Бар едік екі жүйрік құдай берген…МайлықожаЕсте жоқ ескі замандардан бермен қарай бірде үзіліп, бірде тізіліп жалғасып келе жатқан рухани қазына-байлығымыздың өмір жасы қаншама ғасырларды құшағына алып жатыр. Араб тілді Әбу Насыр әл-Фараби, көне түркі тілдес Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқарилар, жаңа түркі тілінде тұңғыш сыршыл жырлар жаратқан Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Иүгнеки, Рауанди Хорезмилер дамытқан өлең өнері бертінде, әсіресе ХІХ ғасырдың бірінші жарымында бастау алып, екінші жарымында мықтап ірге тепкен қуатты да құдыретті күнгейлік ақындық мектеппен ұштасып жатыр. Ерлік, елдік жыршылары Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек), Нұралы, Ергөбек сынды еңбектері ел көңілінде мәңгілік жатталып қалған майталман ақындар шығармашылығымен ерекшеленетін бұл ақындық мектептің негізгі белгілері қайсы, жазу мәнерлері қандай дегенге келсек, біз мыналарды байқар едік.Біріншіден, күнгейлік ақындар мектебі заманының саяси-әлеуметтік мәселелеріне жедел үн қосып отырумен бірге, байыпты бұқарашылдық бағыт ұстанды. Сөйтіп, әлеуметтік, философиялық, табиғат, махаббат лирикаларымен қатар сықақ, мысал сипатындағы шығармаларды да дүниеге келтірді. Бұл ретте жоғары адамгершілік ереже-қағидаларды орнықтыруды көздеген көркем де терең мағыналы терме-толғаулар айрықша орын алды. Сондай-ақ аталған ақындық мектеп өкілдері батырлық-қаһармандық, ғашықтық жырларды өздерінше өңдеп, қайта жырлап, кеңінен насихаттау ісінде қыруар тірлік тындырды. Әрі-беріден кейін олардың көркем қара сөзбен баяндалуына күллі қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш болып негіз қалады. Нәзирашылдық, яғни басқа әдебиеттерде толғанған тақырыптарды өзінше өңдеп жазу әдісімен шығармалар жаратуға негіз салып, үнді, парсы, араб жұрттары әдебиеттерінің інжу-маржандарын оқырмандарына таныстырды. Орта Азия халықтары әдебиеттерінен, атап айтқанда, өзбек әдебиетінен алғашқы аудармалар жасады. Осындай сан қырлы қызметті ақындарымыз ауызша да, суырыпсалма және жазбаша мәнер-тәсілдермен де өздерінің шығармашылығында шама-шарқына қарай біреуі көп, екіншісі аз мөлшерде жүзеге асырған.Атақ-даңқы өзінің көзі тірісінде-ақ алыс-алыс аймақтарды аралап кеткен Құлыншақ Кемелұлы, жоғарыда айтқанымыздай, осынау күнгейлік ақындық мектептің айтулы шайырларының бірі болды. Кейінірек ол кісінің есімімен республика жұртшылығы алғаш рет Жамбыл атамыздың жырлары арқылы танысты. Атақты Бақтыбай ақынмен танысу барысында өзі өнеге алып, үлгі тұтынған ұстаз ақындары Майкөт, Құлмамбеттер қатарында күнгейлік екі ақынның – Майлықожа мен Құлыншақ есімдерін ерекше ілтипатпен атап, Жәкең:Майлықожа, ҚұлыншақПірім еді бас ұрған,Айтқандары нұсқа еді,Сөзі жаралған асылдан, –деген-ді.Кейін келе іздестіріп қарағанымызда, Құлыншаққа қатысты бірталай байыпты баға өз өлкеміздің ақын-жыршылары тарапынан да берілгеніне көз жетті. Мысалы, Құлыншақпен айтысында Майлықожа өз замандасын «бағы қалың, аузының қыдыры бар, аты озған ақын, елдегі құдай берген екі жүйріктің бірі, өлеңнің дүрі» деп бағалаған болса, ақын Молда Мұса (Мұсабек):Көтеншіде Құлыншақ өлеңші еді,Шу дегенде суырылып жөнеуші еді.Қарсыласып бетпе-бет айтысқандаЕш адамнан жеңілдім демеуші еді, –деп, оның ақындық-айтыскерлік өнеріне өзінің әдебиет сыншысы сипатындағы қабілет-қарымын аңғартатын «Ақын деп сыртымыздан әркім қанық» атты өлеңінде тәнтілік танытады.Сол сияқты ақын қызметі тағы бір шәкірті, дастаншыл жырау Сұлтанбек Аққожаев, Жамбыл, Қызылорда облыстарының ел-жұртына әйгілі арқалы ақын Кенжеқожа Құлмырзаевтар тарапынан да таңдана, талдана жырлағанын жақсы білеміз. Бұған ақын бабамыздың өзі жайында асқақ та болса ақиқат айтылған:Құлыншақ сөйлер сөзден ұялмайды,Жалғанда жаннан айыл жия алмайды, –деген арынды баға-баламасын қосыңыз.Біздің қолымызда, жалпы қазақ совет әдебиеттану мамандары қарамағында Құлыншақ Кемелұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты мәліметтер мөлшері, оның сақталып қалған әдеби мұра мөлшері тым тапшы. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын, 1983 жылы жарияланған «Қаратау атырабының ақындары» атты кітабымызда ол кісі жайында тақұл-тұқыл ғана мәлімет беріп өте шыққанымыздың негізгі себебі де, міне, осы болатын. Ондағы деректерді бізге беруші Құлекеңнің ең кенже баласы, ол кезде 63-64-тердегі Исахан ақсақал-ды. Исекеңнің айтуында ақын 1831 жылы туып, өмірінің ақырғы кезеңінде Мекке сапарына кетіп, содан қайтар жолда, 1901 жылы қағына тиген қатты дертке ұшырап қайтыс болған делінген-ді. Бірақ кейінгі кезде Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахманқұл Бердібай «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» деген кітабында (1967) және біздің мәліметті ұстанған профессор Ханғали Сүйіншәлиев жазып, жариялап жүрген соңғы зерттеулерде Құлекеңнің дүниеге келген-кеткен уақыттары 1840-1911 жылдар межесінде көрсетіліп, ол «Қазақ совет энциклопедиясында (жетінші том, 31-бет, 1975) жарияланып та жіберілді. Ақынның 150 жылдық мүшелтой мерекесі, міне, осы соңғы дерекке негізделіп өткізілді. Алайда мұнда мынадай бір маңызды мәселеге назар аудара кетпеске болмайды. Жоғарыда есімдері аталған беделді де білікті зерттеушілеріміз, шамасы Құлыншақты тым діндар қаламгер етіп көрсетуден көрінеу қашқақтап, ол кісінің қайтыс болған жерін жүгірген аңның тұяғы, ұшқан құстың қанаты күйетін араб шөлі деп жатпастан, ақиқаттан саналы түрде аттап өтіп, Созақ ауданының «Жартытөбе» кеңшарының жері деп көрсетіп жіберген.Ал біз ғылымда ең әуелі ақықтай аппақ ақиқат қымбаттығын, мұның қаламгер шығармашылығын дұрыс тануға көп септігі тиерін ескергеніміз жөн деп білеміз. Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің тарихы, ХVІІІ-ХІХ ғғ.», Р. Бердібайдың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары» аталған көпшілік жинақтағы «Құлыншақ Кемелұлы» зерттеулерінде баяндалатын өмірбаян деректері, сайып келгенде, Сұлтанбек Аққожаевтың өлеңмен баяндалған мәліметтерінің аясындағы нәрселер. Солай болғандықтан да біз бұл жерде Сұлтекеңнің ол куәліктерін толық дерлік келтіре кеткенді жөн санаймыз:Әкесі Құлыншақтың Кемел еді,Немере сүйген екен, шөберені.Алты ұлы алты ауыл боп жүре берді –Пендеге мұнан артық не береді?Құлыншақ – алтауының ең кенжесі,Дарыған он бірінде өлең енді.Түсінде ақ сақалды кісі болыпБеріпті өлеңменен көгенді енді.Әкесі «Шөже ақыннан бата әкел» деп,Үш тоғыз дүниемен жібереді.Шөженің ақ батасын алып қайтты –Адамзат дұғаменен көгереді.Келген соң киіндіріп, атын беріп,Баланы еркіменен қоя берді.Күнде той, күнде жиын (тамаша ғып),Күңірентіп жіберді жүрген жерді.Өзінің уақытында болған ер де:«Құлыншақ», «Құлыншақ» боп жүре берді.Сылдырлап қоңыраудай тіл, көмейі,Керегенің жаңғыртқан көгінде енді.«Еш ақын Құлыншақтай болмас-ау» деп,Адамдар аңыз ғыпты со күндегі.Өлеңі көгенменен қабат бітіп,«Құлыншақ», «Құлыншақ» боп жүре берді.Келгенше жиырмаға тоқтай алмай,Сейіл ғып аралады төменгі елді.Арғын, найман, қыпшақ, тама, табын,Сарыарқа сары дала, сары белді.Айтайын уақытында болған ерді –Ел берген дүниенің арқасындаМекке мен көріп қайтты Мединені.Мұндағы өмірбаян мәліметтеріне қосымшалап ақын еңбектерін жинастыруда елеулі еңбек етіп жүрген Ұлы Отан соғысының ардагері Ырысқұл Ырысжановтың елдегі көне көз қариялардан (негізінен Сұлтанбек Аққожаевтан) жазып алған кейбір деректерін де келтіре кеткен орынды: Құлыншақ ақын екі рет, алғашқыда Ұлжанға, ол қайтыс болған соң Алтынқызға үйленеді. Ол шешемізді қартайған шағында өз көзімізбен көрдік. Қапсағай денелі, қара кісі еді, ол кісі кейінірек қайтыс болды. Құлыншақтың ұлдары Әкбар, Ысқақ, Сатай ақын болған, бірақ олардан ұрпақ қалмаған. Төртінші ұлы Исаханға ақындық өнер қонбаған. «Өлең керек пе, көген керек пе» дегенде «ешқайсысы керек емес» деген.Исаханның екі иығы бүлкілдеп, көздері қызарып жүретін, орта бойлы, қызыл шырайлы кісі еді, ол 1977 жылы 81 жасында қайтыс болды… Құлыншақтың баласы Ысқақ (1880-1919) жас кезінде қозы жайып жүреді. Бір күні әкесіне келіп, қолындағы таяғын домбыра етіп, «мен де жиын-тойға барсам, жақсы-жаманды көрсе қайтеді?» деп, есік алдында босағада отырып өлең айтады. Сонда әкесі Құлыншақ мырс-мырс етіп мұртынан күліп, Ысқақтың өтінішін қабыл алып, Түркістан базарынан киім-кешек алдырып, жиын-тойға қасына ертіп жүретін болған… Құлыншақ ақын алысқа жолаушылап жүрер алдында үлкен кесек қантты балғамен майдалап, ауылдағы балаларға үлестіріп береді екен: «Қарақтарым, біреуіңе менің ақындық өнерім қонар ма екен?…» – деп. Құлыншақ алыста жолаушылап жүрген кезде (Мекке сапарынан қайтар жолында – Ә.О.) қатты ауырады. Жүруге шамасы келмей жатқанда қасындағы жолдасы Шорнақбай дегенге «маған қалам, дәптер тауып әкел, өлеңмен елге хат жазайын» дейді, бірақ ол ешнәрсе тауып әкеле алмаған».Ырсекеңнің дәптерінен ақынның сөз өнеріне деген айрықша ілтипатын, оның арттағылар тарапынан жалғастырылуына ерекше қамқор пейілмен қарағанын, ол кісінің өмір жолының туған жерден жырақта үзілгенін байқаймыз. Бұдан бір-екі жыл бұрын Қызылқұм ауданындағы халық ағарту ісі ардагерлерінің бірі Шернияз Шорабеков жаздырып, «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған:Адамзат келер, келер – жүзге келер,Пендені үйде өлсе де түзге көмер.Құдая иманымды саламат қыл,Ағайын қайда бізді іздеп келер? –деген өзекті өртерлік сөздер сол заманда Шорнақбай арқылы ел-жұртқа жеткен ең соңғы сәлем болуы да ықтимал.Шығармашылық қызметіне келер болсақ, қолдағы әдеби мұраларының мөлшері, түбірі, бітім-болмысына қарағанда ақын өнерінің негізгі-негізгі үш қыры барын бажайлар едік. Олардың ең бастысы – терең ойшылдығының белгісіндей философиялық пайымдаулар болғанда, екіншісі – өткір әзіл-оспаққа, әжуа-мысқыл, сын-сықаққа құрылған әлеуметтік мазмұндағы ықшам өлеңдерге ұсталығы да, үшіншісі – шебер айтыскерлігі дер едік. Ал енді ақынның ең алымды шәкірттерінің бірі болып, дүниежүзілік даңққа бөленген Жамбыл атамыздың бізге ақын Ғали Орманов пен профессор Бейсенбай Кенжебаев арқылы жеткен естеліктеріне жүгінсек, онда Құлыншақ өнерінің төртінші қыры – дастаншылдық-жыраулық болғанын да байқаймыз.Аталған естеліктің екеуі де Жәкең жайындағы сан алуан естеліктер жиынтығы болып табылатын, 1989 жылы басылған «Дастаната» жинағының 139 және 260 беттерінде келтірілген. Әуелі Ғали Ормановтың «Ғасырлық ғұмырдан бір тағылым» атты күнделік жазбасына зер салалық: «20 июнь, 1939. Қопабай және бір-екі туысы келді. Қопабайға айтты Жамбыл: «Екеуміз ертеде Арысқа, Түркістанға барғанымыз есіңде ме? Майлықожа, Құлыншақ ақындардан «Шора батыр», «Қыз Жібек», «Мұңлық – Зарлық» қиссаларын тыңдап, қайтарда атымызды ұрлатып жаяу қалғанымыз, ел болып ат мінгізіп қайтарып еді. Ой, ол да бір қызық күндер екен ғой», – деп, жас кезін еске алды. Ғалекеңнің мына бір куәнамасы да растаған үстіне растай түседі: «Ертеде сенің аулыңда болғанмын, – деп басталған Жәкең әңгімесін қаз-қалпында алға тартады Бейсекең. – Ол жиырма бес жасар кезім еді. О, шіркін дүние, балалық-ай! Түркістанды қоныстап қалған Нұртаза есімді ағайын бар еді. Соның үйіне түстім. Оңтүстік ақындарын көрейін деген көңілде арман бар. Әсіресе Шәді төреге жолықсам деймін. Үйіне іздеп барып едік, ол кісі үйінде болмай шықты. Әзірет сұлтанды аралап көрдік. Екі-үш күннен кейін Түркістандағы бір тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп, думанда бірге болдық. Сол жолы Құлыншақтан «Шора батырды» тыңдап, үйрендім. Ертеңіне Базармен айтысып қалдым. Айтыс аяғы бәдікке айналып бара жатыр еді, жұрт екеумізді қой-қойлап аяғында әзер тоқтатты. Майлықожа: «Балам, сенікі жөн, тоқта енді», – деп арқамнан қақты. Мен сол сапар Майлықожаны ұстаз тұтып қайттым».Міне, бұлардан байқап отырғанымыздай, қазақ эпос жырларын жаратудың негізгі ошақтарының бірі болған күнгей Қазақстанда ақындығының үстіне жырау-жыршылығымен де елеулі еңбек еткен тұлғаның бірі Құлыншақ атамыз екен. Өкіндіретіні – әзірге ол кісі жырлады деген не батырлық, не ғашықтық, не тарихи жырлардың нақты нұсқаларының қолға түспей келе жатқандығы. Атап айтқанда, «Шора батырдың» Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек), «Алпамыстың», берідегі Әбдірайым Байтұрсынов, «Қыз Жібек», «Мұңлық – Зарлықтардың» Жүсіпқожа Шайхысламұлы жырлайтын нұсқаларын жақсы білетін біздер, Құлекеңе қатысты басқалай дайынды нұсқаны білмейміз. Жәкең жаттап алып айтқан «Шора батырының» нұсқасы отызыншы-қырқыншы жылдары қағаз бетіне түсіп, замананың зәйілімен жарық көрмей келген болса, оның жөні бір басқа.Жоғарыда айтқанымыздай, ақын шығармашылығының басты-басты үш қырының біреуі, біреуі болса да бірегейі – табиғаттың, адам өмірі мен тіршілігінің мән-мазмұнына түбегейлі ой жіберіп, кенеулі пікірлер сабақтайтын философиялық сипаттағы өлеңдері мен қысқа-қысқа терме толғамдары болып табылады. Мұндай шығармалар қатарына «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Енесі жүдеп, нашарлап», «Адамзат келер, келер – жүзге келер», «Дария білмес иттің сарығанын» атты туындыларын жатқызуға болады.Осылардың ішінде айрықша бөлек, ерекше оқшау тұрғаны «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» өлеңі. Мұнда дүние, яғни адам өмірі халқымыздың «қасқалдақтың қанындай» деп келетін мәтел сөзіне баламалай алынып, қамысты терең көлдің қолға оңайлықпен түсе қоймайтын қасқалдығына ұқсатып бағаланады. Сөйтеді-дағы, өткендегі қазақ ақындарының баршасына тән тәсілмен, адам өмірінің кезең-кезеңді кездеріне – балалық, балиғат, егделік, сексен, жүз жастағы қарттық шақтарға сипаттамалар беріледі. Бұлай еткенде адамның сәбилік, балалық шағы өмірдің бастамасы есепті қабылданса, сәбидің өсе келе балиғат жасына жетуі тіршіліктің ыстығына күйіп, суығына тоңатын адам баласы үшін бар бейнеттің басталған тұсы, ал балиғат жасынан асқан соң келетін орта жас егделікке аяқ басу деп түсіндіріледі. Қойыны суық қара жердің хабар лебі есе бастаған сексен жастан соңғы тоқсан, жүз – еңсесі түскен адам кейпінде елестетіледі. Осылай етіп оқырман ойын сан саққа жүгіртіп, әр қиянға бір салатын ақынның мақсатты түйіні жоғары адамгершілік,парасатты сана асқарына қарай жетелейді:Біреуге «берем», дегін, «алам» деме,Біреудің адал наны алып жеме, –дей отырып, адамның артында ұмтылмай мәңгі сақталып қалатын тек жасаған жақсылығы ғана деген қорытынды жасайды.Терең ойдан тамыр тартатын тәлімді ақыл-кеңес, қағида-ережелер қысқа қарымды терме түрінде келетін «Енесі жүдеп, нашарлап» толғауында да едәуір ұшырасып, бейнелі беріледі. Мұнда әдеттегі тіршілік қарекетінен, қала берді, табиғат дамуының барысындағы өзгерістерден туатын жағдаяттардан бастап, қоғамдық, әлеуметтік мәні өрелі қорытындыларға дейін биіктеуді байқаймыз. Мысалы:Басшысы нашар жолығып,Ынтымақ кетсе – ел ғаріп, –секілді сөздер халықтар, әсіресе қазақ халқының тарихи тағдырына тікелей тән қорытынды дер едік. Аталған терме-толғамда бұлардан басқа да, кестесі келісті ойлар көп кездеседі. Мәселен, енесі жүдеп, нашарлаған жағдайдағы төлдің, ауадан жауынның жоқтығынан от шықпай қалатын жердің, көк алалы жылқысыз бетегелі белдің, қатарынан кем тартып қуаты кеткен ердің, қазіргі Арал теңізінің қасіретті тағдырын еске салатын қаңқылдап ұшқан қаз-үйрексіз айдынды шалқар көлдің ғаріптігі туралы толғамдар осындай.Күнгей қаламгерлерінің шығармашылығында үнемі дерлік кездесетін ақын мен ақындық өнер болмысына беріліп отыратын сипаттама-мінездемелер Құлекеңде де ара-тұра ұшырасып қалады. Және олар, бір сүйсінерлігі, ақын өнеріне қойылар қоғам алдындағы жоғары талап өресінен табылады. Бұлай еткенде, кемерлі ойдан шығар келелі сөз иесі ақын мен оның негізгі еңбек құралы домбыраның арақатынасы да елеусіз қалмайды. «Енесі жүдеп, нашарлаптағы»:Өлеңдетіп, әндеткен,Айналаны сәндеткен, –өнер иесі ақынның қолындағы:Жастайынан көсілген,Он саусақ ойнап секірген, –ақ домбыра қандай әрекет-қимыл келісімін тапқан? Алайда, ақиық ақынның жастық уақыты артта қалып, қуат-күші қайтып ғаріптік халге түскені өкінішті.Құлекеңнің дүниетанымы мен ақындық қарымының қандайлық екенін тек философиялық толғаныстары ғана емес, жеңіл әзіл-қалжың, әжуа-мысқыл аралас әлеуметтік мән-мазмұндағы арнау өлеңдері – «Ішпеймін қымызыңды шөлдесем де», «Орта жүзде бар дейді», «Алпыс бір жанның атасы», «Сен едің Рысқұлбек, бұлғақтаған», «Мазақ қылма, Көлбайым», «Ит сатқанның ауылы атанарсың» деп аталатын дүниелері деп білген дұрыс. Бұларда шайырдың бұлтартпай ұстанғанр басты бағыты – бұқарашылдық. Мысалы, «Мазақ қылма, Көлбайым» арнауын алып қарайық. Айтпақшы, бұл жерде айта кетерлік бір жағдай – Құлекең шығармашылығын зерттеушілерден Рахманқұл Бердібаев, жанашырлардан композитор Жанғали Меймандосовтар тарапынан жалпы Көлбай болысқа арналған өлеңдердің бәрін Құлыншақ ақынға тели сөйлеудің дұрыстыққа келе бермейтіндігі. Өз кезінің есті, елеулі азаматы болған Көлбай болыс бейнесі Майлықожа ақынның әлеуметтік мазмұндағы бір емес, бірнеше өлеңінде («Иірген тақыр жерге қойдай болдық», «Көлеке, байлық – балпаң, жоқтық – жалтаң», «пеленше үйдеді, түгенше бүйдедімен» қорытынды шығара салулары орынды болмай жүр. Шындығына келгенде, Көлбайға қатысты Құлыншақ шығарған өлең деп «Мазақ қылма, Көлбайымды» атаған мақұл. Кезінде Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттері жариялаған:Аулыңа келген жыршыныМазақ қылма, Көлбайым,Мазақ қылсаң Көлбайым –Сенің әкең ЖұмабайШылбырдан өлген кісі еді,Кетерсің болып сондайын, –деп келетін шығарма күллі билік иелеріне зілді ескертпе болып шыққан.Алғыр қаншығының күшіктерін бір-бір тоқтыға айырбастап дәніккен бір байдың ел естімеген сұмдық әрекетін әшкерелейтін «Ит сатқанның ауылы атанарсың» атты өлеңі жағалай жатқан қалың жұртқа жаманат келтіретін жағымсыз қылықты шенеп-мінеуімен құнды:Алты күшік болыпты алты тоқты,Әркім әуес қылады қолда жоқты,Ит сатқанның ауылы атанарсың –Ендігәрі жемеңіз мұндай б…ты.Сондай-ақ «Әңгімесін естісең…» сықағанда сөйлеген сөзіне құлақ қойған адам жаһаннан асқан ғұлама көріп қалатын, бірақ істеген ісіне қарағанда күнәға белден батып жүрген, күндіз сопысынғанмен кешке қарай құнты-пейілі бұзылып шыға келетін дін қызметшісінің сырты жылтыр, іші қылтыр бет-бейнесі көз алдымыздан өтсе, әкесінің қазасы кезінде шығарылған «Алпыс бір жанның атасы» атты аза жырының ақын бұрын әке арқасында жағасы жайлау боп емін-еркін өмір сүріп келген өз басының дағдарысты қалпына сын айтарлық та қуат табыды. Оның:Тоқсанға жасы келгенше,Ажалы жетіп өлгеншеМойнында еді ботасы, –деген әрі жеңіл, әрі шарасыз дағдарыс рәуішті сөздерінің күні бүгінге дейін мән-маңызы жойыла қойды деп айта алмас едік. Есейген шағында да әке-шешеге салмақ артқан осы іспетті тағдыр иелері әлі күнге дейін арамызда жетіп-артылып жатқан жоқ па? Өмір шындығынан туған өлеңнің осылай өміршең келетіні хақ.Құлекеңнің әдеби мұрасының үшінші қырын құрайтын айтыс өнерінен бізге жеткен бірден-бір шығармасы – өз замандасы Майлықожа ақынмен айтысы. Одан аңғарылатын ең бір қымбат қасиет – елі сүйген екі ақынның да бір-біріне деген керемет күшті сыйластық сезімдері, бір-бірінің дарын қуаттарына ешбір шек келтірмейтіндігі. Мұның қаншама айшықты мысалдарын Майлықожаның Құлыншаққа, Құлыншақтың Майлықожаға берген мінездемелерінен айқын аңғарғандаймыз. Мысалы, Майлыекеңнің Құлекеңе арнап айтқан «Менімен кім айтысар сенен өңге», «Ақын ең бағың қалың, озған атың», «Бар едік екі жүйрік құдай берген», «Өлеңге мен де дүрмін, сен де дүрсің», «Бар едік екі ақын мақтап жүрген», «Аузыңның қыдыры бар кісі едің», сондай-ақ Құлекеңнің Майлыекеңді марапаттайтын «Қара дауыл өлеңге дүрсің, қожам», «Жүзіңде мөріңіз бар қожа екенсіз», «Қосылдық екі жүйрік сайымызға», «Мүбәрәк жүзіңізді жаңа көрдік», «Қожеке, сөзіңе жұрт тоймас ұсайд» дегендері қандай.Әрине, сөз салымына қарай қыза-қыза келіп, өзара жамандасып та қалатын кездері бар. «Мен сендей өтірік айтып өңдемеймін», «Түз арамы екенсің, арам қожа», «Қаңғырған бір шағылдың кедей иті», «Мен күміс, сен мыспенен жанаспаймын», «Қақырықтай аз қожа, не сөзің бар?», «Құлыншақ пақыр», «Қазақы сен бір ақын ылықпа ақыл», «Қожеке екенсіз ғой ақылсыз жан», «Құлыншақ, сен бір арсыз ақын ба едің?», «Кереметің қожа боп жоқ қой маза», «Қараңдар шайтан пірдің мазасына», «Есі шыққан есірік, есер қожам» сияқты сөз қағысуларды зілсіз қабылдап, «тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі» мағынасында ұққанымыз лазым.Айтыс аңғартар екінші бір жәйт – екі ақынның да қоңторғай қал-ахуалдары, қожантомпай дәулет иелері екендігі. Мұны Майлы қожа «Олжамыз құдай берсе, мол болсын да», «Туғаныңа айт, жолымды мықтап қылсын», «Құлыншақ, несін алдым сен кедейдің», Құлыншақтың «Жалғасқаным бекер ме дүние-зерден?» дейтін уәждері-ақ танытып тұрғандай.Майлықожа да, Құлыншақ та өздерінің күнкөрісі Қыр мен Сырдағы жағалай жатқан ел-жұртқа тікелей тәуелді екенін түсініп қана қоймайды, өздерін сол ел-жұртқа барынша қарыздар, міндеткер өнер иелері деп ұғады. Әуелінде айтысудан бой тартып, қашқалақтай сөйлеген қарсыласына Құлекеңнің:Қожеке, сөзіңе жұрт тоймас ұсайд,Бозбала бір-бірімен ойлас ұсайд.Бірінен ат, бірінен тон киюші ек,Шамасы, көп борышымыз қоймас ұсайд, –дейтіні ақындардың, бір олар ғана емес, өнерпаз біткеннің қоғам, халық алдындағы парыз-қарызын кемел түсінгендіктен барып айтылып отырған уәж деп ұғуымыз қажет.Елі ерекше қадірлеген осы екі жүйріктің айтысына ғылыми баға беруде белгілі жағдайлар себепті ұзақ жылдар бойы көп кібіртікті бастан кештік. Кезіндегі дүйім елді дүрліктірген дақпырттардан аса алмай, Майлықожа айтыстарының ішінде ғылымдық мәні болмаса, әлеуметтік сорпасы татымсыз екі айтыс барын, олардың Құлыншақ және Жанақ ақындармен айтыстары екенін, бұлардың алғашқысында діни бояудың қалыңдығын, соңғысы патша өкіметі тұсында қоздырылып келген ұлт алакөздігі идеясымен суарылғандығын мәлімдегенбіз-ді. Кейін Құлекең мен Майлыекең арасындағы айтыстың еңбекші ел есебінен күн көріп жүрген кейбір әлеуметтік топ өкілдерінің тіршілігін сынап-мінеуді өзек еткенін айтуға батылымыз барғанымен, шығарманың өзін жан-жақты талдап жатуға тағы да тәуекеліміз жетпеді. Оны жүзеге асырудың, міне, енді сөз зергерінің туғанына 150 жыл толған мүшелтойы тұсында ғана сәті түсті.Жасыратыны жоқ, жақсы басталып, жарқын жалғастырылып жатқан айтыс табан астында Құлыншақтың мүлт кетуінің салдарынан ғана Майлықожа пайдасына шешіледі. «Айтысқа түсіп жүрген суырыпсалма ақын, тегінде, өлең таба алмағандықтан, ұйқасты сөз құрай алмағандықтан жеңілмейді… ұтымды дәлелден ойсырап, жүйеге жығылып, дау сөздің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Құлыншақ та Майлықожадан өзінің аңдаусыз айтып қалған артық сөзінен запа шегеді. Ол сөз мынау:Қожа едің келмей жүрген – келдің өрден,Келгеніңде орынды бердім төрден,Қошемет қылсаң қоңыратқа жарасадыЕжелден қоңсым едің ауқат көрген.Қарсыласының астамшылықпен айтып қалған арға тиер, ашындырар ағат сөзіне:Осы ма сияпатың, кеп ем өрден,Әр пенде еңбегімен ауқат көрген.Асыратып мен саған ақсақ мал ма ем,«Қоңсым» деп не сөз айттың келген жерден? –деп шап ете түскен Майлықожа, бара-бара сол жаман ұғым түсінігіне арқа тіреп алып, дін-шариғат ережелеріндегі бар пәлені әріптесінің үстіне үйіп төгіп, әрі-беріден кейін:Пенде деген пендені асырай ма екен,Қатының талақ, болдың ғой өзің кәпір, –деп бастырмалатады. Өзінің қапыда мүлт кеткенін сезе қойып, мұсылмандығын дәлелдемек болып табанда кәлимеге тілін келтірген Құлыншақ сөздеріне қарсы:Асырадым» дедің де, діннен шықтың,Бұл тіліңе жараса «кәпір» дедім, –деп үдеп кетеді.Құлыншақтың:Қоңсым» десем, тақсыр-ау қоңыраясың,Жалғасқаным бекер ме дүние-зерден? –дегеніне де қарамайды. Қайта:Бай қоңырат, бар қоңырат алғам шығар,Құлыншақ, несін ап ем сен кедейдің? –деп, ұтырлы да ұтықты жауап қайтарады. Сөйтіп, өз кезінің үстем пікірі – «кім-кімді де алла асырайды» деген діншілдік ұғым-түсінікті ту ғып ұстап, бар халықтың санасына әбден сіңіп кеткен ойды Майлықожа мейлінше шебер малданып, Құлыншақты соның құрбаны етіп тынады.Құлыншақтың қарсы жұмсар жаңа уәжі де – қожалардың адал-арамды ажырата бермейтінін, кезі келсе арақ-шарап пен боза да ішетінін, бас бұзарлық әрекеттерге де бара беретінін мінейтін:Бір сөзді айтпайтұғын айттың маған,Мен де лайық сөз айттым тақсыр, саған,Арақ пенен бозаны қатар ішерҚасыңдағы жолдасың Мәделі ағаң, –деген нақты кінәлауына да орамды жауап тауып, өзінің нағашы ағасы Мәделі ақынның қоңырат қызынан туғанын көлденең тарта қойып:Шешесі Мәделінің апаң Қойқаң,Келе сап Апақайды қылған сойқан,Нағашысы арамқор сен болған соң,Жиендерің қылып жүр ойпаң-тойпаң, –деп тағы да ұстата қоймайтынын танытады.«Құлыншақ пен Майлықожа» айтысы, түптеп келгенде, өткендегі айтыстардың ортасынан ойып орын алмағанмен, иапқырлық-шешендік өнердің өнегелі ескерткіші ретінде ерекшеленетін шығарма екені даусыз. Айтыс өнеріне тән бар асыл қасиетті жинақтаған, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар елеулі еңбек.Ал енді Құлыншақ ақын шығармаларының жұртшылыққа жеткізілу, танытылу жайына тоқталсақ, оның қолда бар шығармаларының жөн-жосықсыз қысқартылып немесе көптеген бұрмалауға түсіп жарияланып жатуы оқырман қауымның ақынға деген ыстық ықыласын суытып, «зерттеушілер де түймедейді түйедей етіп, болмашыны дабыралай береді екен-ау» деген өкпе-ренішін туғызулары әбден заңды. Шынын айту керек, дүниеде азын-аулақ еңбектері аздырылып-тоздырылып жарияланып келе жатқан бір ақын болса, ол Құлыншақ демеске лаж жоқ.Қазақ халық әдебиетінің көп томнан тұратын беделді басылымының айтыс өлеңдеріне арналған тоғыз томдығының 1988 жылы басылған екінші кітабында Құлыншақ пен Майлықожаның жоғарыда талданған айтысы тұңғыш рет жарық көрді. Бірақ ондағы білгір ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, марқұм Кәрібай Шәменов қағазға түсірген нұсқа көлемді-көлемді қысқартулармен, талай өлең тармақтары бұрмаланып-бұзылған қалыпта жарияланып, ақындардың екеуінің де шығармашылық мүмкіндіктерінің айқын ашылып, жарқын көрінуіне елеулі нұқсан келтірілген. Кітапты шығарушы Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен «Жазушы» баспасының қызметкерлері айтысты діндарлық қабаттардан арылту бағытындағы әурешілдікпен әлектеніп, айтысқа тән уақыт-заман белгілерін мейлінше солғындатып, тіпті шығарманың құйрық-жалын күзеп, кей тұстарын мағынасыздыққа ұшыратқан. Мәселен, екі ақынның өзара амандық-саулық сұрасқан, Құлыншақ сөзімен басталып, Майлықожа жауабымен аяқталатын төменгі шумақтардың қысқарып қалуын немен түсіндіруге болады? Жарияланғаннан бас жарылып, көз шығып кетерліктей, яки оқырманын аздырып-тоздырып жіберерліктей дәнеңе жоқ, қайта айтысқалы отырған екі ақынға тән кейбір деректер келтірілетін сол шумақтарды оқып көрелік:Құлыншақ:Қожеке, есенсіз бе, сәлем бердік,Мүбәрәк жүзіңізді жаңа көрдік,Жүзіңде мөріңіз бар қожа екенсіз,Жоқ шығар көңіліңізде тәкәппарлық?Майлықожа:Құлыншақ, сәлем берсең, сәләмат бол,Қарсы алып сәлеміңді беремін қол,Сіз сәлем берсеңіз, біз әлік алдық –Сүннеті пайғамбардың қазулы жол.Құлыншақ:Осындай мәжілісті неше көрдім,Әмбеден халыққа жақсы есендерің,Бейтап деп сыртыңыздан естіп едік,Қожеке, айықты ма кеселдерің?Майлықожа:Құлыншақ, көтеншіде сенің атың,Біледі сырттағы адам сөздің қалпын,Құданың дәргәһіне шүкір қылыпАйықтым аман-есен, азаматым.Сол секілді, Майлықожаның тыныштықты көздеп әрі меймангершілік сыпайылықпен өнерлес әріптесін мәмілеге келуге шақыратын және Құлыншақтың ақындығын көкке көтере, мадақтай жырлайтын уәж сөздерінің айтысушы екі жаққа бөле-жара телініп жіберіле салынуына жол болсын? Шынтуайтына келгенде, ол сөздер түгелімен Майлықожаның аузынан шыққан:Ақын ең бағың қалың, озған атың,Жеңіпсің кіші жүздің Барақатын,Өлеңді қой ендеше, біраз тыңдаҚожаның айтып өткен насихатын.Жиналдың үлкен-кіші үйден, түзден,Тайда құйрық, жүйрік ек атқа сүзген,Майлықожа, қоңыраттан Құлыншақ бопЕкеуміз шығып едік орта жүзден.Өлеңін екі ақын қайым етер,Ақылдылар сөздерін пайым етер,Екі жүйрік егесіп шаршаған соңЗорығып біреуінің пайы кетер.Мақтармыз ішінде өскен елімізді,Әруақты ел ішінде ерімізді,Арман-бермен ырғасып белімізді –Көздерміз шығатұғын жерімізді.Бұл уақта сөйлер сөзге сайланарсыз,Бір уақта көңіліңізге қайғы аларсыз,Бар едік екі жүйрік құдай берген,Сауырына біреуінің байланарсыз.Бар едік екі ақын мақтап жүрген,Жоғары мен төменге сақтап жүрген,Екі жүйрік егесіп шаршаған соңАты озар бір бөтеннің жақтап жүрген.Осындай-осындай қысқартулар мен бөлшектеулерді былай қойғанда (бәлкім, солардың салдарынан да шығар), айтыстың қалған бөлігінде жеке сөздер ғана емес, тұтас сөз тіркестері бұрмаланып, өзгеріске ұшырауы өкінішті-ақ.Бір бұл емес, «Жазушы» баспасы 1984 және 1989 жылдары басып шығарған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының екінші кітабында ақынның азғантай үзінділер күйінде жарияланған шығармаларының өзінен қаншама қателер жіберілген десеңізші. Кейбір өлең шумақтарының бей-берекет берілгені сондай, олардың поэзиялық қуат-қасиеті едәуір көмескі тартқан. Мысалы, ақынның Майлықожамен жалпақ жұрт жақсы білетін сөз қағысуын алайық:Майлы, Майлы дегенмен май болмадың,Жұрттан алып жегенмен бай болмадың, –деген өлең жолдары:Майлы, Майлы десе де май болмадың,Ат пен түйе алсаң да бай болмадың, –деп қате берілсе, Майлықожаның Құлыншаққа табанда қайыратын:Сен Құлыншақ болғалы талай болды,Иә құлын, иә жабағы, тай болмадың, –деген жауабы:Сен Құлыншақ болғалы небір заман,Не жабағы немесе тай болмадың, –деп (76-б.) қолапайсыз нұсқада берілген. Сондай-ақ ақынның «Енесі жүдеп, нашарлап» өлеңінің:Ауадан жауын кем болып,От шықпай қалса, жер ғаріп, –дейтін жолдары:Ауадан жауын кем болса,От шықпай қалса, жер ғаріп, –делініп (77-б.) мағыналық жағынан мүлдем үйлесімсіз берілген. Өмір иірімдерін айтарлықтай толғаныспен суреттеп бере білген ақынның адам баласының тіршілік сапарын толымды түйіндейтін:Адамзат келер, келер – жүзге келер,Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.Құдая, иманымды саламат қыл,Ағайын қайда бізді іздеп келер? –деген Мекке сапарынан қайтар жолында, қаза табар әлетінде шығарылған делінетін арманды өксікке толы шумағын құрастырушылар:Адамзат келер-кетер жүзге келер,Бәрібір үйде өлсе де түзге көмер.Қайыр-қош, аман боп тұр, қайран елім,Ағайын енді қайда бізге келер? –деп (78-б.) айтарлықтай қарабайырландырып жіберген.Бір Құлыншақ еңбектері ғана емес, жалпы халқымыздың өткендегі сөз қазынасы – көзіміздің ағы мен қарасындай қымбат та қасиетті байлығымыз десек, оларды елеп-екшейміз деп жүріп омыртқасын опырып, қабырғасын қаусатып алып, әдеби мұрамыздың құнсыздануына жол бермейік.
- ҚҰЛЫНШАҚ КЕМЕЛҰЛЫ Шығармаларынан үзінді, Орынбек Жолдыбай (жалғасы бар)