Ханғали СҮЙІНШӘЛИЕВ,филология ғылымдарының докторы, профессорҚазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Жартытөбе деген жерде туып-өскен. Әкесі көп отбасылы кедей шаруа болған. Құлыншақ отыз жасқа келіп, өз бойындағы талантын танытқанға дейін кедейлік зардабын тартқан. Тек өмірінің соңғы жылдарында ғана орташа дәулет жиып, ел қатарына қосылады. Құлыншақ он беске келген кезде-ақ жұрт назарын өзіне аударады. Алғашқыда жаттап өлеңдер айтып, сауық-сайрандарға араласады. Ұрымтал ақын оқыған адамдарға жақын жүріп, өз бетімен ізденіп, сауатын ашады. Сөйтіп хат таныған ақынның қолы шығыс қиссалары мен ақын-жазушыларының шығармаларына ерте жетеді. Сөйтсе де Құлыншақ ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, өз өлеңдерін ауызекі айтып таратады. Айтыстарға түседі. Ел сынынан өтеді. Ақындық жолға түсу себебін ол ескі наным тұрғысында түсіндіреді. Жас шағын еске алған сөзінде ақын маған қара кісі боп келген пірім ұйықтап жатқанымда аян берген-ді, ол маған: «Көген тілейсің бе, өлең тілейсің бе» деген еді. Мен өлеңді қаладым деп түсіндірмек болады. Әрине, ол «пірі» қолдап емес, елдегі көптеген ақындық өнердің ықпалы нәтижесінде ақын болғаны сөзсіз. Сыр бойы, Түркістан өлкесі, Қаратау, Жетісу жерлерін түгел аралап көп ақындармен кездесіп, айтысу арқылы ақын боп қалыптасқанға ұқсайды. Кейінгі ақындар оны ерекше ардақтайды. Молда Мұса деген ақынның айтуынша, Құлыншақ ешбір ақыннан жеңілмеген көрінеді. Айтыстарының ішінде, әсіресе оның Майлықожамен айтысы көңіл аударарлық. Ол Майлымен жүздесіп тілдесумен бірге хат арқылы да айтысып жүріпті. Оның бұл айтысы – Майлы елінің сараң байларын сынаудан басталады.Құлыншақтың «Көлбайға», «Дүйсенбі датқаға» атты толғауларынан ақынның шабыты ғана емес, сонымен бірге өз кезіндегі әлеуметтік мәселелерге үн қосқан ақын болғаны да танылады.Айтысқан ақынына мін таққыш, табан асты сөз тапқыш Құлыншақ халық ішінде беделді болған. Оның шешендігіне, шыншылдығына ел риза боп ардақтаған. Әсіресе заманында билікті қолына ұстап, өз дегенін істеп, еш нәрседен шіміркенбейтін қара пейіл үстемдерді, сараң байларды өлтіре әжуалап отырған. Сондай-ақ әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көтеріп, адамгершіл ақылдар айтқан. Мәселен, «Дүниеде не ғаріп?» толғауында ақын табиғи құбылыстарды адам өмірімен ұштастыра термелеп, терең ой қозғайды.Енесі жүдеп нашарлап,Ертелеп туған төл ғаріп.Әуеден жауын кем болып,От шықпай қалса, жер ғаріп.Басшысы нашар жолығып,Ынтымақ кетсе, ел ғаріп.Көк ала жылқы болмаса,Бетегелі бел ғаріп.Қаз, үйрегі болмаса,Айдынды шалқар көл ғаріп.Қатарынан кем тартып,Қуаты қашқан ер ғаріп…Суырыпсалмалық өнерге жетік ділмар ақынның өзінің өмірі туралы толғаулары да тартымды. Нағыз жүлдегер жүйріктерге тән қарекет-қасиеттермен көрініп, көп жүйріктен суырылып озып шыққан өрен саңлақтың өзін танытады. Өзінің бар өмірін, бойындағы бар өнерін халқына ғана арнаған ақынның тағдырға бас имей, тіршіліктің қамын ойлап, ел-жұртына өнер шашуды мақсат етуі – оның азаматтық мұратының куәсі дерлік.Менің атым Құлыншақ,Ал сөйлеп көр, тіл мен жақ.Дауысым, байғұс, шығып бақ,Саулы інгендей ыңқылдап.Қызыл тілім сөйлеп бақ,Асыл біздей жылтылдап.Домбырам, байғұс, сен сөйле,Екі шегің тыңқылдап.Он саусағым, қимылда,Жорға тайдай бұлтылдап.Құлыншақ өзінің біраз өлеңдерін арнау ретінде шығарған. Ол кезінде бай, бек, датқа болған немесе болғысы бар дәреже-дәулет құмарлар тобьн сынап, солардың өзімшіл, құлқынқұмар мінездерін әжуалап отырады.Ондыбайға деген өлеңі елді билеп-төстеген болысты сынауға арналады. Әсіресе оның қонақасыға сараңдығын бетіне басады:Болысеке, бұл өлең қайдан шықты,Үйіңде бесінде ішкен шәйдан шықты.Сабада сапырулы қымыз тұрып,Күбіден айнып кеткен айран шықты.Қайыр-қош, болысеке, көргенімше,Бұл қорлық естен кетпес өлгенімше.Қос қосалғы арқалап құрыған жақсы,Итке артып, аттың басын жүргенімше.Аталмыш ақын арнауы болыстың өзі жоқта үйіне түскен қонақтың құрмет көре алмай аттануына байланысты айтылған. Ондыбайдың сараң әйеліне мін таққан ақын басқа біткен дәулетті дұрыс баға алмай, сараңдыққа салынып, керек жерде бере алмайтын пейілсіздік мінезді әшкерелейді. Адамның жақсылығы оның сыртқы өңінде де, бет ажарында да емес, адамгершілігінде, жомарттығында деп біледі. Ондыбай тап осындай әйелінің өңі мен келбеті келісті, бірақ көңілі тар, адамшылығы кем бейшара ретінде бейнеленеді.Сәлем де Ондыбайға Құлыншақтан,Есектен не туады айғыр шапқан.Жылтыраған бетіне әуес болмай,Адамның баласын ал, кісі баққан.Қызарған не қыласың беттің нұрын,Салады көрген жігіт көздің қырын.Ондыбайдың аулына барамыз деп,Қайдан таныс боламыз үш жыл бұрын, –деп ақын Ондыбайға ақыл беру арқылы кейінгі жастарға да ой салып, әйел таңдауға тек қана бет-ажарына ғана қарап, бекерге алданбай, оның адамгершілігіне, ақыл-парасатына назар аударудың керектігін ескертеді.Қоғамдық қайшылықтарға немқұрайды болмағанының бір куәсі ақынның «Дүйсенбі датқаға» арнауы. Аталмыш толғауында ол:Әлсізді аз ғана күн амалдайсың,Жақсылық бұл пейіліңнен таба алмайсың.Жеріңе ерегескен қап-қара боп,Бұлттай жауатұғын табандайсың, –дей келіп датқаның таяғы тимеген, тізесі батпаған жер кемде-кем екенін айтып, оның елді жылатып жатқанын бетіне басады. Үстемдер арасындағы бақталастық халыққа жабысқан дерттей елдегі кемтарлықты көбейтіп, жоқшылыққа ұшыратуда дейді.Әрине, қаймықпай қарсы айтылған сөз датқаға жақсын ба, Құлыншақ біраз қуғынға ұшыраса керек. Мұны:Тізесі Дүйсенбінің маған өтті,Қайсысыңды мендей қуып еңіретті? –деген жолдардан айқын аңғаруға болады.Әлеуметтік маңызы жағынан ақынның «Қуды мініп, құланды құрықтап жүр» толғауы ерекше. Бұл тұста ол қазақ елін жайлаған қулық-сұмдықтарды, олардың датқалармен ауыз жаласып, елді бүлдіріп жатқанын әшкерелейді.Ақын халықты олардан сақтандырып, әділет жолын уағыздайды. Енді бір өлеңінде ақын түйені түгімен жұтып жатқан қуларды:Бір түлкі тұра қашты, қудым тыңнан,Ұсынса қол жетпейтін биік шыңнан.Қаз мойын, қарға тұмсық бір қу екен,Төбесін бір-ақ көрдім тарғыл құмнан.Бір жылан, бір айдаһар жолдас бопты,Түк қалмас, бере берсең, жиған малдан, –деп сынайды, оларды араны ашылған айдаһарға, жыланға балап өзінше образдар жасайды.Құлыншақтың Майлымен айтысы және басқа шығармалары әлі толық жинальш, баспа бетін көрмей жүр. Оның ақындық шабытын танытар жолдарды біз қолда бар деректерден келтірдік. Ақын – халық поэзиясының үлгісін берік ұстаған суырыпсалманың өзі. Ел ақындары дәстүрінде сөз бастап, төгілте өлең термелейді. Мысал үшін оның Майлымен айтысынан үзінділер келтіре кетейік:Жиылдық үлкен-кіші үйден, түзден,Жүйрік ат топтан озып бәйге сүзген.Қоңыратта Майлықожа, Құлыншақ боп,Екеуміз шығып едік Орта жүзден.Қосылдық екі жүйрік сайымызға,Бір нұқсан түспегей деп пайымызға.Тақсыр-ау, өлеңіңді енді қамда,Бозбала қоймас болды жайымызға.Ақынның суырыпсалма өнеріне, халықтың салт өлеңдері үлгісіне жетігін оның анасына арнаған жоқтауынан да көруге болады.Тал бесігін таянған,Түнде тұрып оянған.Тар құрсағын кеңейткен,Тас емшегін жібіткен.Өлеңдетіп әндеткен,Айналаны сәнді еткен.Уақыты жетіп демі біткен,Айналайын ақ шешем.Құлыншақ даңқы қазақ еліне кең жайылған. Оны тұстас ақындарынан бастап, қазіргі заман халық жыраулары жатқа айтады. Ақынды қадір тұтып, одан үйреніп өскендіктерін жасырмайды. Заманымыздың жыр алыбы Жамбылдың өзі Құлыншақ атын құрметпен атағаны мәлім.Ол:Қаздай қалқып ерінбей,Өлең тердім жасымнан.Майкөт ақын, ҚұлманбетОрын берді қасынан.Майлықожа, ҚұлыншақПірім еді бас ұрған, –депті. Құлыншақты еске алған ақындар ішінде көлемді естелік қалдырған – Сұлтанбек Аққожаев деген жырау. Ол ақын өмірін ұзақ толғап, оның өмірінен көптеген деректер береді.Әкесі Құлыншақтьң Кемел еді,Сүйген екен немере, шөберені.Алты ұлы алты ауыл болып жүре берді,Адамға бұдан артық не керегі?!Сұлтанбектің айтуынша, Құлыншақтың әкесі Кемел көзі ашық, көңілі сергек адам болған. Ол баласының ақындық бетін қайтармай, қайта жөн сілтеп, ел аралауға ерік беріп, белгілі әруақты ақындардан бата алуға жіберіп, баласына оң сапар тілейді.Ақынның ізденіс сапарлары, өсу жолы туралы Сұлтанбек жырау былай дейді:Әкесі Шөже ақыннан бата әкел деп,Үш тоғыз дүниемен жібереді.Шөженің ақ батасын алып қайтты –Адамзат дуаменен көгереді.Келген соң киіндіріп ат мінгізіп,Баланы еркіменен қоя берді.Күнде той, күнде жиын, күнде өлең ғып,Күңірентіп жіберді жүрген жерді.Жыраудың деректеріне қарағанда, Құлыншақ қазақтың көп өлкесін аралап, талай тарландармен кезігіп, тіл қағысқан. Олардан өнер үйреніп, ақындық дәстүрлерді қабылдап отырған. Қазақ ақын-жырауларына қанағаттанып қалмай, шығыс әдебиеті классиктерін де оқыған және оның кейбіреулерінің сюжет желісін өзінше толғап, қисса ретінде жырлаған, Сондай шығарманың бірі – «Шырын – Шекер». Құлыншақты көрген ел ақындары аталмыш қисса ұзақ жырланатьн, тамаша лирикалы қызық шығарма еді деп тамсана еске алады. Бұл жөнінде Сұлтанбек жырау:Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,Жаңғыртқан терезенің көгінде енді.Ән қандай, өлең мындай күйіндегі,«Шырын – Шекер» сөз бопты тіліндегі.Жеткенше жиырмаға тоқтай алмай,Сейіл ғып аралады төменгі елді, –деп жырлаған.Сұлтанбек жырау өзін Құлыншақтың шәкірті ретінде таныстырады. Ол өз ұстазын ерекше талант иесі еді деп дәріптейді:Ұстазым – Орта жүздің ҚұлыншағыӨлеңнен кем болған жоқ оның бағы,Қосылып құнанында ат бәйгеге,Тынбай шауып, кеп жүрді сынбай сағы.Құлыншақ талантына Сұлтанбек сияқты бас июшілер көп болған. Кейінгі кезең дәуірінің танымал ақындары да оны еске алады. Белгілі ақын Асқар Тоқмағанбетов те:Ақсүмбе Абақ батыр Созақтағы,Кем еді қай батырдан қазақтағы.Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақынТалайды сөзбен орап тұзақтады, –деп жырлаған.Құлыншақтың «Қисық батырмен тілдесуі» соңғы жылдары табылып, баспа бетін көрді. Аталмыш шығармада көрінетін ақиқат – Құлыншақтың табан асты өлең шығарып айтуға дағдыланған ақпа ақын екендігі. Ол басына төнген қиындықтан өлеңінің күшімен құтылады. Ойда жоқта батырдың қаһарына ұшыраған ақын тапжылмай тұрып жауап қайырады. Баса көктеп үйіне кірген ақынды батыр қынабынан қылышын суырып алып басын кеспек болады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – деген емес пе? Ақын қорықса да саспай, батырға тіл қатып, оны тоқтатады. Қаһарлы қылыш қынабына қайта салынып, сыннан өтіп, сый-сияпат көреді. Қисық батырдың сырт келбеті адам түршігерлік кесперсіз, кескен томардай дөңкиген болғанына қарамастан ақын оны алтын тақта отырған патшаға балайды. Артық туған адамның асылысың деп мақтай жөнеледі:Жақсыға анық тартып туып едің,Жақсылық туғаннан-ақ қуып едің.Даңқыңды Алатаудай естіген соң,Көруге дидарыңды келіп едім.Іліндің атақ жастан сөйлер сөзге,Көріндің адам болып көрер көзге.Мақсұдың Алла тағала бергеннен соң,Міндіңіз алтын таққа осы кезде.Мүбәрәк құтты болсын мінген тағың,Құдайым аямасын берген бағын.Бұл күнде ел билеген батыр бопсың,Зейінмен ажыратып істің ағын.Ақынның мадақ сөзіне риза болған Қисық батыр ақынды байқау үшін соны талаптар қойып, өзі туралы қорықпай сөйлеп, бойындағы мінін жасырмай айтуды талап етеді. Батырдың қара қоңыз сияқты домалақ тұлғасын, бақадай бақалтақ бой-сойын, бірбеткей мінезді адам екенін, асыл тегі де оңды еместігін батыл әшкерелеп шығады. Ақынның айтар сөзге тапжылмай сөйлегіштігін таныған Қисық, оның жәй ақын ғана емес, батыр ақын екенін таниды. Оған риза болады. Сый-сияпат көрсетеді. Қисық батырды мінеген сөздерінен бір мысал:Былжыраған сен туыпсың атың Қисық,Қисайып отырасың, елге тиісіп.Алыстан іздеп келген мейман едім,Япырай, маған салдың жаман түйсік.Артыңнан, атқа мінсең, бақадайсың,Ат басқан жерге түскен тақадайсың…Бойың тұрған жеріңде боғың тұрып,Ашуың келіп қалса, қаһардайсың.Тәрізді бақсы ұстаған қобыздай боп,Пішінің жаман екен доңыздай боп.Қатының таңдап алған сұлу екен,Қойнында жатамысың қоңыздай боп…Қисық батырды бейнелеуге, әсіресе оны даттауға арналған сөздері – өткір. Ақынның адамды сынап мінеуге шебер екенін танытқандай. Бұрын-соңды еш ақын қолданбаған айшықты тіл тауып қолдана біледі. «Тәрізді шөлдеу жердің масасындай», «Пішінің диуананың асасындай» деген өлең жолдарындағы теңеулері өзіндік және айқын.Қисықты даттағанда төрт түлік малдың ең нашарларын таңдап, соларға балайды. Мысалы:Болар ең, ешкі болсаң, қотыр ешкі,Шалбардай жұртта қалған бетің ескі…Болар ең, түйе болсаң, қотыр қоспақ,Алар ем, ел көшкенде босқа қостап…Болар ең, жылқы болсаң, кәті ғана,Мінетін бір сорлының аты ғана…Болар ең, сиыр болсаң, қара тана,Қақпалап мінер еді бала-шаға…«Қазақ әдебиеті» (1987, X) газетінде Әсілхан Оспанұлы жариялаған екі-үш өлең – ақынның талғамдарын тани түсуге көмегі бар шығармалар. Олар: «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Мазақ қылма, Көлбайым», «Әркім әуес қылады қолда жоғын». Аталмыш туындылар – көлемі жағынан шағын болғанымен, Құлыншақтың мұраларын тереңдей талдауға жәрдемі тиерлік құнды еңбектер. Өмір құбылыстарын болжап, ой түйіп, адамгершіл, ақылдар айтьш, ар-иманды таза ұстай білуге, әділет жолында аянбай еңбек етуге үндейді. Аталмыш ақын шығармалары – өзіндік өрнектерінен хабар берерлік көркем дүниелер.Тіршілік қамын ойлау жеке бастың ғана қамымен болып, арам-адалға қарамай, дүниеқоңызға берілу емес екенін ескертіп, ардан безіп, елге жексұрын аталудан сақтандырады. Итін күшіктетіп, оны малға айырбастау арқылы байымақ болған жұғымсыз қылықты мазақтауы – шебер мысқылшыл ақын екенін байқатады.Алты күшік болыпты алты тоқты,Әркім әуес қылады қолда жоқты.«Ит сатқанның ауылы» атанарсың,Ендігәрі жемеңіз мұндай боқты, –дейді ақын жоқтан өзгеден табыс іздеп, ел арына дақ түсірер болымсыз іспен шұғылданушы замандасының біріне.Өз төрінде отырып, көкірексіп, күпсіген әкімсымақтарға арнаған сөздері де мысқылға құрылады. Көлбай есімді өркөкіректі ол бір ауыз өлеңмен-ақ жөнге салып, ақындық өнердің қадір-қасиетін жоғары бағалайды. Ешкімге пайдасы жоқ адамның өмірі нәтижесіз, керексіз, сондықтан оның қазасы да қасиетсіз. Адам өз халқына сіңірген еңбегімен бағалы. Ал ақын болса, әркімнің мазағы емес, халық қадірмені. Ел-жұртын аузына қаратқан дуалы ауызды арлы азаматы.Алдыңа келген жыршыныМазақ қылма, Көлбайым.Мазақ қылсаң, Көлбайым,Сенің әкең ЖұмабайШылбырдан өлген кісі еді,Кетерсің болып сондайын, –деп, өзінің өткір сөзімен Көлбайдың көлгірсіген көкірегін басыпты.«Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» атты Құлыншақтың өлеңі – өзінше бөлек сөз етуге тұрарлық бейнелі шығарма. Ақын өзінің дүниетанымын, өмір құбылыстарына деген көзқарастарын бейнелі сөздермен суреттей білген. Шалқар көлде бейқам шалқып жүрген қасқалдаққа адам тіршілігін салыстыра терең ой түйіп, адамгершіл меңзеулер жасайды. Адам өзінің санаулы өмір жолын бос өткізіп алмай, пайдасына жарата білуін, адал жүріп, анық басуын аңсайды. Ел-жұрт үшін жасалған ізгі істердің босқа кетпейтінін, оның халық есінде мәңгі сақталатынын ескертіп, парасатты істерге үндейді. Басқаға қиянат жасамай, қолдан келген көмегіңді, еңбегіңді адал жаннан аямай өтуді керек қылады.Біреуге «берсем» дегін, «алам» деме,Біреудің адал нанын алып жеме.Артыңа жақсылығың қалса қалар,Адамның жамандығы қалсын неге?Құлыншақ та басқа өзіне тұстас ақындар сияқты адамның әрбір жас шамасын, кәрілік кезеңін топшылап, өзінше толғайды. Бұл мәселеде ақын өзіне ғана тән көркемдеу әдіс қолданады. Дүние-өмір, адамның тіршілігі маңдайыңа жазылған тағдыр деген ұғымды көл кезген құстың маңдайындағы «қасқалдаққа» шендестіре бейнелеген. Ал бұл сияқты сурет, сөзсіз, шеберлік көрінісі.Дүние – тек қана қасқалдақ па? Жоқ. Ол – аспандағы жарық жұлдызың. Өмірің, тірпгілігің, арың, ожданың.Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,Жұлдыздай сәуле берген аспандағы.Дүниеге сәби болып келгеннен соң«Өмірдің, – дейді халық, – басталғаны».Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,Аққудай көлден ұшқан аспандағы.Өткен соң сәбиліктен балиғатқа,«Бейнетің – дейді халық, – басталғаны».Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,Сұңқардай қалықтаған аспандағы.Өткен соң балалықтан орта жасқа,«Егделік, – дейді халық, – басталғаны».Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,Кеменің секілді ол баспалдағы.Өткен соң егделіктен сексен жасқаХабары қара жердің басталғаны.Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,Тағдырға айла бар ма, қашсаң-дағы.Өткен соң сексен жастан жүзге таманКелмеске енді қайтып қойдың қадам.Біреуге біреу «мейман» дегендейін,Осылай өте берер барлық адам…Ақын адам өмірін тек қасқалдаққа ғана емес, сәуле берер жұлдызға, аспандағы ұшар аққуға, сұңқарға, кеменің баспалдағына теңейді. Ал бұл сияқты бейнелер – ақындық қабілеттің жоғарылығына дәлел боларлық қасиетті сөздер, сұлу суреттер.Кейінгі жылдары табылып, баспа бетін көріп жүрген Құлыншақтың шығармалары ішінде оның «Тәнің де мейман жаныңа» өлеңінің орны ерекше. Бұл ақынның адамның өткінші өмірін оның тәні мен жанының қарым-қатынасын терең толғап айтқан шығармасы. Адам баласының бұл пәниге қонақ екенін, сондықтан пейілді, мейірімді болып, иман-инабаттылықпен өмір кешуді талап ететін, жоғары адамгершіл пікірлерінің жемісі. Ақындық өрнек пен салиқалы адамгершіл сананың өнеге үлгісі болғандай тамаша туынды. Шығарушыға тән ақпа ақындық қабілет айқын көрініс тапқан шалқар шабыттың керемет көрінісі. Жалпы көлемі жүз елу жолдан астам бұл шығарма сөзге жүйрік, тілге шешен ақынның зор мүмкіндіктеріне бұлтартпас куә боларлық ойлы, сырлы, терең толғанысты, толымды толғау.Адам баласының Алланың әмірімен дүниеге келуі, оны тоғыз ай көтеріп, тар құрсағын жібітіп, көп азап көрсе де мойымай, керісінше, перзентті болғанына мәз-мәйрам болған ата-ананың ақ жарқын бейнесі көз алдыңа елес береді. Дүниеге келген сәби үшін ата-ананың қадір-құрметі, аса қымбат орындары, одан кейін барлық туыстарының да өзінше мәнінің болатыны термеленеді. Күні жеткен кезінде олардың бәрінің де дүниеден өтуі хақ екенін ескертіп, өкініштер де айтылады. Соларды Алла неге өлетін етіп жаратты деп, «өлместей болса ше?» деп қимастық көңілдерін санап шығады. Әке мен шешенің өлімі өте ауыр қаза екенін жырлайды.Енді ақынның аталмыш толғауынан үзінді келтірелік:1. Әке өлімі қандай:Үйде отырсаң – мал қорың,Дала шықсаң – қамқорың…Алма мойын, аршын төс,Біреудің қызын сүйдірген,Әкең өлмес болсайшы?!2. Шеше қазасының ауыртпалығы:Тас емшегін еріткен,Тар құрсағын кеңейткен…Аязды күні айналған,Бұлтты күні бұланған.Анаңнан қамқор бар ма еді,Шешең өлмес болсайшы?!3. Апаның азасына:Қашан үйден кеткенше,Бәйек болып жүретін.Шешеңнен соңғы қамқорың –Апаң өлмес болсашы?!4. Қарындас қайғысы туралы:Шалдығып-шаршап келгенде,Бір күніңе жарайтынАпаңнан соңғы қамқорың –Қарындас өлмес болсайшы?!5. Жан жарыңнан айрылсаң:Өзің тыстан келгенде,Астыңа төсек тастайды.Үйіңде дәмі бар болса,Аузыңа сенің ұстайды.Осынау қысқа ғұмырдаҚосағың өлмес болсайшы?!6. Алатаудай ағадан ажырау қандай қиын:Алдыңда тұрса – тірегің,Әр нәрсеге керегің,Алатаудай айбатың,Дұшпанға қылар қайратын –Ағаң өлмес болсайшы?!7. Жас өспірім інінің өліміне өкініш:Дұшпаныңды қор қылар,Құрыштан соққан болатың.Ер жігіттің қанаты –Інісі өлмес болсайшы?!8. Перзентің – болашағың қыршын қырқылса не болмақшы:Адамзаттын миуасы,Әлдилеп сүйген баласы.Ойлаңдар, беглер, ойлаңдар,Перзентсіз ерді не дейді?Тау болмайды бұлақсыз,Көл болмайды құрақсыз,Ұясыз адам шырақсыз.Қыз бойжетіп өскенде,Қыз балаң өлмес болсайшы?!.Тірлігіңде өтерсіңБіріңе-бірің қадырсызОйлаңдар, беглер, ойлаңдар,Осы айтқан сөзім әзілсіз!Асылы, Құлыншақ, шынында да, заманының көрнекті ақыны болған. Сондықтан оның қазақ поэзиясының өсуіне, ақындық өнердің жетілуіне қосқан үлестері басқалардан кем түспейді.
- ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ Шығармаларынан үзінді, Орынбек Жолдыбай (жалғасы бар)
- https://www.facebook.com/groups/1762287963929362
- https://sangyl.site/