Қойбағар батырдың тапқырлығының арқасында атамекенді қайтарып алған соң қалың ел атамекенге қарай бет бұрады. Шақай атамыздың өзінің бел балалары: Жиенбай, Көшек, Атан, Тайлақ, Күшік болып келеді. Осы аталарымыздың өмірге келуінің өзі бір тарихи оқиға, енді соны әңгімелейік.Жер дауымен, ел көшіру қамымен жүргенде Шақай атамыздың үйіндегі Айкүміс шешеміз төркінінде жүріп босанып қалады. Содан ол нәрестенің атын нағашыларының ауылында туғандықтан Жиенбай қояды. Ел көш-көлігін дайындап, ата қонысқа қарай көшкен кезде жолда Айкүміс шешеміз тағы бір ұл туады. Ол кезде көш бір жерде қыстап, енді бір жерде жаз жайлап, асықпай малдың, елдің жағдайымен өте баяу қозғалады. Міне сол көшіп келе жатқанда туған баласының атын көш-көлікті болсын деп Көшек қояды. Ата қонысқа көшіп келіп, қоныстанған соң тағы бір үл туады. Ата қонысқа келдік қой, бұның аты енді Атан болсын дейді. Тағы біраз жылдан соң, ата қонысқа, әбден жайғасып, жайланған кезде Айкүміс шешеміз тағы бір ұл туады. Атамыз Шақай сүйінші сұрап келгендерден не туды?» деп сұрапты. Сонда сүйінші сұраған адам: «Ұл бала!» десе, аны «Е-е ол енді Атанның артынан ерген Тайлақ болады да!» деген. Тағы да екі-үш жылдан соң Айкүміс шешеміз тағы бір ұл туады. “Атамыз Шақайдан тағы да сүйінші сұрамай ма? Сөйтсе ол кісі «Е, қызталақ, ол енді аналардың артынан ерген Күшік болады да!» деген екен. Сол балаларының Күшіктен басқасынан ұрпақ бар. Ал Күшік баласын 18-19 жасында үйлендіріпті. Үйленген соң үш айдан кейін жаман бір жұқпалы аурумен ауырып, қайтыс болыпты. Оның әйелін әмеңгер ретінде Тайлақ атамызға қосқан екен. • Саңғылдар шежіре, Рахым қажы Балаби, 1999• https://sangyl.site/• https://www.facebook.com/groups/1762287963929362