Саңғыл руының шежірешілері

Садуақас Жақашұлы 1883 жылы қазіргі Отырар ауданындағы әлемге аты әйгілі Отырар археологиялық ескерткішінің батыс жағындағы Жантақ деген жерде туған. 1951 жылы қазан айында сол жерде дүние салған. Бұл бүрынғы Сырдария губерниясы Түркістан уезінің 24-ауылы болатын.Жас кезінде Оспан әжі, Дәуренбек және Өскенбай молдалардан арабша сауатын ашқан. Араб әріпімен жазылған кітаптарды оқитын дәрежеге жеткен соң, 1930-жылдары латын әріптерімен сауаттанып, еңбектерін араб және латын әріптерімен жазған. 1916- ұлу жылынан бастап 1951 қой жылының қазан айына дейін Тұрсынбай ата шежіресін жазумен айналысқан. Шежіре машахаты мол қиындықпен жазыла бастайды. Шежірені жоғарғы аталары Абылай датқа жазған. Жетімдер Айтжан, Дамылладан шежірені көшіріп алған. Төменгі Саңғыл, Тұрсынбай ата балаларын Садуақас Жақашұлы қариялардың өзара ойласып, бір байламға келген 1916 ұлу жылынан 1951 қоян жылына дейін толассыз жазған

Абай қажы Жаппарқұлұлы 1935 жылы 10 тамыз Отырар ауданында Қызылту Түркістан колхозында жылқышы отбасында дүниеге келген.1956-58 жылдары байланыс техникумының экономика бөлімін бітірген. 1965-70 жылдары сырттай Алматы Халық шаруашылық институтын бітірген. 1958-63 жылдары Арыс аудандық байланыс мекемесінде аудан аралық тексеруші қызметінде болған. 1963-93 жылдары Отырар аудандық байланыс торабының бастығының бірінші орынбасары болып, зейнеткерлікке сол жерден шыққан. Зейнеткерлікке шыққан соң жеке шаруашылықпен айналысты. Жұбайы Мариямен отбасында бес бала, үш қыз тәрбиелеп өсірді. 2008 жылы қажылық парызын өтеп, ағайын арасындағы жұмыстарға белсене араласты, шежіре жинаумен айналысты. Нәтижесінде Отырар ауданы көлемінде тұратын ағайындардың шежіресін жазып, оны өзі дүниеден өткен соң балалары баспадан шығартты.

Рахым қажы Балаби 1936 жылы 10 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Кентау тау-құрылыс техникумын, Мәскеу политехникалық институтын бітірген. 1961-1978 жылдары – Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің жүргізушісі, автоколонна бастығы, бас инженері. 1978-1984 жылдары – Түлкібас жүк тасымалдау мекемесінің директоры. 1984-1988 жылдары – Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің бас инженері. 1988-2001 жылдары – Кентау қалалық жүк тасымалдау мекемесінің директоры қызметтерін атқарған. Республикалық, облыстық, аудандық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Оның өлеңдері төрт ұжымдық жинаққа енген. «Жан сыры», «Төскейсаз», «Жүректерге жол іздеу», «Жел қайық», «Саңғылдар», «Аспандағы жұлдыздар», «Жырымды саған арнадым», Екі дүние нұры» атты кітаптары жарық көрген. Басқа да көптеген кітаптардың авторы. Кентау қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы қажылар ассоциациясының мүшесі. Көптеген медальмен марапатталған.

Жолдасбай Исақұлы 1937 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Бақырлы елді мекенінде дүниеге келген. Әке-шешесінен жастай жетім қалып, 14 жасынан бастап шопанның көмекшісі болып еңбек жолын бастаған. Кейіннен совхоз ұжымы басшылары Шымкент қаласындағы бухгалтерлік курсқа оқуға жібереді. Бухгалтерлік курсты бітіріп келген соң, Қаратау совхозындағы номері үшінші ферманың бухгалтері болып жұмысын жалғастырады. Кейіннен Қаратау совхозының орталығына көшіп келіп, басқа да лауазымды қызметтер атқарып, совхоздың көркеюіне өз үлесін қосады. Қазақ халқының шығу тарихын көп оқып, оның ішінде Саңғыл би ұрпағының шығу тарихын жинақтайды. Саңғыл би бабадан тараған Нұрсай ата ұрпақтарын жинақтауда Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы бүкіл елді аралап жүріп, Нұрсай ата ұрпақтарының толық нұсқасын жинақтады. 2000 жылы Кентау қаласындағы баспада «Шежіре Нұрсай Саңғыл тегі» деген атпен кітапты басып шығарады. Кейіннен Түркістан қаласына қоныс аударып, 2014 жыл Түркістан қаласында дүниеден өтеді.

Түйеші Есенбекұлы Шымкент облысы, Созақ ауданы, Аққолтық ауылында 1946 жылы 18 қарашада қарапайым отбасында дүниеге келген. 1954-1964 жылдар аралығында Шолаққорған ауылындағы  Ы.Алтынсаринатындағы орта мектепті күміс медалмен бітірген. 1964-1967 жылдары Совет қарулы күштері қатарында болды. 1967-1969 жылдары Жартытөбе совхозында жұмысшы болып істеді. 1969-1970 жылдары Жартытөбе селолық Советінің Секретары болып сайланды. 1970-1975 жылдары Шымкент педагогикалық институтының тарих мамандығы бойынша жоғары білім алып шаққан. 1971 жылы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке мұғалім болып тағайындалды. 1992-1994 жылдары мектеп директорының ұйымдастыру қызметі жөніндегі орынбасары болды. 1994-2006 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2006-2008 жылдары тарих пәнінің мұғалімі болып зейнеткерлікке шықты. Т.Есенбекұлы – қызмет атқарған жылдарында шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәрбие бере білген6  еңбектері нәтижесінде аудандық, облыстық марапаттарға ие болған тәжірибелі ұстаз. Науқандық, кезекті қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалыса білген азамат. 2000 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталған.

%d bloggers like this: