Еркінбек Ақынбеков рухына, Ояз тілмашы,фольклор жинаушы, автономия сұрап,Ташкент көтерілісіне қатысқаны үшін 1918 жылы Түркістанда атылған.———————–«Дәукен момын ғой, үш жылдан асты, үйін әлі сап бітетін емес. Әкесі Мәлік – шабандоз, адуын адам еді. Әкем айтатын, Мәлік көкпарда мойны қатты атынан қаймығып, шаппай отырады. Ойда – жоқта Қожан шабандоз жақындаса, атымның мойнын сындырып берші дейді. Қожан іле жармасып, доданы сүйретіп келе жатқанда кенет шаң бұрқ етіп, біраз атты құлап, үйме – жүйме боп қалады. Сүйтсе, Мәліктің атының мойны үзіліп кетіпті. Оны есіттіруге келген құрдастары атыңыз шейіт болды, аумин! Сындырып бер дедің, Қожан сындырып берді,риза шығарсың деп қағытыпты. Өзі әзілге бай кісі- Мәлік әттеген- ай, атымның мойнын сындырып бер дегенді аузыма кім салып еді депті».«Уа,бүгінгі көкпарды айт- айтсаң!Жұманторы ат қой,шіркін?! Ақпан бел, тірсекті, доданы кешіп барады.Артынан ат жеткізбейді.Тұяғын бұрап тастағанда анадай жерге топырақ атады, қуамын деп сонысынан- ақ өліп қала жаздадым». «Жағалбайлының шабандозы мен Бураханның тартысын күтіп едім?». «Былтырғыны айтамын.Көкпар мұрыннан құлаған.Өлсек жібермейміз дедік. Қазан қайнап тұрса, тура соның буынша кеп ұрдық бүйірден. Біраз ат оманға жығылды. Бір ат оманнан сүзіліп шыққанда көкпары түсіп кетердей- тұғын, бүйірден жұлып әкеттім. Шұбарым дегдеуге іліге әй бассын! Түйдегімізбен қақпайлап әкеп салдық». «Рас, сол атың Қарашықтағы көкпарда жараған-тұғын, жүні түскен киіктей жылтырайтын». «Әлтеннің шұбары жақсы мал еді,көкпарда өңшең бабайқорғандық лаппа әркімге мінгізіп шапқызып, ықпақыл қып тастады». «Айт- айтпа, бабайқорғандық ат мәнісін біледі. Бірақ сол сунақтардың жаман тұмағы ғана қазақнамайт, қалғаны сарт іспеттес». «Сәке, жорғаңыздың денесіне аяғы келте. Біздің ат шаңына ілістірмейді». «Атты сартоқым құнанында көкпарға үйретпесең бестісінде бас білмей кетеді».«Әбу, тойханадан айт? Көз тиген бала қалай?». «Нашар дейді». «Бишара өліп қалмаса болды?!». «Бәрін айт та, бірін айт;бүгін Жұманторыны мініп шапқан жағалбайлының шабандоз жігітін айт?!Олардан шабандоз шығады деп кім ойлапты?!». «Көкпаршыл ат үйренбейді,іштен біліп туады.Жетімдер Қуандық шабандоз Жұманторыны адамнан ақылды мал екен депті».***Тілмаш Жұманәлі Арыстанбеков сәскеде айтыс өтетін үйге жайнаңдай басып келе жатты….Ол кеше Ханжігітті ертіп,божбан Көбелек болысқа,Ыса болысқа,Нарбек биге, Құлтастың Сыздығына, қоңыр-жиембет Жанәділ болысқа жолығып, ақылдасып, жетімдердің қазіргі ірілері- шоқтастықтың үйіне соқты. «Ассалаумағалейкөм,құдалар?!» деп жүзінен нұр шашып кіргенде, Ханжігіт суырыла:… Қоқанды сұрап өтті қара Барқы,Би болған әулетімен тегіс жалпы,Кешегі Байұзақ датқа,Ер Телқожа,Кетпеген қай жерлерге оның даңқы…,-деген Құлыншақ шайыр,- деп қоштап, жарқ етті.Жасының үлкендігіне қарамай Телқожа батырдың баласы Рүстем би,Керімбек әжі өре түрегеп, құшағын айқара ашты.Тілмашты тыңдай: «Құрымбай датқаның інісі Дүйсенбі датқа ағасынан кем соқпады: көреген екен,үш саңғылдың баласын орысша оқытып,міне, қазір сенің дәрпің Түркістан асып,үйезге мәшһүр. Тонның ішкі бауындай жегжаттығымыз бір төбе. Елің ірі, Құланбай,Нарбек би- адамның қолы жетпейтін биіктер. Нарбек би алты баласын алысқа оқытыпты дейді, үлкені- патшаның генералы-Өзбекстанды,Қамбарбегі Тәжікстанды сұрап тұр дейді. Тәңір тілеуін берсін?! Иә шырағым,Құсатадағы ол сөзден хабардармыз. Ағайын дегенмен атасы басқа, жайдан- жай ақылгөйсу ұят еді,енді сен келдің, сөйлесеміз. Шақырғасын солай қарата жүргелі отырмыз, жуасытар уәж табамыз. Азғантай алшын- жағалбайлы момын ел, Қалкөз дүрдің аруағы риза болсын?!» деді. «Көнбесе ше?». «Көнеді. Қиқаңдасаң тура өсжерде Жұманәлі тілмаш билер ортасына салмақшы; дүлдүл маңғытай-Шойынбет биді шақырмақ дейміз. Қой оған бара қоймас,кейін қайдам әзірге қазақ үлкеннің сөзіне тоқтайды». Бойын қуаныш билеген тілмаш «Жақсының алды- көпір» деп ел ағаларын үстін- үстін құшақтай, Ханжігіт тағы серпіліп: «Сегіз жүз алпыс төртінші жылы Черняев Түркістанды алғанда Қоқан әскері Иқанға қарай шегінеді, сонда жалғыз өзі кейін қарата шауып, қым- қиғаш атыста орыстың әписерін желкесінен жымқыра жұлып ап, өңгеріп әкелген- жетімдер Телқожа батырдың еліне сәлем!…Битабар мен Байұзақ,Бегзада еді елдегі,Алашқа салған салқынын…Үргеніште қалды сүйегі,Телқожадай алпының,-деп Молла Мұсадан өлеңдеткенде, қариялар: «Жақсыдан туған жақсы, әкең Бұланбай- адамгершілікке пір кісі. Атаңа рахмет!» деп жапырыла риза болысты….Тілмаштың көңілінің «шеңгел де сорпалығы» есалы жағының басылғанын естігеннен еді. Жеңілген жақта не дегенмен дық қалады,ол бір майдан Баймұрат болысты аяды.Оқыған қазақ Қалидың ғана ақиқат нәрсені қарлықтырмақ бүрсүгінгі сөзіне көңілі күпті. Ішінен:«Ана жақта боса- болмаса алшын- жағалбайлы шат шығар?!» деп ойлауы мұң, төтеннен «Жұмеке?» деген дауысты естіді.Қараса, жылдамтата басқан Қали. «Кімді айтсаң сол келеді. Ғаж…жап?!». «Ассалаумағлейкөм! -Қали бүгін жайраңдап қолын қысады.-Жеңдің, жеңдің Жұмеке?!Көзің айтады- өкпелісің,бірақ сені сыйлаймын. Орыс әйелің ажырасып, түнеукүні Петрборына тайғанын, баласымен оқығасын ояз сені іштартарын да білемін. Әйткенімен тіс жарған емен. Қоқанның кезінде датқа болғанның баласы қазір болыс; маған ақы төлейді,сөзін сөйлеуім содан.Әлімсақтан тірліктің тірегі- ақша. Қытайға киіктің мүйізін сатып, жағдайымды оңдадым. Қазір дайраның тоғайында бес жүзге жуық сиыр,тайыншам бар. Сен одан- дағы…». Тілмаш ішінен: «Бұл адам менің жанымды ауыртты. Алла,күш- жігер бере гөр?» деді. «Қалеке,орысқа нан болып тұрмыз,әйтпесе біз үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шығыс халқы,мұсылман халқымыз; не көрінді жатқа үйленіп?! Екі әйелім де қазақ». «Қалай?». «Ағам қаза тауып, жеңгемді әмеңгерлік жолымен алғанмын. Ол жиырма төртте, мен он сегізде едім.Одан үш ұл, бір қызым бар.Оқудан келгесін қыздай алған әйелімнен бір ұл, бір қыз.Аллаға шүкір,әкемді тыңдағаннан жақсымын, жолым ашылып сала берді.- Тілмаш азырақ мүдірді.-Дүние турасында…Өкімет адамына дүниеқоңыздық жараспайды, ол қалай еліне өнегелі сөз айтпақ?! Құдайға шүкір, жалақыма қанағат.Інім,балдарым,елім бар». «Әркімнің құмарлығы- иә қуанышы, иә соры,Жұмеке?!». «Қалай- қалай?-деді тілмаш.-Қызық екен.Ондайда азырақ әңгімелесейікші өзі?». Кеңқорық- төбеге өрлей тілмаш сөйледі:«Қоқан кеше қазақ жерінің түстігіне өзбегін топтап әкеп орналастырды,орыс бүкіл терістік, шығыстан қамал соғып- құрсаулап,мияуқата қоршады. Жат ел ұйымшыл, ашқарақ.Атамекенінде қазақ құлдың күнін кешпесе деп келешегіне торығамын?Не үшін оқыдық?!». «Жұмеке, болатын нәрсе болады?!Қашан аспаннан Мәді түскенше ешнәрсе өзгермейді,күштінің нашарды басынуы басынған. Жақсы еркекті ақымақ қатыны, байды ақымақ баласы қартайтады,жаман еркек жақсы әйелін сорлатады. Жаман патша халқын аздырады.Алла Тағала бәрін қиюластырып, адам баласын- пендені ұзақ өмір сүрмейтін етіп қойған». Тілмаш биіктен алқапқа жайбарақат көз салады.«Қайсарлығым құмарлықтан емес,білімнен. Сен екеуміз қазақпыз.Нағып қазақ етіп жаратты?Тіліміз,діліміз ортақ?». Тілмаш ойламаған жерден қалтасынан уыстай алтын теңге алып, жоғары лақтырып – қағып ойнай бастай, Қалидың көзі бадырайып,тұтыға: «Е…е…Осал емессің ғой?» деді… «Күн сайын үй- үйді аралап, әңгімеге құлақ түремін.-Тілмаш жайбарақат қалпы ойын сабақтады.-Кілең орта шаруа ел.Кедей- кепшік аз, ат қарауылдайды, үй тігеді. Ресейді Еуропамен салыстырсаң қалық ел,кедей ел.Империялық пиғыл санасына титтейінен сіңіріледі, мұжығының өзі әппербақан.Ай сайын болыстар қазақты зарлатып «түтінпұл», «шөппұл» жинайды,дастарханға салып бөледі,патша ағзамға жібереді.Күндердің күні патша салықты қанағат етпей қазақтың малына ауыз салса ше?Ықтимал ғой?Ондайда малмен күнелткен қазақ аштан қырылады». Қали ішінен: «Е,бұл жусауы бөтен адам екен?!» деп немқұрайды тыңдайды. «Не үшін оқытты?Не үшін оқыдық? Әділхан Бөкейханов,Ахмет Байтұрсыновтың айтуынша кішкентай дербестік- автономия тимей қазақ қорлықтан арылмайды.Досым,сенің күйбең тірлігіңе қарным ашады. Бізге қосыл?». «Қарайгөр,бұл мені айналдырады…». «Қалеке? Қазақта сұмпайы, cұмырай, сілімтік,сумақай, жалмауыз, арамы, жағымпаз, тасыраң, мүттәйім, қытымыр, дүниеқоңыз, қанішер, көксоққан, бейхая,қарау, қисық,тойымсыз, әулекі, айлакер, жымысқы, тасбауыр,жауыз, көрсеқызар, дарақы,көкдолы, құлқыны жаман, сыбайластық дегендей жүздеген жаман сөз бар.Қайдан шыққан деп ойлайсың?». «Қайдан шыққаны бар ма,халық керек болғасын шығарған?!». «Тамаша жауап!Әлбетте керек болғасын! Шығарған себебі… Отарлықта, құлдықта-сергелдеңде нешеме ғасырды бастан кешіп, жаман заманда жаман адам мен жамандық асқындап, содан пайда болған.Міне,Қали мырза,өсжерде жалпы қазақ түгілім біз- оқыған аңғармас мәніс жатыр.Құлағың салшы? Егерде қазақ тәуелсіз мемлекет болып,жұрты өркениетті елдерше темірдей тәртіппен,баянды ғұмыр кешсе;Үш Жүздің биі қазақтың руларын таластырмай тең ұстаса зорлық -зомбылық,алдау- арбау жойылар еді; сүйтіп,қолданбағасын жаман сөз тіл қорымыздан өзінен өзі түсіп қалар еді!Адамды бас терісінен танимыз, әнеугідей көптің іші болыстың қара бөрікті, қойтыбастау туысы ғана емес, Ханжігіт айтпақшы бәдікайкөш жаман сөзді оқыған сен де аузыңа алмас едің?! –Тілмаш күлімсіреп қарайды. – Жаман сөз ұмытылса адам тазарады. Досым, малпоқы мыңның тірлігін жасама?! Қу дүние көздің құрты,сол үшін адам сатылады, сатады; адамдық қалыптан алыстап,күнәға батады. Семіздік малға жарасады,саған беймарал өмір сүруге отыз тайыншаң аздық етпейді, өміртата қып күн көресің. Келешек- ілім- білімде, қазағың оқыған мен оқымағанның арасы аспанмен жердей деген. Ұрпаққа өнеге,тұтқа болып,белсеніп өмір сүрейік! Қашан ғани заман орнатқанша білімді, намысты қазақ айқаста өмір сүруге керек!». Қалидың санасында: «Мұнан былай қалай өмір сүрсем?Қай жолды таңдасам?» деген ілгергі бір сауал қиырдан көлбең қаққан. «Оқыған қазақ әзірге саусақпен санарлық,менің сөзім тікенек болса кешір?!». «Айтпақшы Жұмеке?-деді.- Қасыңдағы Бұланбайдың дау алғыш баласы қайда?» деді. «Білмедім». «Айтайын. Таныс құмарпаздан естігем. Түркістанда серіктерімен шайханада отырса,Ханжігіт қызылкүрең жорғасымен тайпалтып өтіп бара жатады. Мынау- Бұланбай байдың алпысында көрген жалғыз баласы. Құмарға үйретсек,бірдеңе түсіп тұрады деп былтырдан айналдырады екен. Болатын-ақ бала еді.Е, Түркістанның шәрі- пайда- зарары тең- алабөтен тіршілік, кірсең екі айдасын желімдей жабысып босатпайды.Әнеу шеткергі үйлерден ізде,олар думанды жерден қалмайды, Ал жақсы, сүйт Жұмеке, жоқты іздеме,ертеңді қамда?! Өмір деген екеумізден озық мың жақсы шиырлап, дым таппаған жол». Тілмаш кейістікпен ішінен: «Дүмбілез» деген сияқтанды,бірақ «Бұның түзген шарасын Баймұрат болыс екеуінің қайдан біле қойғанын» сұрауға батпады.«Жанымды тағы ауыртты?!». Алға басуға тілмаштың аяғы ауыр тартады.Ақыры сұрастырып келіп жабықтан қараса, шынымен рас,Ханжігіт ересектер ортасында карта соғады. «Шотал!Шотал» дейді әлдеқайсы.***«Әбеке,тойхана жаңалығынан соқ?». «Сәке?- Шашын ұстарамен жаңа алдырған, жуан мұрт тоқтамады.-Осы Әби туралы әңгіме көп, ол адам бүгінде қайда тұрады? Қазақ па, өзбек пе?».«Е, ол тиесілі жерінде қазақ, өзбек, қыпшақ, арғын боп жүре береді. Құсатада тұрады, ана дирменнің түбінде. Жұматай бишара осы Әбидің қылығын жыр ғып айтушы еді. Әйелі өлгесін, ауылға қыз алам деп келе беріпті. Қу жігіттер Жұматайға қыздың киімін кигізіп, көкірегіне томпайтып мақта тығып, Әбиге силас жақсы ағайын едің, жақсы қызымыз бар, соны саған берейік дейді. Көрсет дегесін анадайдан есікті бір ашып қана көрсетеді.Жұматай – қыз келбетті, сүйкімді- тін. Әбидің есі кеткесін, қулар жолын істе дейді. Елі ауқатты ел,малымен, китімен келеді. Бәрі әбден ішіп – жеп жатады. Жұматайды шақырып, сені түнде Әбидің атының артына мінгестіреміз. Жыңғылдың ішіндегі жалғызаяқ жолмен өтерде түсе қалып қаш, атымен қуа алмайды деп құлағына құйып қояды. Жұматай артынан түссем аты теуіп жібере ме деп қорқып келе жаттым. Әлденуақ бұрылып, емшегімнен ұстайын деп қолымен сипалап, жоғарылай бергенде сыпырылып тұра қаштым, ол айқайлап қалды дейтін. Әби азанымен қыздан айырылып қалдым деп келгенде, баяғы қулар ө енеңді…саған қайта – қайта беретін қыз қайда,артыңа мінгестіріп жіберген қыздан айырылып- бұл қай мазағың деп сабап- сабап жібереді. Жұматай бишара осы оқиғаны кейін Әбидің көзінше айтып, екеуі күліп отыратын».«Әбеке,тойхана жаңалығынан соқ?». «Қоймадың ғой…Кешегі қызықтың үлкені- Аза- бәйге болды емеспе?!». «Әлбетте!Әлбетте! Ханқожа құданың атасына мың рахмет!Әйтпесе қайсыңның құдаң Үш Жүздің басы қосылған жер мұншалықты ойсан тірлік жасайды?! Шүленгір мырза екен. Бәйге жақсы өтті». «Жиырма шақырым тез екен.Әне дегесін төбеге жүгіріп шықсам, қаптап келе жатқан ат. Озған көк ат Кіші Жүзден болды. Сары аттың егесін естімедім,қайдан екен?».«Мәделі қожаның аты.Үшінші өзіміздің Тарташап». «Аздап арамдық болған.Орта жолда екі- үш атты былайға сүйрепті,кейін білдік.Жытқырдың көбі аза- бәйгені өсжерде есітіп,анау- мынау ұйыстыруға үлгермеген.Ертең көресің?!». «Тағы не есітіп,не қойдың?». «Еділбай тапкер Маржанкүлдің Қазанғап торысын тамашалап,шырағым бас бәйгеден айырылдың- ау депті. Еділбай ұзасымен Маржанкүл тапкер атыңның ішінде кепкен тезек бар деді, қане, шаптырып алып, тұтам қамыс жегізейік дейді. Айтқандай Қазанқап содан кейін жынын ытқытып тастапты».***Айтыс үйінің төңірегі тұппа шаптыққан дода – арасат халық: тілмаш ошарылады. «Еу,не болды?». «Мырза?Халық Құлыншақты көрейік, айтысын тыңдайық деп сегіз қанат үйді төрт рет жығып, төрт рет тікті». «Жүдә айтыстырмады ма?». «Бағана шарпысқан.Екі- үш ауыз өлеңнен асырмай итермелеп,үйді құлатып,ақындарды басып қала берді. Таптайтын түрі бар».Кейі күледі,кейі ашулы. «Айтысқан кім?». «Құлыншаққа қарсы Кіші Жүз,Арал жақтан Барақат деген ақынды шығарды.Жақсы айтыс боп жатыр еді». «Ақындар үйге кірсін!- Кенет Ыса болыстың маңғаз даусы естіліп, шу сап тиылды.- Киіз,көрпеше далаға салынып,сыртта айтыссын!». Демде қалың ел қақ жарылып, үйдегі киіз,көрпеше сыртқа салынды,тұс- тұстан қолтықтап Құлыншақ,Барақат ақынды алып келді. Толық кісі Барақат:Отыр міне қасымда Байұзағым,Жайынбайым,Бұлар тірі тұрғанда тайынбайым,Басым сотты болмаса дым қылмайсын,Аман- есен тұрғанда Абылайым,-деп мүдіре,мына беттен Құлыншақ іліп әкетті:Қойшыманның әкесі балық сүзген,Тері тоны келмейді иір тізден,Торы шолақ байталға жайдақ мініп,Сұм ауқатын елтіп жүр біздің елден,-дегенде жұрт дуу етіп, ортаға лап қойып,ақындар көрінбей кетті. «Болды! Болды!Құлыншақ жеңді!». «Қой, айтыссын дә?». «Несін айтады?! Сөзінің парқына қарасай?! Бағанадан құр мақтан, уәж жоқ!». «Құлыншақ жеңді!». «Ағайын?Беркімбай болыс сөйлесін?Датқаның баласы сөйлесін?». Ұзын бойлы, келісті кісі оқшауланып: «Жарандар мен Құлыншақ ақынға су жаңа күміс қамшы,сусар бөрік тартамын, астымдағы атақты бозжорғамды мінгіземін!» деді. «Бәрекелді!Жігіт екенсің!». Құлыншақты ортаға алып шықты. «Көке, абыройыңыз арта берсін!». Жұрт лап етіп, қошамет көрсетті. «Жамағат? Менің өтінішім бар?- деді біреу ойда- жоқта жұлқынып.-Құлыншақ ақын бір шумаққа тоғыз атты сыйдырып көрсінші?».Ақын иегін ширақ көтеріп, шамасы жеті санағандай ойланып:- Үштөбе,Жартытөбе,Шолаққорған,Бабата,Балдысумен,Балаторлан,Ауылым Қанжуғанды өрлей көшіп,Қарасу басып барып,Созақ қонған, -деді саңқылдай. «Жаса!Жаса!», «Бәрекелді!». «Паһ,шіркін?!».***«Мергенбай ілгері жыршысын ертіп жаңа елге барғанда қасына елеусіз жігітті ертеді екен.Он сегіз жыр білемін,қайсын айтайын дегенде, әлігі жігіт оның бәрін қайтеміз,бізге өзіміздің Қыз-Жібек, Қобыландыны айтсаң болады деп жыршы білетін екі жырдан айырылмай, қасарып отырып алады екен.Шырағым, сол айтқанға ұқсамасын?!». «Онда ермек болсын, Дайрабай- Шақабайдың әңгімесін айтайын?». «Айт?». «Дайрабай қартайған шағыңда жігіттер, кім болсаң ол бол, қу деген атты жаныстыра көрме дейді екен. Жасырақ кезі екен. Бір бай құздан арқар атып, өліп – талып әзер жетіп е құлжам, жатырмысың десе, бұрын барып, құлжаның үстіне шөп үйіп, астына тығылған Дайрабай басқа салғасын жатпағанда қайтем дейді. Жапандүзде зәресі ұшқан бай артына қарамай қаша жөнеледі. Ауылына жетіп, бейсенбіде бозқасқа құдайы шалады. Жұрт етін жеп, сорпасына қанысымен Дайрабай мұртын ширатып оны айтқан мен едім деп көпшіліктің шек- сілесін қатырыпты».«Оның басқа әңгімесі бар. Дайрабай молдаға сіз кімнен қорқасыз деп сұрайды. Молда Құдайдың құдіретінен өзге ештеңеден қорқпаймын депті. Келер жылы молда аманат молаға келіп, мал сойып, құран оқып жатқанда, сексеуілдің шырпысынан үйген шошаймасының астынан кебінді біреу шыға келіп, молданы бас салады. Жұрт атты- атына, есекті – есігіне мініп, тым –тырақай безіп кетеді. Молаға ертерек келіп, тығылып жатқан кебінді аруақ- Дайрабай, молданы умаждап, қапыста айырылып қалғансиды. Молда еліне аҺылап -уҺілеп жетіп, бұрын – соңды бұндай іс болған жоқ еді деп құран оқытады. Сонда әлдеқайсы бұны қылса Дайрабай қылады дейді. Оны өлтірейік деседі. Молда тимеңіз,бәрі тілімнен. Баяғыда Құдайдан өзгеден қорықпаймын деп едім, алдыма келтірді деп кешірім етіпті».«Әй,Әбеке, палуан күрестің аяғы немен бітті?». «Божбан Жайықбай жеңіп кетті». «Қалай?Үшеуді топ еткізгесін анабір гүржигеннің түрінен шошып, адам шықпай тұрған?!». «Көбелек болыс Жайықбай деген інісін алып келген екен,намыс қоя ма,сабаз шыдамай жетіп барды. Дәу шыркөбелек айналдырғанда, жұрт тынды деп көзін жұмып қалған.Бірақ жерге қоя бергенде Жайықбай жамбасқа салып, атып ұрсын. Орта бойлы демесең,екі иығы екі тауды тіреген жалпақ жігіт екен, кейінгі ұстасқанның ешқайсын шақ келтірмеді». «Божбандар тойлап жатыр десей?!Тағы не әңгіме?Атшабар күн таяды, ел құпияланып, сыбырға көшіп,өңге жақындаса тарс қоя- қойып,ыммен тілдесіп,ұзақ сөз,күлкі жағымсыз естіліп, төрт құбыла қауіпті сезіп,ұшуға қомдаған құстай ішін тартты! Не есітіп,не білдің?». «Әбдіғаппардың бәйгеге қоспақшы бурылын ұрлап кетті!» деді біреу. «Естідік.Қалай болды өзі?». «Үйде- тұғымыз.Көзіміз жаңа ілінген. Ат кетті!Ат кетті! деген ащы дауыстан атқып шықтық. Ұста да ұста! Ұмытыл да ұмтыл! Жайдақ атқа мініп мен қуайын. Беталды шаптық.Түрт те қаш түн, қайдан ұстайсың?! Салбырап оралдық.Қарауылы екеу еді, не қара басқанын?!». «Ол- әккі ұры. Ерін қапқа салып арқалап келіп, мініп кетті де». «Бұл- Байдалы ұры,меніңше.Не соның адамы!». «Түркістан төңірегінде жаннан безген біреу болмаса оны жан қумайды». «Өсжерде адамы бар дә?». «Әбдіғаппар қан сиіп ауырып қалды». «Байдың құйрығын үш кескенде тамтығы қалады.Онысы несі?!».«Ат тұсағанда жібек белбаумен тұсайды екен; қайтып келгенде,әлігі жібек белбауды шешуге ерініп, пышақпен қияды екен деп еститінбіз». «Жұрт Байдалыны- кедей аулын асырайтын мәрт ұры дейді». «Жігіттер мұны ас дейді,жақсы сөз- жарым ырыс.Қане,Әбеке, сен сөйлеші?».«Бағана Еділбай тапкерге келген атым, келмесе шошқа қуған атым; аузын үріп, сирағын сыпырған аулымыздың жалғызы еді деп бейтаныс жігіт бәйгекерін тосты.Тапкер оған секие қарап, жиренді сипай сүбелікке тигенде қолын тартып алды; екінші мәрте қи түсеріне тигенде қолын тағы жұлып алды.Атқа қарамай биссмилла, мынау Құдайбергеннің Шұбарының тұқымы ғой деп көзі тостағандай болды. Түркпеннің ұрысына ұрлатып еді, жарықтық ұрпағын топырағына силап үлгерген екен деді. Абдырап, сосын кекілін уыстай, маңдайынан сүйді. Жүйріктіктің сүбелікте, жақта, қи түсерінде нендей белгісі бар деп сұрап едім, сүбелікте жүйрік аттың құйрығы таз, жүні тықыр,өзі қатты,қи тастарының аумағы, екі жақ сүйегінің арасы кең болады деді». «Паһ,шіркін?!».(жалғасы бар)