Есқара Тоқтасынұлы, ТІЛМАШ, (хикаят)

Еркінбек Ақынбеков рухына, Ояз тілмашы,фольклор жинаушы, автономия сұрап,Ташкент көтерілісіне қатысқаны үшін 1918 жылы Түркістанда атылған.Қыркүйектің ортасы, тоғыз жүз тоғызыншы жыл; қазақ шат: Түркістан шәрінен шығысқа қарай түстік жер Ибата тұсындағы мидай жазық бейне жорық алды тыныстаған Абылай ханның қолы; тоқсан баулы қоңыраттың екі мыңғырған байы әкелеріне ас беріп жатыр; сауын айтқалы сексен сый тігілген «Қосбәйге» дабыры төрт құбыланы дөңбекшіткен.***Көшпенді ел осындай майқанада кештете алқа – қотан жиылып, ежелден әңгіме соғады, «паҺ – паһлап!» балбырайды.«Ақымақтың бәрі көкпарда. Сейдуәлі? Сендей қопалға құрдас ұшқыр ат болмайды, түсіп қаласың. Саған үйренетін төсемелі, жуас ат керек. Берікбай- атының түрі анау, өзі анау- екі етегін шапанының беліне қыстырып, шұбар жабағысымен көкпарды ойға тарт, қырға тарт деп айқайлап жүр; дукөтен. Көзі адам танымайды». «Одан інісі озды, қатынының тілін алады. Сырдың бойында отырып байшыкеш боп қалды.Үш жүздей ешкілі болды». «Көктемдегіні айтам, Асанбек құнанына мініп көкпарға барған. Әлденуақ біреумен ұстасып қалғаны. Қопал еді қайтер екен – қайтер екен дегенше болмай ерден ұшып кетті. Өлді- ау бишара деп жұрт шу етті. Құлаған бойда басын қақшаң еткізіп, қайта жатты. Кейінше құлағаның құлаған, басыңды көтере беріп сылқ түскенің не десем, кім келер екен деп ем дейді».«Әй, Әбу? Сен- құдасың, жай сөзді кейін есітерміз, тойхананың әңгімесін айтшы?». «Мақұлбек бай әкесі Байжанның жылына кеңес- асын шақырып бәйге беремін дегенде, ағайын шамаң келмес деп рұхсат етпеген. Бай екінші мәрте жиып, тігерге тұяқ қалмаса да бәйге беремін деді. Саңғылдың ақсай атасынан Ибатадағы Бегалы би де әкесі Күленнің жылына бәйге бермекші екен, үлкендер бастапқыда бір шартақтан қос бәйге өте алмайды,кезек өткіз деді. Мақұлбектің Шоқтастағы жетімдер құдасы Рүстем би кезек шаптырам деген не сөз,екі саңғыл- ақсай,нұрсайың- бірге өткіз деп, аулынан жігіттерін ертіп келіп, Кеңқорық- төбеге шартақ орнатқан». «Мақұлбек те,Бегалы да -ұлтарағы ушыға бай,әрі сақы.-Қызылшырайлы кісі қара тақисын желкесіне ысырып,екпіндей сөйледі.-Айтқасын нәшіне келтіріп айт! Үй екі жүзге таяды, үй басына күн сайын бір қой,төрт үйге бір жылқыдан сойылады; қазан- ошақта тыным жоқ, жігіттер ауқатты сыдыртып атпен тасиды.Ырзасың ба?! Оң қапталға айна-қатесіз шәрдің (Түркістан) базары көшіп келген ыспатты; бай-бағланның бұрала басқан еркетотайы нөкерімен, қыз- қырқын, кимешек киген кейуана, бала- шаға топырлап сауданы қыздырады; жал- жал боп тігілген үйлер арасы жорғамен мырзалар ағызады;былайғы жазаңда білегін түрініп, не апайтөс шабандоз ат жаратады. Ырзасың ба?! Әнеу- көгерген көк жолақ- кәрі Қаратаудың жуан Мыңжылқы жотасының күнгей- теріскейі, Шәуілдір,Сыр бойы елі боса- болмаса,төмен Қызылдың құмынан,жоғарғы Әулиеата, Шымкент өңірінен ат қоспаған ел кем де кем.Не желқабыз, шақпақ тұяқ,күміс құйрық жетелеген тапкердің алды ай бұрын кеп ат таңасырды. Құдай қаласа,ойсан бәйге болмақшы?!». «Әбеке,жиырма күнге пісенделген астың бүгін он бесінші жаңасы, бәйге түгілім өңге сайысы басталған жоқ,қалай болар екен?». «Шалғай аймақтағы қадірдан кісілерден пәлен күні жетеміз деген хабар үзілмей кешеуілдеуі содан.Асқа о баста бес жүз қара,мың қой сойылмақшы- тұғын, Мақұлбек бай- отыздан жаңа асқан жас жігіт қой, астың ұзаратынына бек қуанып, таудағы жылқысынан үйір- үйірімен осылай қарата айдатып жатыр». «Онда мақұл,Алланың нұры жаусын?!». «Жамағат?Бағана пайтонмен ояздың тілмашы Жұманәлі Арыстанбеков келді,- деді жалпақ бет кісі жадырай.- Оқығанның аты оқыған, ала- құла киімді елден ерек,өнебойы аппақ: ақ шайы камзол- шалбар,ақ жейде- өзі де қыр мұрын,мұрты қияқтай келісті азамат- жұрт жұбын жазбай аңтарылып тұрды. Көшірімен уағдаласып үлгергенше жартытөбелік тиес саңғыл ағайыны құшағына оралып,көппен араласып кетті». «Жұман-торысын былтыр жағалбайлы Есенжол мініп шапты емеспе?!». «Ұлы Жүздің шабандозымен тағы айқасады десей?! Қызыққа батады екенбіз!». «Рас-өтірігін қайдам, Бүрген-саздағы сол кедей алшын- жағалбайлыға жақтасып, құсаталық есалы жетімдермен тілмашың бақастас білем». «Бәсе,көзім шалып қап еді,Баймұрат болыс бекер шіміркенбеген екен». «Иә,есалылар- сойқан».***Салтанаты алыстан көз арбап,биік бақанда көк байрақ желбіреген тойхананың қыраңда тізілген ақбоз үйіне қарата беттей, Жұманәлі тілмашты ой шырмады. Бәйбішесінің қолындағы үлкенін алысқа оқыта алмадым деген өкініші бекер шықты: бала- зерек,шаруаға пысық, бәйгеден кейін қалыңдығын әкеліп үйлендірсе, бұдан былай ел жақтан шли қам жемейді.Інісі қарап- баптайтын торы аты ғана мазалайды; қызметі Шымкентке ауысқалы: «Ием,сен қайда болдың?Сағындым?» деген құрлы басын сілкіп- атдорбадан құтылмақ болып, тағы іші- бауырын елжіретті.Ол киімін ауыстырған, үстінде сұр шекпен,басында сусар бөрік- даланың сұлу қазағының бірі.Жолшыбай манағы Баймұрат болыстың үйі тұсында назары қызыл көйлекті қыздарда Есенжолды байқап, езу тартып, елеусіз өтті.Жайлап аяңдай, сыйлы мейманды қарсы алушы тойхана басшысы Ыса болыс бастаған саңғылдың ірілерімен жағалата төс соғыстырып: «Ниет қабыл болсын!Ас құтты болсын!» айтқасын, айрықша ілтипатпен жігіттері тойхана дастарханына бастады. Гүбір- гүбір адам толы сегіз қабат жеті үйдің бесіншісіне кіргенде, іштегі жақсылар тілмаштың: «Ассалаумағалейкөміне!» жапырлай түрегеп, төс соғыстырып, амандық- саулық сұрасты. Ол божбанның даңқты болысы Көбелекті, шоқтастық жетімдер Керімбек әжіні (қажы), еңгезердей жап-жас жігіт- қоңыр- жиенбеттің Жанәділ болысын таныды.Басынан сөз асырмайтын ділмәр, жора көріп өскен ірілердің сызылған сырын ол жаңа аңдады: ай мен күндей кермиық бір сұлу барша әшекейімен cұқтандырып, қымыз сапырады екен. Әлі дастарқанға қол тимепті. Сәлден соң тегенені қыз былай ысырып,оюлы кесеге ақшылдау етіп шай құйып, ішіне алтын теңге салып,оң қатардағы шекпенді кісіге ұсынды.Ол кербез жмиып,омырауын ашып,ішкі камзолының қалтасынан кесеге сыңғырлатып алтын тиын салғанда, жапатармағай жмың қағысқан.Кесе әрмен жағалады; жылтыр сары мырза шақасын даярлап отыр екен,шай тағы сонша көтерілді; шоқша сақалды, сұлуша Көбелек болыстың алтынынан шай тура бір еліге атқыды. Жанәділ болыс ешкіммен таласпасын аңғартып,жайма- жай кесе ернеуінен екі алтынын сырғытты. Әркім шама- шарқынша пұл салып жатыр. Дәстүр- дәрежеңді анықтайтын сынақта тілмаштың намысқойлығы ұстап- күллі ақшасынан айырылып қала жаздап (расы байлармен бәсекелесте жеңем, иә зорығармын деп емес, өңге жақсының жеңуін қалап), екеумен шектелді. Кесе манадан тыпыршып,екі көзі оттай жанған, он бестегі балауса мырзаға жетіп, уысынан төгілген алтынан шай тіке екі еліге секірсін. Жұрт көлден ұшқан қудай гуу етіп, жеңетінін аңғартты. Кезек ең соңында оң аяғын іргеге созып жамбастаған, көзінде мүкісі бар жалпақ кісіге барды. Ол кемер белдігін аспай- саспай ағытып,шақасын жайма- жай алып, салмақтап, шайнектей жұдырығын ашып сау еткізгенде, шай сыртқа асып төгіліп: «Озды! Озды!»,«Сыздық озды!» деген дауыстан үй дүрлігіп кетті.Сол екен кеудесін керіп отырған әлігі жас мырзаның намыстан мұрнының етегі делдиіп,түсі бұзылып, атығырылып шыға жөнесін. Шекпенді кісі мұртынан күліп: «Бұланбай байдың алпысында көрген баласы Ханжігіт мырза ғой!» деді. «А,солай ма?Бөкеңнің Қарнақтың медресесінен мақтаулы, тасқайнатар баласы бар деп еді,сол екен дә?!».Қоқанмен қайтпай соғысқан,жаулары таралғысына у жағып өлтірген қошқарбай тама Құлтас батыр жайлы тілмаш талай естігенімен, баласы Сыздықты алғаш ұшыратып, оның жоралы бір сөзі жадына түсті.Божбан Сапарбай болыс жорта байқамағансып өте бере,шайханада отырған Сыздық: «Мына шолтаңдаған көк атты кім- ей?» дейді. Соны күткен Сапарбай болыс дізгін тартып: «Басы таз,көзі соқыр болмаса кісіні міней ме?»депті.Кейін сол бишара Сапарбай болыс өлгенде ақсай саңғыл Иманберді болыс бастап,ірілер жиналып барады.Сонда Сыздық өкпем-ай,бауырым-ай,жүрегім-ай деп жылай беріпті. Кейінше қасындағы бұның қалай деп сұраса, Сыздық: «Ағайын- жұртты өкпелетпегесін өкпем-ай демей не дейін?!Бауырды,ел- жұртты табыстырғыш болғасын бауырым- ай демей не дейін?!Жүректегі сырымды тапқан соң жүрегім-ай демей не дейін?!» деген екен…-Жұманәлі шырағым, әңгіме айт? -деді соңыра әрқилы әңгіме маздап,қымыз ішу саябырси Көбелек болыс.-Сирек кездесеміз, даражаңа тәнтімін, мәжілістес еткен Аллаға разымын.Сен оқыған азаматсың,түрлі кітап аудардың. Тірлікте не мән бар деп білдің?-Әңгімеге көсейтін таяқ керек,-деді жылтыр сары көршісі.- Ақыл- исламда!-Молданы күнде естиміз.Көбелек болыстың «Қарнақтан өгіз алма,Бабайқорғаннан ат алма, Сасықтан қыз алма» деген нақылы тілмаштың жадында. Өйткені Қарнақ- қазір негізі өзбек- дихан ел,соқа тартатын жақсы өгізін, Бабайқорған- атқұмар ел жақсы атын бермесі айдан анық; «Сасық руының қызынан жақсы бала тумайдысын» ажыратпады, жаман келіні болуы ықтимал.-Жәке, атам қазақтың мыңдаған жылдардан жиған ақыл- қазынасы көл- көсір.-Ол рас,әйткенімен жасы ұлғайған адамды ой мүжиді.Қалай өмір сүрдім?Не істеп, не бітірдім?Ел билегесін астамшылық, тәкаппарлық өтпей қоймайды. Қалай пақытты боламыз, сұрамақшы едім?-Болысеке,бұныңыз өте қиын сұрақ екен?!-?-Жақсы адам болмақ керек шығар?!-Оңай емес екен.-деді дөңгелек жүз, ақ мұрт, толықша кісі Көбелек бас шайқай.- Күн сайын қанша қуанып,ренжисің?!Не есітіп,не көрмейсің?!«Есалы жетімдермен» арадағы кикілжіңінен көргенді кісі ештеңе сұрамады.***Естігенге құлақ тоймайды,үй- үйде кешқұрым баяғыша әңгіме.«…Түркістанда бөрікші Исабекті білесіңдер? –Шойтпақ қара тақиясын шекесіне түсіріп,ыржиып күлді.- Түрлі үлпәтте бәйге жайлы айтылса, ылғи елеріп, бұрын менің осындай жүйрік атым болған,пәлен бәйгеде,төлен бәйгеде озған; сенбесең пәленшеден, төленшеден сұра деп сықпыртады.Қоймағасын,түнеукүні жігіттермен уағдаласып сіздің сондай жампоз атыңыздың болғанын пәленше, төленшеден сұрап білдік,енді атыңыздың құйрығын майлаңыз деп ақыры илалап бір түсірдік». «Қатырыпсыңдар. Оны білем,ат қосқанын естімеппін.Әйелі жарамды адам, алаша,бөкебай тоқиды». «Түнеукүні Жәңкең тарапыда Орынтайдың қатынын әперіңдер деді. Ойы жесір әйелді малымен алу. Балалары қайтып күн көреді? Қариялар ана қашарыңның біреуін бер, біреуін сойып адам шақыр десе көнбейді. Тегін, әрі малымен алсам дейді. Мазақ болды. Баяғы жетім- шоркіндік оңа ма?! Сәмидің қутілді баласы бізге көзін қысып, ана күрең қасқаңызды мінгізсеңіз мен шешемді берейін деп еді, тіріде бере ме?!». «Әбеке?Қылжақ сөзді кейін тыңдармыз,тойхананың жаңалығынан айтшы?!».«Бәйгеге қызылқұмдық Еділбай тапкер Шайтанкөгін,есалы жетімдер Баймұрат болыс Жаужүрегін,Қыздарбек Қарақұлағын,тиес саңғыл Құланбай Қызылқасқасын, бабайқорғандық сунақ Нұреке тапкер Үкіаяғын, ноғай Кәрібай тапкер Шаппайберін қоспақшы,тағы кім?». «Арқадан ат арылтып келген әйел тапкер Маржанкүлдің Қазанғап торысы, Мәделі қожаның,тапкер Алдашүкірдің аттары бар». «Пәлі,кілең талай- талай майқанада топ жарған сайгүлік қой!». «Белгісізі қанша?! Ұлы Жүздің атын айтпадың? Бегалы бидің құдасы Досыбай бидің қарақасқасы бұрнағы жылы Шілікте өткен бәйгеде бас жүлдені ап кетпеді ме?!». «Дұрыс екен! Сүйтіп, ұрандатып өтпекші десей?!». «Қоңыраттың руларынан басынан сөз асырмас екі ата жетімдер Барқы, маңғытай – саңғыл Мүлкеман, божбан елі Қияқ, іргелес Ұлы Жүздің Бөген – Шаян бойын жайлайтын тазша, қоңыр, сыргелісі Досай, теріскейдегі Төртшидің тамасы Қозыбақ деп айқайды сап шіренбек. Жалпы қоңыраттың ұраны ежелден Алатау батырдың есімімен – «Алатау» ғой. Бәйгеге келген ел атын суарғанда Кеңқолтық өзені тоқтап қап жатыр». «Жарандар ана Молдабек тапкерге жолама,былтыр Шіліктегі Үндемес байдың бәйгесінде үш- төрт жігіт бап үйренейік деп жата қап аңдиық. Біруақтарда атын шапқызып- шапқызып,ерін алып, аңызға айдап жіберді.Біз де босаттық.Сүйтсек ол мүттайым атының тілін байлаған екен,ертеңгі бәйгеде біздің атымыз тышқақтап- елдің соңында қап, күлкі болдық». «Мен сунақ Нұреке тапкерге тұрам.Атын борбайлатып шапқызып, үстіне қалың жабу жабады да тобығынан тамған терді санайды, дәмін татады. Сұрастырсам, ат жарағанда тері су татиды екен». «Мен ноғай Кәрібай тапкердің Бұланбайдың бәйгесінде Әділбектің торысын сынағанын естідім. Әдеке,қамау терін тізесіне түсіріпсің. Дүлдүлқызылыма, Қазанқапқа, төртінші бекеттен соң Шайтанкөкке оздырасың деді. Ол кеткесін Әділбектен сұрасақ қамау терін тобыққа түсіру керек, жолаушылап үлгермегем деді». «Апырай, ә?!». «Жұрт Мекеге барып қайтқан жетімдер Керімбек әжі айтты деп жүр, Еділбай тапкерді арап, парсылар біледі екен». «Көп жасағыр, тапкер- Бейімбет қой?! Көрерсің?! Ана жылғы Құланбайдың бәйгесіндегі салым көкпарда атыңның ұршығы шығыпты,шаппа деді.Көнбем едім, артынша атым оңбай ақсап, кешке таман жер тарпуға жарамай пышаққа ілінді». «Аты қатын демесең Маржанкүл мықты. Әрдайым жүлдесіз кетпейді. Бір кісі атым Байұзақтың бәйгесінде екінші келген, қазіргі күйін болжаңыз дейді, тапкер аттың алды- артынан өтіп жүйрік ат екен,бірақ бұл бәйгеде жүлдеге іліне қоймас,жабудың кертігінен күн өтіп,шоқтығына тер қысылыпты депті. Айтқаны келіпті». «Жігіттер, болжам- болжам, түгел жаны бар сөз.Алайда әр жарысқа жүйрік әртүрлі бапта келеді, тапкердің сыры өзіне аян: күні- түні атын қарауылдатып, тірі жанды жақындатпайды, оңайлықпен сыр шашпайды. Телмірген көз,тігілген құлаққа оның жалғыз лепесі мың құбылып тарайды».***Құлыншақ ақынның келгенін Жұманәлі тілмаш ертеңіне естіді.Қолын алуға анабір іс ішінде дес бермей, «бас жақта» деген алшын- жағалбайлының үйіне қарата келе жатты.Түркістан- он екі болыс,екеуі өзбек.Қаратаудың Мыңжылқы жотасының осы күнгей етегі Хантағы өзені бойындағы бұлағы бұрқырап, нулы бауында Сырдария облысының генерал- губернаторы демалатын Құсата- жетімдер руының есалы атасының қонысы- жиырма төрт төбеге бөлінеді.Төбесі егіндік жер.Екеуі алшын- жағалбайлыға тиесілі.Жаңадан сайланған Баймұрат болыс алшын- жағалбайлыға сен кірмесің,жерді босат деп дақыл еккізбей отыр. Көпе- көрнеу зорлық екені мәлім: ілгері құсаталық есалының ірісі жоғарғы Бүрген- Сазда отыратын жалғыз ауыл алшын- жағалбайлының біреуін ұрып өлтіріп,дуалы ауыз Қалкөз – дананың билігімен жетімдер екі төбесін айыпқа тартқан. Тілмаштың араша сөзін болыс құлаққа ілетін емес.Ол есік алдында Бүрген- Саздың қарияларымен сәлемдесіп, қараша үйге кіріп, дастарханнан дәм татқасын: «Көп сөйлемейін, шырағым,- деді алпысты қаусырғанымен әлі шымыр қарт Сүлеймен.- Қысырақ қуған байталдай бізде не қауқар бар?! Асқа сен деп келдік,кедейдің көкпар мен той не теңі?! Құсата түгелімен бізге тиесілі еді ғой?!-Естімеген сөзге тілмаш елең еткен.- Күнгейдің қоңыраты тау мен Сыр арасы көшпенді өмір кешкенде,бұлақ басына біздің атамыз баяғыда ауып кеп орныққан екен. О жерден бізді Бүрген- Сазға Қоқан ығыстырды. Қоқанның кезі әкіреңдеген сарттар есалының біреуін өлтіріп қойып, соның құнын даулаған Адырбек деген сойы Құсатаны есалыға әперген.Екі төбені бізге есалының не үшін тартқанынан хабардарсың.Қысқасы бұл іс шапқа су сепкендей бір тамырға соғып тоқтауы керек қой?! Жүйкеміз қиылып, ақылымыз ұрланып тұр.Бұйрықтың көзі жоқ,жүрсе аяғы жоқ.Түбі тартып алса да ит тірлікте іш қып күн көрерміз. Нақақтан ердің қаны төгіліп еді, ата жолы биге тоқтап шешіліп еді?!».Қарттың мына сөзі қыршып, тілмаш тіке бата сұрады.Бет сипасымен бейқам Есенжолға: «Жүр,бірге барасын» деді.Алпамса жігіт ана қыздарды көруге құмартқанымен, жолшыбай: «Ағатай,маған орынсыз. Кірмей- ақ қояйыншы?Өсжерде сізді күтейінші?» деген. «Жүр.Мен жалғызбын, жабылып сабаса қайтемін?-деді тілмаш ойнап айтып.-Сөз үйренесің».Жігіт қынжыла ереді. Әудемжерде өмілдірік тағып, құйысқан, тебінгілерін алтынмен булаған қызылкүреңдегі Бұланбай байдың баласы Ханжігіт ұшырай: «Ағатай, Есенжол қанша салым салмақшы?» деді жмиып. Баланың салтанатына сүйсінген-әр қазақтың баласының жақсы болмағына құмбыл тілмаш, Ханжігіт барса ерте кетейін деп ойлады.Нұрсай саңғылдың бүкіл төрт қақпа Түркістан сыйлайтын кеңқолтық байының баласын бетінен кім қағады?! Дауда жас адам тез өседі. «Ханжігіт?Сөз тыңдауға қалайсың?». «Ыбәрәт аларлық жер болса?». «Онда бізбен жүре ғой».***«Әбу,маңызды сөз айтшы? Бұларды қой?!».«Қазақ жылонекіай мал соңында.Көктем, күзде ғана ел- жұртты көріп шер тарқатады.Той,көкпар, әңгіме құмарлығы содан.Айтсын».«Сақып төре ауылға келіп, қатар- құрбысына сұлу келіншектен сөз әпер дейді.-Молдасоқынған жуан мұрт кісі шөкелеп отыруға көшіп, мұртынан күлді.- Ауылдың қушыкештері қоймай, пұшық, маңқа, жесір әйелді жасап киіндіріп, төре не қылса да үндеме дейді. Төреге сөзін берді, ай туысымен сонау талдың түбіне жет дейді. Түнде ынтазарына жолығып, қарсыласпағасын бәрі боп, атына мінейін дегенде әйел өштіп – өштіп кеп тұйыңыз дейді ғой. Біздің ауылға сол төре өле – өлгенше қайтып соқпай кетті».«Өй,пәтшағар-ай?!».«Әбу?Бұлардың қылжақ сөзі таусылмайды, тойхананың әңгімесінен айтшы?». «Бәйгеге қосылмақшы аттың саны төрт жүзден асты. Салт бойынша мейманды байдың ағайын- туысы, құда- жегжаты күтеді,жем- шөбі тағы мойнында. Төмендегі- ана жылы тартылған шойынжолға жақын- Отырабаттың Қосетек деген жеріне төбе үйдірген.Билер әуелі сөжерде бас қосып күтіледі, сөжерден ат жіберіледі. Билердің басында жиырма бес дәйекші-сарапшысы бар саңғылдың Ыса болысы. Мақұлбек бай қоңыр- тазшадағы құдасын қарсы алам деп атын алтындатып, күмістетіп,бар жақсысын киіп, бәйгекеріне мінгенде, жалғыз шықпа көз тиеді деп ағасы қарсы болған.Сүйтсе, мінгізген жас сәбиге көз тиіп,кешке құлап, арпалысып жатыр дейді». «Әттеген- ай,ә?Құдай сақтасын?!». «Бегалы бидің Ұлы Жүздегі құдасы Досыбай би тай- тұяқ жамбы әкеліпті дейді». «Мақұлбектің құдалары да зор, анау ананы әкелді, мынау мынаны әкелді деп хатқа түсіріп жатқан болар?!». «Иә,Ұлы Жүздегі Ханқожа құдасы кешігіңкіреп келе жатқасын алдынан шықса, жиырма бес қара,жиырма бес қалы кілем,не керек тоғыз- тоғыздан елу түйеге артқан шашуы бар екен.Аза-бәйге шаптырамын,жеке отырамын депті». «Туу?!Азамат екен!». «Мақұлбек- төрт ағайынды ғой, інісінің құдасы- қаңлы Аманбай шәрдің іргесіндегі Текеде отыратын кедей,дихан ел.Шашуы мандымасын білгесін, астыртын әйелін жіберіп байдың өзінен алдырып, ертеңі ей,Ыса болыс,біз дихан елміз,қарамыз жоқ, ақша берейін деп бес жүз сомды лақтырып тастағанда жұрттың көзі тостағандай болып, қисая- қисая кетісті». «Ой,пәлі?!».***Жұманәлі тілмаштың есітуінше қоңырат екі атадан: Орынби, Мелдебиден тарайды.Жайлаған жері Шәмілдір- яғни Қараспанның базары,Сырдарияның бойы.Қиссада кездеседі.Екеуінен жиырма сегіз бала өрбіген; Емен,Семен деген құлымен отыз.Аламат кезінде үркіп,әлденеше баласы өліп,Орынби Баулы- Бадахшанға ауады.Одан байбөрі ұрпағы- Алпамыс батыр тарайды,олар түркмен жерінде.Тәжікте өзін қоңырат санайтын лақай деген ру бар,тілі соларға бейімделіп кеткен.Қаратау бауырайында қалған Мелдебиден Көктіңұлы,Құдайберді (Көтенші) туады.Көктіңұлы сегіз ата,Құдайбердіден (Көтеншіден) Бес Ата,Жаманбай.Мелдебидің Құдайбердісінен туған Бес Атаның ішіндегі жетімдер руы бұлақ басына орнығып,бау- бақшаға қызыққан отырықшы ел.Содан болар Қоқан ханына жағып,датқа көп шыққан: Құсатадағы есалы атасынан Қоныс датқа,шоқтастық қарасынан Байұзақ датқа,Қаратаудың теріскейіне көшкен байдалы атасынан Үсенбай датқа.Алайда есік алды алақандай жердегі мәуе- шәуеден жарып баю қайда,мал баққан рулардан кедейлеу.Дегенмен: «Мініп келді атқа,Болып келді датқа,Не десе де істеңдер,Сыбысын шығарма жатқа…»деп Молда Мұса шайыры айтқандай билік жағынан напақа айыратын ірі ру….«Есалы жетімдерлер» тілмаш дем баспай жетіп келеді деп ойламай үдірейсе, төрдегі пұшпақ ішік жамылған Баймұрат болыстың қасынан шәрдегі көпес, оқыған аты бар (Орынбор гимназиясын жырмалап тауысқан), бұдан екі жас үлкен,қырықтағы жиендері Қали мырзаны көріп тілмаш ошарылды. Жымық құлақ,ұзынтұра мырза салған беттен: «Кел,кел, быжық- тыжық маңғытай- саңғыл?» деп кекесінмен күліп, мұқатқан құрлы жағалата қарай, «Ыһ!» деп болыстың шоқша сақалы селк еткен.Мырза мүлт кеткен- тілмаштың інісінің әйелі жетімдердің қызы: «Быжық –тыжық болсақ та қыздарыңның үстінде жатырмыз» десе аузына құм құйылатын еді; тілмаш сыр шашпады.Осы мезет болыстың қара бөрікті туысы: «Маңғытай- саңғылдан айдың жарығы жақсы, әйтпесе есті кісі өнбейтін іске араласа ма?!Көкпарда жүре алмайтын, қыз беріп,қызын алмайтын,ауып келген кірме,кедей- кепшік- алшын- жағалбайлының шоқпарын соғып,ұшпаққа шығамысың? Көрерміз молда к….ді деген сөзді есітіп пең?» деп бастырмалатып бақты.Қали: «Мына байдың төбетіндей салақтап, ерткенің кім? Әкет, әрмен!Кім көрінгенді…?! Кісі тектіден, бай баласынан шығады. Палуан,шабандоз дегенің- есерсоқ та» дегенде Есенжол қып- қызыл болып, ата жөнеген. Тілмаш манағыда жігітті тыңдамағанына өкінді.Ауыр сөзге мойымай, үйдегі саябырси: «Жақсылар, -деді жүзінен жайдарылық есіп.-Кімнің кімнен артық- кемдігін Алла біледі. Жетімдер билік ұстаса, бес ата саңғыл- бай, момын ел екенбіз. Қазақты сақтаған отбасылық,рулық ынтымағы; алайда ешқайсымыздың маңдайымызға руымыз жазылмапты. Адамды жақсы, жаманға, ұлтқа бөлемін. Әрнеде татулық жақсы». Қали:«Сен- орысша оқып, шалақазақтанған адамсың. Сырлы күмбез,ішінде дәнегі жоқ жалғыз атты кедейсің.Бетіңмен шоқырақтатқаның жөн еді.Демігіп қаласың,шіренбе?!» деп майын сөзге иілмеді.«Мырза,байлықпен шешілмейтін іс болады?!». «Болмайды.Әрнені ақша бұзар киліккенде.Бай мен кедейді теңестірме?! Адам- пенде,нәпсісін жеңе алмайды. Жөнге кел. Оданда торыңды көкпарға сап, орысшаңды пұлдап күніңді көр?!». Әдепсіз сөзге жоқ,іліп-шалып, тұқыртып бағатын мінезге қанық тілмаш әдеттегіше сабырға жеңдіріп: «Болысеке?-деді.-Әр сөздің айтылатын орны, арқалайтын жүгі болады. Түнеукүні бұл іс заңға, шариғат, ата- баба жолына бірдей қайшы дедім. Бұны ас дейді,аста бәтуемен тарқассақ- сауаптың үлкені?!». «Сен өзің тілмаш намаз оқимысың?» деді манағы қара бөрікті додырайып. «Құдайға шексіз сенемін». «Не пайда амалын істемегесін?!». «Әділдік үшін күрессем, мүсәпірге жақтассам, ғайбат сөйлемесем,елімнің- жерімнің қамын ойласам,елдестірер сөз айтсам- мұсылмандық сол.Қазақ арапқа бағынбай тұрып өмір сүрген,салт- дәстүрі, өнегесі ұшан- теңіз халық». «Оқу өтіп кеткеннен болар құйысқанға қыстырылған б… абыройсыз іске кіруің…Аз оқысақ та әр істің орайын келтіреміз!» деді Қали тақымдай.Сол мезет манадан тықыршып,көзінен от жалтылдап, тілмашқа жалтақтаған Ханжігіт: «Дат,жақсылар?- деді саңқылдай.- Қоңыраттағы екі ата жетімдердің түбі Сауранның маңы,Қарнақтың төменгі жағы,өзеннің қабағы -қырық қақпалы Қарашықтың ханы Әбілқайыр екен.Оның Сұқсырханым деген жалғыз қызы болыпты.Оны ержүрек Ақтам төреге беріпті.Уәзірлері қызғанып,төрені өлтіріп жібереді. Сұқсырханым екіқабат екен,оның қоңыраттағы Орынби деген досы баланы аман алып қалмақ үшін түрікменге алып қашады.Ол кездегі рәсім бойынша аяғы ауыр әйелге үйленбейді.Барғасын Сұқсырханым ұл туып,атын Сүйеніш қояды.Кейін Сүйеніштің балдары қоңыраттың қолында ержетіп,жеке ауыл болып отырғасын «жетім балдардың ауылы» атанып,кейін жетімдер руына айналып кетіпті.Жетімдердің қоңыратқа қосылатын себебі қоңыраттың қолында тәрбиеленіп өсуінен. Жақсылар,сонда кім кірме болғаны? Бағанадан жерден алып жерге саласыз, бәдікайкөш сөздің не керегі бар?». Баймұрат болыс: «Тоқтат, мұрынбоқ!» деп қамшымен көрпешені сарт еткізді. «Ендеше руға тиіспеңіз? Мен мұрынбоқ емеспін!» деп қасқиған баланы тілмаш қолынан ұстай алды; тойтарма уәж мұның тәрбиесіне ұйқаспаса да аузы батырлықтың орны кейде мірдің оғы қарайлас. «Сен, мұрынбоқ?Ақсай саңғылыңның дені теріскейге көшуінің себебін білемісің?Білмесең біліп ал,- деді Қали мырза мысқылдай езу тартып.-Бір мықтың ілгері Шоқтастың суын әрмен қарай бұрып, Шошқакөлге құятын етіп жібереді.Әзіреті Сұлтанның- Түркістанның қожа- молда,сарттары егініміз қурап барады деп қанша жалынып сұраса көнбейді.Ел айтады,сол уақ жұт болып па,ақсайыңның күллі малы қырылып қалып, әлдеқайсы бізді қожа- молданың қарғысы ұрды депті,олар содан көшкен!Әне!».-Мен мұрынбоқ емеспін!- деді Ханжігіт.- Шөміштің басындай тутыңдайсыз,сіз басы-қасында болып, түйеге жүгін артысып па едіңіз?Уытты уәжге тілмаштың іші бұлкілдеп қоя беріп, лажсыздан мырс еткен.-Мырзасынып кілең ақ делбегей киетін,былғанады деп жиында к… жер иіскемейтін есалының қалай күлкі болған жерін сіз білесіз бе? –Ханжігіт-дағы мүдірмей жүзі заматта шуақ бүрікті.-Күнгейлік қоңыраттың жиырма- отыз қасқыр- жайсаңы теріскейге – ханкелді қоңыршұнақтың бәйгесіне бара жатады.Уақыт күз екен.Жонда адасып,қонуға тура келеді.Таудың түнгі суығынан есалылар «жидек қағып» бір, тоқымын жамылып жатып екінші мәрте- күлкі болады.Азанда қараса, ақ делбегейлері сатпақ- сатпақ. Қасындағы тағы ірейді.Оған ұлан- асыр тойда ел жұртқа көрінуден ұялып,елге қайтқанын қосыңыз. Біздің Бұланбаймен,Оспан баймен, Құланбаймен,Мақұлбекпен теңесерлік жетімдерде байың қайсы?!Тілмаш әңгіменің ушығарынан қаймығып:-Ханжігіт шырағым,мені далада күте тұршы? -деп ол шығысымен сөзін жалғады.- «Сыпайыны зықтама, палуанды иықтама». Жақсылар? Біреулердің бақталастықта шығарған кемсітпе сөзіне несіне тулайсыз?Бала естігенін айтады.Сіз бен біз қоңыратпыз,Құдайбердінің балаларынан туған,құшағымыз ажырамаған ағайынбыз. Оның тамыры ықылым заманда,беріде Шыңғысхан тарапынан әйгілі. Күмәнді сөзге жоқ адаммын.- Тілмаш есалының райдан қайтпасын сезіп, орнынан түрегелді. -Сіздерге ояздан сөз келсе қайтесіз?Үй іші заматта бүрісіп қалған, Қали: «Бұған ояздың қатысы қанша?!» дегенмен, дауысы үрей бүрікті.Болыс қана «Сен- екі бұзық, бар,далада салғылас!» деді. «Жақсылар, ойлан?Әрнеде бәтуе жақсы?!» деп тілмаш таба нанан үзіп-дәм ауыз тиіп, «аумиынмен», шығып кетті.Болыс сазарып: «Шәрдегі диюға адам жібер!Майдандассын екеуі, аржағын көрерміз?!- деді.-Бір қой өңгеріп ала кетіңдер».(Жалғасы бар)• https://sangyl.site/• https://www.facebook.com/groups/1762287963929362

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: