап,Қызыл тілім сөйлеп бақ,Асыл біздей жылтылдап.Домбырам, байғұс, сен сөйле,Екі ішегің тыңқылдап.Он саусағым қимылда,Жорға тайдай бұлтылдап,Ақыры бір күн сынарсың,Буыныңнан сыртылдап.Сынарсың да тынарсың…, –дейтін үйреншікті терме сөзін тізіп шықты. Нағашымның бұл сөзін бұрын да талай рет тыңдағанбыз. Сондықтан көкейде жатталып қалғаны осы ғана… Бала кезімізде біраз шұбырта беруші ек, қартайған соң ол да естен шыға бастады емес пе… – Әбекең қария, сәл дем алып, терін сүртті.– Ертеңіне – деп жалғады Әбекең сөзін, – елге қайтамыз деп, түстік жеп бола бергенде, біздің үйге үш аттылы сау етіп түсе қалды. Егделеу біреуін Майлықожа десті, қасындағы жұпыны киімді екі жігітті танымадым. Аттарын байлап, жүріңіздер деп, үйге кіре бергенде, төрде отырған нағашым «Майлымбысың?» деп тани кетті де.Майлы, майлы дегенде май болмадың,Ат пен түйе алсаң да бай болмадың, –дей бергенде, Майлықожа оның қолын ала беріп:Сен Құлыншақ болғалы талай заман,Иә құлын, иә жабағы тай болмадың, –деген, бұрыннан елге жайылып кеткен бірқақпайын еске түсірді. Бәріміз күлкіге қарық болып қалдық. Ақындар бірін-бірі білетін сияқты. Бәрі жайраңдасып, сәлемдесіп жатыр. Бір уақытта Майлы ақын нағашымның жанына жайғаса беріп:– Бұл Жамбыл деген ақын, – деп қасындағы бейтаныс жігітті таныстыра бастады. – Жетісу елінен, ана бір жылы сол жаққа барғанымда қасымнан қалмай еріп жүрген. Атақты Сүйінбайдың жақын шәкірт-інісі. Сонда біздің елге келерсің деп шақырып едім, келіпті. Менен «Көрұғылыны», «Қыз Жібекті», Тотының әңгімесін үйреніп жүр…Сол отырыста Майлықожа ертеректе Жетісу және қырғыз еліндегі жиында болғанын еске алған. Жаныс ақынмен айтысатын жолы Сүйінбайдың ақындығына әбден қанық болған екен.Майлы ақын өмірінің соңғы кездерінде де Жетісу елінде болған. Оған ХІХ ғасырдың сексенінші жылдары Аспара, Меркеде өткен Сыпатай батыр асында Сүйінбаймен кездесіп, айтысқаны дәлел. Бұл жөнінде зерттеушілер былай жазып жүр.«Сыпатай батырдың асында Ноғай мырза Сыр бойынан келіп қатысқан қоңырат елі адамдарын елей қоймаған себепті екпе-кірне ретінде айтылып, 1883 жылы Я. Лутш бастырған «Киргизская хрестоматия» деген жинағында Ноғай мырза деген атпен дербес жарияланған бұл шығармада «Сүйінбай мен Майлықожа айтысы» деп осы жырдың үзік-жұлықтары жинап, бастырылған» (Ә. Оспанұлы. Қаратау атырабының ақындары, 1983. – 100-б.).Бағдәулетұлы әңгімесін жалғастыра түсіп:«Сонда, – дейді, – Құлыншақ нағашым қасындағы Майлықожаға қарап: «Майлеке, Жетісуда көп болғаныңды білдіргің келіп отыр ғой. Оны ана бір жылы кездескенде айтқансың. Енді мына жас жігіттің лебізін тыңдасақ қайтеді?» Осыны күтіп отырған Молда Мұса да, Бұдабай да: «Иә, Жамбыл сөйлесін» десті. Бұдан соң Жамбыл жеңін түрініп, қалақша жомбыраны қолға алды:Ай, мен Жамбылмын, Жамбылмын,Қара жолдай даңғылмын.Жастайымнан жын буып,Өлең қудым, қаңғырдым.Шапқан жерді шаң қылдым,Айтысқанды таң қылдым,Тыңдаушымды қандырдым… –деп, өзін таныстырып өтті. Онан соң өзі айтатын қисса, жырларды жұрт қалауына салды. «Саурық батыр» деген дастанын ет пісірім уақыт жырлап шықты.Осыған келгенде иығында сүлгісі бар жас жігіт «ауқат дайын болды, қол жуыңыздар!» деп келген. Ол сары шылапшын мен үйрек мойын мыс құманды жағалатып кісі қолына су құйып шыққан. Буы бұрқыраған сарыала қазы, білем-білем, құйрық толы табақ үш жерден тартылды. Құлыншақтың алдына жасы үлкен деп бас қойылды. Құлыншақ 1840 жылы туылып, 1911 жылы Меккеден қайтар жолда дүниеден өткен.Тамақтан соңғы сөзді де Құлыншақ алды. Ол әуелі өлеңдетіп, шұбыртпалы бата беріп, үй иесіне алғыс айтты. Домбырасын қаттырақ бұрап, әуенге келтірді де, өзінің он бір жасынан ақындық жолға түскенін, әкесі Кемелдің ұйғаруымен Арқадағы әйгілі Шөже жыраудан барып бата алғанын, содан бері талай жыр, қисса толғап жүргенін айтып өтті. Сөйтті де сәл тыныс алып, бір хикаяны бастай берді. Бұл «Шора батыр» тұғын. Түн ортасы ауды, қисса әлі аяқталар емес, қызыл бауырсақ, науат, өрік-мейіз аралас төгілген кестелі дастархан қайта жайылды. Бір уақытта:– Аға, шәй ішіп, демала тұрыңыз! – деді Молда Мұса. Ол өзінің бірер мысал өлеңін айтып, жұртты бір сергітіп тастады. Онан соң Бұдабай да: «Біз едік Бұдабайы Орта жүздің» деп басталатын жырын толғады. Бағаналы бері ішінен өлең торлап отырған Жамбыл:– Құлыншақ аға, жаңағы жырыңызды қайта айтып берсем қайтеді? – деген. Бұл сөзге өзге ақындар елең ете қалысты.– «Шора батырды» ма?– Иә, Шораны.– Егер түгел айта алмасаң ше?– Айтады, мүдірсе, мен кепілгер, – деді Майлы.– Айтсын, айтсын! – десті бәрі.Жамбыл домбырасын безектетіп Шораны термеледі: Нәрікбай бір балаға зар болады. Ол насат батыр болып өседі. Жауларынан кек алады. Бір батырмен жекпе-жекке шығар алдында оған былай дейді:Тегімді менің сұрасаң,Ноғайлы деген ел деді.Әкемді менің сұрасаң,Нәрік деген хан деді.Өз атымды сұрасаң,Шора деген мен деді.Қасымдағы серігім –Әрі батыр, әрі биҚұлыншақ деген ер деді.Оның берген билігіҚырық бименен тең деді.Өлесің ғой, қалмағым,Опат болып сен деді.Қуып келген артыңнанШора батыр мен деді.Жамбыл ақын осылай термелеп әуендеткенде, тыңдаушы біздер «ой, пәлі-ай» деп қалдық. Құлыншақ насаттанып, оған сүйсінді:– Нағыз құймақұлақ екен. Сөзім айна-қатасыз түп-түгел шықты ғой.Молда Мұса да:– Жаттағыш-ақ екен, – деп жатыр.Майлы желпіне түссе керек:– Мен анау-мынау жыршыны жаныма ертпеймін ғой. Көрмейсіңдер ме, Құлыншақтың термелеген жерін термеледі, әндеткен жерін әндетті…Не керек, ақындар сол түні таң атқанша думандатқан. Олар үшінші күн дегенде тарасқан. Құлыншақ бастаған ақындар Таздар еліндегі шақырылған тойға жүріп кеткен. Молда Мұса мен Бұдабай Бабайқорғанға бармақ болып, олардан бөлініп қалған.* * *Түркістаннан шыққан төрт аттылы бірде желе жортып, бірде жорғалата отырып, Ихан суынан өтті. Ноғай қорғандағы шашақ тақиялы молданың үйіне жетіп ат шалдырды.Дегенде Ноғай қорған, Ноғай қорған,Ары өткен, бері өткен талай қонған, –деп, олар үлкен бесінде ілгері жүріп кеткен.Ақындар Нұра жотасын бөктерлеп, Мыңбұлақ басына жетті. Бұл кәдімгі:Біз ауылдан шықтық та Көлбай қондық,Көлбай үйде жоқ десе де болмай қондық.Қонаққа қотыр ешкі сойып беріп,Иірген тақыр жерге қойдай болдық, –деп Құлыншақ ақын айта беретін Көлбай ауылы. Жолаушылар Ишан талының жел жағымен Қаратауға қарай бет алды.Күн қызыл жиектеніп батар алдында олар Қарабас өзенінің бойындағы кең сазда отырған Досбай әжінің үйіне кеп түсті.– Келгендеріңіз мұндай жақсы болар ма, – деді, оларды қарсы алған жігіт күлімдеп. – Болысекеңе әлгінде айтып отыр едім, бүгін келмесе, Түркістанға өзім барып ертіп келемін деп…Бұл алып-ұшып қуанып жүрген осы ауылдың Зұлпықар Балғабаев деген жас ақыны. Үнемі Досбай болыстың қасында болып, сөзін сөйлейтін жақын інісі.Досбайдың екі бірдей сәйгүлігі ат бәйгесінен озып келіп, той үстіне той ұласқан. Оның алдында баласы Пірназар ер-азамат болып атқа қонған. Осы қуаныштың құрметіне ол тойды жалғастырған. Ақ боз үйін сегіз қанат етіп қайта тіккізген. Қонақтар сол үйге жайғасты. Сары қымыз сапырылды. Тағы да тай сойылды. Құлыншақ ақын он екі тілді сырнайын сызылтып:– Қуанышыңыз құтты болсын, – деп, бір құттықтау жырды төгіп салды.Майлықожаға кезек келгенде, ол:– Мен, – деді, – бұл ауылға келген сайын сөйлеп жүрмін ғой. Енді мына қонақ бала сөйлесін.Жамбыл әуелі той иесіне арнау айтты.– Досай, Жаманбай ұрпақтары бізге алыс емес, түбіміз бір, туысқан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Алатаудың Өтегені мен Қаратаудың Құттыбай батырлары тізе қосып, жауын бірге қуысқан.Осылайша жыр тізбектеліп, жалғаса берді. Жұрт жас жыршының аяқ алысына сүйсінді.Кешкілік ас-судан кейінгі сөзді Құлыншақ алды. Ол бұл кеште «Қыз Жібек» хикаясын шертті. Қособаның басында Бекежан қолынан мерт болған Төлегеннің аспандағы алты қазбен қоштасқан зарын егілте әуендеткенде отырған қария-кейуаналар көзіне жас алды. Бұл қиссаны да Жамбыл зор ынта қоя тыңдады. Құлыншақтың «Қыз Жібекті» домбыра, сырнаймен кезек-кезек сүйемелдеп, әртүрлі әуенге салып орындауына қызықты. Мұндай жыршыны бұрын-соңды көрмепті.Ертеңіне Жамбыл Зұлпықарға:– Тағы бір үлкен олжа таптым, – деген. – Түркістанда Құлекеңнен «Шораны», бұл ауылда «Қыз Жібекті» алдым.Ақындар көпшілік көрсеткен сый-құрметке алғыс айтып аттанысты. Құлыншақ, Майлықожа елдеріне қайтты. Ал Зұлпықар Жамбылды ертіп Шаянға бет алды. Олар Арыстанды өзенінен өтіп, шаңқай түсте Шаянға жетті. Сәрсенбі базары қызып жатыр екен.Екеуі Базар шетіндегі керме ағашқа аттарын байлады да, қауын сатып отырған кішкентай шалға барды. Зұлпықар оны танитын еді. Бұл кәдімгі Шалдар ауылының үнемі «иә» деп сөйлеуді әдетке айналдырып кеткен момақан қауыншы шалы.– Әлімбетпісің?– Иә.– Үй ішің аман ба?– Иә.– Қауын өзіңдікі ме?– Иә.– Неше пұлдан?– Иә, сендерге сатпай-ақ берейін. Иә, қауын жеңдер.Шөкімдей қызыл шырайлы, таңқы танау, бітік көз шал үюлі жатқан сары әңгелегі аралас көк ала, сарғайған қауындардың бірін салмақтап иіскеп алды да, былай деді:– Мынаны жарайын ба?– Мейлің.Шал сопақша келген ақұрық торлама қауынның сабақ басын кездігімен ойып ала бергенде, әлгі қауын тарс етіп, өзінен-өзі жарылып кетті. Жамбыл мұндай шыртылдақ тәтті қауынды бұрын көрмеген-ді. Ішінен тамсана сүйсініп тұр.Әлімбет қауыншы екеуінің алдына қауынды кеселеп қойып:– Иә, жеңдер, шөлдеп келген шығарсыңдар, – деп жатыр.Сусындап алған соң, Зұлпықар Жамбылды ертіп, Шаян құжырасын аралады.– Бұл құжыра, – деді Зұлпықар, – тіптен ертеде салынса керек. Шығысы Тараз, Батысы Түркістан, төменгі жағы – Ташкент, Қаратау жағы – Құмкент шаһарларынан шыққан керуен жолы осы Шаянға келіп түйіседі дейді ел. Мұнда жиырма бес құжыра, төрт дәрісхана, бір бас күмбезді үй бар. Бірі – балалар дәріс алатын, бірі – намаз оқитын бөлмелер. Аппақ ишан, Сабыр Мағзұм, Шаншар Қожа дегендер осында ескіше дәріс оқыған. Жас кезімізде бұл медреседен – Нұралы, Молда Мұса, Шәді төре бәріміз дәріс алғанбыз. Шәді дегенде Жамбылдың құлағы елең ете қалды. Түркістанда болғанда Шәді төре есімін әркімнен есіткен еді. Оның «Төрт дәруіш», «Мұңлық – Зарлық», «Қыз Жібек» қиссаларын айтатынын, кейде жазып, кітап етіп бастырып жүргенін білген. Жолыққалы сұрастырса, ауылда жоқ болып шыққан.Құжырадан шыққан олар аттарына барып мінді де, Нұралы ақын түсе беретін Қарабатырдың үйіне барды. Нұралының оқтын-оқтын құжыра кітапханасына келіп арабша, парсыша көн қапталған кітаптарды ақтарып, қызықтысын қиссаға айналдыратын әдеті еді. Бір жұмадан бері осы үйде қисса жазып отыр екен. Бәрі өзара танысып, жай сұрасады. Зұлпықар Досбай ауылына Түркістаннан Құлыншақтың келгенін, Жамбылды ертіп осында шыққанын айтты. Дастархан жайылды.Әуелгі сөзді Нұралы бастады. Ол өзінің ана бір жылы Ташкентте өзбек шайырымен кездесіп, айтысқанын айтып берді. Әзіл-оспақ, қалжың-назға құрылған бұл айтыс тыңдаушыны көңілді күлкіге қарық қылды.Осылайша өлең, жыр жалғаса берді. Сол жолғы Нұралы мен Зұлпықардың өзара сөз қағысының аяғы әжептәуір айтысқа айналған. Осы айтысты және Зұлпықардың Жамбылға арнаған өлеңін, оған Жамбылдың қайтарған жауабын және:Ал енді қош болып тұр, Зұлпықарым,Сұрай келе боп шықтық бөле-қарын.Заузада аралаттың Бөген, Шаян,Құрметті аямадың, салдың бәрін, –деп басталатын өлеңін күні кешеге дейін Зұлпықар ақынның туысы Мыңбай аузынан тастамай айтып жүрді. Мыңбай Сұлтанбеков бұрынғы Алғабас ауданының Алғабас ауылында туып-өскен. Кешегі майдан жылдары аудандық мәдени-үгіт бригадасында қызмет істеген. Өзінің замандастары Айнабек Нысанов, Көпбай Әлімбетов, Желеу Жақыпов сияқты ақындармен айтысқа түскен ауыл ақыны.Міне, содан бері талай жылдар өтті. Құлыншақ Кемелұлына – 160, оның шәкірті Жамбыл Жабайұлына 155 жыл өтіп барады. Ел-жұрты олардың жыр мұраларын қастерлеп жинап, мәңгі есте сақтауда.Нысанбек ТӨРЕҚҰЛ,филология ғылымдарының докторы, профессор

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: