Теріскейлік тұңғыш әскери ұшқыш

Теріскей өңірінен шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Құрал Рүстемов туралы бүгінгі жастар біледі ме екен?- деген сұрақты мен өзіме жиі қоямын. Мыңжылқының баурайында туылып, өскен күн ұзақ аспан әлемінен көз айырмай алыс аспан тұңғиығында қалықтаған қыран құстарға қарағыштаған бала Құралдың арманы асқақ еді.

Қозмолдақ ауылы  тарихында өзге ауылдарға қарағанда ерекше тұлғаларды дүниеге әкелуімен даңқы шыққан. Саңғыл биден бастау алған ұрпақтар сабақтастығы Күйші Төлеген, ұстаз Тұрсын, партизан барлаушы Атабек,  Жақсыберген, ақындар Жәнібек, саятшы Нұрбай, Еңбек ері Жұбай   деп жалғаса береді.

Міне, осындай табиғаты мен таланттары егіз үйлесім тапқан өңірде Рүстем қарияның отбасында  1922 жылы дүниеге келген Құралдың маңдайына аспандағы ақиықтың ғұмыры жазылған екен. Рүстемнің өнегелі шаңырағынан Жәку, Құрал, Нақып, Зейне, Жақып, Зеберкүл, Жарылқап атты ұлдары мен қыздары өрбіген еді. Батырдың балалық шағы жоқшылық пен қиыншылық, ашаршылық қамыты киіліп, азапты күндермен, жарлылы жылдармен өтті.

Бұл жылдары кеңес өкіметі орнады дегенімен елді әлеуметтік- экономикалық дағдарыс кезеңі қысып тұрды. Ол уақытта аудан орталығы саналатын Созақ қыстағында 1931-1932 жылдары тұңғыш рет Төреханов Тұрсынның белсенді ат салысуының арқасында панасыз ашыққан балаларға арнайы балалар үйін ұйымдастырылды. Бұл шағын қайырымды істің өзі ашығып, құр сүлдері қалған көптеген панасыз балалардың өмірін аштықтан құтқарып қалады.

Осы балалар үйіне отбасында тұрмысы төмен, балаларының басы көптеу отбасылардың да балалары алынды. Соның ішінде Құрал мен інісі Нақыпта тізімге ілінеді. Бір жылдан кейін жаз шыға Түркістан қаласында жаңадан ашылған №14 балалар үйіне Созақтан Құрал, Нақып Рүстемовтер, еңбек және соғыс ардагерлері Бекұлы Тастыбаев, Жұмабай Жарасбаев бүгінде мемлекетімізге танымал жазушы Нысанбек Төреқұлов сияқты көптеген балалар арнайы жіберіліп, сол қамқорлық үйінен пана табады. 

Жоғарыдағы Құралмен бірге өскен балалар кейін, есейіп елге танымал тұлғаларға айналған ағалардан сәті келген кезінде батырдың балалық кезеңі туралы деректерді сұрастырғанымда олар Құралдың ақ құба келген, шағын денелі, артық-ауыз сөзі жоқ, көз жанарында оты бар, өз алдына бөлек, оңаша жүретін бала болғанын айтқан еді. Әрі бәрі бірдей мінездемелер берген еді. Құрал көбіне өзі ағаштан, қағаздан жасап алған ойыншық самолетін барынша көкке көтере, ұзақты күн уілдеп балалар үйінің әулісін айнала жүгіріп жүреді екен.

Бала арманы алдамайды деген рас екен. Құрал кейін Түркістандағы бастауыш мектепті (қазіргі Саттар Ерубаев атындағы мектеп) бітірген соң, Меркідегі (қазіргі Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп) ересектер оқитын интернатқа жіберіледі. Одан Қазақ мемлекеттік университетінің үш айлық даярлық курсына қабылданып, оны бітіргеннен кейін бірінші курсқа емтихан тапсырып студент атанады.

Осылай 1940 жылы жасы он сегізге толған Құрал әскери комиссариатқа шақырылып, Өзбекстандағы авиаучилищеге оқуға түсіп, тұңғыш рет балалық арманының есігін қағады. 1942 жылы аталмыш училищені бітірген соң Ресейдің Рязань қаласындағы ұшқыштар дайындайтын жоғары мектебіне оқуға түседі. Бұл оқу орнын да жақсы нәтижемен бітіріп шығады.

Осы уақытта алапат соғыс өртінің қызған шағы еді. Жер мен көктің арасы асты үстіне шығып, дүние түгел отқа оранып жатты. Мұнда оларды Кеңес Одағының батыры атақты штурман А.В.Беляков қабылдады. Даңқты штурманды Құрал сырттай жақсы білетінді. В.Чкалов, Г.Байдаков және А.Беляковтардың «АН-25» самолетімен Солтүстік полюс арқылы қонбастан Америкаға барғанын ол талай рет газет-журналдардан қызыға оқығанды. Қиялындағы батырды көзбе-көз көремін деп ойламаған Құралға Алла тағала осылай бір сәтін салған еді.

Жас ұшқыш Ұлы Отан соғысына оның ішінде Сталинград майданына бас штурман болып алғаш аттанады. Майдан даласында мың өліп, мың тіріледі. Сталинградқа баратын тура жолдың бойындағы Большие Россошки селосы арқылы жаудың танк дивизиялары, трактор, автоколонналары жүретін еді.

Құралға берілген алғашқы тапсырма, осы жолдың бойындағы Лихая, Моздок, Касторная темір жол станцияларындағы жаудың жойқын күшін талқандау болатын. Серігі Александр Чернышев екеуі «ТБ-3» ауыр самолетімен бір түннің өзінде бірнеше мәрте әуеге көтеріліп жау орналасқан аумақты бомбалап қайтып жүрді.

Сол уақыттың бір сәтін көз алдымыздан елестетсек, бірде Құралдың аспан төрінде болған жау самолетімен болған қанды қақтығыста ерлікпен қаза тапқаны жайында майдандық газетке мақала жарияланады. Бұл 1943 жылдың қаңтар айының аязды бір түнінде Қорган селосына қарай қос самолет беттеп бара жатты. Оның бірін лейтенант Құрал Рүстемов, екіншісін Трофия Пасигенко басқаратын.

Село үстіне жете бергенде оларға фашистердің 4-5 шолғыншы самолеттері қарсы ұшырасып қалады. Әп-сәтте атыс басталып кетті. Қос ұшқыш атыса жүріп бомбаларын жау нысандарының үстіне тастап үлгереді. Селоның әр жерінен көтерілген қою қара түтін бұрқ-бұрқ тұтана қарауытады. Осы аспандағы айқастарда Құрал мінген самолет көк түтінге оранады.

Содан олар қасындағы серіктері Александр Чернышев, Вася Кошеловпен бірге парашютпен секіреді. Жеңіл жарақаттанған олар түнделетіп, қар омбылап бір деревняның шетіне ілігеді. Ақырын ғана тың тыңдап селоның ішінде фашистердің жоқ екендігін біліп шеткі үйдің терезесін қағады. Қойныларында қанжар, пистолет сияқты суық қарулары бар. Кез-келген жағдайға дайын болуы керектігін білетін олар істің ақырын күтеді. Үй қожайыны екі кеңес жауынгерлерін көргенде жылап жібереді.

Селоға үстін-үстін неміс солдаттары келіп жатқанын, қорасындағы жалғыз сиырын сойып тастағанын, қазір селода тігерге тұяқ қалмағанын ашына айтады. Ертеңіне парашютпен түскен совет жауынгерлерін өре сабылған фашистер итпен іздеуге кіріседі. Алайда оларды үй иесі үйдің шатырындағы қалың шөптің арасына тығып, жау көзінен тасалап қалады. Бірнеше күннен кейін кейін әл-дәрмен жинаған екі жауынгер өз авиаполкын іздеп түн ортасында жолға аттанады. Бұл уақытта екі жауынгер өлілер қатарына еніп кеткен еді.

1943 жылы ақпан айында Совет Қарулы Күштері Сталинград майданында жауды жеңіп қаладан қуып шығады. Жаудың он мыңға жуық солдаты тұтқынға түседі. Осы майданда бастан аяқ соғысқан штурман Құрал Рүстемовке, Василий Кошелевке, Михаил Сысуевке мемлекет наградалары тапсырылып, лейтенант дәрежесі берілді. 

Ал екінші самолеттегі экипаж Трофим Платонович Пасиченконың тағдыры олардан да қиын болды. Парашютпен жерге құлаған ол есін жиып қараса, айдалада қарға көміліп жатады. Ауыр жарақатына қарамастан село шетіндегі бір үйдің шарбағына сүйене құлайды. Совет ұшқышы екенін таныған қарт үй иесі Трофимді сабанханаға жасырып тастайды. Алайда фашистер тіміскілеп жүріп тауып алып, комендатураға апарып әбден өлексесін шығарып қинап, азаптайды. Одан кейін алып шығып өз көрін өзіне қаздырады.

Тап осы кезде село шетінен сақылдаған совет жауынгерлерінің автоматының даусы естілгенде екі фриц асығыс-үсігіс Пасиченконы атады да шұңқырға құлатып, үстіне қар кесектерін тастай қашады. Әлден уақытта мұздай кесек астынан қыбырлап Трофим шыға бастайды. Сыртқа сүйретіліп шығып селоға қарай еңбектеп бара жатқанда совет жауынгерлері кездесіп санитарлық бөлімге жеткізеді. Пасиченко беріге дейін Орынборда тұрыпты. Бұл күнде өлі-тірісінен хабар жоқ. Бар болса Құралдың көзін көрген батырдың естеліктерін алып қалса, келешек ұрпақ үшін құнды дүние болар еді.

Бұл 1943 жылғы 6 маусымда біздің 325-ші полктың алысқа ұшатын бомба тастаушылары Орел бағытында қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан кезде болған еді. Сол күні бізге жас ұшқыштар келіп қосылды. Жаңа келгендермен танысу үшін мен штабтың жер үйіне кірдім. Қасындағыларға «Тіктел!» деген бұйрықты берген жас офицер қаққан қазықтай алдымда тұрды. Ол бір қадам алға шығып: -Жолдас полковник ! Тамбов авиаучилищесінің құрамында 31 адамы бар ұшқыштар тобы жауынгерлік қызмет атқару үшін келді. Баяндап тұрған кіші лейтенант Рүстемов!-деді деп запастағы гвардия полковнигі Х.Петросянц сол жылдарды осылай еске алады.

Сол кезде мен осы қазақстандық жас жігіт туралы «жақсы ұшқыш болады» деп ойладым. Қателеспеген екенмін. Кейін жастар эскадрильяға бөлінген соң авиация отрядының командирі Орловский екінші ұшқыш Құрал Рүстемов туралы «ұрыста батыл, барлауда сабырлы, әуені тамаша бағдарлайды, метерологиялық қолайсыз жағдайда да самолетті шебер басқарады» деп айтып жүрді. Құрал да оларға көмектесіп, жаудың тойтарыс торабына бомбамен соққы беретін. Жау өз тылындағы дүмпуді тұншықтыру үшін бар әрекетін жасап, бірнеше мотомеханикаландырылған дивизия алып келді.

Гитлершілер «Үш емен» аэродромын істен шығару үшін қолдарынан келгенін істеп жатты. Бірақ, біздің қырандар ешнәрсеге қарамай, өздерінің словак достарымен кезекті ұшуларын жалғастыра берді. 1944 жылы қазанның 16-сынан 17 –не қараған түні біздің полктың 25 экипажы «Үш еменнен» тағы ұшып шықты. Әдеттегідей-ақ көк жүзіне бірінші болып Рүстемов көтерілді.

Брезно ауданынан жеткенде ол аэродромның бұлтпен қалың көмкерілгенін байқады. Оған қону мүмкін емес. Сонда да Рүстемов бұлт ішінен саңылау іздеді. Сөйтіп, «Үш емен» ауданын шарлап жүргенде жаудың зенитшілері мен пулеметшілерінің жаудырған оқтарына тап болды. Бір снаряд келіп моторға тиеді.

Самолет жана бастайды. Биіктік онша жоғары емес еді. Бірақ моторы істен шыққан ұшақ басқаруға біртіндеп көнбей бара жатты. Самолет тау бөктеріндегі орманды алқапқа құлап, адам құшағы жетпес алып ағаштарға соқтығады. Құралмен бірге екі ұшқыш сол жерде қаза болады. Ал біреуі ауыр жараланады.

Самолеттің құлағанын алғаш байқаған Брезно қаласының тұрғыны Зузана Сколошова өртенген ұшақтың жанынан опат болған ұшқыштардың денесін көреді. Кейін анықталғанындай жараланған бір ұшқыш жанып жатқан самолеттен жолдастарының денесін алып шығуға үлгереді. Олардың ордендері мен құжаттарын алып, ормандағы партизандарға кетеді. Зузана ері және көршілерімен бірге совет жауынгерлерін жерлейді.

Словакияға азат етілгеннен кейін Сколошова жергілікті өкімет орындарына айтып жүріп батырлар денесін қалалық мазаратқа әкеліп Кеңес және Чехословак әскерлерінің командованиесі қалалық үкімет өкілдерімен бірге үш ұшқыштың денесін салтанатты түрде жауынгерлік құрмет көрсету жағдайында қайта жерлейді. Бірақ ұшқыш есімдері белгісіз күйде қалады, дейді Петросянц. 

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін 14 жыл өткеннен кейін «Красная Звезда» газетіне Зузана Сколошованың мақаласы шығады. Осы мақаланы оқыған Красноселолық 29 гвардия авиация полкі командирінің саяси іс жөніндегі бұрынғы орынбасары, запастағы гвардия полковнигі Х.Петросянц 1944 жылдың қазан айының 16 сынан 17-іне қараған түні Брезно ауданында Рүстемов экипажының опат болғанын есіне түсіреді.

Х.Петросянц өзіндегі бар майдандық жол жазбаларын қарап отырып «Красная звезда» арқылы Зузанаға жауап жазып олардың гвардия лейтенанты Қ.Рүстемов, гвардия сержанты Д.Н.Беседа, штурман гвардия кіші лейтенанты Шербак екендіктерін айтады. Жалпы Құрал Рүстемовке қатысты мақалалар мен әңгімелер «Красная звезда», «Крылья Родины», «Казахстанская правда» газеттеріне сан мәрте жарияланады.

Қарап отырсаңыздар Құрал Рүстемовтің жанқиярлық ерлігі нағыз батырларға тән. Сан мәрте көзсіз ерлік істеп бірнеше мәрте өлген азамат. Кеңес Одағының батыры атағын алуға әбден лайықты тұлға еді. Мұндағы айып сол уақытта Созақ көтерілісіне байланысты созақтық майдангер сол атаққа қолдары жетпей кеткен. Арада жылдар өте 1969 жылы «Комсомол-69» жыр бәйгесі жарияланады.

Осы бәйгеге жергілікті ақын Жеңіс Қарғабаев батыр ұшқыш, Чехословакия елінің Халық батыры Құрал Рүстемов туралы «Ақиық» дастанын жазып, поэма жыр бәйгесінде бас жүлдені иеленеді. Шағын дастан 1969 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланады. Сонымен қатар, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде орынборлық досы Александр Чернышевтің естелік хаттары мен Құралдың әкесі Томпышев Рүстеммен түскен суреті қоса жарияланады. Бұл күнде ол сурет жоқ. Тек облыстық газеттің архивінде сақтаулы болса керек. Дастанда:

Көк жүзінде самғайтұғын қырандар,

Болат қанат талмайтұғын қырандар.

Жүрегімді шабыт буса саңқылдап,

Мен жырлайтын, мен шырқайтын бір ән бар.

Ол ән сендей қыран жайлы жыр еді,

Ол да сендей Мыңжылқының түлегі.

Адам еді ол, адамдардың Қыраны,

Бар еді онда Ақиықтың жүрегі.

Ол да сендей дауылдарға қарсы ұшқан,

Қаймықпаған өмір үшін тартыстан.

Қайсар жүрек кең далама сыймады,

Қайран ерім оралмады Батыстан деген жолдар есіл ердің ерлікке толы ғұмырын аспан тұңғиығындағы қыран құсқа теңеген еді. Шолаққорған ауылындағы бір көшенің аты -мен өзі туып өскен Қозмолдақ ауылындағы жалпы орта мектеп батырдың есімімен аталады.

Бүгін Мыңжылқының шыңында аспан төрін еркін қалықтай самғаған ақиық құсты көрдім. Мүмкін ол Құралдың қасиетті рухы болар. Батыр бабаларымыз артында ерлігін дәріптер ұл-қыздары барда мәңгі тірі!

Мақсат Жеңісұлы, Созақ ауданы

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: