МЫҢЖЫЛҚЫНЫҢ ҮСТІНДЕГІ ТҮН

Есқара ТОҚТАСЫНҰЛЫ, жазушы (Әңгіме)

Шошақ төбенің басында түз құсынша ұзақ күнге селт етпей біреу отыратын болды.Отыздағы бейтаныстың етекті мұрыны, желкесінен тоғандаулы қалың шашы, күтімді сақал-мұрты, тоқ қабағы жалт қараса, біршама айбарлы. Қой көздері ғана қартайған жүйріктің көзіндей мейірімді, мұңлы.Бақташының үйі беріп жіберген местегі айранды құшырлана сіміріп, шибұт қара балаға көз қысуын мұның мына салтанатына ересек адам олқы көруі кәдік.Суретші Әзездің есіл-дерті тауларда. Күнде тосын бояу аршылады: асқарлар пәспен, шымқай қара, көк, көгілжім түстер қызғыш, сұрғылт, жасыл түспен өршиді. Таулар – арудың басына тартқан көкшіл орамалы да, иегінің астынан арқыраған Үлкен Қарақұстың өзендері қос бұрымы ыспатты («келші» деп үзілген қос білегіне ұқсауы ықтимал). Ал ана сұр жазықтағы Қойбағардың қоңыр сазы, ылдидағы Сызған ауылы сол перизаттың ақ бұғақтағы меңі тәрізді.Таудан сусыған құмдай жалпақ жазық, көз ұшында мұнарға жеңіліп аспанға сіңеді де, етектегі шоқат-шоқылар биіктей-биіктей жота құрады. Өзен жағалай шеңгел тығыз, тау баурайын қоңыртөбел тобылғы өрнектейді.Әйткенмен суретшінің көкейін тесетін жер бедерінен гөрі басқа нәрсе… Ол екі шекесін қысқан мезгіл Шерен саздан бақташы Мақанның күпілдек даусы естілді.– Қызталақтың іші пыспайтыны?! Қандай ой екен жеп баратқан?! Тұп-тура Меккені көретіндей төрт күннен бері төбеден түссейші?! – Бақташының қолында дүрбі.– Әй, оның не сөз? – Киіз үйден тысқары, ошақ басынан әйелі аңырайып қарады.– Ілгері, төңкерістен бұрын Меккеге кеткен Құлыншақтың сүгіретін салмақшы.– Ол кім еді?– Мына жартытөбелік, саңғыл. Әкем айтушы еді одан жүйрік шайыр өтпеген деп.– Қайтіп салмақшы?– Көрмеген адамды салу машақат. Тағы бір тоқтымды сояйын, жүдетіп алармыз пәтшағарды. – Мақан денесі селкілдеп күлді.– Жәйрақ! – Әйелі бетін шымышды. – Мейманың естіп қояды.– Естісе, не ғылады?! Ол – інім, жыным келсе, сабап аламын.Ақ қалат киген қызы сиыр сауып жүр. Бақташының үйі сауған сүттен сепаратқа салып, сапқозға май өткізеді… Қыз тұлғасы, көз кідірткен Әзездің бойын күннің шуағындай жылытты. Жаһанның сиқыры сол қыздың даусында. Жел өтіне абайсызда өсіп қалған талша майысқақ, қауырсындай елбірек дауыс үнемі күтпеген жерден естіледі. Іргеден бе, шаңырақтан ба, өзен сылдырымен шатастырдым ба деп абдырайды.Қатар тігілген үйден кенет транзистор сөйлеп, Ротарудың кербез даусы естілсе, сол маңда Теңгештің жүргені, ол да Теңгештің бұрауынан.Шай құйып отырысы ше? Көздің құрты: кеседегі ыстық шайды қалай тез ішіп қойғанын аңғармай, үй иесінің сауалын естімей «а» деп тосылып қалады. Солқылдақ белі, иілген (әсілі бұл сөздің Теңгешті суреттегенде орны көп) мойны, ибамен ғана бір-біріне тиісіп жататын жұтынтар жұмыр тізесінде мүсін сұлулығына ештеңе теңемес суретші көзіне де ұстатпас сиқыр жасырынады. Көзін ашып-жұмып «былайша-ау», «жо, мынадай ғой» деп, қалам ұстағандай саусақтары жыбырлап, өнебойы елберек қағар еді.Үйде кісі барда Теңгеш кеңірек көйлек киеді. Қимыл үсті тиіп кеткен балғын дененің томпағы, үшкірі былқ етіп білініп қалады. Ол әсер – жүректің ойнақылығы осындайдан пайда болатынына иландырады.Сұлулық шүберекпен бе тәйірі?! Әзездің пайымынша, киімнің ең қымбаты, модалысы қазіргі адамды тек көпшілікпен теңгереді. Сұлулық көздің жанарынан, еріннің, мүсіннің сиқыр қимылынан, өзге ортамен жанасуынан дараланады.Шешілмес жұмбақ, ашылмас сандықтың сыры Теңгештің көзінде, келбетінде. Ол ешуақыт тіктеп қарамайды. «О, Сақара сұлуы?! Қадала тоқтап, жанарымыз бір мәрте ұшырасса?! Ықылас болжатса?! Бұл дерт ылғи іш құбылтады, тілек телміртеді. Бірақ Теңгештің көзі ойдан жүйрік, қазіргі мерген көбейген кездегі атқызбас арқарша сергек.Оңашада Әзез өзіне-өзі: «Еркем, отызды түсінермісің?! Жүрегім жем болған, көзімнен сырқатты пендемін. Көзім – аузын ашқан аждаһа, қарамағаның құп», – дейді.Теңгеш үйден ұзаса, не сыбдыры естілмесе, Әзез бағзы мақсатымен ойға шомады. Теңгеш (үй іргесіне су шашуға ма) қалай сәл-ақ мазалы дыбыспен көлеңдеп өтсе, иә үй сыпырмаққа кіріп келсе, бағанадан әзер қалаған ой дуалы жер қозғалғандай жермен жексен болады. Кейінше бәрін қайта пайымдап, тіртінектеп жинауға кірісер еді.Бір майдан, Әзез, Қаратаудың теріскейінен «Бұл қыз ойлантпады, ойымды бұзды» деп «қашқан күнде», Теңгеш бейнесі талай заман абыржытары күмәнсіз: байырғы сөзбен айтқанда жүректің арманда кеткен бір әні болып қалмақ. Талайдан мазалап, шешімін тапқызбай сарсаңға салған суретін салмаққа бейтаныс өңірге келген Әзезді, қазіргі елең жеңген көңілі алып-қашып, қылқаламнан жерітіп тұр.* * *Сақал-шашына шал қызығарлық бейтанысқа бақташы Мақаннан бұрын Сызған ауылы назар аударып еді. О шет, бұ шеті тас лақтырым мекеннен жөн сұрамаған кемде-кем. Жолынан бұрылып, ескі танысша әркімнің шүйіркелесе кетуі Әзезге де тосын қызық-ты. Қала адамы сырт көзге пір, әйтпесе жылы сөзге іші зар.– Шырағым! Күнгейдей емес, біздің елдің рәсімі жай сұрағыш…Қызығы: ертеңіне, кешегі жүз таныстарының ерін жыбырлатып қана өте шыққаны одан бетер ошарылтты.Әзез күнұзақ ауыл, төңірек кезеді. Футбол жаңалықтарын білуге газет те, жанашыр да ұшпайды. Ауылдың төрт бұрышынан әрбір қалт еткен қимылды, дыбысты бақты. Орылған пішен жолағын толқынға ұқсатты.Шынында, бұл бейқам жүрісі бұйығыңқы көңілді айықтырар құдірет сыйлаған раушан сәт, сая еді. Желге ұшқан газет қиындысындағы суреттер, оқта-текте самбырлай жөнейтін клуб репродукторы әлдеқайда таңғажайып оқиғалар, жанжалдар гуілдеп, машина құжынаған шаһарлар барын еске салады. Самарқаулықтан ада, бұл мамырайқан күндер өткінші, біраздан соң қалада алаң-елеңнен жұмысына асығып, «Қайраты» жайлы елмен пікір таластырып бара жататыны айқын. Ендеше бұл күндерде жүрегін тұтатып, әрқалай сөйлетіп, әрнеден ұшқын ұшырып бағуы ләзім…Әсілі, ауылды қанша шарла, үлкен жүректің дүрсілі таудан естіледі: маңыраған мал, жалғыз-жарым машина, баршасы сонау әруақты алыптан қаймыға дыбыстайтындай. Көк шалғынға шалқалаған Әзез: «Иә, сонымен ақынның… мұңлы ақынның көзі қандай еді?» деп күрсінді.Ақтамберді, Шалкиіз, Пушкин, Дулат, Абай, Блок, Сәкен, Ілияс, Төлеген, Мұқағали… көздері. Кітаптан-кітапқа ауысқан суреттер пәлендей сыр байқатпайды. Әзез, сол қаскөй минөт, өмірсерік жалғанның қас-қағымда өзін сатып кеткенін сезген ақынның келбетін, шырқыраған жанарын тап басып ұстауға тиіс.Шынтақтай бере суретшінің көзі тауға тірелген. Қаратаудың осы Теріскейі қылышпен шапқандай құлама, тік. Арғы жағынан долы теңіз жағаға ұрынып, аузынан ақ көбік бұрқырап төгілетіндей. Су зардабынан иығы ырым-жырым. Шатқал-шаттан еңкілдеген өзен – бұлақ сол теңіз дүбірі тәрізді. «Ақын – тау тұлғалы. Жанарынан теңіз гүрілі сезілмек». Бұл ойын Әзез қойын дәптеріне түсірді. Тереңдеуге ертерек, сарыла отырмады. Тек тауға қарай тартуға атығырылып тұра келді.«Қонақүй» атты барақта айра-жайра мүлкін жиыстырып жатып столға жаюлы газеттен «Төлеген Момбеков» деген жазуды көзі шалып, шартта тоқтады. Далаға атқып, сиыр айдаған келіншекке:– Қалқам! Күйшінің үйі қайсы? – деп айқай салды.– Оу шетте, Бөлеген қайнымыздың үйі. – Мосқал әйел екен….Әне, Әзез қара сыбағынан жаңбыр шайып сабаны мұрт тікірейткен шиферлі там, суға түскен тұмақтай көріксіз қора-қопсы, көне киіз үйдің алдында тұр. Күйшіні құда шақырған үй ертіп әкеткенін естіп: «жапандағы жалғыз бұлақты қасиеттемесе көзі бітелер-ау» деп қамықты. Күйшіге жолықпағанын аңдаған қонақ үйдің басшысы – тойхананың іші кемеш жез самаурыны ыспатты дөңгелек апай «пластинкасын әкеп берейін» деп елжіреді.Қаратаудың қос күйшісінің өміріне қадірдан жазушы Тәкен әңгімелерінен құлағдар Әзез, ішектің бастапқы ызыңын тағаты үзіле тосты. Шала-шарпы «Сылқылдақ», «Саржайлауды» ұйқастыратын суретші, шертпе күйді кейінгі уақ радиодан құлағы шалса, нілдей ұйып, аз тартылуына қанбай қалушы еді.Оны Сүгірдің «Шалқымасы», Төлегеннің «Қосбасары», «Мыңжылқысы» қанша қойса зеріктірмеді. Түбіне бойлатпады. «Әзез: «Мұңды ақынның қолына домбыра ұстатса ше?» деді.Пластинкадағы сиқыр үннің іліп-шалып, тапжылмай қытықтап, аңсар арбап ноқталауына көнсе де, оның иесінің ауылдың ана шетінен бейнесі елестей әуеннен адасып қала берді. Күй ортекедей орғығанда, не тамыр ұстап, не бозінгендей бүлкілдегенде сол адам бір аунап түскенге, далада тықыршып жүргенге, оқтын-оқтын күрсінгенге ұқсап мазасын алды.Әзездің «Шалқыманың» тәтті иірімін ыңылдай жатып көзі ілінген. Ол ертеңіне түске таман таныс үйге келіп, қаракөлеңке тамда теледидар тамашалаған үй-ішінің үстінен шықты. Шашын ұстарамен алдырған жалаңбас күйшінің суретшіні елең еткізген бас бітімі. Төбесі сопақша, құйқасы жұмсақ мұндай басты бір ғұламадан көріп еді. «Егер осы адам шынымен Төлеген күйші болса, ана шекедегі ұрыстың тыртығынан миы бүлк-бүлк соғады».Күйші шу дегенде қолына қу таяқ ұстағандай кібіртіктеді. Домбырашы, әдетте, шартақтап шыға ұйтқытып тарта алады. Ал Төлеген күйшіні, бірсыпыра дарындар құралпы суда қалқыған ағашша әуенге батпай – бір ана басы, бір мына басы қайқиып әбігер жеңді.– Інім, осының ішегін ауыстырайықшы? – даусы қоңыр да, ашық та емес, ашық аспандағы жұқалтаң ақ шарбы бұлттай үзік-үзік.Ішек ауыстырып, тиек аласартқан сүт пісірім мезгілде жай сөз маздап Әзездің арқасы жазылса, күйші қазықтағы додакеш аттай көкпар қиқуынан еті қызыпты. Әсер тұшынбақ, жуас ырғақтың меңзеуін болжамақ суретшіні, күй салған беттен адастырып әкетті.– Көке! Атын, туу жайын айта отырыңызшы?Келесі бел-белестерде Әзездің пікір түюге мұршасы келмеді. «Ана зарынан» аспап айта алмас қайғы-қасірет сұңқылдады. «Қосбасар», «Арман», «Салтанат», «Қаратау шертпесі». Бірде зарлы құйын ортасына түсіп басы айналса, бірде алабөтен дыбыстар қалампыр бүрікті. «Күй төресі «Қосбасардың» тіл жетпес шырайлы иірімінен «Айналайын, көке-ай» деп ұшып барып, құшақтай ала жаздады.Кетпеншіге лайық добалдай, икемсіздеу саусақтардың пәрмені өзегінде екен. Әне, Әзез, күйші екеуі масаты кілемде қалқып ұшады. Мың-сан бояулы ғарыш, жұлдыз атаулы тіршілік еміндей. Әзез әрқайсысына қылқаламын малып, кенепке сурет салмақшы.Кейінше миына сап еткен жай: тартушы домбыраның шанақ, ішек, перне, тиек, құлақтан құралатын аспап бола тұра қағысын аңғартпауы тиістігі. Күй желісінен көз жазып, домбыра тыңқылына ден қойған тұс күйдің шалыс басқаны, немесе тыңдаушының тайыздығынан.Туасы, саусағы шаққан күйші де, тағдырдай әрқилы небір ғажап күйлер де қазақта баршылық. Шертпе күй жеті қат аспан, алты қат жер астын сүңги тінтіп, шыңырауынан тот басқан, кісен шынжыры күңгірлеген шер, елтитін тәтті үндерді теріп шығарады. Шертпе күй – сиқыр дыбыстың толғағы қаттысы, келесі үнді таптырмас, жорамалың болдырар шырайлысы. Ол кейде көз ұшына кетпейді, жақын маңда «бақайшағы маймаңдап-ақ» сілеңді құртады. Қас сұлудай телміртеді, қарияның қиыр шалғайда жүрген жалғыз ұлына сағыныш, уайымын жырлап буын-буыныңды алады. Топырағыңа тете әуеннен әуен табады, ырғақ құбылтады. Ол өзін сынатпайды, тәнті еткізеді.«Иә, «Мұңлы ақынның» қасірет-наласын шертпе күй шертпек».Пушкин көзі Ресей болып көрінер, қазақ сақарасын Абай жанарынан оқыңыз. Бәлкім, өзі қызыл жалауын жалаулатқан өкіметтің, өзін шімірікпей атқанын көрген сәттегі Сәкеннің көзі болар? Әлде замана күйті толып, сан-сапалақ машина, техника, жат жұрттық түсінік иманды таптап, тынышшылық уақ жалғыздық кешкен Мұқағали көзі ме? Иә болмаса, елінің қанға боялған шағын төсек тартып жатып аңдаған Пабло Неруда көзі шығар?…Әзез ләм-мимсіз, күйшінің алдынан аяқ астынан түрегелді. Далада жан-жағына әсте бұрылмай қонақүйіне қарата жүгіре басты.Міне, Әзез мольбертінің қасында тұр. Қылқаламын бояуға малып кенепке дамылсыз сүйкейді. Жалғанда кезікпеген адам кескіндері көлбеңдейді, алуан түрлі зар бүріккен көз төнеді, құрамы тосын бояулар жапсырылады. Қаумалаған нұсқаның бәрі ұсталып, санасы шайдай ашыла, ол «Уһ» деп диванға жата кетті. Сонан соң суреттерден шұқшиған көздерден қашып, есікті кілттеп көшеге шықты. Әлі дүдәмал-тұғын. Айналшақтап, ішке қайта кіріп, әлігілердің бетін бүркеп теріс қаратты. Ақыр соңы жайма-жай ақ қағазын суырып, жұмсақ қаламмен сала бастады.* * *«Көк теңізде бір кеме жүзіп келеді. Қажылықтан қайтқан топ қазақтың ішінде Құлыншақ ақын бар». Мың тоғыз жүз он бірінші жылғы бұл оқиғаны, Ленинградтан елге демалысқа келген студент Әзез, жолаушы қарттан естіген еді.Суретші жанталаса еңбектенді: қаламы дирижердің таяғынша сенімді ым меңзейді. Мұндай алғыр сәт сирек.«Теңіз бетін тұман басады. Күн-түнін айырғысыз трюмнің іші. Кеменің шайқасына көндікпеген қауым құса-құса әбден обыққан». Бұл әңгімені Әзез талай жылдан егжей-тегжейлі ойлап, басы-қасында болғандай елестете алады. Жұбаныш сол ғана, әйтпесе «айтарын» мандытпай, қаншама уақыты, бояуы сарп етілді?!Толассыз көлбеңдеген идеялар мен сиықтарды кескіндеп суретші қағаздан-қағазға ұмсынды. Құлыншақ ақынның даусын, көкірегін дәл қазіргідей естімеген, ұғынбаған.«Меккеден қайтқан топқа тамақ тесіктен тасталады. Жарық көрсетпейді. Трюмде сыз бен ешуақыт дала қазағы сезбеген мүңкіген бір иіс өкпе қабады. «Нағып міне қалдық бұл кемеге? Жермен барғасын жермен қайтпағаны несі?».– Жамағат! – Құлыншақ кеуде жазды. – Шорнақбай, Қалбан! Көрістанға тірідей қамады, адамға санамады. Өлдік қой тұншығып. Тұрайықшы!Жиырма шақты қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен қозғалақтағанмен, тіс жармады.– Шорнақбай, Қалбан!– Жолдың тәшпіші – мақшардағы рақмат туы… Шыдайық, шыдайық.«Өстіп қорлықта өлген қажыны шындықтан бейхабар елі «Меккеде өлгендер жұмаққа барады» деп қастерледі-ау. Әлде… «Кемеде төрт күн жүзгенде бір түрікмен екеуіне беймәлім сырқат жабысқан сияқты».Әзез қаламын лақтырып, шұғыл темекі тұтатты да, олай-былай жүре бастады.* * *«Құлыншақ, Ащысайдан Торлан асуымен Теріскейдегі Жартытөбесіне тартар жолда, ұлдары Сатай, Әкбар, қызы Тотынайға «Өлеңнің басы мынау, аяғын тап» деп жарыстырар еді. Досы Майлықожамен бір тойдан бір тойға жалғасар жиырма жылға созылған айтысы қазір еңіреп қалған жесірдей… Жүйрік Сатайының тағдыры қамықтырады…Ақын жүрегі бір жамандықты сезіп аласұрды. Әлденуақ бөтен ой килігіп, қарадай иығы селкілдеп жаны дірдек қақты. Сөз құдіреті қонып, мыңды аузына қаратып, арттағыға кітап етіп қалдыра алмағанын айтсайшы?! Дарын мұраты өнерінің өлмеуі екен-ау….Кеменің қанша жүзгені беймәлім. Әйтеуір төбедегі тасыр-тұсыр елеңдетті.– Е, Алла тағала! Жүз жиырма төрт мың пайғамбар, жүз отыз үш мың сақаба! Қолдай гөр! Жеттік пе жағаға?!Шал-шанақ буынып-түйініп есікке кептелді. Сықасумен ет пісірім уақыт өте, тыста әлдекімдер қатты зекіріп темір есіктің кілтін бұрады. Ең соңында ілбіген Құлыншақ-тын. Бетіне тесірейген солдат:– Холера! Холера! – деп «шарр» етті.Құлыншақтың реңі бұзылып серіктерінің соңынан елпеңдеп бақты. Енді жұрт мұнан үрписін!– Холера! Холера! – Құзғын дауыс әлі байбаламдайды.– Әй, Шорнақбай, Қалбан! Тоқтасаңдаршы!Құлыншақ таяғын аттатып, шекпен етегі жалпылдайды. Арманы – қалайда жағаға ілігіп құлау. Арқасынан тіс ақситқан бір бәле қуып келеді. Айлақтағы ығы-жығы халық безіп барады. Жағаға жетерменде әлдекімдер үстіне тор тастап, Құлыншақ шалқалай құлады.– Шорнақбай, Қалбан! – Ол тормен сүйрелеген жатқа қарамады. – Бұл нәмәрт қаусаған шалды қайтпек? Елге барып өлейінде, өлсем де.– Холера! Холера!– Әй, шырағым, тілмаш шақыр!– Холера! Холера! – Аналар құлақ асар емес.– Тайпа елді ертіп әкетер тілімнің байлануы-ай?! Ана сүтіңмен біткен тіліңмен жаныңды қорғай алмасаң, қорлық екен-ау?!Солдаттардың мейірімсіздігіне жаны шыдамай құрақ ұшып жеткен Шорнақбай, Қалбанға әміркен етікті, иығы оймыш-оймыш ұлығы «бұл осында қалады», бала-шағаны көрсетіп «жұғады» деген сияқтанды.– Шорнақбай! Қалбан! Сүміреймеңдерші! Берігірек келіңдерші! Қаласың дейді ғой. – Ақынның көзіне жас лықсыды.– Ондай ауру емес шығар, жазылып кетерсіз, пірәдар?!– Елге, еліме барайыншы?! Алып кетіңдерші, мені бермеңдерші?! – Құлыншақтың көзінен жас шып-шып тамшылайды».Суретші қойын дәптеріне жазу түсірді.«Мылтық дүмімен қақпайлауынан, аямай сүйреуінен аналардың босатпасы белгілі болып, Құлыншақтың жаны қысылып, жанары жаутаңдап қолын созады. Солдаттар мұның серіктерін жолатпады. Әбден түтіккен.– Шорнақбай, Қалбан! Қайтем? Кім біледі, суға тастап балыққа жем болам ба, таспен ұрып өлтіре ме?!– Өлмейтін кім бар, сабыр-сабыр?! – Тақуа Қалбан жыламсырайды. – Біз… біз сүйегімізді арқалап барамыз, осы жақта… неғылмай.«Ажалдан қорықпаймын-ау, қазағымның төрт аяғын тең басқан Құлыншағы ем. Ақын атанып, артымда тасқа басқан сөзім қалмай барады. «Қош-қошын», «бауырымын» айта алмай туған ел, туған жер қалып барады. «Тым құрыса, анау мола Құлыншақтікі» дейтін сүйегім бұйырмайтын болды-ау… Жусанды сары далама, Қаратауымның құба белдеріне қарап жатып үзілсемші!..»* * *Күн батып, түн орнап, ертеңгі таңның атқанын Әзез ояна білді. Ұйқыда дел-сал болып терлеген бе, жылаған ба, жастығы малмандай. Қолына қылқаламын ұстап еді, зауқы соқпады. Біреу тыста қол бұлғап шақырғандай, көшеде мереке салтанаты қызып, мың-сан халық өтердей беймазалық сезді. Сонан соң әндете жүріп сақал-мұртын басып, жеңі қысқа ақ көйлек киіп сыртқа шықты. Құлыншақ ақынның келбетін қазір әкесіндей елестете алады. Шүңіректеу көзі ғана әлі жұмбақ.Шаңды жолда Әзезге бір түйелі жанасты. Түйенің, боксшының қолғапты қолындай аяғын әр жерден тастасына, ұсқыны келіспеген басына таңырқап езу тартты. Бірсыдырғы өңкеңнен өңкең.– Сен әлігі ауылға келген суретшімісің? – Үстіндегі, қоңқақ мұрын, мойнына ілген дүрбісі бар, қара тақиялы егде кісі екен. – Шырағым-ау, шашты туды-бітті алдырмағансың ба, немене? Салағұлаш… – Кеңк-кеңк күлді. – Суретші, ақын-жазушылар тауға құмар, көңілің шапса ап кетем мінгізіп.Мұндайда «Құдай жеткізді» демесең сәні келмейді деп Әзез жайыла ыржиды. Сәлден кейін екі шабаданын жіппен байлап, қоржындап, бақташы Мақанның артына мінгесіп тауға қарата келе жатты.Әр көліктің жүрісіне ыңғайланып отыру да өнер. Бір майдан Әзездің іші лоқылдаудан ауырса, түйедей биіктен құлап майып болу қаупі жадыдан мықтап ұстатады. Әсеріне бола шыдайды. Бақташының тау қойнауындағы қос киіз үйіне ол өстіп келген.* * *Содан бертінгі төрт күнде зәредей іс тындырмады. Үйреншікті, арнасымен ағып жатқан өміріне Теңгеш бейнесі сына болып қағылып, көңілі алып-ұшып, тетігін тапқандай суретке тереңдей алар емес….Ол түз құсынша ұзақ «қонақтаған» төбеден сергек құлдилай берді. Көз байланса қызды суға жібермейді, қазір Теңгештің бұлақ басына соғатын иіні.Бұлақ бастауына жеткені сол, қаракөлеңке жар астына ерен қара балық жалт берді. Секемшіл суретші де шошыды. «Ақ ниетті сәт, қаса дұшпан, не қара мысық болып жолын кеседі, не басқа тұрпатта қара көрсетеді». Оның есін жидырған шелек сылдыры. Шеңгел арасындағы күтпеген кездесуден қыз состиып қалды.– Теңгеш! – Шелегін күлімсірей алып, бұлаққа батырып су әперді. – Теңгеш, ертең бас жаққа барып сурет саламын, түске таяу келші.Қыз тіс жармады. Ұзаған арудың арқасынан аңсарын аймалатып Әзез қала берді. «Сөнген жанартау – жүрегімнің аузын бұл жан қоймай аршиды. Талайдан шалажансар сезім біржолата мертіге ме? Бағым ба?»Қырық күн шілдеде тау іші қоңырсалқын. Ертеңіне таң ата әудем жер сейіл құрған Әзезге дене шынықтыру, аспай-саспай жуыну, есінеу тоғышарлық көрінді. Телмірткен таулар онша қызықтырмады. Шайдың қайнауына тағатсыз. Теңгештің көлеңдеуі боса-болмаса азап. Ақыры холстын иығына ілді.Бәрібір суретке қолы жуыспады. Түске дейін екі көзі шеңгел аралар жолда болды. «Иә, тірліктегі қиындықтың сорақысы – күту».Теңгеш күдер үзген кез, ойламаған тұстан шыға келгенде Әзез тап «сол күндердегіше» қапалақтап, жаман састы: дірдектеп, не істеп, не қойғанын, не дегенін шала шарпы аңғарады. Әйтеуір байқағаны қыздың қолынан ұстап алыпты. Ол шамалы тартыншақтайды. Әзезді махаббат тілінің ең шарпулысы, бұршақ аралас төпеген нөсері қаумалайды. Жаһанның ұлы ақындарының махаббат жайлы өлеңдерін жаттап өскен, ақынға, ақынды түсінгендерге ғашық, ақын болмағанынан «мүсәпір» Әзезді, қазір аспан беті іңкәрлік шимайына толы құдіретті сөздің бірі де көңілін көншітпейді. Теңгештің дидарына түгелдей жарамсыз, боркемік татитындай.– Теңгеш! Бетіңнен сүйейінші? – «Ол не дегені?» Қыз бұлқынып, қалшылдап кетті. Жанары от шашты, тамырынан қан тулады. – Ескерткішке, айналайын.– Аға, ағатай?– Мен бір мұңлы адам едім, қалқам. Бір сүюге зар едім. – Әзез азырақ мүдіріп, қыздың қолын босатып жіберді.Жаңа ғана алабұртқан Теңгеш анадайда шелегін қойып, шашын сілки соңына қарады. Онысы еліктің қырасардағы қуғыншыны барлауына ұқсаса, еңкейіп гүл иіскеуін назға балап Әзез әрі-сәрі. Сәлден кейін:– Мұңлы ақынның көзінде жас бар, ғашықтық мұңы бар, – деді күрсініп.* * *– Мыңжылқының жонына «Шаңырақсалдымен» де, «Қалмақасумен» де шығасың.– «Қалмақасуыңыз» қайсы, Мақа?– Әнеу! – Бақташы бүктелген қамшысымен тік беткейді нұсқады. – Ілгері жол білместіктен қалмақтар бас сауғалай қашқан екен остай. Бірақ, – суретшіге қомсына сөйледі, – сенің шыға қоюың неғайбыл. Ертең бір күн «Шаңырақсалдымен» апарамын.Әзездің әрдайым қиындатқанға құмар, қашқанды қуатын қырсық мінезінен бақташы бейхабар.Ертеңіне, Әзез, Мақанның бесіншіде оқитын баласы Төленбек екеуі асуға қарата айдап берді. Суретшінің арқасында керек-жарағы бар. Олар жарқабаққа тіреле сол қапталдан шырамытқан сүрлеумен мықшыңдап өрлей бастады. Асу мұндай тік болмас?! Лезде ентігіп, тер жаңбырша сорғалайды. Жиі дем басады. Түсі, түрі әрқилы шөптің исі мұрын жарады. Топ-топ қызыл тобылғы, сұр ұшқат ұшырайды. Көгілдір гүлді киікотының исі жалбыздай өткір. Шиенің піскен уағы, қып-қызыл моншақтай төгіледі. Төленбек тәшегімен қоса, атша қатыр-құтыр шайнайды.Сәске түсте «Қалмақ асудың» болар-болмас сүрлеуі жон үстіне тақай бұлар құрғақ арна қуды. Алдағы оң қабаттағы таңғажайып бұдырлы құзды, Әзез осы мезгіл көрді. Біраз уақыт демін ішіне тартып, қақшиып қатып қалды. Төменгі жағы жиналған жүк тектес, ал қабырғаның үсті… мың-сан қабат-қабат, қуыстан-қуыс, ойықтан-ойық. Төңірегі, айна-қатесіз жұрттың орны. Әзез әлденендей тірі жандыны, оқыс қимылды бағып, демін тартып мұқият шолады. Арқаның асау желі ықылым замандар ұрып, қойын-қонышын кеулеп, үшкірлеп, аямай мүжіген.О, сақара таулары – қайсарлық салтанаты!Суретші көзін жұмып: «Мұңлы ақынның» жанарынан осы құздың қатпары, сиқыры оқылуы шарт» деді. Иә, кәрі жалғанның күллі қарекетін – қауышқан ғашық, шабысқан дұшпан, бүкшиген қарт, томпақ молаларды – тау бейнелейді. Бірақ ол сопиған меңіреу. Тымқұрыса бұдан жүз жыл бұрын осы арадан өткен бір бейбақтың жайын айтпайды.Жон басына әркімдер ақ тастан белгі үйіпті. Салқын желкем соғады.– Тәте, – деді сәлден кейін Төленбек қиялдаған суретшіге.Әзез «А?» деп бұрылып еді, бала:– Теңгеш сізге жон үстінде бер деген, – деп хат ұсынды. – Оқуға кетті.Әзез апыл-ғұпыл ашты. «Сізге сенемін… Бірақ мені іздемеңіз. Т»Тау – көк теңіз қоршаған арал. Сол аралда Әзез жабырқап жалғыз тұр. «Бұл – не деген сөз?» Көзі әлігі тылсым сұлулықты демде көрмей қалған. Денесі тоңайын деді.– Төлен?– Иә, аға?– Жонға қонайықшы?– ?– Қорқасың ба?– Қорықпаймын. Апам, көкем ұйықтамайды ғой.– Оның рас. Бірақ мен бұл биікке қайтып шығам ба, шықпайымн ба? Бүгін осында түнегім келеді.– Мақұл әйтпесе.* * *Әзез біраздан томаға тұйық.Асу ернеуіндегі жал-жал қаратас терістікке қарай шүйлігеді. Қамал зеңбірегі ыспатты. Тұңғиық кеңістіктегі жасыл киіздей Сызған ауылы да, күнгей жақтан мұнартқан бел-белес, қырат-қырқалар да «Кәдеңе жарамадық па?» дегеннен әріге бармайды.Ол аэропортқа лайықты, теп-тегіс қу жапан – жонды, едәуір дітсіз кезді. Бетпақта қуғын көріп, Қаратауға жетерменде өкпесі өшкен ақбөкен деміндей болдырыңқы леп әсте үзілмейді. Жұлдызды ақтікен, қияқтан өзге шөп сирек. Қазір қиядан түйесі бақырып, ботасы боздап көш көрінсе таңырқамас та. Қадім замандарда қалың қазақ, Арқасы жұтаса Қаратауынан асып Түркістан аймағынан жан сақтады, түстігі жұтаса Арқасынан дәрмен қайырды. Сол боса көшкен дықатты елге Мыңжылқы куә. Талай бейбақтың мына аспанға қол жайып жалбарынуы, лағнет айтуы кәдік.Әзезді бұл араға айдап әкелген не? Әсіреті көп дүниеге шырқау биіктен көз салып, асқарларға, ғарышқа мұңын шақпақ па?! «Алыптардың тұлғасына мұңы барабар» деуші еді, алыстан ғана мінәжат етуі керек пе еді?!…Қанша уақ өткені белгісіз, басын дізесіне қойып мүлгіген Әзезге:– Тәте, жатайық, түн болды, – деді Төленбек. Шөп жұлып, төсеніш даярлапты.Бәрібір Әзездің мызғуы шай қайнатымнан аспады. Көзін ашса ай сүттей жарық. Самсаған жұлдыз – аспан жамағаты – қол созымнан жыпырлайды. «Қала адамы қазірде аспанға қарамайды». Бала кезінде жұлдыздар жарқырағыш-тын. Жіті бақса не түрлі қозғалыс, сөнулер қымыңдап білініп қалады. Жұлдыздар – әр жылдар оянған арманы.Әзез есер, айға шапшыған арыстанша әбден титықтаған. Жастық дәурен, сүюі-күюі, осы өңірдегі тебіренткен оқиғалар кейде түсі сияқтанып, кейде жұлдыздар Әзездің денесіне қадалған оққа да ұқсап кетті. Табалайтындай, жауығатындай да. Ол күрсініп түрегеле бергенде, шоштиған шолақ құйрықты бірдеңе анадайдан қараң етті. Артынша, әріден шарт та пұрт, ұмар-жұмар, қиқылдап-шиқылдап түнді түршіктіріп заматта зым-зия болды. «Е, бұл кешегі, жар астына сүңгіген қара балық қой! Қараш, басқа кейіпке еніп масайрауын! Сұрқиядан қалай құтылмақ?! Сорға, дуаға, тағдыр шиырына сенбеске лажың қане?– Әне! – Тағы да аспанда қара шүберек бұлғанды.Қас-қағымда ізім-қайым жоғалып, орнында бір тұтам қара бұлт, қара түтін ілініп қалыпты. Сұқтанып ерегістірсең «Баж!» етіп жезтырнағын бетіңе шеңгейдей салудан тайынбайды. Әзез, танауы дызылдай алға басқанда, әлігі «қарайған» жым-жылас болып, әлдене патырлай ұзап, алыс шатқалдан екі рет «қаңқ-қаңқ» еткен құзғын дауыс естілді. Төңірек бүрісіп, жанын шүберекке түйеді. «Әнебір жердегі не өзі?» Қаратас іргесінде шоқиып, түнмен түн болып бірдеңе отыр. Керенау ширатылып, орағытылып, мыстан көзімен сығалайды.Әзездің дәрмені құрып, жанары жасаурады. «Кімсің сен, қара балық, қара құбыжық? Бүгін ұстасамын сенімен. Қашпа! Шық жекпе-жекке! Жүрек жарылса да сыпыр пердеңді! Ажал болсаң әкет, әйтпесе доғар қуғыныңды! Босат жарық дүниеге! Адамдар тәрізді мен де көрейін тіршілік қызығын».– Әуре болма мұңлық! Түгел алдарқату, босқа сарсылма! Сен барда мен бар. Өлетін болған соң баянды бақыт іздеу, бекершілік, бейшара!– Өйтіп қорқытпа! Өмір сұлу! Өшікпе маған. Теңіңді тап!– Қысқарт! Тең-теңімен ойнамайды. Тірлікте тең-теңсізбен ойнайды! – Құбыжық құйрығымен жердің шаңын бұрқ еткізді. – Жарыққа қараңғының, жақсыға жаманның жармасып өткені өткен!– Сонда менің басымды тауға да, тасқа да ұрып іздеген бағым, жалғанның сыры бос әурешілік пе?Ай сәулесі Мыңжылқының үстінде ғана. Төрт құбыла тастай қараңғы, түпсіз апан. Заматта жұтып әкетер долы теңіз! Қара балықтар зулайды. Әзездің көзі сол қараңғылықта Әлденуақ оның апшысы қуырылып, бір уыс болып кетті. Қапастан бадырайып, түнекті жарып екі көз келе жатты. Әзез әрі тіксінді, әрі қуаттанды. «Мынау – Мұңлы ақынның көзі!»«Не деген жан шошытар, аяулы көз!..» Әзездің өзінің көзіне ұқсай ма, қалай?» Суретші холстқа ұмтылды.* * *«Ажалдан қорықпаймын-ау, елімнің төрт аяғын тең басқан Құлыншағы едім. Ақын аталып, артымда тасқа басқан сөзім қалмай барады. Тым құрыса, «Әнеу мола Құлыншақтікі» дейтін сүйегім бұйырмайтын түрі бар. А…а…а?!»– Холера! Холера!– Шорнақбай, Қалбан? Маған бір жапырақ қағаз, қалам табыңдаршы! Екі ауыз сөз жазып берейін….Серіктері өлеңді елге жеткесін оқытты.Сәлем де, барсаң, халқыма,Үлкенді-кіші жалпыңа.Опасы жоқ жалғанның,Бес күн дәулет бітті деп,Мәуітсіз сөйлеп шалқыма….Бір адам келер, келер жүзге келер,Үйде өлсе де, апарып түзге көмер.Осы орыстың қолында өліп кетсем,Еңіреп қайда халқым іздеп келер?!Торды шеңгелдей ұстап шөкелеп тұрған Құлыншақтың келбеті, мұңлы көздері, «Жол ұзақ, тарығып қалмаңдар. Енді маған қажет емес» деп орамалға түюлі бар ақшасын бергені… Шорнақбайдың өле-өлгенше дегбірін қашырып, есінен шықпап еді…* * *Ай сүттей жарық, Мыңжылқының үсті күндізгідей. Әзез қастары түйіліп, тынымсыз салып жатыр, салып жатыр. Қараңғы шыңыраудан шертпе күйдің қырық өрім үні ыңыранып, әлсін-әлсін осынау биікке дейін қаптай толып, ернеуінен ліпілдейді.Холстқа бетінде көлеңкелер қылмаңдаған ай төнеді. Суретші, тордағы ақын көзінен тамшылаған жастың, қараңғылыққа кесек-кесек оттай құлағанын көрді, алып шоқылардың сықырлап, жапырылып, күл-талқаны шығып соқтығысын, шатқалдар жаңғырығын естиді.* * *– Тәте!Әзез баланың даусына елең етті. Сөйтсе үйден сыбысын білдірмей шыққан ибалы келіншектей ай батып, таң атыпты.– Тәте! Мына суреттегі ата, ай жарығында еңкілдеп жылап зәремді алып еді. Қазір жанарында ыстық жас шүпірлейді….Ұзамай бұлар жоннан түсіп келе жатты.

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: