Әсілхан ОСПАНҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты
Атақ-даңқы өзінің көзі тірісінде-ақ алыс-алыс аймақтарды аралап кеткен Құлыншақ Кемелұлы күнгейлік ақындық мектептің айтулы ақиықтарының бірі болды. Ол кісінің атағы Алатаудай есімімен республика жұртшылығы алғаш рет Жамбыл атамыздың жырлары арқылы танысты. Атақты Бақтыбай ақынмен жөн сұрасып, білісу барысында өзі өнеге алып, үлгі тұтқан ұстаз ақындар Майкөт, Құлмамбеттер қатарында күнгейлік екі ақынның – Майлықожа мен Құлыншақтың есімдерін ерекше ілтипатпен атап:Майлықожа, Құлыншақ,Пірім еді бас ұрған.Айтқандары нұсқа еді,Жаралған сөзі асылдан, –деген-ді.Кейін келе іздестіріп қарағанымызда Құлыншаққа қатысты бірталай байыпты баға өз өлкеміздің ақын-жыршылары тарапынан да берілгеніне көзіміз жетті. Мысалы, Құлыншақпен айтысқанда Майлықожа өз замандасын «бағы қалың, аузының қыдыры бар, аты озған ақын, елдегі Құдай берген екі жүйріктің бірі, өлеңнің дүрі» деп бағалаған болса, шәкірті, ақын Молда Мұса (Мұсабек):Көтеншіде Құлыншақ өлеңші еді,Шу дегенде суырылып жөнеуші еді.Қарсыласып бетпе-бет айтысқанда,Еш адамнан жеңілдім демеуші еді, –деп, оның ақындық, айтыскерлік өнеріне тәнтілік танытады.Сол сияқты ақын туралы оның тағы бір шәкірті, дастаншыл жырау Сұлтанбек Аққожаев, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда өңіріне әйгілі арқалы ақын Кенқожа Құлмырзаев тараптарынан да таңдана жырланғанын жақсы білеміз. Бұны ақын бабамыздың өзі жайында асқақ та болса ақиқат айтылған:Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды,Жалғанда жаннан айыл жия алмайды! –деген арынды баға-баламасын қосыңыз.Біздің қолымызда, жалпы қазақ әдебиеттану мамандары иелігінде Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтер ауқымы, онан сақталып қалған әдеби мұра мөлшері секілді, тым тапшы. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын жарық көрген «Қаратау атырабының ақындары» атты кітабымызда ол кісі жайында там-тұмдап мәлімет беруіміздің негізгі себебі де, міне, осы болатын.Соңғы кездері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, профессор Рахманқұл Бердібай және әдебиет зерттеушісі, профессор Ханғали Сүйіншәлиев зерттеулерінде Құлекеңнің дүниеге келген-кеткен уақыты 1840-1911 жылдар межесінде көрсетіліп, ол Қазақ кеңес энциклопедиясында да (7 том, 31-бет, 1975 ж.) осылай жарияланды. Ақынның 150 жылдық мерейтойы, міне, осы соңғы дерекке негізделіп өткізілді.Жалпы Р. Бердібайдың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары», Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиеті, ХVІІІ-ХІХ ғғ.» аталатын көпшілік жинақтардағы «Құлыншақ Кемелұлы» зерттеулерінде баяндалатын өмірбаян деректері, сайып келгенде, Сұлтанбек Аққожаевтың өлеңмен баяндалған мәліметтерінің аясында өрбиді.Бұл өмірбаян деректеріне қосымша ретінде ақын еңбектерін жинастыруда елеулі тер төгіп жүрген Ұлы Отан соғысының ардагері Ырысқұл Ырысжановтың елдегі көнекөз қариялардан (негізінен С. Аққожаевтан) жазып алған кейбір мәліметтерді де келтіре кеткен орынды: «Құлыншақ ақын екі рет, алғашқыда Ұлжанға, ол қайтыс болған соң Алтынқызға үйленді. Ол шешемізді қартайған шағында көзімізбен көрдік. Қапсағай денелі қара кісі еді. Ол кейініректе қайтыс болды. Құлыншақтың ұлдары Әкбар, Ысқақ, Сатай ақын болған, бірақ олардан ұрпақ қалмаған. Төртінші ұлы Исаханға ақындық өнер қонбаған. Түсінде «өлең керек пе, көген керек пе?» дегенде «ешқайсы керек емес» депті.Исаханның екі иығы бүлкілдеп, көздері қызарып жүретін, орта бойлы, қызыл шырайлы кісі еді. Ол 1977 жылы 81 жасында дүниеден қайтты. Құлыншақтың баласы Ысқақ (1880-1919) қозы жайып жүретін. Жас кезінен әкесіне еліктейді. Бір күні әкесіне келіп, қолындағы таяғын домбыра етіп, «Мен де жиын-тойға барсам, жақсы-жаманды көрсем қайтеді?» – деп, есік алдында босағада отырып өлең айтады. Сонда Құлыншақ мұртынан мырс-мырс күледі де, ұлының өтінішін қабыл етіп, Түркістан базарынан киім-кешек алдырады, жиын-тойда қасына ертіп жүреді… Құлыншақ ақын алысқа жолаушылап жүрер алдында дәу кесек қантты балғамен майдалап шағып, ауылдағы балаларға үлестіріп беріп: «Қарақтарым, біреуіңе менің ақындық өнерім қонар ма екен?!» – дейді екен. Құлыншақ ақын алыста жолаушылап жүргенде (Мекке сапарынан қайтар жолында – Ә.О.) қатты ауырады. Жүруге шамасы келмей жатқанда, қасындағы жолдасы Шорнақбай дегенге «Маған қалам, дәптер тауып әкел, өлеңмен елге хат жазайын», – дегенде, ол тауып әкеле алмаған».Ырысекеңнің деректерінен ақынның сөз өнеріне деген айрықша ілтипатын, оның арттағылар тарапынан жалғастырылуына ерекше қамқор пейілмен қарағанын, сондай-ақ ол кісінің өмір жолының туған жерден жырақта үзілгенін байқаймыз. Бұдан екі-үш жыл бұрын Қызылқұм (қазіргі Отырар – О.Ж.) ауданындағы халық ағарту ісі ардагерлерінің бірі Шериаздан Шорабеков жаздырып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған:Адамзат келер, келер – жүзге келер,Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.Құдая, иманымды саламат қыл,Ағайын қайда бізді іздеп келер?! –деген өзекті өртерлік сөздер сол заманда Шорнақбай арқылы ел-жұртқа жеткен ең соңғы сәлемі болуы да ықтимал.Құлыншақ ақын өнерінің және бір қыры – өзіміз бұрыннан айтып жүргендей, замандастарымен хат арқылы хабарласып тұру дағдысы болған. Мәселен, мұның бір үлгісі Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлымен хат жазысудан байқалады. Онда, жас кезінде «Небары ескіше үш айлық білім алған» Құлекең іні-ақыннан – Молда Мұсадан дін, шариғат жайларынан сабақ сұрағандай қалып танытады. Ал енді бірде жерлес ақын Жәһәнгерұлы Шәдітөреге жазған сәлемнамасында оның «Сияр Шәріп» деген кітабы Қазан баспасынан басылып шықты деп естігенін, бірақ қолына бірде-бір данасының тимегенін айтып өкініш білдірген, сөйтіп, шығармашылық байланыс төңірегінде әңгіме өрбіткен. Өз кезегінде Шәдітөре Қазаннан тағы бір кітабының – «Орқа – Күлшенің» шыққалы жатқанын хабарлайды. Сонымен бірге екі ақында да дүниенің аумалы-төкпелілігі, өмірдің өтпелілігі жайында пәлсапалық толғаныстар бар. Ол өз алдына бөлек әңгіме.Ал Құлыншақ Кемелұлы өлеңдерінің мән-мазмұны жөнінде әңгімелегенде, оның туындыларындағы ой тереңдігі оқырманды бірден баурайды. «Амалсыз асы біз күмірә», «Пәнденің көп-ті күнәсі» деп аталатын және басқа толғаулары осының дәлелі. Бүгінде Түркістан қаласында тұратын, 1926 жылы туған Таңатов Әлмен деген кісіге кезінде халық ақыны Айтбай Белгібайұлы бұларға ғазал түріндегі шығармалар деп анықтама берген екен. Жазылу мәнері жағынан ауыз әдебиетіміздің терме толғауларына ұқсас келгенімен мазмұн сарыны зар-мұң, наз-нала болып, арғы тегі араб, парсы әдебиеттеріне тән шығарма түрін еске салады.Осы тәріздес туындылары арқылы Құлыншақ Кемелұлы бұрын байқалмаған жаңа қырынан көрінеді. Ол – ақынның Ресей отаршылдығына, оның салдарларына деген көзқарасын айқындайтын тақырып. Бұл күнгей қаламгерлерінен тек Мәделіқожа, Майлықожа, Ергөбек ақындар еңбектерінде ғана бірінде аз, бірінде көп мөлшерде ұшырасып келген тақырып болса, енді оны Құлыншақтың «Амалсыз асы біз күмірә» деген ғазал-толғауынан да табамыз. Онда ақын:Пайғамбарға үмбетпізАйтқанына кіргеннен.Аз ғана сөзді қозғайынТыңдасаңдар, жақсылар,Әзіргі мынау күндерден.Жайлауымды жау алып,Ықтияр кетті-ау күллі елден, –деп бір түйіп тастап, одан әрі сөзін былайша сабақтайды:Бұған да шүкір қыламыз,Падишамыз орыс-ты,Күннен-күнге қылып тұрКөңілдегі жоқ істі,Қадаулы ағаш, тартқан сым,Қаптаған қақол сыймайды,Қазақтан алды қонысты!Бұдан ақынның терең қынжылысын байқау қиын емес. Халқымыздың басты байлығынан – жерден айрылғанына күйзелісін осылайша білдіре отырып, баяғы заман азды, заң тозды сарынын өзіндік өрнек-бояумен тереңдете түсіп, былай деп толғайды:Шашын қойды жігіттер,Жаулықсыз көрдік келінді,Сүйгенімен боп кетерШырайлы қыздар келімді,Қараңғы түнмен қыз кетіпСұрамас ата, тегіңді! –дей келіп, қорытындысында:Бүйте берсе бұл заман,Таяқ алып ақтайсың. –деп түйеді.Бұдан арғы қазақ ахуалы белгілі: қазынаға қарыздар халге түсіп, борыштан-борышқа батқан, патша үкіметі тарапынан алым-салық алынғалы, талап-тоналғалы шетінен есеп-қисапқа алынған ел, егінін қарақұрым қаптаған шегіртке жалмап жеп, түте-түтесі шыққан момын бұқара мен соларды аярлықпен алдап-сулап, жер соқтырып, зәбірлеп жатқан өңшең залымдар, тағы да сол момындардың еңсесін езіп, есігіне тепсініп келіп ысқырып тұрған «кісісымақтар», яғни бишігештер. Барлығы да нақты әрі әсерлі суреттермен тартымды берілген.Қысқа, қысқа да болса нұсқа дегендей, бас-аяғы сексенге жуық тармақ түзген бұл үзік Құлыншақты біздің оқырманның көз алдында, ой-санасында кесек тұлғалы ақын ретінде бұрынғыдан да ірілендіре түседі. Әлеуметтік мәселені өткір қырынан қоя білетін ірі ақындық тұлғасын өзінің «Пәнденің көп-ті күнәсі» деген ғазал-толғауында одан әрі сомдай түседі. Мысалы:Маубас өгіз секілді,Не көрімдер би болды.Мұсылманның баласыТабанға түсіп, и болды!Немесе:Ойлап тұрсаң, пәнделер,Қиямет-қайым жақын-ды! –деген өлең жолдарынан ақынның заман ауанын дәл аңғарумен қатар, халқының келешегін ойлап қапаланатыны айқын аңғарылады.Жалпы, Құлыншақ Кемелұлының шығармашылық қызметіне, қолдағы әдеби мұраларының мөлшері, түрі, бітім-болмысына қарағанда ақын өнерінің негізгі үш қыры барын аңғарар едік. Олардың ең бастысы – терең ойшылдығының белгісіндей пәлсапалық пайымдаулар болғанда, екіншісі – өткір әзіл-оспаққа, әжуа-мысқыл, сын-сықаққа суарылған әлеуметтік мазмұндағы ықшам өлеңдерге ұсталығы-дағы, үшіншісі – шебер айтыскерлігі дер едік.Ал енді ең алымды шәкірттерінің бірі болып, әлемдік даңққа бөленген Жамбыл атамыздың бізге Ғали Орманов пен Бейсенбай Кенжебаев арқылы жеткен естеліктеріне жүгінсек, онда Құлыншақ өнерінің төртінші қыры – дастаншылық, жыраулық болғанын байқаймыз. Аталған пікірлер Жәкең жайындағы сан алуан естеліктер жиынтығы болып табылатын, 1989 жылы басылған «Дастан ата» жинағының 139 және 260 беттерінде келтірілген.Бұлардан байқайтынымыз – қазақ эпос жырларын жаратудың негізгі ошақтарының бірі болған күнгей Қазақстанда ақындығының үстіне жырау-жыршылығымен де елеулі еңбек еткен тұлғаның бірі – Құлыншақ ақын екен. Өкіндіретіні – ол жырлады деген не батырлық, не ғашықтық, не тарихи жырлардың нақты нұсқаларының қолға түспей келе жатқандығы. «Шора батырдың» Майлықожаға, Молда Мұсаға (Мұсабекке), «Алпамыстың» берідегі Әбдірайым Байтұрсыновқа, «Қыз Жібек», «Мұңлық – Зарлықтың» Жүсіпбек Шайхысламұлына тән нұсқаларын жақсы білетін біздер, Құлекеңе қатысты басқалай дайын нұсқаны кездестірмедік. Жәкең жаттап алып айтқан «Шора батырдың» нұсқасы отызыншы-қырқыншы жылдары қағаз бетіне түсіп, әртүрлі себептермен жарық көрмей жүрсе, оның жөні бір басқа. Ол жағдаятты бір білсе, кейінгі кезде Ж. Жабаев шығармашылығымен арнайы айналысып жүрген, ұлы жыраудың Оңтүстік Қазақстанда болуы мен Құлыншақ, Майлықожаға шәкірттігі жайындағы дәйекті мағлұматтарды республика жұртшылығына алғаш жариялаушы филология ғылымының докторы Нысанбек Төреқұлов білуі мүмкін деп шамалаймыз. Дегенмен ғалымның 1989 жылдың аяғын ала шыққан «Жүз жасаған бәйтерек» кітабындағы Жәкең жырлады деген батырлар жырларының тізімінен ол кісінің Құлекеңнен үйреніп, жаттап әкеткен «Шора батырды» таппадық.Жоғарыда айтқанымыздай, ақын шығармашылығының басты-басты үш қырының біреуі, біреуі болса да бірегейі – табиғаттың, адам өмірі мен тіршілігінің мән-мазмұнына ой жіберіп, кенеулі пікірлер сабақтайтын пәлсапалық сипаттағы өлеңдері мен қысқа-қысқа терме-толғамдары болып табылады. Мұндай шығармалар қатарына «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Енесі жүдеп, нашарлап», «Адамзат – келер, келер, жүзге келер», «Дария білмес иттің сарығанын» деп басталатын дүниелерін атаймыз.Осылардың ішінде айрықша бөлек, ерекше оқшау тұрғаны – «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» өлеңі. Мұнда дүние, яғни адам өмірі халқымыздың «қасқалдақтың қанындай» деп келетін мәтел сөзіне баламалай алынып, қамысты терең көлдің қолға оңайлықпен түсе қоймайтын қасқалдағына ұқсатылып бағаланады. Сөйтіп, қолға не мүлде түспейтін немесе түсуі соншама қиын нәрселерге, мәселен, аспандағы сәуле берген жұлдызға, қолдан ұшқан аққуға, аспанда қалықтаған сұңқарға, мұхит бетінде қалқыған кеменің баспалдағына, қанша қашқанмен құтыларлық айла таптырмайтын тағдырға теңелген. Өткендегі қазақ ақындарының баршасына тән тәсілмен, адам өмірінің кезең-кезеңді кездеріне – балалық, бәлиғат, егделік, сексен, жүз жастардағы қарттық шақтарға сипаттамалар берілген. Бұлай еткенде адамның сәбилік, балалық шағы өмірдің бастамасы есепті қабылданса, сәбидің өсе келе бәлиғат жасына жетуі тіршіліктің ыстығына күйіп, суығына тоңатын адам баласы үшін бар бейнеттің басталған тұсы, ал бәлиғат жасынан асқан соң келетін орта жас егделікке аяқ басу деп түсіндіріледі. Қойыны суық қара жердің хабар лебі есе бастаған сексен жастан соңғы тоқсан, жүз жастардағы төмен тасталған еңсе, яғни еңсесі түскен адам кейпінде елестетіледі. Осылай етіп оқырман ойын сан-саққа жүгіртіп, әр қиянға бір салатын ақынның мақсатты түйіні жоғары адамгершілік, имандылық сана асқарына қарай жетелейді.Біреуге «берем» дегін, «алам» деме,Біреудің адал нанын алып жеме, –дей отырып, адамның артында ұмытылмай мәңгі сақталып қалатын тек жасаған жақсылығы ғана деген қорытынды жасайды.Терең ойдан тамыр тартатын тәлімді ақыл-кеңес, қағида, ережелер қысқа қарымды терме түрінде келетін «Енесі жүдеп, нашарлап» толғамында да едәуір ұшырасып, бейнелі беріледі. Мұнда да әдеттегі тіршілік қарекетінен, қала берді табиғат дамуының барысындағы өзгерістерден туатын жағдаяттардан бастап, қоғамдық, әлеуметтік мәні өрелі қорытындыға дейін биіктеуді байқаймыз.Күнгей қаламгерлерінің шығармашылығында үнемі дерлік кездесетін ақын мен ақындық өнер болмысына беріліп отыратын сипатты мінездемелер Құлекеңде де ара-тұра ұшырасып қалады. Және бір сүйсінерлігі олар қоғамның ақын өнеріне қойылар жоғары талап өресінен табылады. Бұлай еткенде, келелі сөз иесі ақын мен оның негізгі еңбек құралы домбыраның ара қатынасы да әңгіме өзегінен шет қалмайды. Мәселен:Өлеңдетіп әндеткен,Айналаны сәндеткен, –секілді, өнер иесі ақынның:Жастайынан көсілген,Он саусақ ойнап секірген, –деп, ақ домбырасын аялап өлеңге қосуы да жарасымды.Құлекеңнің дүниетанымы мен ақындық қарымының қандайлық екенін тек пәлсапалық толғаныстары ғана емес, жеңіл әзіл-қалжың, әжуа-мысқыл аралас әлеуметтік мән-мазмұндағы арнау өлеңдері дәлелдейді. Мәселен, «Ішпеймін қымызыңды шөлдесем де», «Орта жүзде бар дейді», «Алпыс бір жанның атасы», «Сен едің Ырысқұлбек бұлғақтаған», «Мазақ қылма, Көлбайым», «Ит сатқанның ауылы атанарсың» деп басталатын шығармаларында ақын өз заманының оқиғаларын шебер суреттейді. Бұларда ол кісінің бұлтартпастай ұстанатын бағыты – бұқарашылдық. Мысалға, «Мазақ қылма, Көлбайым» арнауын алып қарайық. Кезінде Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланған бұл өлеңінде ақын:Аулыңа келген жыршыныМазақ қылма, Көлбайым.Мазақ қылсаң, Көлбайым,Сенің атаң ЖұмабайШылбырдан өлген кісі еді,Кетерсің болып сондайын, –деп басталатын шығарма күллі билік иелеріне зілді ескертпе болып шыққан.Албыр қаншығының күшіктерін бір-бір тоқтыға айырбастап дәніккен бір байдың ел естімеген сұмдық әрекетін әшкерелейтін «Ит сатқанның ауылы атанарсың» деген арнауы жағалай жатқан қалың елге жаманат келтіретін жағымсыз қылықты:Алты күшік болыпты алты тоқты,Әркім әуес қылады қолда жоқты.Ит сатқанның ауылы атанарсың,Ендігәрі жемеңіз мұндай боқты, –деп шенеп-мінеуімен құнды.«Әңгімесін естісең…» деген сықағында сөйлеген сөзіне құлақ қойған адам жаһанда жоқ ғұлама деп ойлап қалатын, бірақ істеген ісіне қарағанда күнәға белден батып жүрген, күндіз сопысынғанмен, кешке қарай құнты-пейілі бұзылып шыға келетін дін қызметшісінің сырты жылтыр болғанымен, ішкі дүниесі қалтырауық бет-бейнесі көз алдымыздан өтеді.Ал әкесінің қазасы кезінде шығарылған дейтін «Алпыс бір жанның атасы» атты жоқтауында ақын әке арқасында жағасы жайлау боп емін-еркін өмір сүріп келген өз басының дағдарысты қалпына өзіндік сын тұрғысынан келіп, былайша суреттейді:Тоқсанға жасы келгенше,Ажалы жетіп өлгенше,Мойнында еді ботасы.Құлекең қаламгерлігінің үшінші қырын құрайтын айтыс өнерінен бізге жеткен бірден-бір шығармасы – өз замандасы Майлықожа ақынмен айтысы. Одан аңғарылатын ең бір қымбат қасиет – елі сүйген екі ақынның да бір-біріне деген керемет күшті сыйластық сезімдері, бір-бірінің дарын қуаттарына ешбір шек келтірмейтіндігі. Мұның қаншама айшықты мысалдарын Майлықожаның Құлыншаққа, Құлыншақтың Майлықожаға берген мінездемелерінен айқын аңғарғандаймыз. Мысалы, Майлыекеңнің Құлекеңе арнап айтқан «Менімен кім айтысар, сенен өзге», «Ақын ең, бағы қалың, озған атың», «Бар едік екі жүйрік құдай берген», «Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің», «Бар едік екі ақын мақтап жүрген», «Аузыңның қыдыры бар кісі едің», сондай-ақ Құлекеңнің Майлықожаны марапаттайтын «Қара дауыл өлеңге дүрсің, қожам!», «Жүзіңде мөріңіз бар қожа екенсіз», «Қосылдық екі жүйрік байымызға», «Мүбәрәк жүзіңізді жаңа көрдік», «Қожеке, сөзіңе жұрт тоймас ұсайт» дегендері қандай!Таяуда сырлы да жырлы Созақ жерінде болғанымда, Құдай қолдап қымбат қазынаның үстінен түстім. Аудан әкімшілігі Теріскей елінің өмірден өткен қадірлі ер-азаматтарынан қалған мәдени мұраларды жарыққа шығаруды қолға алып, оны зерделі зерттеуші, алымды аудармашы, ойлы ақын Дулат Тұрантегі мырза жетекшілік ететін әдебиет бірлестігіне жүктеген екен. Соның бастапқысы – өзінің сексен жылдан астам өмірінде атқарған әртүрлі жауапты қызметтерімен аудан жұртшылығына кеңінен танымал, өзім де кезінде бірталай мәжілістес болған, осы ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Есіркеп Өмірбековтің «Шежірелі өлке» атты кітабы. Бұл еңбек ірге көтеріп, отау тіккеніне үстіміздегі жылы 75 жыл толатын ауданның тарихынан, жағрапиясынан, жанды-жансыз жаратылысынан, рухани әлемінен мол мәлімет беретін атына лайық шежіре кітап болып шыққан екен. Ол, әсіресе ауданның жалпы білім беретін бастауыш орталау және орта мектептерінің мұғалімдеріне көмекші оқу құралы қызметін атқара алатын айшықты дүниеге айналыпты. Одан Құлыншақ ақын Кемелұлының шығармашылық қызметіне қатысты тапқан олжамның өзі қандай маңызды десеңші!Атап айтқанда, танымал әдебиетші ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, түрік халықтарының рухани әлемін байытуға ерекше еңбек сіңірген тұлғаларға берілетін сыйлықтың иегері Рахманқұл Бердібай екеумізді өкіндіріп жүрген бір жағдай болушы еді. Ол – қазақтың күнгей өлкесіндегі сөз өнерінің өрен жүйріктерінің бірі Майлықожа ақын: «Бар еді екі жүйрік құдай берген» – деп барынша жоғары бағалаған Құлыншақ атамыздан қалған әдеби мұраның тым аздығы болатын. Осынысынан да, бір жағы облыс зиялыларының марғаулығынан айтулы ақынның мерейтойы да аталып өтілмеді.Дегенмен де қымбат байлығымыз біткеннің қамба-қоймасындай қабырғалы қалың халқымыз аман тұрғанда бұлайша опына беруіміз де орынсыз-ау деп ойлаймын. Бұған Есіркеп аға кітабындағы Құлыншақ ақынның екі жүз жолға жуық өлең-жырлары дәйекті дәлел.Бұл жәдігерлерді түр, мазмұн жағынан талдап қарасақ, ақынның 1991-1995 жылдары Шымкент қалалық, облыстық баспаханалары басып шығарған «Өсиет» атты шығармалар жинағындағы негізгі белгілерді жазбай танимыз. Олар, атап айтқанда, адам тіршілігінің әр қырын аңғартатын толғаныстарды, қазақ тұрмысының күлкі шақырып, сын тезіне салуға тиісті тұстарын, өлең өнерінің майталмандарын мінездеуді қамтиды.Өмірдің өтпелілігі, осыған байланысты пенде біткеннің бұл өмірдегі түгесілмес өкініші Құлыншақ пен Бұдабай ақындардың сәлемдесулері түрінде туған дүниеде әсерлі шыққаны. Осындай сипаттағы терме-толғауларда бұрындары қаншама жиі жырланып, үйреншікті болып кеткеніне қарамастан, тақырыптың оқырманды елең еткізерліктей тосын екендігі байқалады. Мәселен, Бұдабай бабамыздың өмір туралы мына бір толғанысына зер салып көрелікші:Кімге опа етедіМынау дүние жалғаның?Шайнамай қылғып жұтадыАузына салғанын.Талайлар тастап жөнелгенСайрандаған жалғанын.Орындай алмай, өкініп,Көңіліне алғанын.Ұстай алмай, қапы қап,Қармаса да арманын!Алдына кішілікпен сәлем бере келіп тұрған Құлыншақтай сөзге алғыр інісінің ілтипатына сүйсініп, көңілі өскен кәрі тарлан өзі кешкен өмірден түйген түйінін кемел де келісті оймен осылай тұжырымдайды.Еспе де төкпе осы екі ақынның бұл жүздесуі үстінде өлең-жыр, ақындық өнер туралы да тәлімді сөздер тамыр тартқанын көріп көңіліміз сүйсінді. Сөз атасы – сәлемін Бұдабайдың ақындық асқан қарым-қуатынан қозғаған Құлыншақ былай деп көсіледі:Озып бәйге алған еңЖарыстарда сен талай.Өрт едің ғой қаулаған,Өлең едің заулаған.Аузыңмен құс тістеген,Қыран ең алмай түспеген.Өлеңдете күшпенен,Мерген едің жасыңдаОғың жерге түспеген!Еруліге қарулы дегендей, Бұдабай өз толғауында әуелі Түркістан төңірегі ақындарының шығармашылығынан жете хабардар екенін таныта келіп, оларға тән сөз өнерінің басты сипаты өткірлік екенін тілге тиек етеді:Көтеншіде Құлыншақ –Өлең сөздің ұстасы.Майлықожа, Мәделі –Бұлар соның тұстасы.Сөздерінің бар едіТістейтіндей қышқашы! –деп топтап мінездеп алады да, Құлыншақ өнеріне өз танымымен жекелей баға бере келіп, былай дейді:Ең озығы Құлыншақ –Өлең десе ұрыншақ.Шу асауды тоқтатқанБұғалақты бұрын сап.Сонан соң Қаратаудың Теріскей бетіне қайтқалы тұрған ақын інісімен бақұлдасқандай болып:Сәлем де Қаратау еліне,Ажал шіркін келмейдіКөзіңе сенің көріне.Жөнеп кетсем бір күніҚияметтің өріне,Дұғаңды бізге арнап жүр«Кетті» деп барар жеріне, –деп қоштасады.Сықақшылдық, сыншылдық өнер күнгей ақындарының басты шығармашылық ерекшелігі десек, бұл қасиет Құлыншақта негізгі тәсіл деуге болады. Соның бір мысалы мынау: саятта жүріп, мініс аты бір мергеннің оғына байланғанда ара ағайын ретінде бітімгершілік айтқан Құлыншақ ақын атының бодауына құн сұраған мал иесі – дәулетті адамды:Құдабай бай, есіңе алБылтырғы қасқыр шапқанды.Қорадағы қойларыңЖыландының бойындаӘр жерде арам қатқан-ды.Қасқырдан қанша құн алдың,Қан-жыныңды ақтарды –деп тоқтатып, ағайын арасын бітістірген екен.Алла жазса, ел арасында Құлыншақ ақынның әлі талай шығармасы табыларына көз жетіп, көңіл сенгендей.
- ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ Шығармаларынан үзінді, Орынбек Жолдыбай (жалғасы бар)
- https://sangyl.site/blog/