Есқара Тоқтасынұлы, ТІЛМАШ, хикаят (жалғасы)

Еркінбек Ақынбеков рухына, Ояз тілмашы,фольклор жинаушы, автономия сұрап,Ташкент көтерілісіне қатысқаны үшін 1918 жылы Түркістанда атылған

      «Атшабар!Атшабар!» деп айқайды салған дәйекші қызыл байрағымен сөреге шықты. Үстіне шынатақтай бала мінген бес жүз  атты ортада. Қисапсыз халық.Дәулетті бозқасқа құдайы  шалады, садақа атайды; кедейден ат қосушы бірлі- жарым, Құдайына сиынады.Бір мезет өрекпіген дабыс қағылып, құйрық- жалын түйіп,жмитып, он- оннан қосақтап айдап бергенде, әлемтапырық үн ылдиға тоғаны бұзылған тасқындай ала жөнеді. Сексен шақырым- төрт бекетке  аттың аты жетпек.Бұл- айдау, озу- қайтар жол.     

     …Ат жөнегенімен иесінің жамбасы  жер иіскемеді: тамақ батпай,жер- көкке симай  жүйкесі жұқарса, ат қоспаған елдің үйреншікті «анау озады», «мынау озадысы» тағы көңіл көншітпей, тойхананың кешкі  ойындарын күтісті.

       Шай үсті тілмашқа: «Жұмеке,Есенжол келіп тұр?» деді. «Кірмей ме?». «Кірмеді». Торыны жетектеген жігіттің солбырайып тұрысы тілмашқа ұнамады. «Тыныштық па,досым?». «Ағатай,әңгіме бар? -деп жігіт оңашаға меңзеп.-Ағатай,торыны алмаймын». «Е,неге?Болмайды,силадым дедім!». «Ағатай, торы бізге лайық емес?!». «Ол не дегенің?». «Бізге жараспайды… Және болыс ұрлатып алады?!». Тілмаш ішінен әдеттегіше «Ғаж…жап?!- деді таңданып.- Ия,майып қылуы тағы ықтимал». «Көкеңнің ақылы болар?». «Оларға айтпағам». Тілмаштың ойы шартарапты шарлай: «Есенжол, сен ана қызды жақсы көремісің?» деді. «Торыны жүз жылқыға бермеп едіңіз,обал емеспе?!». Кенет тілмашқа тұтқиылдан керемет ой сарт етіп,тұлабойы шымырлап, ішінен: «Құдайдың құдіреті?! Ризамын,Алла! Ризамын,Алла! –деді құлшынып. -Атқұмар Баймұрат болысқа торыны сыйласа, әкесі тіріліп келгендей қуанбайды ма?!Төбесі көкке жетіп, Есенжолға кедейінің қызын өзі жетектеп әкеп қоспайды ма?! Торы үшін  тіптен туған қызына қолқа салса  болыстың келісуі кәдік, бірақ тілмаш өйтпейді- жанды жерін ауыртпайды. Иә,сондайда жетімдер мен алшын- жағалбайлы арасы  жайланады, мұнан былай қалың қоңыратпен құда- жегжаттығы араласады. Жақсылық жалпаққа жайылып, төрт құбыла татулыққа кенелмек! «Жұманторы» тағы біреудің абыройын асырып,қуанышқа бөлейді. Бақыт деген сол шығар?! Ғаж…жап?!». Тілмаш «Бір жоқты, бір жоқ табады» деген қазағының даналығына қайран. «Есенжол мені күт,киінейін, болысқа дәп қазір барамыз. Шыныңды айтшы, ана қыз …қалай?». «Ағатай,қыз болса болды емеспе?!».  Есенжолдың кейінгі  сөзі тілмаштың жадында тұрақтап, торыны жетектеп болыстың үйіне жеткенше  сейілмеді. «Рас- ау, бишара кедейдің күні құрысын: ешкінің жүнінен қап шалбар, шидем шекпен киіп,арқасын бит жеп-төсек қайда-түйенің жабуын жамылып жатады. Азанда,кешке бай жеген еттің сорпасына ұн шайып ішіп,таба нанды қойнына салып қойға кетеді; кешке бір-ақ оралады. Сүйтіп,бишара қара  халықтың орта жасы қырық- елуден аспайды. Бірсыпырасы қалыңмалы жоғынан отыз,қырыққа дейін үйлене алмайды. «Айналайын жігіттен,қатқан көнді жібіткен…» дегендей талайының жесірмен өмір өткеретіні қанша…».

       Әйелді қазір Жұманәлі  әрқалай топшылайды. Ашықтықпен, қалың малмен, алып қашып та үйленудің ешқайсына шли қарсылығы жоқ. Отбасыдағы татулық  тәрбиеден туындайды.Көңіл күйге сай сезім алдамшы да, отан, отбасын құру- мағыналы, тиянақты құрылым; ендеше сезімді дізгіндеп,ғұмыр алдындағы парыз – міндетпен өмір сүру- бала сүю,ағайын- туыспен аралас,той- томалақ, қарт әке- шешеңе,ата- енеге қарау,дүниеден өтсе арулап шығарып салу мың есе маңызды. Махаббат төсекте.Ата- бабамыз жар салмай- ақ,жақсы жерден қыз алып,жақсы жерге қыз беріп өсіп- өнген.Тағдырыңды ақылы тапшы ұрғашының таңдауына- айнымалы сезімге  салу әбестік. Қарапайым оқымаған қазақ Есенжол соған ықыласты. Жұманәлі тәтті сезімді бастан кешсе, ата- баба жолын бұзбауы себепті Алланың нығметі деп білген.Кіші әйелі ізетті жан,қыз көруге үшінші рет барып,аттанарда ғана көзін ашып,үйге оралғанша Жұманәлінің көңілі аспан астына симап еді…

        (Ойдан ой туып,тілмаштың қиялы ұзады. Ілгері ілімдар арасында «Әйел адам ба?» деген талас туғаны белгілі. Әлбетте-өзгеше жаратылыс. Ата- бабаларымыз қыз баласын қаршадайынан міндетіне сай тәрбиелеп өсіп- өнген; қазір батыста табиғи орнынан айырып, оқуда,өндіріс-мекемелерде-  нәпсіқұмар ер адамдар ортасында- еңбекке жегіп жатыр. Нәті бос, егесіз  әйел- бишара; адамзат қоғамына қатер. Жұманәлінің елдегі бәйбішесі «Ер азамат- сен аман болшы?» деп бетінен сүйіп, шығарып салады.Екіншісі шәр көргеннен соң  ілеуде «Бүйтейік» деп қалады; Жұманәлінің назарынан- орны есіне түсіп- жанарын жасырады…Шеттегі айну,  әлі күнге – ХХ ғасырдың басы көшпенді ел- аңқылдаған қазаққа  жетсе апаттай тимек. Қазағым? Әйелдің бас жібінен айырылып қалма!).

       Тілмаш алда,торыны жетектеген Есенжол соңында.  Есалы жетімдер әулеті қиырдан шалып, етек- жеңін жиып қомақталып, тырсияды. «Оу,датқаның тұқымы,Түркістанды ұстаған қалың жетімдер? Құдалар? Ассалаумағалейкөм?- Тілмаштың баяғы жылы шырайы. -Болысекең қайда,болысекең?». Есалы тобының шүйіркелесер ыңғайы жоқ. Болыстың елпілдемесі белгілі;  тілмаш жүдә шамданбай,кішірейіп ішке кірді. «Болысеке? Қазақтың жаманы жаттың жақсысынан артық.Көзімнің қарашығындай торы атымды сізге сыйға тартуға келдік!».Келдік деп Есенжолды қосып айтты. Болыс әзіл- шынын болжай тілмашқа қадалды. «Қыз беріп, қыз алысқан қоңырат деген елміз,оның ішінде Бес- Ата, Жаманбайымыз. Шын ниетім! –Болыстың жүзінен күмән қашпағасын, манағы уәжін қосты.-Үкімет ісіндегі адаммын,болысеке?! Торының қызығын бұдан былай сіз көріңіз? Әлі жас мал,дөненге келесі жылы шығады». «Қанша адам сат дегенде сатпап еді, мұнысы несі?»деген сықылды болыстың саусағы  оқыстан діріл қағып, қобалжиды. «Болысеке,шын ниетім?!». «Не тілейсің? Тегін болмайды?» деді болыс жадырай. «Тегін болысеке, тегін. Бірақ…келе жатып Есенжол айтып қалды,-деп серігін меңзеді,- шай қойып жүрген қыздарыңызды жақтырып…». «Қыз жетеді.Қанша қыз керек?». Болыс ширақ бой жазды.Аяқ астынан жалтақ қаққан Есенжолға: «Ия,балам?» деді тілмаш. «Ағам бар, менің бұрын үйленгенім ұят?».Болыс: «Қам жеме балам,ағаңа да табамыз» деді.Үй іші нұрға толып кетті.

                                                            ***

        Бұл күні ат қоспаған долбаршыл ел күндегіден жай жатты. «Сендерге сол Жақып жайлы естіген әңгімемді айтайын.Ілгеріде  әлдекей қоңыршұнақтың біреуі Жақып інілерін ертіп,он екі қарыс қазан алуға Түркістанға барады. Он екі теңге дейді сарт. Қарысына төлейін бе, несіне төлеймін? Қарысына төле. Жақып шырағым, қарыстай қойшы? Он екі қарысы  тоғыз қарыс болады. Сонда қолын майлап келген бе деп сарт таңдай қаққан екен… Сол Жақып тоқсанға келгенде Айша сұлуды әпереді. Әзілкештер  Айша сұлуға бірдеңеңіз бар ма деп сұраса, қу тілді Жақып  қасыңда жалын атып Айша сұлу жатқанда  қайтіп шыдайсың, тоқішектей бірдеңе болады  дейді екен. Сол Жақыптан бір бала туды.Шал қайтқанда қоңыршұнақтар Айша сұлуға таласып, өліп қала жаздады. Кейінгі тиген қайнысынан бір бала, бір қыз бар.  Е, бұл күнде олардан  қаншама үрім- бұтақ тарап  кетті». «Шалдың да шалы бар. Уыздай келіншекті шалға қосатын болды. Түн ортасы әйелдер келіншекті шалдың қойнына салды.Әлденуақ шал ту пәтшағар,болмады ғой деп үстінен түскенде, сыртта аңдыған қатындар  кәрі қақпас,қумаңдай, алжыдың- ау інің мен балаң алатын қатынды алам деп, к… қарамайсыңба деді». «Түге, шалды жамандауға ұстасың?! Менің сексеннің сеңгіріндегі бабам Теңгеш сұлуды жүз жетпіс бес жылқыға алғанда досым сен қандайсың, сенің сүйгенің- мен деп еңбектеп шымылдыққа кіріп кетіпті.Таң атқанша болыпты.Кейінше жиырма бес жасқа жасардым, қытығым оянды. Ыстығы мол екен  депті. Оны әкем айтатын. Денені өлтіретін суық қой».

      «Манағы сөзді аяқтатпады, бөліп жіберді, – деді қара тақиялы кісі.- Амалсыздан жол жүріп, Еділбай тапкерге апарып көрсеттім.Атың семіз екен. Бір бейбақ шауып – шауып келіп, пәлен күн қазыққа байлап қойыпты. Ішінің қазысы іріп, майы аяғына түсіпті. Енді ат қылам десең, ішінің ыстығын сыртқа шығар. Қауыс шығып қалды, азанымен қауыстың суына сауырынан сал, сосын төрт кесе бидай беріп байла деді. Айтқанын кып ем,жануармен кейін талай салым салдық». «Бейсен- аңқылдақ, ақкөңіл ғой. Байғұстың Қошқорғандағы көкпары жақсы өтті.Аттан  адам құламады. Әбдуәлі? Сөжерге апарған  аттарың ат емес, әшейін қарасын көбейткен өңшең жыланқабырға. Аттың арты қобыздың шанағындай дөңгелек болса?! Сунақ Нұрекенің Үкіағын көрдің, қандай,ә? Іші тартылып келген. Бәйгешіл, көкпаршыл ат сондай болады». «Келе жатқан екі атты сына дегенде, Нұреке тапкер біреуі шалбарым болса да ыстаным жоқ,біреуі ыстаным болса да шалбарым жоқ деп келеді депті». «Жәнібек жиембеттің биесінің аяқтары жақсы, бірақ тұғыр – басы келте, тәшеке, кішкене бие.  Құлыны жақсы тумайды».  «Әй, бала, құйма?Болды. Шай- шалдың қожайыны деген, түнімен сыртқа жүгіртеді». «Әбеке?Не дейд,Жұманәлі тілмаш торысын Баймұрат болысқа сыйлады дей ме?Тегіні рас па?Қалай?». «Рас, Сәке. Жұманторы есалының желісінде байлаулы тұр.Болыстың қуанышында шек жоқ,жұрт құтты болсын айтысады».

                                                            ***                                                                                                                 

      Бәйге аттары Отырабаттағы Қосетек-төбеге жетпей, Шошқакөлді айнала намазшам қарлығып, балалар аттың үстінде қалғып, құлап қала бергесін (алагеуімнен ерте оянғаны, сексен шақырым жүргені бар),  дәйекшілер  сол жерде ұйықтатып алуға ұйғарды. Ертеңіне олар күн шыға оянған. Оразасын шала- пыла ашып,апыл- ғұпыл атқа мінсін.Ол кезде Қосетек- төбенің басындағы қауым: «Нағып кешікті?Енді кешке дейін Ибатаға жете алмайды?!» деп  жанығып тұрған.Шыдамсыз біреу: «Ө, жиын қылған енеңді…?!» дегенде, қасындағы: «Сен сорлы екі адамның басын қосып ауқат бере алмайсың.Оңай іс пе?!» деп  әлігіні қамшымен жосыта тартып,етпетінен түсірді. Ұзамай бәйге аттары келіп, бас құрай, керілген арқанды босатып  жіберді.  Патырлата шапқан ат соңынан шаң лап етіп, жер қайыстырған алып дүрмек шығысқа қарата  қойып кетті.

                                                         ***

      Түске таяу кешелер палуан күрес,аударыспақ өткен жерге дәйекші айыр інгенді жетелеп әкеліп,байлап қойды.Ұршықбас сияқты күміс,тай- тұяқ жамбыны жарқыратып жұртқа жағалата көрсетті. Тізеден шұңқыр қазып,он екі қарыс қазанға быламық қайнатып, суытып, ішіне жамбыны салды.Сүйтіп: «Осы жамбыны тыржалаңаштанып, аузымен тістеп алған әйелге  осы айыр інген беріледі» деді. Төңірек гуу етті. Қанша ләпермен олай- былай қолқа сап жүгірсін, талапкер ұшпай төңірек сопиып тұрды.Содан бірқанша уақыт өтіп, сый тойханаға қайтарда  бір кемпір ортаға шығып: «Менің жалғыз балам бар, осыны алғым келіп тұр. Шыққан жеріңді көргің келсе көре ғой?!» деп шешіне бастасын.Құлақ тұндыра шу лап етіп, «Ойбай,апа! Шешінбей- ақ ала қойыңыз?!» деп дәйекші жолын бөгеді.

       Айыр інген соған тиіп, гу- гу ентігін баса,ел шетіне жау тигендей қайта дүрлікті: көз ұшынан бұйраланып, сұйқыл топ- бәйге атының шаңы көрінген.

                                                             ***

       Отыз бір күнге ұласқан мерекенің шарықтау шегі таяды; алаулап, шартақ қағылған Кеңқорық- төбеге,әйтеуір көз жетер биік іздеп  өкпесін ала жүгірген жамағаттың  дабырына, атын уақтылы ұстамай жалшысына жекірген байдың,кісінеген ат,ақырған тамам есек дауысы қосылды; озғындаған атты бұрын көру-  мәртебе,талас; қораштың бойына,бойшаңның есек-аты жоғына пұшайман жеген жер; қуаныш, жөңкіліс, сапырылыс,әлемтапырық сәт.Қозыкөш жерде біріншіден сексеніншіге дейінгі келген  аттылы баланың тақиясын қағуға  дәйекшілер желпінеді. Елерген көп: «Кім?Кім?» деседі.

       Жалғыз қараны күткен жамағат ауқымды шаңды аңдай:

       -Бір кіді болды.Бұл несі?- деді.

       Ат қосқан жуанның  жетектеуші, қамшылаушы сияқты адамы болады: қыздырмаласқан қиқумен топ адам екі баланың атын үзеңгілігінен, құйрығынан қарашыға сүйреп келеді.Жеңістен үмітті ел көпе- көрнеу алалықтан күйіп-пісіп, қамшысын сығымдаса; ат қоспағанға ол жағы бәрібір- пәруайсыздыққа қайта жадырап,иығы селкілдеп күледі.

        Бәйгеге кешеуілдеп жеткен баяғы төменнің  тапкері «Құдай жарылқап жел таудан соқпай тұр, бас жүлденің бірі тиіп қалар?!» деп тұрғанда,  арсыздар қарақасқасының бетін бұрып, кейіндетіп, үстіндегі бала қапталдан жылап келе жатты.Нұрекенің «Үкіаяғым үш бекетке дейін Қазанғаптың үзеңгісіне бастығып, беріде шаң қаптырады,ал Қазанғап пен Шайтанкөк құйымшағын кеміріп, шартаққа әзер жетеді» дегені  расқа айналған сияқты. Иқаннан өтерменде бірнеше аттың басы жоқ боп шықты. Ер- тоқымы,үстінде баласы жоқ. «Шартаққа  бұрын жеткізсе болды» деп,  болдырған атының басын кесіп әкеле жатқандар бар екен. Дәйекші оларды әр жерден теріп жүр.

        -Көкежан- ау?-Тілмаштың қасына сонадайдан елбірей, есік пен төрдей құла аттағы Көбелек болыс таяды.-Төбеңде жауыз жат,алдыңда тұншыққан қараңғы елің- қайтіп жақсы адам болмақсың?Кайтіп?

      – Шыдау керек шығар?!

      – Қайтіп шыдайсың?

      – Өйткені сіз жақсы адамсыз.

      -Жақсы адам екеніңді тіріде надан біліп пе,жат бағалап па?!Неге шыдауым керек?

      – Шыдайтын себебіңіз сіз жақсы адамсыз.

      – Намыс ше? Текті адам қалай шыдайды?

      – Міне бұл өте- мөте ауыр сұрақ?!

      Тасқараңғы көлдегі шері  толқып- көзі жасаураған Көбелек болыс тілмашқа бейне  әкесіне ұқсап кетіп, олар бір- бірін ат үстінен қатты- қатты қысып құшақтасты…

                                                        ***

      …Бәйге аттары ұрандатып қарақшыдан өтіп жатыр.

        – «Алатау!».

        – «Мүлкеман!»

        – «Барқы!».

        – «Досай!».

        – «Қозыбақ!».

        – «Қияқ!».

        – «Жауқашар- Байқозы!».

        Жүлдегер аттың егесі,ләпермені-ағайын туысы,құда- жегжаты,күллі тілеулесі мәре- сәре;  қауым- қауымымен құттықтауға  асық.

     …Біруақта өкпе тұстан салдыртқан топ аттыдан төрт  бала  еңіреп жетіп:

       -Көке?Қазанғаптан кейін  едік, бізді Кәдірбек байдың адамдары айдалаға  жетектеп әкетті.Ұрды,әзер құтылдық?!- деп екі иінінен дем алады.

       Кей наразы топ қамшы бұлғасқанымен, тойханаға тақай мөнтекейленіп қалады. Атының шоқтығы биік іріден жалғыз дөңгелек жүз Нарбек би таяп,  сыбырлай: «Кәдеке? Нәмәрттік жасама,Үш Жүздің баласынан үят?!-деп еді,бай датқаның баласы екенін алдыға салып,додырая: «Майда- шүйде? Қапталыма қолың жетпейді!» деді. Нарбек би  атын кілт омыраулатып, саңқылдай:             

                           – Сен әкеңнің басын өңгеріп жүрсің,

                            Мен атымның басын сенімен теңгеріп жүрмін.

                            Қылышқа бергісіз ара бар,

                            Ханға бергісіз қара бар,

                            Сол қараның сөздері.

                            Хан сөзіне барабар!-деді қамшысын білеп.           

       Қызығы: олар әріге бармай,екі жаққа тарап кетті…

       Нұреке- дөңгелек жүз,көк сәлде киіп жүретін сыпайы,пішіні келісті адам,  шәкірті ноғай Кәрібай тапкер екеуі  жолдан арыған аттарға қарасады. Сауыры ақкөбік, жын тастап,талтырақтаған аттардың мұрнына қамшы сабын тығып жібергенде қара қан дірдектейді. Еділбай,Бейімбет тапкерлер  аттардың аузына қарбыз тығып жатыр; жан тапсырған атқа қарай көзіне жас үйіріледі.     

       Бәйгеге қосылған аттың соңы түс ауа жетті.Бірталай жауыздық тіркелді: жеті атқа пышақ салған,үш аттың басын кесіп әкелген,қырық екі атты  шылбырынан сүйреп әлдеқайда апарып тастап кешеуілдеткен; отыз төрт ат болдырып жолдан  шыққан.Жануар жеті ат зорығып өліпті.

      Арық көп, әр судың арнасы бөлек: жүлде кәдесін жүргізуге ас тамашасы жалғасты.Бағанадан Көңқарға атында төңіректі шартақ биігінен бақылаған тойхана басшысы Ысаға, жасы үлкен Бегалы би:«Біздің тілек шырағым- әділдік!» десе, Мақұлбек бай: «Бәйгеден адам ренішті қайтпасын,жарыстан шеттетілгенге де қой өңгертемін» дейді.

       Қарақшыдан ең соңғы ат өтісімен Ыса дәйекшілерді  оңаша үйге шақырды. Түркістан бәйгесінде «Бес-Ата (екі ата жетімдер,бір -бір атадан маңғытай- саңғыл, қоңыршұнақ, божбан),Жаманбай (Қоңырсопы, Борай, Жиенбет) деп бөлінеді.Қожа- сунақ  бөлек ата.Бүгінгі тойда Жүзге айырмақ. Жүлде:  алғашқы жиырмалыққа ілінген әрбір аттың сыйы жүз қойдан, не мың сомнан. Ол екіге жарылады -бірі ат иесіне,бірі Жүзге. Жүзге тиесіліні боса- болмаса аты шауып, топ бұзбағанымен сол елдің шынжыр балақ-шұбар төс жуаны қанжығаламақ. «Қосбәйгеде» сексенінші келген аттың өзі сыйға   жылқы жетектемек. Кедей- кепшік пен әйелдер бұған араласпайды. Кіші Жүзден  төрт ат қосылып,баяғы түркпеннің бәйгесінен қайтқан кісінің қарақасқасы  ірі жүлдеге ілінген сияқты.

       Тілмаш  қоңыр атта  тайпалтқан Қалиды байқап кідірген.

       -Жұмеке,әнеукүнгі әңгіме есімнен кетпейді,-деді миығынан күліп.- Дүмбілез дедің-ау?

      – Біздің қорда жаман сөз жоқ.

      – Солай естілген екен. Мен кіммін, шыныңды айтшы?

      – Білмедім.

      – Жұмеке,өтінемін?

      – Өкпелерсің тағы?

      – Оллаһи,өкпелемеймін.

      -Кедейден шығып болыстыққа таласқан Әубәкір деген кісі- шешен адам.Бір қайқы бас биге: «О,төстік тартпасы тартылмаған,шешеңді…?!» депті.Жұрт биге сол сөзден жеңілдіңіз  бе демей ме?!Сонда би: «Қайтемін, ол менің мінімді тап басып айтып тұр» деген екен.Әнеукүні ішімнен «Тегіңде  олқы соғатын жерің бар- ау?!» дегенім рас.Өзің айтпақшы дүние- байлық араның ашылса- шыңырау апан,түссең шығу қиын.Жуан т…м деп өткен өмір- зая?! Оқыған адам- тұп-тура шойынжолдағы  көмірмен,сексеуілмен жүріп, вагон сүйрейтін парауыз!

       -Рахмет,Жұмеке?!Ырзамын.Төбенің басындағы сөзіңді жүз толғанып ойланамын-…Қали аз- кем мүдіріп, сөзін сабақтады.-Сен де менің кей пікірімді ескерерсің?

      Тілмаш оның «жымық құлағының» жараспайтынына қынжылған күйі қалды.

                                                           ***

    …Бәйге бөлінер ақ боз үйге томырылған қалыңнан әзірге қадау- қадау:

      -Кәдірбектен-ақ зәрезеп болдық!Түзден ат қосқан ел түңіліп кетпесін?!Атын сүйрер оларда адам жоқ па?!

      – Қараулыққа жол берме! – деген ашулы дауыстар естіледі.

      -Ө, жеті атаңды…! -деп оған Кәдірбек  бай түтігеді.-Сырдың қамысында аяғы кержағал шиебөрі болады, азғын.Көбейсе мал жейді. Сол сияқты,өңшең шірік!

      -Байеке? Таспа,таспа!

      Ұзамай Кәдірбек байдың  аты,тағы он үш ат  бас жүлдеден қағылды дегенді ести, тісін басқан жұрт: «Әне, сазаң!» деп үлгермеді бай: «Әй,қайдасың,түге?Қыр!Жой!» деп  жігіттеріне бұйырсын.Қым- қиғаш төбелес басталып кетті.Көктемдегі бәйгеде дауды басамын деп таяқ тие жаздаған Жұманәлі тілмаш:

      -Тоқта, жамағат!Тоқта! -деп  атын  тебініп, ортаға қайта ұмтылды.

      Ұзамай Ыса болыстың гүрілдеген жуан даусымен тойхананың алдын ала даярлаған жуан жұдырық жігіттері бір шеттен лап қойып (жас Ханжігіттің қосыла кеткенін байқап, оның құмар ойынға айналуына тілмаштың жаны ашып тұрды), сабалас  іркіліп,әстін- әстін аяғы балағатқа ұласып, әрқайсын қақпайлаумен  ұзатып әкетті.Лезде  алты адамның басы жарылыпты, талайдың қамшы осқан арқасы тілім- тілім, мұрны даладай.

      Жүлдегер желқабыз сексен аттың тізімі жария болды.Бас жүлде- алғашқы жиырмаға:  Кәрібайдың «Шаппайбері»,Нұрекенің «Үкіаяғы»,Кіші жүзден келген қарақасқа ат, Мәделі қожаның қызылы, Қыздарбектің  «Қарақұлағы», Маржанкүлдің «Қазанғабы», Досыбай бидің қарақасқасы, саңғыл Құланбай байдың «Қызылқасқасы», тарақты Шілменбеттің құла аты,тама Сыздықтың сұр аты,Еділбайдың «Шайтанкөгі»,Керімбек әжінің бурылы, қоңырсопы Дінәсілдің  күреңі ілікті…

      Бас жүлдеден қағыла тұра Кәдірбек бай  бие жетелеп қайтып бара жатты.

      Ханжігіт ұшырай тілмаш: «Балам, жанжалға неге араластың? Жассың, есерсоқтың біреуі жарақаттап кетсе қайтесің?» деді. «Ағатай,сізден сұрайын деп едім, кетерінде шәрпристапты, серігін көрдіңіз бе?». «Иә», «Жағы қандай екен?!». Бала біртүрлі жмиып  барады. Жұманәлі «Бала неге күліп барады?!» деп ойлады да қойды;Баймұрат болысқа «Торы ат тосырқаса бақ қайтуы кәдік,шабандозыңыз Есенжол болып қала берсін?!»  деп  ескертуге    ойы бөлініп тұрған. 

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: