Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор
Әдеби дамудың негізгі даңғыл жолы – ұлттық әдеби дәстүр. Біз күні кешеге дейін осы ақиқатты мойындамай, әдебиетімізді батыстық даму жолына бұрып, қазақ әдебиетіндегі жылт еткен жақсылықтың барлығы да орыс әдебиетінен келген деп, өзеуреп келдік. Жамбылдың Сүйінбайды, Майлықожа мен Құлыншақты, Құлыншақтың Шөжені ұстаз тұтып, олардан ақындық өнердің қыр-сырын көп үйренгендігі, нәтижесінде олардың ойынан шығып, үкілеген үмітті шәкірті ретінде бата алғандығы, сөйтіп, қазақтың біртұтас ақындық дәстүрінің жалғасып келгендігі саяси себептермен ұмыт қала берді. Саяси жағынан залалсыз ақындар ғана әдеби дәстүрден үзіп алынып, жеке-дара ұсынылды. Осындай себептермен өткен замандарда жасаған көп ақындарымыз өзіне лайықты бағасын алып, халыққа өз дәрежесінде танылмай келді.Құлыншақ Қаратау өңірі ақындық мектебінің аса ірі өкілі ретінде аты аталып жүргенімен де, оның поэзиялық мұрасын жинап, бастыру, ғылыми тұрғыдан баға беру, оқырманға таныстыру өз дәрежесінде болып келді деп айта алмаймыз. Оған басты себептер: ақынның халық қамын жырлағандығы. Отаршылдық саясатқа қарсы шыққандығы, діни-ағартушылық бағытта болғандығы, ең бастысы – әділеттілікті жыр еткендігі. Әрине, мұндай ақынның патшашыл отаршылдарға да, кеңесшіл отаршылдарға да ұнай қоймасы анық еді.Құлыншақ – ең алдымен, халықшыл ақын. Сондықтан да ол бір өлеңінде «Халқым үшін шарқ ұрып, алаңдаймын» деп жырлайды. Ақынның өлеңдері көбіне адамдықты, имандылықты уағыздаған дидактикалық сарында келеді. Оның көп өлеңі «Жабыдан айғыр салма жалы бар деп. // Тексіздің қызын алма малы бар деп» сарындас келеді. Мұндай өлеңдерінен ұлттық таным-түйсік, ата-баба дәстүрін ұлықтаушылық мен мұндалап тұрады.Әңгімесін естісең,Жаһаннан асқа ғұлама.Қылған ісін байқасаң,Батқандай белден күнәға, –деген жолдарды оқығанда, Абайдың «Бойы бұлғаңы» еске түседі. Жыраулық дәстүр үлгісінде жазылған «Не ғаріп?», «Тәнің де мейман жаныңа…», «Тыңдаушың жаман кездессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақсы?», «Би болмас белін жалпақ буғанменен» сияқты өлеңдері өмірдегі жақсы мен жаманды ажырата білуге үндейді. «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Құлыншақтың термесі», «Жаратылыс туралы» сияқты өлеңдері өмір, өмір сүрудің мәні мен мақсаты, тіршілік туралы терең толғаныстарға толы.Қ. Кемелұлы – елінің есендігін, егемендігін ойлап, жыр төккен күрескер ақын. Ол орыс отаршылдарының озбырлығына ашық қарсы шығады:Жайлауымды жау алып,Ықтияр кетті-ау күллі елден…Қаптаған хахол сыймайды,Қазақтан алды қонысты.Қазынаға қарыздар,Халық көбейді борыштар…Қадақ болған кісідей,Ала алмай жүрмін кегімді.Жансыры болған жыландай,Киреңдетті белімді –деп, кейінгі ұрпақтарды мына заманның беталысы жаман, осылайша кете берсе, жаманшылыққа апарып соқтыруы мүмкін екендігімен сақтандырады.Ақынның Шөжемен, Майлықожамен, Қадиша қызбен айтыстары және түрлі жағдайларда, ұрымтал тұстарда табанда айтылып, ел аузына тарап кеткен өлеңдері де көпке мәлім. Мысалы, ақынның Майлықожаға:Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,Жұрттан алып жегенмен бай болмадың, –деп сөз тастағанда, оған Майлықожаның:Сен Құлыншақ болғалы талай болды,Иә құлын, иә жабағы, тай болмадың, –деп табанда жауап берген сөз қағыстыруының жұрт арасында жүрген екі түрлі нұсқасы бар. Сондай-ақ оңтүстік өңірінде кездесетін үш, не одан да көп ақындар айтысының бір үлгісі ретінде Құлыншақ, Мәделі, Майлықожа үшеуінің сөз жарыстыруы да қызғылықты.Ақынның өзі өмірден өткенімен, артында халқына арнаған маржан сөздері қалды; әке жолын қолға алып, алқалы жиындарда өнерімен топқа түсті; ең бастысы, негізін Құлыншақ салған Қаратау өңірінің ақындық мектебі қалыптасып, қазақ поэзиясының жыр дариясына үлкен арна болып құйылады.Жалпы, Құлыншақ ақын – қазақ поэзиясының құнарлы бір топырағы Қаратау өңірінен шығып, артында тұтас бір әдеби дәстүр, ұлттық сөз өнеріміздің дамуында айтарлықтай із қалдырған аса ірі тұлғалардың бірі. Ақынның әдеби мұрасы толық жиналып, басылып шықты дей алмаймыз. Халық арасына кеңінен тарап кеткен Құлыншақ өлеңдерін ел игілігіне айналдыруда О. Жолдыбай біраз шаруалар атқарып жүр. Алдағы уақыттарда да ақын өлеңдерін жинап бастыру, оның көркемдік, идеялық сапаларын саралап, ғылыми тұрғыдан игеру жұмыстары жалғаса бергені лазым.Сөзімізді Бұдабай ақынның Құлыншақ туралы айтқан мына бір өлеңдерімен аяқтағымыз келеді. Оңтүстікте Майлықожа, Мәделі сияқты мықты ақындардың көптігін айта келіп, Бұдабай:Ең озығы Құлыншақ,Өлең десе, ұрыншақ.Шу асауды тоқтатқан,Бұғалақты бұрын сап –деп, Құлыншақтың ақындық қуатын аса жоғары бағалайды. Өмірін өлеңге арнап, халқының қамын жеп, арын арлап, мұңын мұңдап, жауһар жырымен халқының жүрегінен орын алған Құлыншақтай ақынның өлеңдері халқының рухани қажетіне қызмет ете берері анық.