Түрік қағанаты дәуіріндегі тарихымызға келсек, Мұған хан мен Тобо хан билігі кезеңінде елдің кемелденіп, Қытай сияқты алыпты ықтырған сәттерін көрер едік. Тобо ханның: “Тек оңтүстіктегі екі балам-Чжоу мен Ци бізге бағынышты болып тұрса, бізге кедейшіліктен қорқудың керегі жоқ”, – дейді екен. Олардың әрқайсысы жылма-жыл 100 мың тай мақта-жібек кездемелерін ұсынып, оның негізгі бөлігін Бұқар саудагерлері арқылы пұлдайтын қаған, қаржыны адырна тартатын 100 мыңдық әскерін ұстауға пайдаланады екен. Қытайлық “Жыу кітабынан” осы орайда бір деректі назарларыңызға ұсынайық: “Сиуәң-жың жылнамасының бірінші жылының (579) төртінші айында Тобо Иу-жыуға шабуыл жасап, тұрғындарын қырғынға ұшыратты. Министр Лиу Сиун әскер бастап, қарсы соғысты, бірақ жеңіліс тауып, өзі қазаға ұшырады. Гаузу (Ву-ди) алты армияға өзі басшылық етіп, солтүстікке беттеді. Бірақ ол жолда қайтыс болды да, әскері кері оралды. Сол қыста Тобо шегараға шабуыл жасап, Жиыу–чиуәнді қоршап, аямай тонап кетті”. Диқан шаруалардан жасақталған Қытай әскері сол дәуірлерле көшпелі елдің көкжалдарына қарсы тұра алмайтынын осы деректерден анық көріп отырмыз. Кореядан Ұрымға дейін аса үлкен аумақты қамтыған қағанаттың ханзадалар билігіндегі сегіз еншілік өңірлерінде жиналатын алым-салықтың белгілі бір мөлшері ордадағы қазынаға құйылуда еді. Осындай құдыретті Түрік қағанаты билігінде он жыл отырған Тоба хан 581 жылы өмірден озарында ұлы Әміраққа былай деген екен: “Ең нағыз туыстық әке мен баланың арасындағы туыстық екені белгілі. Бірақ менің ағам (Мұған ханды айтып отыр) осы жақындықты тәрк етіп, тақты маған берді. Мен өлгеннен кейін сен тақты немере ағаң Далобианға (Мұған ханның ұлы Төременге) беруің керек”. (Қытайдың “Сүй кітабынан). Тобо хан қайтыс болған соң марқұмның өсиетімен Төременді хан көтеру рәсімі басталар тұста жиынға кешеуілдеп жеткен қағанаттың екінші ханы Қара Ыссық ханның ұлы Шету ортаға шығып, былай дейді: “Егер Әмірақты таққа отырғызсаңдар, онда мен аға-інілеріммен бірге оған қызмет етем, ал Төременді таққа отырғызсаңдар, онда мен өз шегарамды сақтап, өткір ұшты найзаммен оны қарсы аламын”. Шету жасы үлкен әрі даңқы шыққан батыр еді. Және Төременнің анасы қарадан шыққанын тілге тиек еткен оның уәжін ескеріп, ұлықтар мұрагерліктің таспиқтық жүйесіне сәйкес әрі анасының ақсүйек қызы екенін ескеріп, Әмірақты таққа отырғызады. Алайда қой аузынан шөп алмайтын жуас, ел басқарудан көрі саятшылықты артық көретін хан ұлына бұл лауазым мүлде қол емес-тін. Төремен болса оңтайы келіп тұрған лауазымға ойда жоқта ие болып кеткен Әмірақты ретті-ретсіз балағаттаумен болады. Оның бұл астамшылығына шыдай алмай, әрі оның сазайын қалайда тарттыру мақсатын көздеген Әмірақ арадан аз уақыт өтісімен Шетудің пайдасына тақтан бас тартатынын мәлімдейді. Сонымен Шетудің арманы орындалып, ол “Ел Кюлюг-шад Баға Ышбара-хан” деген лауазымдық атпен таққа отырады. Ол ренжулі Төременді өзінің еншілік аймағында қалдырумен қатар, оған Апа (аға) хан лауазымдық атағын беріп, өкпесін басқандай болады. Алайда Төременнің ішінде немере ағасы Шетуге деген қызғаныш сейіле қоймаған болатын. Шету қаған батыс өңірін билеп жатқан Істемидің ұлы Қаразор түрікке “тардуш шад” атағымен батыс өңірінің билігін береді. Сөйтіп елдің тұтастығын сақтаудың амалын жасайды. Шетудің Қытаймен арадағы қарым-қатынастағы саясатында қытайлық әйелінің ықпалы аз болмаған сыңайлы, оны қытайдың “Сүй кітабының” жазуынан байқап едік. Онда: “Шаболиөнің (Шетудің) әйелі Үй Вын-шының қызы Чиән Жин ханша елінің жойылып кеткеніне налып, Сүй патшалығын құлатуды армандап, күндіз-түні Шаболиөнің құлағының түбіне ызыңдай берді”, деп жазады. Осының нәтижесі болса керек, Шету қаған үлкен әскер жинап, Қытайға енеді де, қарсы кездескен үш қолбасшысының корпустарын талқандап, жеті шекаралық аймақты тігерге тұяқ қалдырмай талауға салады. Қытай патшасы бүкіл қуатын қағанатқа қарсы соғысқа жұмылдырады. Оларға қарсы шыққан Шету қаған әскерінің екі қанатын Төремен мен гректер Түрксанф деп атаған Тань хан басқарған болатын. Қырсық шалғандай, әскердің дәл осы екі қанаты ойсырай жеңіліп, Шету қолы шегінуге мәжбүр болады. Ордасына оралып, жеңілістің себебін түнере сараптап отырған сәтте, көрші елдің елшісі санатында сол жерде болған Чжань-Сунь Шэн деген осы жеңілісті Шету мен Төременнің арасына от қойып жіберуге пайдаланып қалады. “Әттеген-ай, мынау оңбаған Төремен кекшілдікпен қасақана жеңіліп, елдің алдында сіздің абыройыңызды төкті-ау! Сіздің атыңызға кір келтіру мақсатын көздеген бұндай сұмырайдың ордасын шауып, басын алсаңыз бек сауап болар еді-ау! – дейді іші қазандай қайнап отырған ханның астындағы отты үрлегендей. Аңғал хан ашу үстінде қытай жансызының сөзін мақұл көреді де, әскерімен суыт жүріп барып, Төременнің ордасын басады. Ордада болмаған Төременнің анасы Шету әскерінің алдынан шығып, арқырап келе жатқан қалың әскер аттары тұяғының астында қалып, жан тапсырады. Әділдік іздеген Төремен Істеми ханның ұлы Қаразор Түрікке барып жәрдем сұрайды. Шетудің оспадарлығына ренжіген інісі Чуло хэу де Төременді қолдап шығады. Шетудің ордасына қауіп төнеді. Екі арада қақтығыстар басталып та кетеді. Аяқ астынан пайда болған бұл үштік одақтың тегеурінінен сескенген Шету қағанға Қытайдан пана табудан басқа жол қалмаған болатын. Ол қытайлық әйелі Чиәнь-жин ханшаны – қызы, ханның өзін баласы деп қабылдауды өтініп, Қытай патшасы Ян Цзяньға жеделдете хат жолдайды. Бұған жауап ретінде Қытай патшасы мол тартумен Шету қағанға елшісін жөнелтеді. Елші патша грамотасын Шетуден тізе бүгіп қабылдауын меңзейді. Бұл рәсімді амалсыз атқарған Шету көрші мемлекеттің вассалы екенін мойындайды. Қытай шекарасына жақындап барып қоныс тепкен, көп әскери көмек алған Шету ордасы төніп келген қандастарының қылышынан сөйтіп құтылады. Шетудің үлгісімен Қаразор Түрік те Қытайдың вассалдығын қабылдап, Төременді тастап кетеді. Осы сәтте Төремен қолы да ыдырап, аз ғана қолмен Бұқараға қашады. Сөйтіп, хандарының өзара басараздығынан Түрік қағанаты екіұшты жағдайға тап болады. 587 ж. Шетудің ауырып, дүниеден озуына байланысты елдің алдында қағанатты сақтаудың жаңа мүмкіндіктері ашылғандай еді. Бұл қандай мүмкіндіктер және олар тиісті дәрежеде пайдаланылды ма? Бұны келесі әңгіменің тақырыбы дейік. ОҢҒАР. 27-12-2022