ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ Шығармаларынан үзінді

ҰРПАҚҚА БҰЛ АЙТАТЫН ӨСИЕТІМ

Құлыншақпын, әкемнің аты – Кемел,

Қолыма домбыра алсам, әруақ жебер.

Өмірден көргенімді жырға қостым,

Бағасын жақсы-жаман халық берер.

Дәм татып, талай жерді араладым,

Ойға сап, көп нәрсені шамаладым.

Қанша бар болса да, бай қалтырауық,

Кедейден мәрт адамды таба алмадым.

Көп көрдім жаман қандай, жақсы қандай,

Көп көрдім жомарт қандай, сараң қандай.

Өзінің ішіп-жеуіне қимайтұғын

Сараңдар көп жинады сараң малды-ай.

Ер жігіт он бесінде «елім» дейді,

Ел үшін еңбек етсе, ерінбейді.

Жамандар он алтыда емес, қырықында

Пайдасы елге тиер көрінбейді.

ӘЙЕЛ ТУРАЛЫ

Жақсы әйел күйеуіне серік болар,

Ісімен ауыл-аймақ еліне ұнар.

Үйіне қонақ келсе, жатырқамас,

Ерінің әр қимылын көзбен ұғар.

Кез болса шайпау әйел – бағың тайған,

Таусылар үйрете алмай амал-айлаң.

Үйіңе қонақ келсе, ұяларсың –

Орынсыз шу шығарса ол қу шайтан.

Жаман әйел топ ішінде беттен алар,

Көңілің суыр оған да өкпең қалар.

Қорсылдап еш адамға жолай алмай,

Өз-өзімен бір күні шетте қалар.

Долданса, өзіне-өзі келе алмаған,

Ашуын ақылына бере алмаған.

Халықта дана сөз бар қашаннан-ақ

«Бетпақты құдай-дағы жеңе алмаған!»

Болған соң ақындық бір қасиетім,

Ұрпаққа бұл айтатын өсиетім –

Жақсы жағын сөзімнің ұғып алғын,

Жақсы сөз – жақсы адамды өсіретін.

ХАЛҚЫМ ҮШІН ШАРҚ ҰРЫП АЛАҢДАЙМЫН

Алдын ала сұрама бермейтінді,

Алла өзі жаратқан өлмейтінді.

Халқым үшін шарқ ұрып алаңдаймын,

Бұл дүниеден өткен соң келмейтінді.

БІР БАС ҚОСУДА ОРТАҒА ТАСТАҒАН ӘЗІЛІ

Құда қырық, ендеше құда қырық,

Мен білсем, сойып жатқан лақ арық.

Бас көрсету қазаққа рәсім ғой,

Етіне тойғызар-ау құйрық салып.

АДАМЗАТ КЕЛЕР, КЕЛЕР – ЖҮЗГЕ КЕЛЕР

(2-нұсқа)

Адамзат келер, келер – жүзге келер,

Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.

Құдая, иманымды саламат қыл,

Ағайын қайда бізді іздеп келер?!

ҚҰЛЫНШАҚТЫҢ ТЕРМЕСІ

Мен сөйлеймін термеден:

Жақсының жолы ашылар

Ажал жетіп өлмеген.

Өтеді, жалған өтеді,

Қуанамын мен неден?

Айдын көл батпақ атанар

Айдыны құрып суалса.

Бәйтерек сабау көрінер

Жапырақ түсіп қуарса.

Біраз ғана сөйлеймін,

Жақсылар, сөзім ұнаса.

Арғымақ мініп не керек,

Артынан жабы жеткен соң?

Ағайын, туған не керек,

Аңлысып күні өткен соң?

Қызыл тілім, сен сөйле,

Қызығыңды жер көрер,

Ажал қуып жеткен соң.

Айт дейтін бала, сіз қайда,

Сын айтатын біз қайда?

Бір төбенің басына

Тағы бір салып кеткен соң,

Құлағың сал, жақсылар,

Ажал келіп жеткен соң

Жақсылыққа дәулетің

Өршеленіп кеткен соң.

Сіздерге қараған дұшпандар

Дегеніне жетпесін.

Дұрыс айтат деңіздер

Үйден бір шығып кеткесін.

МОЛДА МҰСАҒА ХАТ

Дұғай сәлем жазамын Мұсабекке,

Баласы шын жүйріктің қарар көкке.

Қолымыз келіспейді жазғанменен,

Хатта жазым жер болса, айып етпе.

Екінші, тағы сәлем Мұсабекке,

Үмбет болған ер еді Мұхамбетке.

Құдайым аман қылып сақтағай деп,

Сыртыңнан жалынамын құдіретке.

Сұраймын амандығың бір Құдайдан,

Естілді ата даңқың әлдеқайдан.

Сұрайтын аманатым жерім келді,

Естігем амандығың Жұмабайдан.

Көктемде қағаз бердім екі парақ,

Жібер деп шариғаттан қылып жарақ.

Қарап көзім, таусылды сұрап сөзім,

Күнгей жақтан келгеннен тегіс сұрап.

Адам ақты таппайды аузы күймей,

Көктемдегі қағазым қысқа келді

Жек көретін кісідей көңілің сүймей.

Қазақтан молдалыққа әзір өзің,

Алдысын жас балада көрген көздің.

Көктемдегі қағазым қысқа келді,

Жек көретін кісідей сонша создың.

Сала көр озып барып көрген жерден,

Қалдырма Ресейден келгендерден.

Өзің жүйрік болғанда, өзің жорға,

Таппайсың шапқанменен елді өрден.

Мұсабек, өзің ақын, өзің молда,

Мұсабек өлеңші деп болдым ойда.

Ілгері нұсқалардан таратып сал,

Таласқанда қалмайтын қалып жолда.

Мен де бір дуанамын елді кезген,

Сендегі үміткермін шырын сөзден.

Кер боп өскен ағаңа көрсетіп қой,

Қисық ағаш шықпас деп жақсы тезден.

Тегі бар аржағында ақыл-ойдың,

Аз күнде қойлық жерге жылқы сойдың.

Мен ғаріптің мөрі жоқ басатұғын,

Қағазға заң бойынша қолым қойдым.

АМАЛСЫЗ АСЫ БІЗ КҮМІРӘ

Бісміллә деп бастайын,

Медет тілеп пірлерден.

Амалсыз асы біз күмірә

Шәриат сөзін білмеген.

Аллаға қылған тәһат жоқ,

Құр күнәға егеміз

Парық боп ойнап күлгеннен.

Өзің ғапу қылмасаң,

Әлдері қара біз пәндең.

Тәлма, мақшар болғанда

Қалмайды-ау кейін бір демнен.

Амалсыз көңіл болмайды

Арғымақ таңлап мінгенмен.

Маңлайында малы жоқ

Бейнет шегіп күн көрген.

Қанағатсыз бай кісі

Ежірейге пұл берген.

Аңқаулықтың белгісі –

Алдаған сөзді шын керген.

Ақымақтың белгісі –

Шағыстырған тілге ерген.

Оғын жазым қылмайды

Ер дарыған сұр мерген,

Тасырда жүрсе, тасырқар

Құлынында құм көрген.

Адамға көңлі аумайды

Жәннаттан сұлу үр көрген.

Бидайды бейнет көреді

Тартулы даяр ұн көрген.

Тобадан тілі кетпейді

Тарығып жүріп ұл көрген.

Көңілі бәлен боп қалар

Пәсінде жүріп кыр көрген.

Опасызын білмейміз

Өтпейді дүние кімдерден.

Мұқамбеттің нұрына

Ойуатқа бұрын кім келген.

Алты мың түрлі айуанат

Ырызғысын оның кім берген?

Көрмекке көз, қол-аяқ

Сөйлеуге қызыл тіл берген.

Біз мұсылман атандық

Әммені, ақты білгеннен.

Пайғамбарға үмбетпіз

Айтқанына кіргеннен.

Азғана сөзді қозғайын

Тындасаңдар жақсылар

Әзіргі мынау күндерден.

Жайлауымды жау алып

Ықтияр кетті-ау күллі елден!

Жайынша жатқан қазақ ек

Жайына жатып күн көрген.

Енді қалып барасың

Бірігіп басың жүргеннен.

Елде жарақ қалмады

Асынып белге ілгеннен.

Жанның бәрі жарлы боп

Жалғыз жан жоқ күйге енген.

Мәлімдетпей той қылмас

Ойынды тергеп күлгеннен.

Ауқатты байлар әлсіреп

Жақынына күйгеннен.

Батырлар қылған соғысты

Шаруа іздер конысты.

Жүйеге құлақ коймайды

Теріс көрер тентек оң істі.

Бұған да шүкір қыламыз

Патшамыз орыс-ты.

Күннен-күнге қылып тұр

Көңілдегі жоқ істі.

Қадаулы ағаш, тартқан сым

Қаптаған хахол сыймайды

Қазақтан алды қонысты.

Қазынаға қарыздар

Халық көбейді борышты.

Есепке алды елімді

Шегіртке жеді егінді.

Анттан қорыққан адам жоқ

Дүниеден көңлі жерілді.

Момынның көңілі толы жас

Зәлімнің көңлі семірді.

Кісі-сымақ ысқырып

Есігіме тебінді.

Қадақ болған кісідей

Ала алмай жүрмін кегімді.

Жансара болған жыландай

Киреңдетті белімді.

Әжет ісің табылса,

Ақшаға алсаң тегін-ді.

Шашын қойды жігіттер

Жаулықсыз көрдік келінді.

Сүйгенімен боп кетер

Шырайлы қыздар келімді.

Қараңғы түнмен қыз кетіп

Сұрамас ата тегіңді.

Сақта Құдай ақынды

Айыбымды жапқайсың.

Күймесін деген мақтаны

От ішінде сақтайсың,

Кемеліңе алғанда

Кімдердің көңлін таппайсың?!

Ысапсыз жаратып мақұлық,

Мапузадайын қаттайсың.

Момындарды жылатып,

Қараның отын жақпайсың.

Неше ауа болғанды

Жердей қылып таптайсың.

Не асаудың мойнына

Үзілмес арқан тақпайсың?

Айналайын құдірет

Мақшар күнің болғанда

Пенденің бәрін ысаптайсың.

Бүйте берсе бұл заман

Таяқ алып ақтайсың.

Кейінгі қалған ұрпақтар,

Атаңның мынау ғазалын

Бәрің де оқып жатпайсың.

ПЕНДЕНІҢ КӨП-ТІ КҮНӘСІ

Бісміллә сөздің сарасы,

Пенденің көп-ті күнәсі.

Тіршілікке тоба қыл,

Өлімнің жақын арасы.

Бір өлген соң келу жоқ,

Бүл дүниені көру жоқ

Әуелі Құдай оңласын,

Бар дана қайып жолдасым.

Қайып ерен қырық шілтен

Жәрдемші болып қалмасын.

Ақыреттің қамын қыл

Иманың, пенде, жолдасың!

Ақыретке барғанда

Құрт-құмырсқа, шаяның,

Барша бір жаның бара-бар.

Болмайды, сірә, бұл ісің,

Қаза жетсе бір күні

Бөтенше болар қонысың.

Сауаптан, пеңде, қалмаңдар,

Шайтан тілін алмаңдар,

Рақым қылса құдайым,

Үр қызын сүйіп тұрарсың.

Інжу гауһар су ішіп

Тұрарсың, пенде, пейіште.

Жеті пейіш жәннат бар,

Тірілікте хабар ал,

Хабарлы болсаң, жолың бар,

Хабарсыз болсаң сорың бар.

Қарт, қария, жақсылар

Бұлар да өтіп жым болды,

Пұт пұрашқа табынып

Маубас өгіз секілді,

Не көрімдер би болды.

Мұсылманның баласы

Табанға түсіп и болды.

Бір жұмыс түссе басыңа

Айдаушысын ерте кеп

Басып-көктеп үстіңнен

Шығарады үкімді.

Олар білмей барады

Алыс пенен жақынды.

Тентек пенен мақұлды,

Ойлап тұрсаң, пенделер,

Қиямет-қайым жақын-ды.

ТӘНІҢ ДЕ МЕЙМАН ЖАНЫҢА…

Жаратқан медет бере көр,

Жағым менен тіліме.

Құдіретім медет бере көр,

Кеудемнен шыққан үніме.

Кіші де болса көңіл қой,

Артыңнан ерген ініңе,

Інің де жарар күніңе!

Бір үйдегі нешеусің,

Күні-түні келгенде,

Біреуің мейман біріңе.

Кейбір күні келгенде,

Қайырласың қаныңа.

Жаныңа жапа жеткенде,

Жалынарсың малына.

Бір-бірің түгіл кей күні,

Тәнің де мейман жаныңа.

Әуелі сені туғызған,

Беліңе садақ буғызған,

Қашар жауды қашырып,

Қашыр мініп қуғызған.

Алақаны аялы,

Бір жаныңа саялы,

Үйде отырсаң – малқорың,

Далаға шықсаң – қамқорың,

Бір қайранын тигізген,

Азды-көпті мал беріп,

Алма мойын, аршын төс,

Біреудің қызын сүйгізген,

Әкең өлмес болсайшы!

Әуелі құдай жеріткен,

Тас емшегін еріткен,

Тар құрсағын кеңіткен,

Мен жерікпін дегізген,

Жерік асын жегізген,

Аязды күні айналған,

Бұлтты күні бұланған,

Қырға шықса белім деп,

Ойға түссе тізем деп,

Аман-есен ұл тапсам,

Жарық болар жүзім деп,

Ішінде анаң қозғалтқан

Құдіретімен құдайдың.

Анаңыз бір күн толғатқан,

Толғатып барып оң жатқан.

Сіздерді ана тапқанда

Сай-сүйегі жарылған.

Ойлаңыздар отырған,

Жетім бала не қылған?

Тал бесігін таянып,

Түн ұйқыдан оянып,

Аузынан мәмәш тойдырған,

Астына түбек ойдырған.

Сылап-сипап өсірген,

Сүндеттетіп кестірген.

Қарағым деп қалқитып,

Тойдан бүйрек жестірген.

Анаңнан қамқор бар ма еді,

Шешең өлмес болсайшы!

Атың арып келгенде,

Аңыңды аулап келгенде,

Атыңды шығып байлайтын,

Астыңа төсек тастайтын,

Үйінде дәмі бар болса,

Ауызыңа ұстайтын.

Қадіріңді білетін,

Атыңа жемді ілетін,

Қашан үйден кеткенше,

Бәйек болып жүретін,

Шешеңнен соңғы қамқорың

Апаң өлмес болсайшы!

Еруде үйдің еркі екен,

Көшкенде көштің көркі екен,

Қой бастаған серке екен,

Алыста жүрсе жылайтын,

Жақында жүрсе сұрайтын,

Шалдығып-шаршап келгенде

Бір күніңе жарайтын,

Апаңнан соңғы қамқорың

Қарындас өлмес болсайшы!

Қалың беріп қалыңдық

Жігітіңде ойнасаң,

Текті жерден қыз алсаң.

Өзің тыстан келгенде,

Астыңа төсек тастайды,

Үйіңде дәмі бар болса,

Ауызыңа ұстайды.

Өзіңнен басқа кісіге,

Әсілі, ақыл қоспайды.

Даладан келген дос-дұшпан

Бәрекелді шіркіннің

Қосағы деп қоштайды.

Жары жақсы жігіттің

Әбүйірі осындайды.

Қосағың жақсы қосылса,

Түзеледі күлкіңіз.

Үй кісің өтсе дүниеден,

Бұзылады мүлкіңіз…

Осынау қысқа ғұмырда

Қосағың өлмес болсайшы!

Алдыңда тұрса терегің,

Әр нәрсеге керегің.

Көретұғын көзіңіз,

Сөйлейтұғын сөзіңіз,

Басшыға ағаң жоқ болса,

Көмексіз кісі көрнексіз!

Соқыр малдай қаңғырып,

Не болар едің өзіңіз.

Алатаудай айбатың,

Дұшпанға қылар қайратың,

Ағаң өлмес болсайшы!

Алдыңда тұрған ырысың,

Аз ғана күн тынысың,

Жалқы туған жігіттің

Көрген құны құрысын.

Құрысын демей не дейін,

Үйге барсаң – түзің жоқ,

Түзге барсаң – үйің жоқ,

Бітпейді сірә бір ісің.

Жалқы тусаң атадан,

Жоқ құйрығың, қанатың

Дұшпаныңды қор қылар,

Құрыштан соққан болатың.

Ер жігіттің қанаты –

Інің өлмес болсайшы!

Адамзаттың миуасы,

Әлдилеп сүйген баласы.

Артыңда перзент жоқ болса,

Көрген күнің не болар,

Бұл жалғанның әуесі.

Артыңда перзент көп болса,

Кіріп келсең есіктен,

Төрге таман кел дейді,

Ақыңды ешкім жемейді.

Әзілдеп айтқан сөзіңді,

Халқың шындай елейді.

Ойлаңдар, беглер, ойлаңдар,

Перзентсіз ерді не дейді?

Тау болмайды бұлақсыз,

Көл болмайды құрақсыз,

Малсыз адам тұяқсыз,

Ұлсыз адам шырақсыз.

Құда-құда дескенде,

Қоңыраулы малдай сылдырап,

Қыз бойжетіп өскенде,

Ұзатып біреу алғанда,

Шығарып үйден салғанда,

Кедей байғұс арманда,

Қыз балаң өлмес болсайшы!

Тау болмайды адырсыз,

Тал болмайды тамырсыз.

Қожа да жұртты жұрт қылмас,

Зекеті жоқ нәзірсіз.

Өлгеннен соң білерсің,

Айта-айта жүрерсің,

Тірлігіңде өтерсің

Бір-біріңе қадірсіз!

Ойлаңдар, беглер, ойлаңдар,

Осы айтқан сөзім әзілсіз!

МЕНІҢ АТЫМ ҚҰЛЫНШАҚ

Арқада бар балқурай,

Басына қонар бозторғай.

Менің атым Құлыншақ,

Жолға салып айдаса,

Жорғалаймын тайпалмай!..

СӨЙЛЕП ҚАЛ

Қызыл тілім сөйлеп қал,

Жоққа сеніп жатқанша.

Маңдайда тұрған шамшырақ,

Сен де бір көзбен көріп қал,

Қабағыңнан қатқанша.

Он екі мүше тал бойым,

Аршындап сен де жүріп қал,

Қараңғы көрге жатқанша!..

СЫЙЛАЙ БІЛ

(1-нұсқа)

Кіші де болса сыйлап жүр,

Артыңнан ерген ініңді.

Артыңда інің көп болса,

Ұзын да қылар тіліңді.

Артыңда інің болмаса,

Күндердің күні болғанда,

Алады қатын сырыңды.

Қатын деген қара құрт

Бір теңге көрмес құныңды!..

(2-нұсқа)

Кіші де болса сыйлай жүр,

Артыңнан өскен ініңді.

Артыңда інің көп болса,

Ұзын да қылар тіліңді.

Артыңда інің болмаса,

Өзің жалғыз болған соң,

Алады қатын сырыңды.

Көңілі біреуге қосылса,

Бір пұлша көрмес құныңды.

ҚОЖАМЖАРҒА НАЗ

Қожекем берем депті батпан бидай,

Мен келдім Сарыарқадан жұртты қимай.

Сағынып Сарыарқадан келгенімде,

Қанеки, игілігін берсе Құдай.

Ассалаумаалейкүм ер Қожамжар,

Өзінде ас-ауқаты мол Қожамжар.

Әр үйден бір ширектеп бидай жисақ,

Құп алар араңызда Төлебің бар.

Қожеке келдім шаршап жол жүрумен,

Артық дәулет бітпеді сөз білуден.

Құлақтың құрыштары ешбір қанбас,

Ақынның жүрек сырын сездіруден.

Адамзат су үстінде қайық ескен,

Және де қайық үстінде өмір кешкен.

Ел іші алтын бесік болса-дағы,

Өз елің ыстық болар кіндік кескен.

Әруақ маған қонған сөйлеу сөзден,

Ақынмын біраз жердің елін кезген.

Несібе маған деген ақ сияқты,

Қырандай іздеп шыққан құла дүзден.

ДҮЙСЕНБІГЕ

Дүйсенбі ісің кетпес елге еткен,

Бес ата, Жаманбайға түгел жеткен.

Болыстық тигеннен соң алып бердің,

Теңдікті армандаған елің көптен.

ДҮЙСЕНБІ СЕНДЕ АРМАН ЖОҚ

Дүйсенбі сенде арман жоқ,

Алаштың ұлы ат қосса,

Жарыстан атың қалған жоқ.

Өле-өлгенше ел-жұртың,

Қызметіңнен талған жоқ.

Бес таққа кірді сүйегің,

Дүйсенбі сенде арман жоқ!..

ЖАМАНҚАРАҒА

Заманында болыс болған Жаманқара жалған шағымнан біраз күн жапа шеккен екен. Сонда сол кісіге айтқан сөздерінен:

(1-нұсқа)

Жер жарып шығып еді дабыстарың,

Темір түрме ішінде жатсаң-дағы

Терісі тесілмеген арыстаным.

Атадан артық туған Жаманқара,

Ерекше көзге түсіп, өскен дара.

Біраз күн көрсең-дағы жапалықты,

Бойыңа сіңбей қойды жапқан жала.

(2-нұсқа)

Атадан артық туған Жаманқара,

Ер болып ел ішінен шыққан дара.

Жаламен жапса-дағы абақтыға,

Бойыңа сіңбей қойды жапқан жала.

Жарқырап шығып еді дабыстарың,

Өзіңе пар келмейді алысқаның.

Темір тор түрмесінде жатсаң-дағы,

Терісі тесілмеген арыстаным!..

ТЫҢДАУШЫҢ ЖАМАН КЕЗДЕССЕ…

Түйе жисаң нардан жи,

Қабырғадан су кешсе,

Жүгіңді суда қалдырмас.

Жылқы жисаң бедеу жи,

Жау қолына шалдырмас.

Қойдан жисаң марқа жи,

Өзегіңді талдырмас.

Тыңдаушың жаман кездессе,

Жырға да құлақ салдырмас.

Жыршың жаман кездессе,

Жырға да мейірің қандырмас!..

БИДІҢ ӘДІЛ БОЛМАҒЫ

Түйенің түйе болмағы,

Шөк дегенде шөккеннен.

Өгіздің өгіз болмағы,

Өк дегенде өккеннен.

Қайықтың жүрдек болмағы,

Екі жақтап ескеннен.

Түйенің жүрдек болмағы,

Көлденең мұрнын тескеннен.

Ауыл үй араз болмағы,

Бір-бірімен егескеннен.

Бидің әділ болмағы,

Әділ ғып дауды шешкеннен.

Жақсы кісі сол болар,

Елінің қамын ескерген!..

ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ Шығармаларынан үзінді

Орынбек Жолдыбай

(жалғасы бар)

Leave a Reply

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Change )

Connecting to %s

%d bloggers like this: