САҢҒЫЛ БИ

САҢҒЫЛ. КӨТЕНШІНІҢ ҮШІНШІ БАЛАСЫ — СОПЫ. ОДАН — МҮЛКІМАН, МҮЛКІМАННАН — САҢҒЫЛ, МАҢҒЫТАЙ. Саңғылдан — Ағысай, Нұрсай, Самай, Қошқар, Қаратілес, Тиес. Ертеде Саңғылдар Сырдария губерниясының Түркістан уезінде, Қаратаудың теріскейі мен күңгейінде, Қозмалдақ, Сызған, Күмісті, Бақырлы, Үштөбе, Жартытөбе, Мыңшұқыр, Шылбыр, Көкіш деген жерлерді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Түркістан, Қызылқұм аудандары) мекендеген. Ноғайқора, Көкшеқұм болыстарын құраған. Рулық ұраны — Мүлкіман, таңбасы жалпы Қоңыратқа ортақ — босаға [13].

Саңғыл би — (т.-ө. жылдары б.) – 12 – 13 ғасырларда өмір сүрген би, әулие, қоғам қайраткері, әйгілі би.

Қоңырат тайпасынан шыққан. Түрік-моңғол шежірелерінде саңғыл руының ұраны “Мүлкаман” болуына қарап, кейбір зерттеушілер Саңғыл биді Мүлкаман батырдың шөбересі деп тұжырымдайды. Тарихи деректер, орыс және қазақ тіліндегі зерттеулер, шежірелер, сондай-ақ халық арасында ауызша айтылатын аңыздарға қарағанда, ол 1206 жылғы құрылтайда Шыңғысты ақкиізге көтеріп хан сайлаған қоғам қайраткерлерінің бірі болып саналады. Саңғыл би Шыңғыс ханның Хорезмге жорығына қатысқан. Жорықтан кейін өзінің қол астындағы қоңыраттармен Сыр бойында, яғни Жошы ұлысында қалған.

Түркітанушы Н.А. Аристовтың монографиясында Саңғыл би турасында маңызды мәліметтер берілген. Ш.Құдайбердіұлының шежіресінде бидің аты Сенгеле деп айтылады. Би есімі профессор А.Машановтың, жазушы Қ.Салғариннің еңбектерінде Саңғыл би, Саңғылұлы деп көрсетіліп, ғұмыры мен қоғамдық қызметі нақты да молырақ қамтылған.

Дереккөздер

  1.  Қазақ Энциклопедиясы, 7 том
  2.  “Оңтүстік Қазақстан Энциклопедиясы”
  3.  Аристов Н.А., Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности, СПб., 1897
  4.  Құдайбердіұлы Ш., Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі, А., 1991
  5.  Тарихи тұғыр, А., 1998; Көне де жаңа Созақ, А., 2004.

ҚОЗМОЛДАҚ — СЫЗҒАН…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, әрбiр азаматты елiн, Отанын сүюге шақырды. «Қазақстанның қасиеттi рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасы керек деген ұсыныс айтты. 2017 жылы 28 сәуiрде Оңтүстiк Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесуiнде Елбасы «бұл өңiрдiң тарихын тұтас қазақ елiнiң тарихы деуге болады» деп көшелi сөз айтты. «Бұл аймақ қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, абыз-әулиелердiң қасиетi дарыған, Қожа Ахмет Ясауи мен Әл-Фарабидiң iздерi қалған көне мәдени мұраға бай киелi мекен. Оңтүстiкте 800-ден астам тарихи-мәдени ескерткiш бар. Әлемге әйгiлi жәдiгерлерiмiздiң көбi осында сақталған» дедi Елбасы.Созақ – қарт Қаратаудың терiскей бетi. Басынан неше қилы заман өткен, сонау «Ақтабан шұбырындыда» босыған халыққа пана болған өңiр. ХII-ХIII ғасырларда — Шыңғыс хан заманында Алтай-Моңғол үстiртiнен көптеген түркi тектес ру-тайпалармен бiрге қоңыраттар да осы өңiрге келiп, Қаратаудың күнгей, терiскейiн, Сыр бойын, Бетпақдала, Арқаға дейiнгi иен даланы еркiн жайлаған деген мәлiмет бар. Бөрте ханымның iнiсi, Жошы ханның бас уәзiрi әрi кеңесшiсi болған қоңырат Саңғыл би Жошы ханның әмiрiмен бұл аймаққа «Мөршi би» болып, соңынан ерген ағайындарын Шыңғыс ханның батысқа жорығына iлестiрмей, аман алып қалған деген әңгiмелер айтылады. Созақ ауданының ең сулы шұрайлы жерлерiнiң бiрi – Қозмолдақ — Сызған елдi мекенi. Осы өңiрдi көрген Саңғыл би көш басын тоқтатып, туын тiккен екен. ХIII ғасырдан берi Саңғыл бидiң ұрпақтары жер ауыстырмай, осы өңiрде өсiп-өнiп, Қаратаудың күнгей-терiскейiн қатар жайлаған. Саңғыл би сегiз ұлынан тараған ұрпағына: «Менiң ұрпақтарым қыз алыспаңдар, жат боласыңдар» деген өсиет қалдырған екен. Ұрпақтары сол өсиеттi берiк ұстанып, тоғыз ғасыр өтсе де қыз алыспай, бiр рулы ел болып отыр. Қозмолдақ елдi мекенi сол ХIII ғасырдан берi осылай аталған.Ал, Сызған – сол мекендi сырт жаудан қорғаған Саңғыл бидiң батыр ұрпақтарының бiрi. Алдымен Саңғыл би туралы мәлiметтер келтiрейiк. Саңғыл би – 1180 жылы дүниеге келген, Шыңғыс ханның замандасы болған тарихи тұлға. Үйсiн Майқы бимен үзеңгiлес. 1822 жылы Қазан қаласында жарық көрген Халфиннiң «Ахуал Шыңғысхан уа Ақсақ Темiр» атты кiтабында қоңырат Саңғыл би, үйсiн Майқы би туралы мынадай деректер келтiрiлген: «1219 жылы Майқы би бастаған он би Шыңғыс ханның үлкен мәжiлiсiне шықты. Сол мәжiлiске өз билеушiлерiмiз бар деп төрт би келмей қалған. Олар: Қоңырат би, Қытай би, Селжут би, Қият би». Өз билеушiлерiмiз бар дегенге қарағанда олар сол кезде Хорезмшахқа бағынышты болуы ықтимал. Шыңғыс хан төрт би келмегенiн кек тұтпай, келген билерге таңба, ұран үлестiрiп, шығарып салады. Жоғарыда келмей қалған төрт бидiң бiрi Хорезмшах жақтағы қыпшақтар арасында өмiр сүрген Қоңырат би болса керек. Алқалы жиынға келген билердiң бiрiн Арғылы Саңғыл деп атайды. Бұл деректерге қарағанда ХIII ғасырдың бiрiншi ширегiнде қоңыраттардың екi жақты ел болып, Сыр бойында және Хорезмге қарасты қыпшақтар арасында отырғанын аңғарамыз.Саңғыл бидiң есiмi Шыңғыс ханды таққа отырғызуға арналған жиынға қатысудан басталады. Жеке тұлғалар қанша атақты болғанымен өмiрден өтедi, ал, тұтас рулы ел дегенiңiз мейлiнше ұзақ жасайды. «Саңғыл» есiмi ұрпақтарына ру атауы болып қалды. Саңғыл би атауы бiрнеше тарихи еңбекте кездеседi. Аристовтiң «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности» (СПб, 1897), Шәкәрiм Құдайбердиевтiң «Шежiресiнде» Саңғыл бидiң есiмi Сенгеле деп берiлген, профессор Ақжан Машановтың әл-Фарабиге арналған зерттеулерiнде Саңғыл би деп анық жазылған. Бабамыздың аты «Қазақтың қысқаша тарихында» Саңғыл би, Қ.Салғариннiң зерттеуiнде «Саңғұл би» деп берiлген. Дереккөздерiнде сәл өзгертiлiп аталғанымен бәрiнiң түбiрi бiр «Саңғыл би» екенi анық.Осы тарихи мәлiметтерге, Қозмолдақ елдi мекенiндегi ұрпақтарына қариялардан жеткен аңыз әңгiмелерге сүйене отырып, 1991 жылы 21 шiлдеде республикалық «Заң» газетiне бабамыз туралы мақала жарияладым. Сол мақала 2004 жылы Н.Назарбаевтың бастамасымен жарық көрген «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасының 10 томдық «Ата заңдары» атты сериясының 3-томына «Саңғыл би туралы дерек» (138-140-беттер) деген тақырыппен ендi. Осы кiтаптың редакциялық алқасын басқарған ұстазым, белгiлi академик С.Зиманов ағамыз мынадай пiкiр жазған: «Саңғыл би – ХII ғасырдың аяғы ХIII ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген түркi тегiнен шыққан, Шыңғыс ханның замандасы болған қазақтың арғы бабаларының бiрi. Оның нақтылы билiктерi жөнiнде мәлiмет жоқ» («Ата заңдары», 2004, 134-140-б.).Заманымыздың ойшыл суреткерi Ә.Кекiлбаев 1997 жылы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газетiне шыққан «Елдiк пен ерлiк киесi» атты мақаласында Саңғыл биге қатысты құнды мәлiметтер ұсынады. Ауызша мәлiметтерге сүйене отырып, 1990 жылы Саңғыл би ұрпақтары бабаның жерленген жерiн тапты. Оның басына аумағы 75 шаршы метр, биiктiгi 18,3 метр болатын кесене тұрғызды. Осы кесене құрылысы жүрiп жатқанда Оңтүстiк Қазақстан облысының сол кездегi әкiмi мен елiмiздiң бұрынғы мемлекеттiк хатшысы Әбiш Кекiлбаев Саңғыл бидiң басына арнайы келiп, Құран бағыштады. Ә.Кекiлбаев жоғарыда аталған мақаласында Шыңғыс ханды хан көтерген жиынға қазақ руларының iшiнен үйсiн Майқы би мен қоңырат Саңғыл бидiң қатысқанын айтады. Шыңғыс ханды ақ киiзге көтерiп, хан сайлаған сол жиында Майқы биге: «Ұраның – Салауат, құсың – бүркiт, ағашың – қара ағаш, таңбаң сүргi болсын» дептi. Ал, Саңғыл биге: «Ұраның – Қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма, таңбаң ай болсын» деген екен. Ал, сол үйсiннiң ұраны заман ағымына қарай бабалардың есiмiмен сан рет өзгердi. Қоңырат та «Мүлкаман», кейiнiрек «Алатау» деп ұрандатты. Саңғыл руының ұраны «Мүлкаман» болғанына қарап, көнекөз қариялар Саңғыл Мүлкаман батырдың немересi деп есептейдi. Саңғыл руының шежiресiнде (16-бет) былай делiнген:«Мүлкаманнан — Сарқұл мен Бәйiмбет қатпа.Сарқұлдан Саңғыл, Бәйiмбеттен Маңғытай деп таратады». Ал, қоңырат руының «Алатау» ұраны кейiнгi Есiм ханның әскери қолбасшыларының бiрi болған Алатау батырдың есiмiмен тiкелей байланысты. Әбiш Кекiлбаев ағамыздың тұжырымдап айтқан осы деректерiнде үлкен мән бар. Моңғол шежiресiнде де Саңғыл бидiң есiмi қалғанына қарап, жергiлiктi өлкетанушы, тарихшы Рахман Жаппарқұлұлы оны 1180 жылы туған деп тұжырымдайды.Белгiлi қаламгер Әнес Сарай «Көнелiк» атты зерттеу еңбегiнде қытай деректерiне сүйене отырып: «Дей шешен ұрпағы —«Маңғытай» деп көрсетедi (398-399-беттер). Қоңыраттың Маңғытай, Саңғыл деген ұрпақтары бiр атадан тараған. Ескi заманда бiр-бiрiмен қыз алыспаған ағайын болыпты. Саңғыл бидiң тарихи орны мен еңбегi жайлы жазушы Сәуiрбек Бақбергенов «Бөрте – Шыңғысханның жұбайы» деген повесiнде де атап өттi.Терiскейдегi Қозмолдақ, Сызған, Күмiстi, Үштөбе, Жартытөбе, Бақырлы (қазiргi Қаратау ауылы) саңғыл руының ата қонысы екенi атадан балаға аманаттап айтылып келедi. Бүгiнде саңғыл руының ұрпақтары Оңтүстiк Қазақстан облысының көптеген аудан-қалаларында қоныстанған. Созақ, Түркiстан, Ащысай, Кентау, Отырар, Мақтааралда көбiрек шоғырланған. Шымкент, Тараз, Алматы және Астана қалаларынан басқа аймақтарда да Саңғыл би ұрпақтары баршылық.ХV ғасырда Керей — Жәнiбек сұлтандар алғаш рет Қозыбаста қазақ хандығын құрып, ту көтергенде Қаратаудың терiскей бетiн мекен еткен қалың қоңырат, оның iшiнде Саңғыл бидiң ұрпақтары алғашқылардың бiрi болып хандыққа қосылғаны даусыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерiлген «Туған жер» бағдарламасы бастамасын қолдай отырып, сонда айтылған «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы» жобасына Саңғыл би кесенесiн енгiзу қажеттiгiн қадап айтқымыз келедi. Тарихта қазақ хандарының атасы саналатын Жошы ханның уәзiрi болған Саңғыл бидiң Оңтүстiк Қазақстан облысы, Созақ ауданы, «Қозмолдақ — Сызған» елдi мекенiндегi кесенесi кейiнгi ұрпаққа үлгi-тәрбие болары сөзсiз. Әдiлхан БЕРIКҚАРАЕВ, полиция полковнигi, зейнеткер. Алматы қаласы.

%d bloggers like this: