Шежірелік деректерде 93 жылғы қырғыннан соң ханның кіші ұлы Қиян мен оның немере туысы Нүкіз келіншектерімен жұртқа қашып келген төрт түлік малдың түр-түрін айдап, Ергене Қон тау аңғарына көтеріліп кеткені айтылады. Бұны тек екі отбасы ғана деп түсінбеу керек. Қиян ханзады өзінің хандар әулетін бастап шықса, сондай-ақ олардың қатарында бұл әулетке адалдығын сақтаған, солардың әрі қорықшысы болған Нүкіздің жұрты да болған деп қабылдаған тарихи тұрғыдан дұрыс болады. Сол өңірде 450 жылдай тұрған бұл қауым малдарын бағып, күн көрумен шектелмей, темір қорытуды терең меңгеріпті. Темірден қазан-ошақтан бастап, оның ең шыңдалған түрінен қару-жарақтар жасаған. Аңызға қарасақ, жетпіс жерге көрік қойып, темір рудалы таудың қыратын ерітіп, төменге түсетін жол салған екен. Бұл да тайпаның теміршілігін тұспалдау. “Айтуларынша, көрікті асыл текті Қиянға қатысты ең басты тармақ үрлеген”, делінеді шежіреде. Бұдан теміршілдік дәстүрдің бастауында хандар ұрпақтары тұрғаны аңғарылады. Ары қарай: “Бірнеше тармақтан тұратын Қоңырат қауымы өзге рулардың ошағын аяқтарымен таптап, Ергене Қоннан шығып кетті. Олардың тау бауырын балқыту себебі – атақ-даңқына жол ашу ғана еді”, дейді. (Қоңыраттардың бастамашылық ролі осылай сипатталады). Әбілғазы осы орайда былай дейді: “Сол шыққан күнін той етіп тойлау моғұлдардың (Қиян ұрпақтарын меңзегені) дәстүріне айналды. Ол күні бір кесек темірді отқа салып, қызарған кезде оны кысқашпен ұстап, төстің үстіне қойып, әуелі ханы, одан кейін бектері балғамен ұрар еді”. Оқиғалар желісін Рашид ад-Дин сөзбе-сөз былай деп жалғастырады: “Жоғарыда келтірілген оқиғалардың себебінен адамдар ол тау туралы және темірдің балқытылуы мен темір ұсталығы жайлы естен шығармайды. Шыңғыс хан әулетінде жаңа жыл басы болып есептелетін түні көріктер, темір балқыту ошақтары мен көмірді дайындап, олар біраз темірді балқытады да, төске қойып, балғамен ұрып создырады, сол арқылы шүкіршілік етеді”. Оқиғалар түзіліміінен көріп отырғанымыздай, Оғыз ханнан бастау алған хандық дәстүр Қиян ханзаданың Ергене Қондағы теміршіл ұрпақтары арқылы Шыңғыс ханға үзілмей жеткен екен. Шыңғыс ханның төл аты Теміршіл болуында да ата дәстүрдің ізі сайрап жатқандай. ОҢҒАР. 03-01-2023
Сол заманда төмендегі атамекенінен қол үзіп, таудағы елсіз жерге барған қауым үшін аңызда бейнеленген түз тағысы-бөрінің мінезі мен өмір сүру дағдысынан үйренері көп болатын. Ең алдымен арлан бөрінің тау жотасына шығып, тұқымдастарын жинау үшін көкке қарап ұлуынан өздері үшін өмірлік мән-мағынаны және өздері ұстанған тәңіршілдік дінінің көрінісін таныған ел осыған байланысты сөздік қорын «ұлыс», «ұлы», «ұлу», «ұл» деген қасиетті ұғымдармен байытыпты. Таудағы бұл құбылысқа байланысты тілдік қордағы бұл үдерісті түсінуге батыс-шығыс елдерінен шыққан зерттеушілердің түркі тілі мен әдет-ғұрпы туралы шектеулі білігі мүмкіндік бермеген сыңайлы. Сол сияқты қытайлар мен еуропалық ғалымдар хандар әулетіне тән Ашина атауының бөріге байланысты екенін біле тұрып, оның мәнін анықтай алмаған. Он ұлды дүниеге әкелген қаншық қасқыр сол әулеттің ұлдары үшін кім еді? «Әже» ғой. Ал келіндері үшін «Ене» екенінде дау бар ма? Сонда жалпы қауым үшін осы екі атаудың бірігуінен «Әже-ене» шығып тұр ғой. Айтылу ыңғайына қарай бұл сөз «Әшене» болып өзгеруіне кім қарсы пікір білдіре алар еді? Қос сөзден тұратын бұл атау өзге тілдердің әріптік, дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес «Ашина» болып өзгеріске түсуі қисынды екені және тіл білімінің заңдылықтарына да қайшы келмейтіні аян. ОҢҒАР. 03-01-2023.